БЕРЕКЕ БАСЫ – БІРЛІК

Ел және Елбасы
1 704 Views

1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстанның тарихында алғаш рет тікелей бүкілхалықтық Президенттік сайлау өтіп, осы сайлауда халқымыз тарихи таңдау жасап, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстанның Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осыған байланысты 2011 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңымен 1 желтоқсан ˗ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесі болып белгіленді. Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты – қоғамды елдің Тәуелсіздік жылдарында және қазіргі уақытта іргетасы болып табылған Мемлекет басшысының идеясы мен саясатының айналасына біріктіру болып табылады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті КСРО күйреген қиын кезеңде, Қазақстан жерінің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, тәуелсіз және жасампаз Қазақстан мемлекетін құрып, қалыптастырды. Мемлекет құру жолында осындай толағай тірліктер атқарған Елбасымыздың құрметіне Президент күнін атап өту орынды.

Еліміз егемендік алғалы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының арқасында мемлекетімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталып келеді, ал мұның басты тетігі – ұлтаралық келісім мен татулық. Әрине мемлекеттегі қоғамдық-саяси тұрақтылық өзінен-өзі болмайтыны белгілі. Бұның барлығы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап үлкен ерік-жігермен, «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп жылдар бойы атқарған жұмысының жемісі.

Еліміздің Президенті сайланған соң Қазақстанда Президенттік институт құрылып, осы жылдар аралығында Ұлт көшбасшысы өз халқының бүгіні мен болашағы үшін аянбай еңбек етіп, соның нәтижесінде еліміз экономикасы қуатты, руханияты жоғары мемлекет деңгейіне көтеріліп, Қазақстан халықаралық қоғамдастықта терезесі тең әріптеске айналды. Президентіміз биліктің бір тармағы болып саналатын сот жүйесінің дамуына, оның жұмыс сапасының жоғарылауына барлық мүмкіндікті жасап, сот беделінің көтерілуін бір сәт те назарынан тыс қалдырмай келеді.

Қазақстан халқының бірлігі мен тыныштығын, қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз етудің мәселелері жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты тарихи еңбегін 1993 жылы 12 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялап, осы мақаласында елдегі қоғамдық-саяси жағдайды терең талдап, сараптай келе нақты тәуелсіздікке жету жолында халықты идеялық топтасуға шақырған болатын. Осы еңбегінде айтқан ойын жүзеге асыру мақсатында сол жылдың 28 мамырында Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауында XVІІІ ғасырдың аса ірі мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді және Әйтеке биді еске алуға арналған «Береке басы – бірлік» атты жиын өткізілді. Бұл жиынды Елбасымыз ашып: «Үш ұлы бабамыз сонау бір қилы кезеңде Ордабасының биігіне шығып, ой толғаған екен. Осы Ордабасы биігінде киіз туырлықты қазақ атаулы ауызбірлікшіл болуға серттесіп, Әбілқайырдай бас сардарды сайлап, ата жауға аттандырып салған екен… Енді сол бабалар алып берген кең-байтақ өлкемізді түгел көркейту – бүгінгі біз бен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп тұр. Азаттыққа жетер жолдың қаншалықты ұзақ, қаншалықты тауқыметті екенін көрдік. Ал азаттықты баянды ете білудің де оңай шаруа емес екенін түсіне бастадық. Бүгінгі жиын – сол жаңылмағандығымыздың, адаспағандығымыздың куәсі. Біздің де ойлағанымыз – бірлік. Мен мемлекет басшысы ретінде Қазақстанның көпұлтты халқы осынау сәтте тарихи жауапкершілік көрсете біледі деп кәміл сенемін. Береке басы – бірлік. Бірлігіміз берік болса, болашағымыз баянды болары даусыз. Лайым, ынтымағымыздан айырмасын!» – деп айтқаны ел-жұрттың есінде.         

Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында халық алдында осындай толағай тірлік атқарған Президент күнін атап өту орынды. Біздің судьялар Президент Жарлығымен тағайындалатынын ескерсек, соттар үшін бұл мерекенің мән-маңызы бұдан да арта түсетіні анық. Орайы кеп тұрғанда айта кетейін, 2016 жылы 28 мамырда ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріповтың бастамасымен, облыс әкімінің орынбасары және мәслихат депутаттарының қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізген «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты дәстүрлі велошеру Шымкент қаласындағы Бәйдібек би ескерткіші алаңынан басталып, Ордабасы тауында аяқталған-ды. Сонда Ордабасы ауданының тұрғындары 1993 жылғы 28 мамырда Елбасы өткізген жиынды ерекше тебіреніспен есіне алып және содан бері мұндай ауқымды іс-шараның өтпегенін айтып, «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» велошеруін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірген еді.

Жеті жылдан бері соттарда Тұңғыш Президент күнін облыс, қала соттары тарапынан жоғары деңгейде аталып келеді. Мысал ретінде сондай маңызды іс-шаралардың кейбіреуін атап өтсем, бұдан үш жыл бұрын ҚР-ның Тұңғыш Президенті күніне орай ОҚО сотында сот жүйесі ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылардың, студенттердің қатысуымен Н.Назарбаев кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, «Назарбаев оқулары: Тәуелсіз сот билігін қалыптастырудағы Президенттің рөлі» тақырыбындағы конференция жаңа форматта қызықты өткенін және 2016 жылы «ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ» атты іс-шара аясында облыс судьялары киелі Қа-зығұрт шыңына шығып, ту тіккені туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған еді.      

Биыл жаңадан құрылған Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбеков мемлекеттік мерекеге ақпараттық қолдау көрсету мақсатында, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, мамандары жергілікті телерадиоларға сұхбат беріп, мақалалар жазуды тапсырып, ол материалдар баспасөз беттерінде жариялануда. ҚР-ның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қажымұқан атындағы орталық стадионда Шымкент қалалық соты мен Түркістан облыстық сотының судьялары мен сот қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Оған екі өңірдің соттарынан 200-ден астам қызметкер қатысып, спорттың 8 түрінен (мини-футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі, жеңіл атлетика, т.б.) сайысты. Спартакиада соңында біз, екі соттың арасындағы бұл жарыста – Достық жеңді деген қорытындыға келдік! 

Сонымен қатар қалалық сотта Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиналыста мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметшілерден ант қабылдау, сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін марапаттау және өзге де шаралар өткізу жоспарланған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым: «Мен еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Ол аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді» – деген сөзді жиі қайталап және оны жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта Елбасымыз «Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын», «Қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы, тұтастану тарихы», «Ғасырлар тоғысында», тағы басқа да көптеген еңбектер жазды. Осы жазған еңбектерін іске асыру үшін 1997 жылды Татулық пен еске алу жылы 1998 жылды Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих жылы және тағы бір жылды Қазақстан халқының бірлігі жылы деп өз Жарлығымен жариялап, оларды дер кезінде нақты істермен жүзеге асыруға тікелей басшылық жасап отырды.

Осыдан біржарым жыл бұрын Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» атты мақаласы мемлекетіміздің дамуының жаңа ке­зеңіне арналған тарихи маңызы ерекше еңбек болды. Бұл мақаланың ең басты құндылығы – еліміздің экономикалық, әлеуметтік жаңа жаңғыру кезеңімен тікелей байланыстырылып рухани жаңғыру мәселесін мейлінше жан-жақты қамтуын­да деп айтар едім.

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаланың бас жағында «ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УА-ҚЫТ» деген І бөлімінде: «Біздің жеріміз материалдық мəдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің əр түкпірінде əлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси жəне экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» деп жазыпты Президентіміз.

Мақаламның соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – барша әлемдік қоғамдастық мойындаған тұтастай бірқатар ғаламдық бастамалардың авторы екенін атап өткім келеді. Және еліміздің бүгінгі таңда бейбіт өмір сүріп жатқандығы да, Елбасымыздың халықпен бірлесіп, тынымсыз атқарған еңбегінің ең басты жетістігі деп білемін!

«Елі еріне, ері еліне» сенген еліміз бен Елбасымыздың мәртебесі әлем елдері алдында әрқашан биіктей берсін!

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет

белгісінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *