Зылиха ЖАНТАСОВА: СӨЗ ҚАДІРІН БІЛГЕН, ӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ

Сұхбат
1 377 Views

«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі.

Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады»

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Ұлы даланың ұлылығын айтып, қазақы жаратылысымызды сақтауға, тариxи сананы жаңғыртуға шақырады. Аталған бағдарламаға сәйкес тарих ғылымын жүйелі түрде, жаңаша көзқараспен жазу, қазақ даласындағы өркениеттердің мәдени даму үдересіне қосқан үлесін айқындау – біздің алдыңғы қатарлы негізгі міндетіміз болып табылады. Осыған орай, Ұлы даламыздың тарихи құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отырар» ғылыми – әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, жазушы Зылиха Тұрарқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бүгінде «Отырар» кітапханасы Шымкент қалалық кітапхана болып өзгергені белгілі. «Отырар» кітапханасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде арнайы тоқталып өтсеңіз.

– «Отырар» кітапханасы облыстық кітапхана болып бес жыл оқырмандарға қызмет көрсетіп келеді. Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алуына байланысты «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы болып қызмет атқаруда. Рухани дүниелерімізді дамыту жолында, ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін қайта жандандырып, оны оқырман қауымға насихаттап түсіндіру бойынша көптеген дүниелер жасалынып жатыр. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша көптеген оқырмандар конференциясы, талқылаулар, ойтолғаулар, семинарлар өтті. Мақаладағы атқа міну мәдениеті бойынша тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтар оқырмандармен кездесіп, көптеген пікір алмасулар өтті.

Тiзгiн тiлеп кемiргенде тiзесiн,

Тұяғында өрт ойнаған.

Тұяқта өрт ойнағанда,

Үстiндегi ғазилердiң

Жүрегiнде серт ойнаған.

Аттарға серт! – деп жазған Асқар Сүлейменов «басқалар маймылдан жаратылған шығар, бірақ қазақ жылқыдан жаралған» дейді. Жалғанның жалғандығын жылқы­ның жанарынан асырып көрсетер айна қане? – дегенін терең пайымдауға болады. Ауыз әдебиетінде тұлпар бейнесі, қазақ әдебиетінде «Құлагер», «Сәйгүлік» атты шығармалар, Әдіһам Шілтерхановтың «Ақжалдың ақыры»атты хикаяты да өте терең дүние. «Түркі әлемінің бесігі» атты тақырып бойынша бізде Әл-Фарабидің еңбектері, Ясауи еңбектері көбірек насихатталуда. Биыл бізде кітапханада облыстық «Фараби оқулары» байқауы өткізілді. Әл-Фараби, Ясауи ілімі ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі, «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығында «Көңіл айнасы», «Пақырнама» еңбектері де шәкірттері арқылы хатқа түскен ақынның өз шығармалары ретінде енгізілді.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Ұлы даланың мифологиясы мен фольклорлық материалдарын пайдалану жөнінде ой айтылған. Осы ой негізінде бізде «Қазыналы Оңтүстік» 311 томдық көптеген рухани дүниелер бар. Осы дүниелерді таныстырып, мұның ішінде фольклорлық материалдар, ауыз әдебиетінің үлгілері, жыр, дастандар сондай-ақ бұрын жарияланбаған баспа бетінен шықпаған араб жазуынан аударылып, қолжазба күйінде төте жазылған құнды дүниелер бар. Соның бірі 26-шы том «Жеті Қаған» дастаны бұрын соңды еш жерде басылмаған. Біздің көне тарихымызды, жеті қағанның ерліктері, жасаған іс-әрекеттері туралы осында айтылады.

Тағы бір атқарылып жүрген іс – қалалық мемлекеттік қызметкерлер оқуы тиіс елу кітап атты тақырыпта, ел басқарып жүрген азаматтарға көркем шығарманы оқу, көркем дүниелерді таныстыру мақсатында семинар өткізілуде. «Сөз қадірін білген, өз қадірін біледі» – демекші ел алдында жүрген соң тіл байлықтарын жетілдіріп, шешендік өнерді меңгерулері қажет. Ар ілімі бойынша Абайды, Шәкәрім мұраларын, сонымен қатар тарихи дүниелерді, ауыз әдебиеті үлгілерін толыққанды түсіндіріп келеміз.

– ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жарияланғанына біршама уақыт болды. Шымкент қаласының рухани әлемінде Ұлы даланың жеті қырына қатысты жетістіктері жөнінде айтсаңыз.

– Шымкент қаласы облыс орталығы кезінде Рухани жаңғыру бойынша он томдық арнайы іріктелген кітап шықты Бұл біздің рухани құндылықтарымызға қосылған үлкен дүние. Мәдениетке, әдебиетке руханиятқа қосылған үлкен үлес. М. Байғұттың «Аршакие», Н. Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Х. Есенқараеваның «Жібек», С. Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал», М. Әбдіәкімнің «Зобалаң», Н. Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Е. Тоқтасыновтың және оныншы том жастар шығармашылығына байланысты жас ақындардың жырлары жарық көрді. Бұл кітаптарға арнайы таныстырылым өтуде.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай барлық кітаптардың электрондық нұсқаларын жасадық. Сонымен бірге QR-код түрінде де жасалынып қойылды. Енді кез келген оқырман өзінің смартфоны арқылы электронды форматта барлық енгізілген кітаптарды оқи алады.

Балаларға арналған «Ақерке» залында балдырғандар ертегі айтып, батырлар жырын жатқа оқиды. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленуде. Тарихтың кино өнерімен телевидениялық көрінісіне байланысты Шымкентте көптеген қазақы нұсқадағы мультфильмдер көрсетіліп, Сақ студиясында жасалуда. Кітапханаға келген балаларды міндетті түрде осындай қазақы дүниелермен таныстырамыз. Себебі ұлттық тарихи құндылықтарымыздан тәлім тәрбие алса екен дейміз.

Кітапханадағы Коворкинг орталығы – жастар жұмысы үшін ыңғайлы орын ғана болып саналмайды, сонымен бірге кітапсүйер қауымға қолжетімділік, осындай алдыңғы қатарлы пікірлестерді табуға мүмкіндік. Сондай-ақ жоғары уәждемелі адамдармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болуда.

Кітапханада өткен барлық іс-шара адамгершілік рухани құндылықтарға негізделеді.

– «Бір ел – бір кітап» акциясы қалай өтуде? Көркем туындыдағы қандай кейіпкерді өзіңізге үлгі тұтасыз?

– Биыл Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Ә. Тәжібаевтың лирикалары таңдалды. «Бір өлке – бір кітап» биыл бірінші рет «Бір қала – бір кітап» бойынша жазушы Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» кітабы, Н. Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Б. Байтуовтың кітабы таңдалды.

Жазушы Қарауылбек Қазиевтің 1968 жылы «Ақ бантик», «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1979), «Кемпірқосақ» (1984) атты кітаптарын оқып өстік. Жазушы шығармасын оқып отырғанда табиғаттың әсем дірілі сенің жан-дүниеңді сілкіп өтіп, бір кезде ұяң да үлбіреме сезімдермен, бірде аяныш кернеп, бірде әсемдік тербеп, бірде сұлулық сөйлеп, табиғаттың қоңыр тынысы жүрегіңді аймалап тұрғандай күй кешесің. Жазушының «Менің шешем» әңгімесінде қазақ әйелінің бейнесі, сабырлылығы мен имандылығы шынайы суреттелген.

Сол аналардың бойындағы қажырлылық өмірмен біте қайнасқан қасиетті махаббат екенін ұғындырады. Жазушы әкеден ерте айырылып, жесір ана, жетім бала болып ел ішінде күн көреді. Анасы таңның атысы, күннің батысы үйдегі балапанына талшық терумен жүретін. Бала Қарауылбек болса екі көзі төрт болып түндігі түтілген үйдің алдында қара боп қалқиып, қашан анасы келгенше екі көзі жолды торитын…

Анасы қанша қиналса да қабағын шытпайды. Жазушы оны әңгімеде адам жүрегі еріп кетердей жылылықпен суреттейді. Нан жеймін деп қиғылық салған бала орнынан атып тұрып қаша жөнеледі. Содан далада сүрініп кетіп, жылап қалады. Артынан жүгіріп шыққан анасы баласын көтеріп үйге алып келеді. Алақанымен тікірейген баласының шашын сипап жатып, үнсіз егілетін қайран ана. Жүрегіңізді әлсіз бір мұң тербейді.

Ал, жазушы сол сәтті ананың көз жасының астында жатып менің де көзім ілініпті деп суреттейді. Өткен күннің естелігінен ерекше ой қорытады.

«Бұл менің балалығым екен. Мүмкін, менің майданға берген қан мен терім – күңгірт өткен сәбилігім шығар. Жоқ нәрсені тауып бер деп жазықсыз шешемді жәбірлеуім – соғысқа айтқан қарғысым болар».

Қиын күндердің күрсінісі көңілін құлазытқанымен, рухын төмендете алмақ емес. Анасы баласының сәби жүрегіне ақау түсіп, көңілі тарықпасын дегені ме, әйтеуір жоқшылық пен мехнатты күндердің ешқайсысына да қабақ шытып кейістік білдірмеді.

Соғыс бітіп жары соғыстан оралмаған қайғысын да үнсіз көтерген ана бейнесіне қалай тағзым етпейсің. Жазушы «Бірақ менің шешем сыр берген жоқ, жүрегінде жатқан үлкен махаббаты мен үндемес уайымын тысқа шығармай, ішінде сөндірді» — деп жазды. Мен осындай ұлы махаббатын жүрегінде сақтайтын аналарды құрмет тұтамын. «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деп Асқар Сүлейменов жазғандай жақсы кітаптар әдепке тәрбиелейді ғой.

– Руханиятқа қызмет атқара жүріп өзіңіз де көркем дүниелер жазып жүрсіз. Шығармашылығыңызбен бөліссеңіз.

– Жеке шығармашылығыма келетін болсам, осы жақында «Тағдыр биі» атты кітабым жарыққа шықты. Бұл кітаптың тұсаукесері осы өзім қызмет етіп жүрген Отырар кітапханасында өтті. Оқырмандар өз бағасын береді деп ойлаймын. «Тағдыр биі» деп қойылған себебі, қаладағы қарттар үйіне барған кездегі толғанысымнан туындаған әңгіме еді. Тағдыр биін қалт-құлт етіп билеп жүрген қарттарымыздың тағдыры мені қатты толғандырды.

Оған дейін «Сағыныш», «Жанымның жаз ғұмыры» деген прозалық кітаптарым жарық көрген болатын.

Мен әдебиетші болғандықтан жақсы дүниелерді, жазушы шығармашылығы туралы айтқым келіп тұрады. Ақын С. Сахабат жақында дүниеден озды. Оның көптеген жарияланбаған өлеңдері менде сақтаулы. Сол дүниелер жарыққа шықса деген ниетім бар. Біршамасы жақында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланды. Редакторы Абай Балажанға алғысым шексіз.

Әдебиет, руханиятқа көп көңіл бөлетін «Әділет» газетінің ұжымына да өз ризашылығымды білдіремін. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.

– Ашық сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрым АҚТӨРЕ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *