ЕЛ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ШЕБЕР

Билік
435 Views

Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылының іргесі күннен-күнге ұлғайып келеді. Әсіресесоңғы жылдары халық саны күрт артты. Мұның себебі, Шымкент қаласына тым жақын орналасқандықтан және халықаралық күре жолдың салынып, ел игілігіне жараптұрғанынан болар. Көлікпен көзді ашып-жұмғанша Шұбарсу мен Шымкенттің арасынан зулап өте шығасыз. Таң бозынан мұнда қаладағы жұмысына қарай ағылатын жұртшылыққаншама. Қыбыр-қыбыр тіршілігі қайнап жатқан Шұбарсудың қарбалас өмірімен жақында танысып қайттық.

Ауыл орталығындағы «Алтын» шаштаразын көпшілігі жақсы таниды. Өйткені, ел көңілінен шығып, қызмет көрсетіп жатқан сән салондарының бірі. Мұны бастап ашқан жеке кәсіпкер Алтынгүл Мұхамедқұлова – қолы да алтын, он саусағынан өнері тамған шебер. Біз барғанда ол өзінің шәкірттерімен бірге екен. Жалпы, шаш сәндеу, әйел затына тән әсемдік саласын сүйіп таңдағаны, өз жұмысын жақсы көретінін әңгіме барысында аңғардық.

-Шаш қию шеберлігі курсын Шымкентте оқыдым. Қырқу және сәндеу жұмыстарымен айналысып келе жатқаныма он жылдай болды. Осы уақыт аралығында тұрақты тұтынушыларым да көбейді. Өзімнің де тәжірибем артты. Қазірдің өзінде алыссынбай ұзақтан іздеп келетін қыз-келіншектер бар.

Әрине, бастапқыда қала ішіндегі жеке шаштараз салондарында шебер болып жұмыс істедім. Күнделікті табыс екіге бөлінетін. Жартысы қожайын қалтасына кетеді, ертелі-кеш тікемізбен тік тұрып, дамылсыз жүгіріп жүрген еңбегіміз бар, осыдан соң «неге өз алдыма шаштараз салонын ашпасқа?» деген ой келді. Өзімнің тәжірибеме сүйеніп тәуекелге бел будым. Отбасым Шұбарсуда болғандықтан, осында қаланың шаштараздарынан бір кем емес, әдемі, көзге тартымды салон ашқым келді.

Көп ұзамай «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша жаңадан кәсіп бастағысы келетін азаматтарға жеңілдетілген несие беріледі екен дегенді естіп, құжаттарымды түгендей бастадым. Ордабасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында болып, сонда кәсіпкерлікті меңгеру курсынан өттім. Арнайы сертификат алған соң, артынша несиеге де қол жеткіздім. Міне, қазір өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, әйелдер және ерлер шаштаразын соңғы үлгіге сай жабдықтап ашып қойдық. Ішінде маникюр, педикюр қызметтері де бар. Несие қаржысына шаштаразға қажетті құрал-жабдықтарды алдық. Ғимаратты жалға алып отырмыз, бұл жерге тұрмысқа қолданатын таза су әлі тартылмаған болатын, оны да өз қаржымызбен құбыр тарттырып, аула ішіне кіргізіп алдық. Әйтпесе, сусыз шаштараздың жұмысы жүрмейтіні белгілі.

Жеке кәсібін бастай білген Алтынгүл қазір шәкірттеріне шеберлік сабақтарын өтіп жүр. «Мақсатым жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді жұмысқа тарту, кәсіпке баулу» дейді ол. «Өнер қуған өрге жүзер» деген, Алтынгүлдің әу бастағы мақсаттары орындалғандай. Алыс қалалардан тойға келген ағайындар, жол жүріп келген жолаушыларды Алтынгүл бастаған шеберлер әп-сәтте жасандырып шығарғанда, расында қонақтар түгел риза болысты. «Біз ауылда осындай әсем шаш сәндейтін орталық бар деп ойламаппыз» дейді ағынан жарылған меймандар. Бір кәсіпті меңгеріп, сол саланың лайықты шебері атанған, ел көңілінен шыға білген кәсіпкердің жетістіктеріне біз де тілекшіміз.

Шұбарсу ауылында елге қызмет етіп жүрген тағы бір кәсіпкер ханым Жәмила Айдарова. Бұл кәсіпкер темір ұстаханасын ашқан. Ауылдағы бірден-бір бетке ұстар ұстахана осы. Әйелзаты бола тұра ерлер атқаратын бизнесті жүрексінбей қолға алған Жәмила сөз арасында осы кәсіпті қалай бастағанын айтып қалды.

Үйдегі отағасым темір ұстасы. Ал, мен оның ісін үйлестірушімін десем болады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы шеңберінде несие алдым. Қазір өз алдымызға ұстаханамыз бар. Мәселен, кез-келген темір-терсекті жонимыз, реттейміз, көбінде автобөлшектердің темірлерін жөндеуге тура келеді.

Ауылдағы бұл ұстаханаға ел кәдесіне жарап тұр. Жақында бұл жерге тағы бір жұмысшы келіп қосылды. Ол дәнекерлеуші курсынан өтіп, осы ұстаханаға дәнекерлеуші болып орналасты.

Жаннұр ҚҰРМАНҒАЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *