БАС ҰСТАЗҒА КҮЙЕ ЖАҚПАҚ БОЛҒАН КІМ?

Білім Қоғам
598 Views

Кейде бар өмірін, тіпті жан қуатын жаны сүйген жұмысына арнайтын адамдарға әдейі күйе жағатын дажандар болады. Өзгенің үстінен арыз жазып, жұмысына кедергі келтіріп, мүмкінболса аяқтан шалуды жете меңгерген, соған бейімделген пенделердің, бірақ, шынбет-бейнесі түптің түбінде ашылып, әшкере болатыны бар. Жуырда Шымқаладаосындай бір оқиға орын алды.

Басынан бастайық. Соңғы кездері азаматтардың ашық алаңына айналған әлеуметтік желіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, еліміздің Бас прокуратурасы мен Білім және Ғылым министріне Үндеу жарияланды. Авторы – Шымкент қаласының тұрғыны. Өзін Арман Ержігітов деп таныстырған азамат онда үшінші мегаполистің Білім басқармасында аталған құзырлы органдар қалайда тексеруі тиіс заңсыздықтар орын алып жатқанын жазады. Атап айтқанда, 2020 жылы оқушыларды қашықтан оқыту үшін алынған ноутбуктерге қатысты мәселе. Үндеу жолдаушы: «Шымкент қаласы Білім басқармасы оқушыларды қашықтан оқыту үшін жалпы соммасы 3 миллиард теңгеден астам сомаға ноутбуктер сатып алады. Алайда аталған оқу жабдығы Білім министрлігі бекіткен техникалық талаптарға сәйкес болмай шықты. Атап айтқанда, 11 716 ноутбуктың техникалық талаптарға сәйкестігі расталмады. Бұл ақпаратты қалалық ішкі мемлекеттік аудит департаменті нақтылады», — деп жазады.

Үндеуге сенсек, мемлекеттің миллиардтарын сапасыз дүниеге жұмсау фактісіне қарсы болған азамат қудалау, әлде қысым көріп жатқан секілді. Құзырлы органдарға жазған арызы аяқсыз және жауапсыз қалыпты. Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың IT технологиялар бойынша маманы болып жұмыс істеген азамат жұмысынан осы себепті «өз еркімен» кетуге мәжбүр болғанын да жасырмайды. Себебі, өзінің жазуы бойынша, «аталған оқу жабдықтарының техникалық талаптарға сәйкес еместігін біліп, оларды жұмысқа қабылдаудан жауапты маман ретінде бас тартқан».

А. Ержігітовтің жазбасы желі «санитарларының» арасында біраз пікірталас тудырды. Өйткені 2020 жыл қазақ қоғамы үшін шынында да цифрландыру бағытындағы талай миллиардтың құмға сіңген судай ізсіз кеткенін ашып көрсеткен, әшкере еткен жыл болғаны жасырын емес. Оқу форматы онлайнға көшкенде оқушылар тұрмақ ұстаздар да желі жақсы ұстайтын жер іздеп сандалып кеткенін бәріміз білеміз. 2020 жылы 5 ірі қалада жоғары жылдамдықпен істейтін 5G желісі болады және интернетке қосылмаған бір де бір ауыл қалмайды деген ұранды да жалынды сөзді естіп жүрген жұрт шын мәнінде жағдай мұндай емес екеніне көзі жеткенде жағасын ұстаған. Бұл азаматтың желідегі жанайқайы дәл осы кезде «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келгендей сәйкес келе қалмасы бар ма? Сондықтан оның жазғанын жарыса бөлісіп, ел тұрғындары «Ойбай, мынау не сұмдық?!» деп Шымкент жаққа жалт қарасты. Тіпті «басшылықтан қысым көріп, жұмысынан қуылған» маманға құқықтық көмек беремін деп білек сыбана кіріскен белсенділер де болды. Ал шын мәнінде ақиқат мүлде басқаша болатын.

Мәселенің мән-жайын білмекке, әрі анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ханымнан осы жағдай жайлы егжей-тегжейлі сұрадық. Басқарма басшысы қолымызға бір бума құжат ұстатты. Оның әрбіріне зер сала қарағанда мүлде басқа жайтқа көз жеткіздік.

«2020 жылы тамыз-қыркүйек айларында алғаш пандемия кезінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін негізге ала отырып, оқушылар үшін 36 355 дана компьютерлік құрылғылар сатып алынған.

Сатып алу кезінде комиссия құрамына құзырлы органдар қызметкерлері, цифрландыру, мемлекеттік сатып алу басқармасы мамандары, Шымкент адалдық алаңы, заңгерлер, информатика әдіскері, қаламыздағы тәжірибелі деген 12 информатик-программист мұғалімдері тартылды.

Барлық сатып алу комиссиясының жұмысын әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде «Адалдық алаңы» жетекшісі Ж.Қамбар өзі жариялады. Сонымен қатар, басқарма тарапынан барлық процесс арнайы камерада түсірілді.

Сол комиссия құрамында әдістемелік кабинет әдіскері ретінде үндеу тастап отырған Арман Ержігітов жауапты маман ретінде барлық таңдауда, талқылауда және шешім қабылдауда белсенді мүше болып, компьютерлер сапасына өзі маман ретінде баға беріп отырды», — дейді Ж. Арысбекқызы.

Сөзінің дәлелі ретінде Шымкенттің бас ұстазы Жанат Тәжиева арызданушының осылай айтқан бейнежазбасын көрсетті. Бұл азаматтың өз сөзін өзі жоққа шығарғаны қалай деген ойға қалдық. (Мұны бір деңіз).

Жемқорлық фактісі болуы мүмкін деген арыздың жауапсыз қалмайтыны түсінікті. Аталған басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Департаментінің ұсынысы негізінде ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеріс жүргізген. Алты ай! Алғашқыда 3 ай, сосын араға уақыт сала отырып тағы да 3 ай – барлығы жарты жыл тексеріс жасалған. Тіпті сатып алу рәсімі кезіндегі барлық видео түсірілім мен рәсімделген құжаттар да ҰҚК, прокуратура, ДЭР, қаржы полициясы тарапынан мұқият және бірнеше рет зерделенген.

Ең бірінші кезекте программисттер ноутбуктердің техникалық талаптарға сәйкестігі, сапасы, саны, қабылдап алған кездегі құжаттары, компьютерлік құрылғылардың өз нөмірлеріне дейін, тіпті ішіне орнатылған бағдарламалар, олардың сертификаттары, қай уақытта бекеттерден өткеніне дейін тексерген. Әрине, мұндай толық та мұқият тексеруге ұзақ уақыт кететіні түсінікті ғой. Ал нәтижесі қандай дейсіз бе? Ішкі аудит департаментінің сапа бөлімі білім басқармасы тарапынан ешқандай да қаржылық бұзушылықтар анықталмаған деген қорытындыға келген.

Компьютерлердің техникалық ерекшелігіне ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы тексеру жүргізіп «техникалық ерекшелігіне сай келеді» деген баға берген. Тексеру қорытындысының көшірмесі арыз иесіне де берілген екен. Соған қарамастан ол желіде Үндеу жариялап, Шымкентте сорақы жағдай орын алды деген сыңайда жазба қалдырған. Мұны екі деңіз.

Желі арқылы жоғарыда отырған азаматтарға Үндеу жариялаған оның шындыққа жанаспайтын тағы бір – үшінші тұсы бар. Ол осындай шындықтарды айтамын деп «өз еркіммен жұмыстан кетуге мәжбүр болдым» деп келтірген. Ал Басқарма басшысы осыған қарама-қайшы келетін және Үндеу иесінің өз қолымен жазылған арызды көрсетті.

«Бақсақ – бақа екен» демекші, бұл азаматтың жұмыстан кетуінің мүлде басқа себептері бар болып шықты. Ол 2020 жылдың 7 шілдесінде Шымкент қаласының әдістемелік орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сандық технологиялармен қамтамасыз ету бөлімінің бала күтіміне байланысты демалыстағы Байқоңырованың орнына әдіскер қызметін қоса атқарушы ретінде 0,5 жүктемемен қабылданған. Тіпті өз қолымен жұмысқа алу жөніндегі арызында дәл осылай деп көрсеткен. Уақыт өте келе бала күтіміндегі маман өз жұмысына шыққан кезде А. Ержігітов бұл орынды заңды түрде босатуына тура келеді. Сөйтіп ол өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазады. Бүкіл республиканы шулатып, жоғарыға Үндеу жолдаған азаматтың жазбасынан осындай бір емес, үш бірдей қарама-қайшылық байқалды. Қалай ойлайсыз, мұның астарында не жатыр? Шымкенттің бас ұстазын әдейі, қасақана қаралау емес пе бұл?

Енді мына бір қызықты қараңыз, бұл азамат ешқашан Жанат Арысбекқызының тікелей бағынысында жұмыс істемеген. Оны жұмысқа алу мен жұмыстан босату Басқарма басшысының құзырында емес екен. Осындай қарама-қайшылықтарға қарап, мұны құйтырқы әрекет деп бағаламасқа амал да қалмайтындай.

Айтпақшы, 2020 жылы пандемия күшіне мінген тұста ел мен ел, жер мен жермен арақатынас үзіліп, адамзат түгелдей дерлік «үйқамаққа» түскенін білесіздер. Осындай қарбалас та аласапыран уақытта барлық дерлік облыста оқушылар үшін тапсырыс берілген ноутбуктердің белгіленген мерзімінен кешігіп жетіп жатты. Әйтеуір сынбай-бұзылмай, дін аман және түгел жеткеніне қуанған ата-аналар мемлекеттен берілген мұндай көмекке қуана алғысын айтып жатты. Ал Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы тапсырысты орындаған компанияның өнімді жеткізетін уақыттан кешігуіне байланысты арыз түсіріп, мемлекет пайдасына 92 миллион теңгеден артық қаржыны қайтартқан. Бұл – мемлекеттік қызметкердің өз ісі ғана емес, Отан алдындағы адалдығын білдіреді.

Ал Шымкент қаласындағы білім деңгейіне келер болсақ, Шымкент қаласы ұстаздары Kundelik.kz-ті қолдану бойынша көш бастап тұр. Қазір электронды күнделік жүйесіндегі шымкенттік мұғалімдердің белсенділігі 97,3 пайызға жеткен. 2020 жылдың екінші жарты жылдығындағы қорытынды бойынша үздік деп танылған Шымкент қаласы Kundelik.kz-тің «Алтын түймесіне» ие болған еді. Осы жеңісті жол әлі де жалғасып келеді: Шымкент қаласы 2020-2021 оқу жылының ІІ жартыжылдығында «Күнделік» жүйесінде белсенділік танытқаны үшін «Алтын түйме» белгісіне ие болды. Бұл ғана емес, 2021-2022 оқу жылының бірінші жартыжылдығы бойынша «Күнделік (Kundelik)» ЖШС компаниясы Шымкент қаласын үшінші рет жеңімпаз деп таныды, яғни Шымкент ұстаздары үшінші рет «Алтын белгі» номинациясын жеңіп алды. Басқасын былай қойғанда, осы көрсеткіштің өзі Шымкенттегі білім деңгейі мен білім ошақтарындағы ұйымдастыру жұмыстарының, басшылықтың атқарып жатқан жұмысының айнасы емес пе?

Өз сөзіне өзіне қайшы келіп жатқан азамат қанша жерден күйе жаққысы келіп тұрғанмен, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ханымға қала тұрғындары өте жоғары баға береді. Мұны мына пікірлерден білуге болады: «Сын – шын болатын, жапқан жала мен жаққан күйеден аулақ болатын кез келді ағайын. Қай қызметкер болмасын, білікті басшыны аяқтан орынсыз шалғаннан, біз қоғамды ілгерілете алмаймыз,соны түсінген жөн», – дейді Ұлықбек Тұңғышбаев есімді азамат. Ал Гүлнара Нәлибаева: «Заң аясында дәлел құжаттармен жасаған жұмыстарына толық жауап берілді . Бұдан артық қандай дәлел керек енді? Елдің қамын жасау үшін бар жігерін беріп отырған Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж Тажиеваға текке алғыс айтамыз», – деді. Маржан Атабекова да «Жанат Тәжиева адал еңбек етіп жатыр. Сол үшін біздің алғысымыз шексіз», – дейді ата-аналар атынан. Негізі ұстаз үшін оқушының білім терең нәрімен сусындап, өмір жолын, мамандығын дұрыс тауып, ұстазына шын жүректен айтқан алғысынан жоғары баға жоқ. Бұл жерде ата-аналардың жүрекжарды лебізі, білдірген тілегі мен берген бағасы – осы оқушылардың жүрегінен, отбасынан шыққан сөз деп түсінуге болады.

«Бізде жұмыс істеген адамның аяғынан тартатынымыз бар, уят қой. Ал Жанат Арысбекқызы өте іскер, білімді, білікті басшы. Өте іскер жан деп қайта айтсам да артық болмас, оны бәрі мойындайды!» – бұл Нұрлы Өмір атты азаматшаның пікірі. Найла Ширтаева атты Шымкент тұрғыны да осыдай пікірде: «Арнайы сараптамалық комиссияның қорытындысы оң нәтиже берген екен, ол жерде бір емес, бірнеше адам жұмыс жасады ғой, жеке басының мүддесін ойлап орынсыз айыптаудың өзі қиянат деп ойлаймын. Сол алынған компьютерлер ел игілігі үшін алынды, қазіргі таңда сол елдің баласы пайдаланып білім алуда!»

Жалпы, байқағанымыз, ата-аналар қауымының тап осы басшыға – бас ұстазға деген ілтипаты мен құрметі ерен, бөлек. «Оқушылардың материалдық және рухани игілігі үшін қызмет еткен қалалық білім бөлімінің басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызына алғысымыз шексіз», – деген тілек осының айғағы. Гүлзира Молдабек есімді тұрғынның бұл пікірін Жазира Тұрғынбекова есімді қала тұрғыны да қоштайды: «Болашаққа жол сілтейтін ұстаздың еңбегін лайықты бағалау керек. Жанат Арысбекқызына алғысымыз шексіз», – дейді ол.

Наргиза Юсупшикова: «Жұмыс бар жерде сын да болады. Жанат Арысбекқызы білікті басшы, іскер маман. Өз жұмысының білікті маманы».

Назира Бағысбекова: «Жанат Арысбекқызы білікті басшы. Бар күш-жігерін білім саласын көтеру үшін күн-тун демей жұмыс жасап жатыр. Заңға қайшы жұмыс істейді дегенге өз басым сенбеймін».

Шахноз Нурметова: «Еңбегі өте бағалы. Болашақ ұрпақтың қамын жейтін Жанат Арысбекқызы сияқты басшы жоқ. Білім саласының өркендеуі үшін жүргізіп жатқан жұмыстарына алғысымыз шексіз».

Әйгерім Жандарбекқызы: «Жанат Арысбекқызы оқушылардың игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген білікті де білімді жан. Орынсыз айыптауларға өз далелдерин көрсетті, бұдан артық не керек? Біз Жанат Арысбекқызын қолдаймыз және алғысымыз шексіз».

Қынагүл Сейтімова: «Өз ісінің шебері, еңбегі өте бағалы жан. Келешек жастардың қолында деген ұранымен жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруді мұғалімдерден талап етіп, соның орындалуын назарда ұстап отырған көшбасшы. Біз Арысбекқызына сенеміз және сәттілік тілейміз».

Гүлназ Нұрбекова: «Білім саласын дамытуда сіңірген еңбегі мен жасап жатқан ісіне мың алғыс, заң талаптарын қатаң сақтайтын іскер басшыны бәріміз қолдаймыз!!!»

Құралай Төлеубаева: «Жанат Арыстанбекқызы өз ісінің маманы, әділ әрі талапшыл, өте бағалы қызметкер. Болашақ ұрпақтың саналы да сапалы білім алу жолында аянбай еңбек етіп жүр. Білікті маманның артынан сыншыл көз бен ерме сөз көп кездеседі. Мұндай сын тек өз ісінің маманын көре алмайтындардан туындайды. Оның біліктілігіне күмәніміз жоқ».

Ал Перизат Дауылбаева есімді қала тұрғыны былай дейді: «Ол өз ісінің маманы, білікті басшы. Білім саласын жақсарту, оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайларды жасап, бар күш- жігерін салып жұмыс істеуде. Біз Жанат Арысбекқызын мақтан етеміз және әрқашан қолдап, сенім артамыз».

Әділхан Жұматаев есімді азамат та тап осы басшының еңбегіне көңілі толатынын былай жеткізеді: «Жанат Арысбекқызы тынымсыз еңбек етіп келеді, жұмысына адал жан, өз ісінің маманы, білім саласының жанашыры! Білім басқармасының осыншама еңбегі Жанат ханымның арқасы деп білемін».

Ашығын айтқанда, Шымкент қаласының бас ұстазы – Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жайлы осындай оңды пікір айтатын азаматтар көп. Олардың қай-қайсысы да іскер, талапшыл, білікті, жанашыр, ізгі істері мол, үйренеріміз көп, жұмысын жан-тәнімен сүйеді, нағыз көшбасшы, тынымсыз еңбек етеді, өте тәжірибелі маман, мықты басшы деп баға бергенін де көріп отырмыз. Тіпті Жанат Арысбекқызын елдің нағыз патриоты, оқушыларға ісімен де, өмір жолымен де үлгі болуға тұрарлық тұлға деп атағандар бар.

Әсілі, халықтан асып түсетін біз емес, олардан асыра баға беру әсте де мүмкін емес. Елдің ықыласына бөленген басшы жайлы жұрт пікіріне қарап-ақ Білім басқармасы басшысының бет-бейнесін тани беріңіз: таза алтын қара түнекте де саф тазалығын, жан-жағына жарық сәуле шашуын жоғалтпайтыны осыдан-ақ мәлім. Ал «жақтым жала, жаптым күйе» дейтіндердің бетпердесін әуелі – сот қаралымы, ал түптің түбінде уақыттың өзі шешіп беретіні анық.

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *