ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЗАҚҚА ТӘН ҚАСИЕТ

Қоғам
260 Views

Түркістан облысы, Жетісай Ауданы, Ынтымақ ауылдық округінде жасалған қайырымдылық іс көпшілікті тәнті етті. «Еуразия» ЖШС басшысы, меценат, кәсіпкер Мадәлі Тәжібаев қос бірдей отбасыға баспана сыйлап, мол сауапқа кенелді. Баспана отбасыларға салтанатты түрде тарту етіліп, шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары А.Тасов, ауыл әкімдері мен ақсақалдар, ауыл тұрғындары қатысты.

Баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырғандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Нұржан Сопбеков. Өзі үшінші топ мүгедегі, жары Мадинаның да денсаулығы жиі сыр береді. Бұған дейін мүгедектікке берілетін зейнетақы мен түрлі жұмыстармен күнелтіп келген отбасы 10 жылға жуық пәтер жалдап тұрып келген.

– Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған кәсіпкер ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады, – дейді қуанышымен бөліскен Мадина Жаныбаева.

Баспаналы болу бақытына ие болған екінші жан, жалғызбасты ана Ұлбосын Құсанованың 4 перзенті бар. Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде күндік жұмыстарға жалданып, нәпақа табады. Табысының біраз бөлігі пәтерақысына кетсе, біразы азық-түліктен артылмай келген.

Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, баспанаға шын мұқтаж отбасыларды анықтауда аудан әкімінің орынбасарлары төрағалық жасайтын комиссия мүшелері жан-жақты талдау жасаған. Ортақ шешіммен осы екі отбасыны лайық деп тапқан.

Меценат кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады.

– 2010 жылы ауданға келіп, аудан басшыларының қолдауымен осында мақта зауытын салып, кәсібімізді аштық. Содан бері жыл сайын қайырымдылық шараларынан қалыс қалмауға әрекет жасаймыз. Мұқтаж жандарға баспана салып беруді ұйғардық. Баспаналы болған бүлдіршіндердің жүздеріндегі қуаныш біздің ісіміздің дұрыс және ары қарай да тоқтаусыз жалғастыру керек екенін ұғындырды, – дейді «Еуразия» ЖШС басшысы Мадәлі Тәжібаев.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *