ЕЛ ҮМІТІН АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Тұлға
736 Views

Қай кезде де еңбексоқпақтарында қиын-қыстау кезеңдерді жеңе білген ағалар жыл өткен сайын, есіңеалып, ойыңды қозғайтын адал еңбегімен, ақ пейілімен өзіне тарта жүріп, жасының үлкендігіне қарамай, қатар жандарша, ақыл-кеңесін айтып, ой бөлісіп жүретін абзал жандарды іздегендей боласың. Міне, сондай ағалардың бірі, көптің көңілін тауып, еңбекте абырой биігінен көрінген ИкрамАкрамұлы ағамыздың ел алдында орны ерекше.

Икрам Хашимжанов – республикамызға белгілі азамат.Ол1957 жылдың 22 қыркүйек күні Шымкент қаласында, зиялылар отбасында дүниеге келген. 1974 жылы ОҚО Бөген ауданына қарасты Хамза атындағы орта мектепті бітірген. 1974-1975 жылдары Ташкент қаласындағы №2 Авиация техникалық училищесін «ұшақтарды құрастырушы» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған.1985-1988 жылдары Шымкент автомеханикалық техникумын «техник-механик» мамандығы бойынша аяқтаған.1988-1994 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып, 2012-2015 жылдары Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар Достығы университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша оқып бітірді.

Түрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оңтүстік жұртшылығының құрметіне бөленген. Оның жалпы еңбек өтілі 45 жылды құраса, соның 25 жылын қоғамдық қызметке арнаған.

Еңбек жолын Шымкент Авиаотрядында химиялық аппараттарды жөндеуші маман, техник-механик болып жұмыс істеп бастаған. Кеңес Армиясы қатарында Москва, Тула қалаларында қызмет атқарды.1979-1988 жылдары облыстық «Казсельхозтехника» өндірістік басқармасында тауармен қамтамасыз етуші жүргізуші-экспедитор және «Азаматтыққорғаныс» штабы басқармасы басшысының орынбасары болып абыройлы қызмет еткен.1988-1994 жылдары «Облагропромкомитет» өндірісі құрамындағы Шымкент оқу-курстық комбинатында жүргізуші мамандарды даярлау бойынша мұғалім. 1995 жылдан бастап «Nur Otan» партиясының мүшесі, 2012 жылдан «Nur Otan» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы саяси бюросының кеңес мүшесі, 2017 жылдан бюро мүшесі, ал 2013 жылдан «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының саяси кеңес мүшесі болып маңызды істер атқарған.

1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы өзбек этномәдени орталығының төрағасы болып сайланды.2000 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, 2017 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңес мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті мен Шымкент қалалық Полиция департаменті, қалалық Прокуратурасы жанындағы қоғамдық консультативтік кеңестерінің және Облыстық сотының медиация кабинетінің мүшесі. 2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 2012 жылдан Халықаралық «Әмір Темір» қайырымдылық қорының Қазақстан Республикасындағы бөлімінің төрағасы. Икрам Акрамұлы 1995 жылдан бері «Nur Otan» партиясының мүшесі болып табылады. Қоғамдық-саяси белсенділігінің арқасында ол партияның бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында саяси бюроның кеңес мүшесі, бюро мүшесі, партияның Орталық аппаратының саяси кеңес мүшесі болып сайланған.

Көп жылдар бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқарды. Сол кезеңнен бастап өзбек этномәдени бірлестігінің өзіндік мәдени келбеті болып айшықталған «Офарин» дәстүрлі әндер орындаушыларының байқауы, «Аския» ұлттық сатира өнері фестивалі, «Лапар» ақындар байқауы, ақын-жазушылардың мүшәйрасы жыл сайын халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Икрам Акрамұлының тікелей ұйытқы болуымен елімізде тұңғыш рет Сайрам өзбек драма театры құрылды. Оның ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тікелей қатысқан.

Өзбек жастары арасында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына да Икрам Хашимжанов бір кісідей үлес қосып келеді. Бұл бағытта өзбек тілді мектептер оқушылары мен ұстаздары арасында «Мемлекеттік тіл – достықтың дәнекері», «Тілге құрмет – елге құрмет» конкурстары өткізіліп тұрса, «Мемлекеттік тілді білу – парызың» байқауы республикалық деңгейде өтетін іс-шаралар қатарына қосылып, елімізде тұңғыш рет байқау жеңімпаздары жоғары оқу орнының білім гранты иегерлері атанды.

Азаматтық белсенділігі мен жоғары ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында 2016 жылдан бастап Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы болып сайланды.

Әр жылы қауымдастықтың кеңес мүшелері және жастар қанаты жетекшілерімен республикалық деңгейде өзбек тілді мектеп оқушылары мен ұстаздары арасында түрлі байқауларын іске асырып келеді. «Ислам және қоғам» пікірсайыс кешін және халықаралық фестивальдер, ұлтаралық татулықтың нығаюына, қоғамдық келісімді қалыптастыру аясында «Біз бір – халықпыз» атты дөңгелек үстел, конференция, семинарлар, сонымен бірге «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрлері» мерекесін өткізіп тұрады.

Облыс көлемінде өтетін өзбек тілі және әдебиеті пәні бойынша оқушылар олимпиадасына республикалық статус алып берді.

Осы уақыт ішінде театр көптеген белестерге қол жеткізуде. Атап айтсақ театр ұжымы шет елдерге гастрольдік іс-сапарлармен жиі шығуда. Театр репертуарында қазақ, өзбек, орыс, қырғыз, чех, неміс және басқа драматургтердің отансүйгіштікке, жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтарын сақтауға, ұлтаралық татулықты нығайтуға арналған қойылымдар қойылуда.

И.Хашимжановтың бастамасымен Республикада алғашқы болып «Достық дастарханы», яғни өзбек ұлттық тағамы палау даярлау бойынша халықаралық деңгейде байқау дәстүрлі ұйымдастырылуда.

Республикада алғашқылардан болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз санды ұлттар ісі жөніндегі бас комиссары Кнут Воллебек пен өзбек тілді мектептерде билингвальді және көптілді білім беру әдістемесін енгізу бойынша келісімшартқа қол қойды. Бұл білім саласындағы жаңа әдіс бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда.

«1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні» аясында аз қамтыған отбасылармен жетім балаларға бағалы сыйлықтар беруді ұйымдастыруды да ұмыт қалдырған емес. Оның бастамасымен «Апат айтып келмейді» акциясы үш рет ұйымдастырылып Сарыағаш, Ордабасы аудандарына және БҚО-ның Орал қаласына табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек берілді.

2019 жылдың маусым айында И.Хашимжановтың тікелей ықпалымен «Біз бір халықпыз» атты қоғамдық штаб құрылып, Арыс қаласындағы әскери бөлімде жарылған снарядтардан зардап шеккен арыстықтарға «Арыс, біз біргеміз» қайырымдылық акциясында белсенді қатысып, өзбек халқының атынан қаржылай және құрылыс материалдарымен көмек көрсетті. Сонымен қатар, табиғи апаттан зардап шеккен мақтаралдықтарға да қаржылай жәрдем берді.

Ұлтаралық татулық пен қоғамдағы келісімді қалыптастыру аясында республикалық деңгейде ұйымдастырылған барлық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылды Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жариялаған болатын. И.А.Хашимжанов осы Қазақстанда Өзбекстан жылы аясында Өзбекстан Республикасының қазақ мәдени орталығымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ұлтаралық татулықтың нығаюына арналған іс-шараларды жиі-жиі өткізуде.

2018 жылдың 27-28 наурыз күндері аралығында Өзбекстан Республикасы жазушылар одағының төрағасы Мұхаммад Али, Халықаралық “Әмір Темір” қайырымдылық қорының төрағасы Назим Хабибуллаев және Республика қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсеновтердің бастамасымен Шымкент және Түркістан қалаларында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы басты басымдықтарын жүзеге асыру аясында халықаралық конференциялар өткені белгілі. Бұл аталған іс-шараға Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларынан 30-ға жуық қонақтар келіп қатысты. Олар киелі Сайрам, Отырар және Түркістан қалаларына зиярат етіп, туризм кластері арқылы екі ел арасындағы ынтымақпен достықтың нығаюына ықпал жасады.

5-7 мамыр күндері аралығында Өзбекстан Республикасынан ұлттық академиялық драма театры ұжымы Шымкент қаласы және Сайрам ауданына гастрольдік іссапармен келді. Екі мемлекеттің тарихшылары, ақын-жазушылары, зиялылары және саясаттанушыларының дөңгелек үстел кездесулері ұйымдастырылуда.

Өзбек драма театры ұжымы Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларына гастрольдік іс-сапарларын ұйымдастырды.Осының аясында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Хашимжанов Икрам қазақ және өзбек халықтарының бірлігі, достығы және татулығын нығайту аясында көптеген іс-шаралар өткізіп, белсенді атсалысып келеді.

Икрам Акрамұлы 2018 жылдың 12-13 сәуір аралығында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы әдістемелік кабинеті және «Дўстлик» қауымдастығы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесе «Көптілді білім беру жүйесінде ана тілін оқытуды жетілдіру: проблемалар, жаңаша көзқарастар және шешімдер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.Сонымен қатар, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы басымдықтарын жүзеге асыру мақсатында, қазақ тілінің басымдығын сақтау, оның әрі қарай дамуына үлес қосу және Елбасымыздың «Тілдердің үш тұғырлығы»мәдени жобасы негізінде, Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны өзге ұлт өкілдерінің жан-жақты игеруіне ықпал ету, халықтар достығының басты құралы ретінде Қазақстан өзбектері «Дўстлик» қауымдастығы Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасымен бірлесіп дәстүрлі «Мемлекеттік тілді білу – парызым!» атты республикалық байқау өткізді. Байқау жеңімпаздарына ЖОО-да грант арқылы ақысыз білім алулары үшін сертификаттар беріледі.

14 тамыз күні Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры ұжымы Ташкент қаласындағы ұлттық драма театрында гастрольдік іс сапармен болып «Нарком Жургенов» спектаклін қойды. Осы саяси және тарихи іс-шарада И.Хашимжанов екі елдің мызғымас мәңгілік достығы аясында сөз сөйледі.

Қауымдастықтың әлеуетін дұрыс ұйымдастырудың арқасында өзбек этностық тобы өкілдерінің қазақстандық қоғам құндылықтары аясына топтасуының алғышарттары жасалып, іске асуда. Бұл бағытта өңірлік, республикалық, халықаралық деңгейдегі мәдени-танымдық жобалар, ғылыми конференциялар, тағы да басқа мазмұнды іс-шаралар атқарылуда. Білім беру саласында тың әдістер қолданылуда. Ол жетекшілік еткен қауымдастық ежелден еншілес болған көрші жұрт – Өзбекстан Республикасымен мәдени-гуманитарлық байланыстарды жолға қойып, экономикалық әріптестік байланыстарды нығайтуға септесті. Қазақстандағы Өзбекстан жылы және Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өткен мәдени іс-шаралар, іскерлік байланыстармен толығып отырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитеті арасында стратегиялық әріптестік меморандумы түзіліп, бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық байланысы жаңа деңгейге көтерілді.

Икрам Акрамұлының бастамасымен Өзбекстанның Шыршық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы «Достық» кабинеті ашылды. Қазақстан өзбектерінің қауымдастығы кабинетті заманауи үлгіде жабдықтап, Елбасы еңбектерінен құралған 25 атаулы кітапты сыйға тартты.

И.А.Хашимжановтың беделі мен абыройының арқасында өзбек этносы өкілдерінің қауымдастығы қайырымдылық іс-шараларына да белсене қатысып, қазақстандық бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Осы және өзге де сіңірген еңбектері үшін Икрам Акрамұлы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, бірқатар мемлекеттік мерекелік медальдармен, ҚХА қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, ОҚО әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарымен наградталған.

Ұлтаралық татулық пен қоғамдағы келісімді қалыптастыру аясында республикалық деңгейде ұйымдастырылған барлық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.

Ол өзбек, қазақ және орыс тілдерін толығымен меңгеріп, әзірбайжан, түрік және ұйғыр тілдерінде еркін сөйлеп, неміс тілін аударма бойынша түсіне білетін дарынды тұлға. Қызметкерлермен бірлесе отырып, белсенді жұмыс атқара алатын азамат. Ұжым ортасында өте сыйлы, қадірлі, үлгі тұтарлық, өз орны бар ерекше жан.Қол астында жұмыс істейтін қызметкерлердің әрбірінің көңілінен шыға білетін, әрдайым өзінің білімділігімен бірге парасаттылығын қатар алып жүріп өз қызметтегі міндеттерін жоғары деңгейде орындай алатын білікті басшы.

Республика, облыс және Шымкент қаласы көлемінде құрметті, мақтан тұтуға лайық азамат. Сонымен қатар, отбасында ардақты әке, мейірбан ата.

Қазір өмірдің қай саласын болмасын жалғандық жайлап, арсыздық арбап тұрғанда адал еңбектен таймаған Икрам Акрамұлындай азаматтардың барына шүкіршілік дейсің. Икрам Хашимжанов біздің мақтауымызға титтей де зәру емес екені айқын. Басқаны, басқаларды қайдам, осыны жазып отырған пақырыңызсыз да ол – халық танитын, ел сенетін Икрам Акрамұлы!

Қажыр-қайратын елінің кемелденуіне жұмсап жүрген өршіл рухты талант қай қияға салса да олжа әкелмей қалған емес. Атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған дара болмысы дұшпанын да мойындатпай қоймасы белгілі. Азаматтық ұстанымынан Алланың маңдайға жазған ғұмырында, жалт етіп өте шығар қым-қуыт тірлікте қырық рет жолдан таятын қырттар көбейіп тұрғанда, ірілікті сақтап жүрудің өзі – ірілік. Ал Икрам Акрамұлы сол ірілікті ай сайын, күн сайын алмас қылыштың жүзіндей жарқ еткізетін дара азамат. Бүгінгі күннің тарланына, елдік мұраттың еріне айналған айтулы тұлға жайында айтылар сөз газеттік бір мақалаға сыймайды, әрине. Біздікі – ақиқаттан танбайтын арлы азаматтың азаматтық ісіне деген сүйсінісіміз бен ниетімізді білдіру ғана. Оның өзін жеткізе алсақ жақсы.

Халық сенген, елдің үмітін арқалаған И.А.Хашимжановтай азаматқа алдағы уақытта да Елбасы жариялаған әлеуметтік әл-ауқаттың ұлттық моделін қалыптастыруға, қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері мен осы процесске барлық қазақстандық этностарды тарту үдерісін іске асыруға, азаматтық бірегейлікті жаңа қырынан танытуға, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын орнықтыруға аянбай еңбек етеді, Қазақстан Халқы Ассамблеясынан, Қазақстан Парламент мәжілісінің депутаты қатарынан көреміз деп сенім білдіреміз. Оған халқының да үміті мол.Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы — Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *