МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ ТЫНЫСЫ

Білім
1 243 Views

Іргетасы 1987 жылы қаланған Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаты» 40 жылдан бері мыңдаған шәкірттерін ұядан түлетіп, қанаттандырып келеді.

Мектеп-интернат тәрбиеленушілері тумасынан ие ауыр түрде науқастануына байланысты есту қабілеттері бұзылған. Білім мекемесіне үш жастан бастап қабылданған балалар бастауыш сыныптың білімін алып шығады. Мектеп есту қабілеті бұзылған баланың дыбыстауымен қатар есту қабілетін дамытуға, ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыруға, естіп-көру арқылы байланыс қызметінің функцияларын дамытуға, ауызша және жазбаша, саусақпен ымдасып сөйлеуге, қарым-қатынас жасай білуге үйретеді. Сондай-ақ кохлералық имплант – есту аппараты бар балалармен де жұмыс қарқынды жүргізіледі. Тілдік, тілдік емес дыбыстарды және есту-сөйлеу қабілетін дамыту жұмыстары жүзеге асуда.

«Тәрбие – табалдырықтан басталады» дегендей, балаларды мектепке келген күннен бастап, парасат биігіне, адамгершілікке тәрбиелеу, қоршаған ортаны тануға, тұлға боп қалыптасуына, рухани дүниесінің өрістеуіне ата-ананың, ұстаздар қауымының етер еңбегі мен міндеті зор. Мекемеде жоғары білімді арнайы дефектолог, сурдопедагог мамандар қызмет етеді.

Мектеп-интернаттағы жылылық, әр балаға деген ықылас, бала мен ата-ана арасындағы байланыс пен түсіністік дұрыс жолға қойылған. Оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі әр тоқсан сайын тексеріліп отырады.

Мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасын нығайту, мектеп ішін жабдықтау, оқушыларға заман талабына сай білім беру мақсатында оқушылардың есту деңгейінің динамикасын қадағалау үшін Данияда өндірілген «Madsen Xeta» компаниясының «GN Otometris A/S» құрылғысымен, жеке дыбыс қою кабинеттері «Соло» 01-В тілдік есту тренажерларымен, дефектолог маманның фронтальдық сабағында «Сонет» 01-1 аудио сынып дыбыс күшейткіш құралымен сондай-ақ барлық сыныптар сымсыз дыбыс күшейткіш құралдарымен жабдықталған.

Психолог маманның кабинеті «Жұмсақ» және сергітудің «Сенсорлық» құралдарымен жабдықталған.

Оқушылардың ой-өрісін, білім деңгейін жетілдіру мақсатында пәндік ашық-сабақтар, апталықтар, түрлі тақырыптық іс-шаралар, спорттық эстафеталық жарыстар, қол өнер, сурет салу, моншақпен тоқу сияқты жұмыс түрлерімен айналысады.

Қымбат ДӘУЛЕТОВА,

Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 мектеп-интернаттың» мұғалім-дефектологы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *