БІЛІМГЕ ҒҰМЫРЫН АРНАҒАН

Білім Мерей
16 Views

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білім беруші, ғалым, Сәулет-құрылыс факультеті «Құрылыс» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Әлкенұлы Қанат Искаков – отандық жоғары білім саласы және ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі. 1954 жылдың 17 наурыз күні, Ақмола (Акмолинск) қаласында туған, 1971 жылы осы қаланың Абай атындағы №8 мектебін бітірген.

Әлкенұлы Қанат өзінің еңбек жолын сонау Целиноград инженерлік-құрылыс институты (ЦИҚИ) кезеңінде бастап, содан бері ғылым мен білім беру саласында табанды қызмет етіп келеді. Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі 50 жылды құрайды. Осы уақыт аралығында ғалым сан мыңдаған студентке сапалы білім беріп, жүздеген жас мамандардың қалыптасуына ықпал етті.

1976 жылы «Жылугазбен жабдықтау және желдету» мамандығы бойынша Құрылыс-инженері квалификациясы беріліп Целиноград инженерлік-құрылыс институтын тамамдаған ол ғылыми-педагогикалық қызметін сол жылы, аталған институттың «Жылугазбен жабдықтау және желдету» кафедрасында ассистент лауазымынан бастады. Содан осы кафедрада оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі лауазымдарында еңбек жолын жалғастырды. 1989 жылы В.В.Куйбышев атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Новосибирск инженерлік-құрылыс институтында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1993 жылы ҚР ЖАК шешімімен Құрылыс мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын иеленді.

1996 жылдың 9 сәуірінде жоғарғы және орталық мемлекеттік орындарын Ақмола қаласына орналастыру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комиссиясы төрағасының, Қазақстан Республикасының Премьер-Министр орынбасары өкімімен Мемлекеттік комиссияның жанындағы Ғылыми-техникалық кеңесінің құрамына мүше болды. 1996-2000 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ құрылу және қалыптасу кезеңінде университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі, «Еуразия университетінің хабаршысы» журналының редакция алқасының мүшесі ретінде біраз жұмыс тындырды. 2000-2015 жылдары аралығында Құрылыс институты директорының және Сәулет-құрылыс факультеті деканының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2000 жылдан – осы күнге дейін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Инженерлік коммуникациялар», «Жылу энергетикасы», «Ғимараттар және имараттарды жобалау», «Құрылыс» кафедраларының доценті.

Кәсіптік қызметі «Жылугазбен жабдықтау және желдету», «Жылу энергетика», «Экология», «Құрылыс» (мамандандыруы «Жылугазбен жабдықтау және желдету»), «Инженерлік жүйелер және желілер» мамандықтары, білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр және магистрлерді дайындаумен жалғасқан ғалымның кәсіптік пәндерді оқытудан тәжірибесі мол. Ол жоғарыда аталған мамандықтарға арналған оқу үрдісін жүзеге асыруға қажетті Жұмыстық оқу жоспарларына, Модульды білім беру бағдарламаларына, Білім беру бағдарламаларын құрастыруды жауапкершілікке алып, онымен, шамасы жиырма төрт жыл үзбей шұғылданды және ұзақ жылдар бойы университеттің Академиялық кеңесінің мүшесі қатарында болды.

Доцент Искаковтың ғылыми зерттеулері құрылыс және инженерлік жүйелер саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Ғалымның еңбек жолындағы ғылыми ізденістері мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылды: Желдету жүйелерін тиімділікке келтіруге байланысты өндірістік ғимараттардың жылулық үрдістері; Қалаларды, ҚР астанасы Астана қаласын, елді мекендерді газ түріндегі отынмен қамтамасыз ету; Атмосфералық ауаны, қуаты жоғары жылу көздерінің зиянды шығаруларынан қорғау; Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің үрдістерін зерттеу; Азаматтық ғимараттардың желдету және ауаны баптау жүйелерін оңтайландыру. Негізгі баспалары осы ғылыми ізденістерге, нәтижелеріне арналған және оқу үрдісіне сәйкес пәндеріне қатынасты.

2005-2010 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Америка Құрама штаттарындағы Нью-Мексико университетімен бірігіп магистрлік бағдарламаны («Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» бағдарламасы) іске асырды. Ресейдің бірінші президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералды университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрылыс» («Жылугазбен жабдықтау және желдету») мамандығы бойынша магистрлерді дайындау Келісілген жұмыстық оқу жоспарының авторы және магистранттарды дайындаушы ғалым.

Ұстаз ретінде ол жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліп, олардың ғылыми ізденістеріне жетекшілік жасаған. Оның жетекшілігімен магистрлік диссертациялар сәтті қорғалды. Шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі жоғары оқу орындары мен өндіріс саласында еңбек етуде. Олардың ішінде «Астана-Жылу-Тасымалдау» Акционерлік қоғамының бас инженері Абзал Сауғабаев, ғылыми ізденіс ісімен үзбей айналысып жүрген Айбек Матин және Диас Байдельденов секілді шәкірттері бар.

Ғалымның еңбегі кәсіби ортада зор құрметке бөленді. Әріптестері оны жоғары білікті маман, өз ісіне адал, қарапайым әрі парасатты тұлға ретінде сипаттайды. Ұжымда ол әрдайым жаңашыл бастамаларды қолдап, жастарға үлгі бола білді.

Жұбайы Тосмағанбетова Кульди Сулейменқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Химия кафедрасының доцент міндетін атқарушы, химия ғылымдарының кандидаты, химия саласы бойынша PhD доктор, 34 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар білікті маман. Ол бакалаврлар мен магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етіп, білім беру жүйесінің әр деңгейінде сабақтастықпен қызмет атқаруда.

1998 жылдан бері мектеп оқушыларының химиядан республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында қазылар алқасының мүшесі әрі ұйымдастырушысы ретінде белсенді еңбек етеді, сондай-ақ ұлттық құрама команданы дайындаған жаттықтырушы.

Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінде сарапшы-эксперт ретінде жұмыс істеп, тест тапсырмалары мен оқулықтарды сараптауға үлес қосқан. Ғалымның авторлығында бірнеше оқу құралдары мен монография, сондай-ақ 30-дан астам ғылыми мақаласы жарық көрген.

Доцент Қанат Әлкенұлының айтуынша, білімге құштарлық, ғылым – үздіксіз ізденіс пен табандылықты талап ететін ерекше жол.

– Инженерлік-құрылыс институты, жалғасы Еуразия Ұлттық университеті жоғары білім ордасында, білім беру, ғылым саласында 50 жыл еңбек ете жүріп, бір нәрсеге анық көзім жетті: табысқа жетудің жалғыз жолы – үздіксіз ізденіс пен адал еңбек. Уақыт өзгерген сайын ғылым да жаңарып отырады, сондықтан әр ғалым заман талабына сай дамып отыруы тиіс. Бүгінгі жастар өте білімді, ізденімпаз. Оларға тек дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Егер жас буын ғылымға шынайы қызығушылықпен келсе, еліміздің болашағы жарқын боларына сенімім мол. Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің табысы. Олардың әрбір жетістігі – менің де еңбегімнің жемісі. Сондықтан жастармен жұмыс істеу мен үшін әрдайым маңызды болып қала береді. Білімге қарай ұмтылу, ғылым жолы оңай емес, бірақ ол өте қызықты әрі мағыналы жол. Осы жолды таңдаған әр адам шыдамдылық пен еңбекқорлықты серік етуі керек, – дейді ол.

50 жылдық еңбек жолы – бұл тек тәжірибе ғана емес, бұл – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай ғалымдар, білім берушілер арқасында еліміздің ғылымы дамып, жаңа буынға берік негіз қалануда.

– Біз үшін ұстазымыз тек білім беруші ғана емес, нағыз бағыт-бағдар көрсетуші тұлға. Оның дәрістері әрдайым мазмұнды, терең әрі өмірмен байланысты болып келеді. Білім беру-алу жұмысы барысында бізге әрдайым қолдау көрсетіп, дұрыс жол сілтей білді. Ұстазымыздың ең басты қасиеті – сабырлылығы мен талапшылдығы. Ол бізді тек білім алуға ғана емес, ойлануға, ізденуге үйретті. Әрбір студенттің қабілетін байқап, соны дамытуға ерекше мән берді. Бүгінде біз жеткен әрбір жетістікке оның қосқан үлесі зор деп есептеймін. Осындай білікті де жанашыр ұстаздан білім алғанымды мақтан тұтамын,дейді шәкірті, «Астана-Жылу-Тасымалдау» Акционерлік қоғамының бас инженері Абзал Сауғабаев.

Еуразия ұлттық университеті Әлкенұлы Қанат үшін – жастық шағында жоғары білім ордасын тамамдағаннан бастап осы уақытқа дейінгі өмір баянының үлкен бөлігі жатқан қасиетті де қастерлі орта. Биыл өзінің 30 жылдығын атап өткелі отырған ЕҰУ қабырғасында жүріп ол көпті көрді, оң-солын таныды, білім-ғылымның базасын көкейге тоқыды, еңбек етті, нәтиже шығарды. Бір сөзбен айтқанда, университетке және елге еңбегі молынан сіңді.