«АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ» ҚОРЫҒЫ ТАБИҒАТТЫҢ АДАМҒА ТАРТҚАН ТАМАША СЫЙЫ

Қоғам
45 Views

Орта Азия мен Қазақстандағы тұңғыш қорыққа биыл 100 жыл толып отыр. Тұңғыш қорықтың тарихына үңілсек, оның тамыры тым тереңде жатыр. «Ақсу-Жабағылы» қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне кірген. Бұдан бір ғасыр бұрын бұл қорықты осы жердің табиғаты мен аң-құстарын, өсімдіктерін бүгінгі және келешек ұрпаққа қаз қалпында сақтап қалу мақсатында құрған. «Табиғат – тіршілік тірегі» деп халқымыз айтқан игі мақсатты орындау жолында,өткен жүз жылда осы қорықта қызмет еткендердің арасында мықты басшылар мен ғалымдар, мамандар, лаборанттар, қорықшылар мен инспекторлар болды. Олар ұзақ жылдар бойы осында еңбек етіп, «Ақсу-Жабағылы» қорығын әлемдегі бірегей қорықтардың қатарына қосқаны бізді қуантып, көңілімізді марқайтады.

 

КӘНІГІ ҚОРЫҚШЫ САБАЕВ ПЕН ӘБІЛДАЕВТАР ӘУЛЕТІ ТУРАЛЫ

 

Бұдан бір ғасыр бұрын Орта Азия мен Қазақстанда құрылған тұңғыш «Ақсу-Жабағылы»қорығында қаншама аталарымыз бен апаларымыз аянбай еңбек етіп, аптап ыстық пен аязды, боранды, жауын-шашынды күндері небір қиыншылықтарды бастарынан өткеріп, браконерьлермен күресіп, аңдар мен құстарды,өсімдіктерді қорғап, бүгінгі күнге жеткізді.Табиғаттың баға жетпес байлықтарын сақтау жолында ерен еңбек сіңірген қорықшылар мен инспекторларды халық білуі керек деп есептеймін. 

Жүзжылдық мерейтой қарсаңында осы қорыққа 36 жыл бұрын егер болып жұмысқа кіріп, бүгінгі күні мемлекеттік инспектор Дауылбай Пошанұлымен және көп жылдар бойы қарапайым қорықшы болып істеп зейнеткерлікке шыққан Мырзатай Мұратәліұлымен тілдесудің сәті түсті.

Сәл шегініс жасап айта кетсем, Дауылбай мен Мырзатайдың әкелері, Пошан Әбілдаевпен Мұратәлі Сабаев сонау 1950-1990 жылдары «Ақсу-Жабағылы» қорығында қатардағы қорықшы болып, қиын кезеңдерде күн-түн демей, аянбай жұмыс істеген ардақты азаматтар! Марқұм Мұратәлі мен Пошан көкелеріміз өмірден өтіп кеткенімен, олардың ұлдары Мырзатай мен Дауылбай әкелерінің жолын қуып, қорықта егерден бастап, кейін мемлекеттік инспектор болып, Ақсудың арғы жағы мен бергі жағындағы бірнеше кордонда адал еңбек еткен және қызмет етіп жүрген қорықшы әулетінің атпал азаматтары. Қазақта: «Атадан бала туар, атаның жолын қуар» дегендей, Мырзатайдың ұлы Дулат инспектор,Дауылбайдың ұлы Диас Көкшетауда орманшы мамандығына оқып жүр екен. Демек, Сабаев пен Әбілдаевтардың әулеті – кәнігі қорықшылардың әулеті!

Дауылбай Әбілдаев пен Мырзатай Сабаевтан сұхбат алу үшін оларды Балдыберек және Қаратөбе ауылдарындағы үйлеріне арнайы іздеп бардым. Әлемге әйгілі қорықтың жүзжылдығына орай зейнеткер Мырзатай мен инспектор Дауылбайдан әкелері туралы және «Ақсу-Жабағылы» қорығын басқарып, ел-жұрттың құрметіне бөленген басшы Айтбек Меңлібековтің атқарған еңбектері жөнінде айтып беруін сұрандым.

Ардагер Мырзатай аға аз сөйлейтін тұйықтау адам болғандықтан, әкесі туралы «Менің әкем Мұратәліұлы өте еңбекқор әрі сабырлы, өзіне жүктелген тапсырманы тындырып істейтін және тазалық пен тәртіпке қатты қарайтын кісі еді. Көкем Мұратәлі мен анам Ұлжаннан тараған 7 ұл, 3 қыздан өрбіген немерелер мен шөбере баршылық.» деп қысқа қайырды. Инспектор Дауылбай әкесі туралы жан-жақты әрі толығырақ мәлімет берді. Дегенмен, екеуі де әкелерінің бүкіл саналы өмірін тауда тынымсыз еңбекпен өткізіп,қорықтың аң-құстары мен шипалы өсімдіктерін, жалпы табиғатын қорғауға ерен еңбек сіңіргендерін және өздерін қорықшылар әулетінің ұрпақтары екендігін мақтан тұтатындарын айтты.

Дауылбай әңгімені әріден бастап, ауыл адамдарының айтуынша, әкем Пошан ақкөңіл, жаны жайсаң, қолы ашық және өз ісіне берілген жан болған деседі. Менің бір білетінім, «Көкем айтқан уәдесіне берік болатын. Мен қорыққа жұмысқа кірген 1992 жылы «Сілбілі» кордонында Түлкібас жақтан келген Нұрғали деген жігітпен бірге істедім. Сол жылдары оның келіншегі босанып, ұл туғанда, әріптесім Нұрғали, Пошан көкесіне «осы баламның үйлену тойын өзіңіз ашып, бата бересіз» дегені есімде.

 — Сонда әкем, аман болсам, тойыңа барамын деп, — уәде берген. Уақыт деген тез өтеді екен. 2024 жылы әкем жасы 90-нан асқанына қарамастан, сөзінде тұрып, менің машинама отырып, Нұрғалидың баласы Нұртастың үйлену тойына барып, батасын беріп, уәдесін орындады, – деді Дакең. Пошан Әбілдаұлынан тараған 3 ұл, 8 қыздан өсіп-өнген бала-шаға бұл күнде бір қауым ел болдық. Әкем былтыр 92 жасында өмірден өтті. Әкем жас кезінде Түлкібас жақта шахтада, кейін Ленгер ауданындағы Елтай ауылына көшіп келіп, теміржолда жұмыс істеді. Қай жерде жұмыс істесе де, абыройлы болып, ел құрметіне бөленгені жөнінде Түлкібас, Ленгер ауданының адамдарынан есітіп, риза болып қаламыз. Әсіресе, қорықта жұмыс істеген жылдары аң-құстарды, өсімдіктерді қорғауға көп еңбек сіңірді. Әкем бізге үнемі «Табиғат – адамзаттың ортақ үйі», «Табиғатқа қамқорлық – ұрпаққа қамқорлық» деген нақыл сөздерді айтып, құлағымызға құйып отыратын. Әкем Пошан 26 жыл қорықта адал қызмет істеп, көптің құрметіне бөленген ардақты азамат! 2023 жылы тамыз айында Пошан Әбілдаев туралы «Ардақты Ардагер» журналына «Тау мен қария» атты көлемді мақала жарық көрген.» — деп Дауылбай әңгімесін қорытты.

Сырт көз сыншы дегендей, М.Сабаев пен Д.Әбілдаев екеуінің де өз шаңырақтарындағы үйлерінде ұлдары мен келіндерімен бірге тату-тәтті тұратындарын өз көзіммен көріп куә болдым. Олардың шын мәнінде өсіп-өнген үлгілі отбасы екендіктерін ауылдағылар да айтты.

 

ЖҰМЫСТА ӨЗІН ДЕ, АТТЫ ДА АЯМАЙТЫН ДИРЕКТОР АЙТБЕК МЕҢЛІБЕКОВ

 

Ардагер Мырзатай аға мен инспектор Дауылбайдан бұрынғы директорлар және есте қалған ерекше бір сәттер туралы айтсаңыздар деп қолқа салдым. Олардың айтуларына қарағанда, директор Айтбек Меңлібеков «Ақсу-Жабағылы қорығын» 20 жылдай басқарып, игі істерді қолға алып, оларды жүзеге асырған іскер директор. Ол қорыққа басшылық жасаған жылдары Ақсудың оң және сол жағалауларындағы кордондарға жаңа заманауи үйлер салдыртып, материалдық-техникалық жағын да жаңартып және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға күш салған мықты басшы екендігін айтты. Айтбек Нарынбайұлының астындағы аты болдырса да, өзі шаршамай, басқа ат ауыстырып мініп, қорықты әрмен қарай аралап, бәрін өзі көріп, тексеріп жүретін талапшыл басшы болғаны рас. Айтбек ағаның ағысы күшті Ақсу өзенінің үстінен, рельспен шпалды, тағы басқа да материалдарды атпен тасытып, көпір салдырғанын қызметкерлер де, аудан тұрғындары да жақсы біледі, — деді жігіттер.

— Мен білетін Айтбек Нарынбайұлы, кейде Ақсудың арғы бетінен дүрбі салып, бергі бетті бақылап, бергі жақта браконерьдің жүргенін бізге рациямен айтып ескертетін. Содан кейін біз, 4 кордонның инспекторлары жабылып іздеп, браконерьді тауып, оны ұстап, акті жазып жатқанда, Аятбек ағаның өзі де келіп қалатын – деді Дакең.

 

ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ НЕМЕСЕ ИНСПЕКТОР ДАУЫЛБАЙ ТУРАЛЫ

 

Мың есіткеннен бір көрген артық деп, «Ақсу-Жабағылы» Мемлекеттік қорығының бүгінгі жағдайын өз көзіммен көріп танысу мақсатында«Дарбаза» кордонына барып, мемлекеттік инспектор Дауылбай Әбілдаевқа жолықтым. Ол 1992 жылдан бері тарихи қорықтағы бірнеше кордонда тынбай еңбек етіп келе жатқан майталман маман.

Дауылбай 1968 жылы Балдыберек ауылында дүниеге келген. 1976-1983 жылдары Ленгер қаласындағы N17 мектеп-интернатты бітірген соң, үш жыл Владивостокта әскери флотта қызмет етіп, старшина болып, елге оралады. Одан кейін Георгиевкадағы училищеде оқып, механизатор мамандығын алып, Ленгердегі «Луч» фабрикасында жұмыс істейді. Еліміз егемендік алған соң 1992 жылы Дауылбай туған ауылына келіп, әкесінің жолын қуып, «Ақсу-Жабағылы қорығына» егер болып орналасады. Ол осылай қорықшы қызметіне ден қойып, тыңғылықты еңбегімен көзге түсіп, мемлекеттік инспектор болып өсіп, бірнеше кордонда жұмысын жалғастырып келеді. Тауда кордонда Дакеңмен бірге жүрген кезде, оның тазалық пен тәртіпке көп көңіл бөлетінін байқадым. Оның басты ұраны: «Таза табиғат – таза болашақ», «Жерді аяласақ, жер де бізді аялайды» екен. Ол өзі отырған ғимараттың айналасын таза ұстайтынын және ағаштар мен гүлдердің жайқалып өсіп тұрғанын барғанда байқадым. Біз қорықты аралап жүргенде, табиғатқа келіп жатқан үлкенді-кішілі адамдар көп және бірі темекінің тұқылын, екіншісі бос ыдысын тастай салады. Дакең жол-жөнекей соларды жинап және жолыққан адамдарға тазалықты сақтау керектігін ерінбей ескертіп отырды. Айтуға оңай болғаны-мен, оларды бақылап, тәртіпке шақыру оңай емес екен. Соның арасында «Ақсу-Жабағылы» қорығының басшылары рациямен жиі хабарласып, түрлі тапсырмалар беріп жатты. Бір сөзбен қайырғанда, қызып жатқан жұмыс.

Айтпақшы, бұларды сырттай бақылап және сырттарынан «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп арыз жазатындар да бар екен. Мысалы, бірер жылда 4 арыз бойынша жоғары жақтан тексерушілер келіп, анық-қанығын тексеріп болған соң, дәлелін таппады деп анықтама жазған екен. «Қазақта: «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Дауылбай ұзақ жылдар бойы адал атқарған жемісті еңбегі еш кеткен жоқ. Қоғамдық өмірге белсене араласқаны басшылық пен аудандық, облыстық мәслихат тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше Құрмет грамоталарын иеленді. Еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында биологиялық әртүрлілікті сақтауда және көбейтуде қол жеткізген табыстары үшін Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және ел Президентінің тарапынан бірнеше мерекелік медалдармен марапатталған.

 

 Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

«Әділет» газетінің арнаулы тілшісі, журналист-жазушы