«ЕЛ ІШІНДЕ ДАУ КӨБЕЙСЕ, ЕЛ ШЕТІНДЕ ЖАУ КӨБЕЙЕДІ»

Құқық
1 392 Views

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен қолға алынған «Татуласу: сотқа дейін, сотта» атты қанатқақты жобасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдерімен «Ел ішінде дау көбейсе, ел шетінде жау көбейеді» тақырыбында кездесу кенесін өткізді. Ораза айттың алғашқы күні Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында болған бұл ізгілікті де игілікті іс-шараға облыс басшылығы, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, ардагер судьялар, кәсіпкерлер, сонымен қатар аудандар мен қалалардан келген өкілдер қатысты. Басқосу барысында қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Іс-шараны белгілі журналист, продюсер, тележүргізуші, редактор және республикалық «Тіл» ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы Нұргүл ҚАРАҒОЙШИНА ханым қысқаша кіріспе сөзбен ашып, одан әрі жүргізіп отырды. Сөз орайы келгенде қазақ тілімен қоса-қабат орыс, ағылшын, қытай тілдерін жақсы меңгерген оның Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұрымтал сөз» сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталғанын да ескерте кетейік.

Алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасы-ның кеңесшісі Сағатбек СҮЛЕЙМЕН:

– Құрметті қазақ елінің зиялы азаматтары, қадірлі ағайын, қасиетті Рамазан айында өздеріңізбен қауышқаныма қуаныштымыз! Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Қажыманұлы Асановтың тапсырмасымен маңызды бастаманы ұсынуға алдарыңызға келіп отырмыз.

Жоғарғы Сотта жыл басынан жобалық менеджмент әдісімен жеті жоба жұмыс істеуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында әрбір жоба ашық талқылануда. Олар: «Мінсіз судья»; «Үлгілі сот»; «Әділ процесс»; «Сапалы нәтиже»; «Оңтайлы орта»; «е-Сот» және біздің жоба «Татуласу: сотқа дейін, сотта». Осы бағдарламалардың шеңберінде жаңа жүйелілік, түбегейлі өзгерістер қолға алынуда.

Елбасымыз бекіткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында дауларды соттан тыс реттеу жолдарын жетілдіру көздел-ген.

Біз бұл бастаманы неге көтеріп отырмыз? Біріншіден – Елбасымыздың тапсырмасы. Екіншіден – біз соттардың дау шешудегі міндетін, оның қыры мен сырын, себебі мен салдарын білгендіктен, осы проблеманың шешу жолын іздестірудеміз.

Біздің елде жыл санап сотта қаралатын істер саны еселеп өсуде. 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны екі есеге өскен (1,4 миллион — 2,7 миллион). Елімізде адам басына шаққанда әрбір төртінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүргені байқалады.

Өңірлер бойынша адам басына шаққанда Оңтүстік Қазақстан облысы даукестік деңгейі төмен екені көрінеді. Алайда соттасушы адамдар саны Алматы қаласынан (тоғыз пайыз) кейін екінші орында (үш пайыз). Неліктен бұлай? Ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық едік. Осы қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып барамыз.

Төле би бабамыздың:

«Бейбіт елде – сән бөлек,

Бүлінген елде – дау бөлек», –

деп айтқанындай, статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, өршіп тұрған даулардың көпшілігі отбасылық даулар болып келеді екен. Соның ішінде неке бұзу, баласын, жұбайын, ата-анасын асырау үшін алимент өндіру даулары. Елімізде әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылуда. Сонда орта есеппен әр отбасында екі бала бар деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына қосылуда. Өңірлерде де осындай жағдай қалыптасқан. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 10700 отбасының шаңырағы шайқалып, 20 мыңнан астам бала отбасында толыққанды тәрбие алмауда.

Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, адамдар қатыгезденіп барады. Бізде ажырасу оңай шешілетін шаруаға, процедураға айналған. Жігіттеріміз бала-шағасын асырай алмайтын, асырағысы келмейтін бойкүйез ұрпаққа айналып келеді.

Мысалы, әкесі ұл мен қызын көріп тұру үшін оларға алимент төлеуге, жыл сайын мектепке барарда киім-кешек алуға міндеттенеді. Көп ұзамай екінші әйел алғандықтан міндетінен бұл бас тартып, сотқа арызданады. Алайда, екі тараптың мүддесін ойлаған сот оның бұл арызын қанағаттандырусыз қалдырады.Осылайша өз балаларына нәпақа төлеуден қашып жүрген әкелер саны жыл санап көбейіп келеді. Ал қыздарымыз баласын әкеден айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі келтіруде. Бұл да көп даудың біріне айналған.

Ажырасуды қоғамымыз қор көрмейтін болған соң жасы да, кәрісі де оған арланбайтын болды. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі дейтін болсақ, бұл қалпымызбен қайда барамыз? – деген заңды сұрақ туындайды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген дана халқымыз. Сонда осы жарымжан отбасынан қандай ұрпақ тәрбиеленеді деп ойлайсыздар? Бұл ұлттық қасірет емес пе?! Ал, соттар ерлі-зайыптыларға тек татуласуға мерзім берумен шектеліп, олардың арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды, процессуальдық емес қатынасқа түсе алмайды.

Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күреспесек, үлкен індетке айнала бастады.Сондықтан да оларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмегі қажет.

Жер дауы, мүлік дауының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Ата-бабамыздан мирас болған келісу мәдениеті өз мәнін жоғалтқан. Жан-жағындағы ағайын-туыс дауды басудың орнына олардың қолтығына су бүркіп, мәселені ушықтыруға бейім болып барады.

Мысалы, екі көрші үш жыл бойы тілімдей жерге таласып, болмашыны қып-қызыл дауға айналдырған. Меншігіндегі қорасының басқа жерін игеріп жатқаны шамалы. Ақыры соттасып жүріп зорға дегенде бітімгершілікке келген. Қасиетті сөзіміз, «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген ата-бабаның асыл ұстанымы қайда? Бір көрші екіншісіне оның қорасындағы жайқалып тұрған теректің көлеңкесі, жапырағы менің қорама түсті деп соттасқан. Сот бұл дауды зорға шешіп, теректі кестіруге мәжбүр болған.

Тағы да бір өрімдей жап-жас жігіт өзінің қызыл сызықтан (красная линия) шығып, 300 шаршы метр жерді заңсыз пайдаланып отырғанына қарамастан, адвокатқа 200 мың теңге ақы төлеп, жасы егде көршісінің жарты метр қоршауын алып тастауын талап еткен. Ақырында соттың жеке қаулысы негізінде оған жер инспекциясы айыппұл салып, өзінің қоршауын бұзуды міндеттеген. Ол көршісімен араз болып, қып-қызыл шығынға ұшырады, жүйкесі тозды. Өнбейтін дауды қуып, өзі айыппұл төлеуде. Сонда ол не ұтты?

Өкпенің арты өкініш, даудың соңы даурығу екені бесенеден белгілі. Адамдар сотты өш алудың құралына айналдырған. Соттың аренасына шыққандар бір-біріне күш көрсетіп, ақысын алғысы келеді. Осылайша екі жақ болмашы даумен жау болып шығады. Жауласып отырған әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көршілер, серіктестер. Олар сотта бітімге келе бермейді. Себебі бұл уақытқа дейін ашуға беріліп, бірі-біріне ауыр сөздер айтады, ашу-ызалары ұлғайып, моральдық және материальдық шығынға ұшырайды. Сондықтан, жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек. Өкінішке орай, «Заман солай» деген ауызекі сөзді де жиі естіп қаламыз. Заманды жасайтын адам екенін ұмытып кетеді.

Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі-жақсыларымыз да баршылық. Ынтымағы жарасқан, дуалы ауыздан айтылған сөзге тоқтаған халқы бар ауылдар да аз емес. Бұл елдімекендерде бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам да болмапты. Осындай дәстүр халық арасында қайта жаңғырса дейміз. Бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де осы.

Біздің халқымыз болмашы даулар бойынша соттасып, әуре-сарсаңға түсіп, шығынға ұшырап жүр, мемлекетімізге де қымбатқа түсуде. Даулардың көпшілігі сотқа жүгінуді тіпті қажет етпейді. Оған дәлел – 2017 жылы барлық қабылданған сот актілерінің 7,1 пайызына ғана шағым келтірілген. Өркениетті елдерде даулардың 80-90 пайызы бітімгершілікпен аяқталады екен. Оларда бітіммен шешуге келмейтін, ауыр даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну онда өте қымбат (баж салығы, адвокаттың көмегі). Қолданып отырған татуласу тәсілдері біздің билер институтынан бастау алған. Осы орайда ақсақалдар кеңесін неге билер кеңесі деп атамасқа? Сонда халық сайлаған билер «би» атауына, оның қасиетті мәніне сай болып, халыққа қызмет етпей ме? Бұл мәселені Сіз болып, біз болып айта берсек, бітімгершілікті насихаттай берсек, құлағымыз, бойымыз үйренеді, сөйтіп билер институты қайта жаңғырады, қолданысқа енеді.

Қазақстан халқының саны – 18442906 адам. Соттарда қаралатын істер саны – 1295946. Оны еліміздегі 2664 судьяға бөлетін болсақ, әр судьяға айына – 44,2, ал жылына – 486,4 іс қарауға тура келеді екен. Ендеше, судьялардың жүктемесі де жоғары екені көрініп тұр.

Дауларды сотсыз шешу әдістерінің көптеген артықшылықтары бола тұра олар аз қолданылады. 2017 жылы қаралған азаматтық істердің 5,6 пайызға жуығы ғана татуласу рәсімдерімен аяқталған. Бұның себебі неде? Біріншіден, халықтың көпшілігі дауларды сотсыз шешу әдістерін білмейді. Екіншіден, адамдарда келісім жасау дағдылары жеткіліксіз. Үшіншіден, татуласу арқылы жасалған келісімге, оның орындалуына деген сенімі аз. Сондықтан, біздің жобаның ең негізгі мақсаты – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу болып отыр.

Жоба бойынша ашылатын Татуласу орталығы айтысып жүрген ағайындарымызды ымыраға келтіріп, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуласатын орын болады. Орталық қызметіне медиаторларды, адвокаттарды, психологтарды, доғарыстағы судьяларды, елге қадірі бар ақсақалдарымызды, қоғамдық бірлестіктерді, әлеуметтік қызмет мамандарын, тағы басқаларды тартуды көздеп отырмыз.

Татуласу орталығы тек дауды шешу ордасы болып қана тұрмай, халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс. Осы орайда Қызылорда облысындағы татуласу орталығында қоғамдық негізде жұмыс істейтін алты адамға мемлекет тарапынан айлық жалақы қарастырылып отырғаны қандай ғанибет. Грузияда да осындай орталық жұмыс істейді екен.

Біз дау шешуден қашып отырғанымыз жоқ. Керісінше, елімізде дауласушылардың көбейіп бара жатқанына көңіліміз алаңдаулы.Бұл ретте «Ел ішінде дау көбейсе, ел шетінде жау көбейеді» деген нақыл сөз еріксіз ойға оралады.

Елбасымыз халықтың өмір сүру салтына бейімдеп, бүгінгідей бастама көтеріп отырғанда оны қолға алатын, жолға қоятын азаматтардың да әріден ойланатын кезеңі келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі өзегі осы – ұлы санаға, ұлттық болмысқа оралу. Ал, бүгінгі айтылып отырған өзара татуласу, ауыл, үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де осы рухани жаңғырудың бір тармағы іспеттес. Себебі, біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиеттерімізді жоғалту алдында тұрмыз. Бұл ащы да болса ақиқат. Екі ағайындының соттасып, төбелесіп отырғанын көргенде «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген аталы сөз еске түседі. Бұлай кете берсек, «Қайдан келесің? Соттан келемін…» деп жарқын ертеңімізге жарты адам болып жетеміз бе деген күдік келеді.

Егер байқап отырсақ, ел ішінен «сотқа беремін», «соттасып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. «Бас жарылса бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естіртпеген. Өйткені ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болған. «Біреудің бір кемшілігін көрсең, оны жасыратын он сылтау ізде» дейді қасиетті дініміз. Осы ғибратты ұстанған қазақ бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асырған. Ал, біз сол қазақтың ұрпағы емеспіз бе?

Құрметті ағайын, Сіздер, барлығыңыз, халықпен етене араласып жүрген тұлғасыздар. Сондықтан Сіздердің шығармашылық қуаттарыңыз бен өмірлік мол тәжірибелеріңіз осы жобаны іске асыруға едеуір септігін тигізеді деген ойдамыз. Халық арасында ата-бабамыздың сара жолымен ағайынаралық дауларды бітімгершілікпен шешу рәсімдерін қалыптастыруға атсалысуларыңыз қажет. Әрбір тұлға ұлтымыздың мәдениетін көтеруге, ұрпақ тәрбиелеуге, аталық сөз айтып, ел бірлігін ойлайтын болса нұр үстіне нұр болар еді. Сіз болайық, біз болайық, атам қазақ айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық, осы бүгінгі айтылып отырған халықтық мәселені жүзеге асырайық, жүзі жарқын ел болайық. Кездесуге келіп, тыңдағандарыңызға көп рақмет!

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Талғат БАРАТБЕКОВ:

– Көне замандарда елімізде түрме, зындан деген болмағаны баршамызға белгілі. Ел ішіндегі жер дауын, жесір дауын билер шешіп отырған. Сол себепті бүгінде ауыл билерінің рөлін көтеріп, оларды ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге белсене тарту керек.

«Медиация туралы» заң сот саласының қызметкерлерімен қатар қарапайым халыққа да берері көп деген ойдамыз. Біздің облысымызда 1939 азаматтық іс медиация тәртібімен қарастырылып, соның 1154-і сотқа дейін оң шешімін тапқан.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының көтеріп отырған жаңа игі бастамасын, қанатқақты жобасын қызу қолдаймыз. Бұл басқосу Алматыдан кейін Шымкентте өтіп отыр. Сіздерді осы бір көкейкесті, өткір де өзекті мәселені талқылауда белсенділік танытуларыңызды сұранамын. Айтқан ұсыныс, пікірлеріңіздің бәрі хатталып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қарауына жіберілетін болады.

Сөз кезегін алған қоғам қайраткері Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ:

– Кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде «Медиация туралы» заңның қабылдануына өзіндік үлес қосқаным бар. Жалпы, бұл заңның азаматтарды қазақы рухта тәрбиелеуге тигізетін ықпал-әсері мол. Халқымызда мәміле деген әдемі сөз бар. Дауласушы тараптардың өзара мәмілеге келуі – үлкен ерлік. «Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш» дейтін халқымыз қашанда кешірімшіл болған. Медиация дегеніміз, ең алдымен салт-дәстүрімізді дәріптеп, рухымызды көтереді. Екіншіден, түрмеге түсетіндердің санын төмендетеді. Өкінішке орай, еліміз түрмеде отырғандардың саны жағынан төрткүл әлемде екінші-үшінші орындарды иеленеді екен. Өзара мәмілеге келу арқылы бұл көрсеткішті бес пайызға болса да төмендетуге болады. Үшіншіден, түрмеге тоғытылғандардың әрбіріне орта есеппен алғанда айына 50 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Ендеше, «Медиация туралы» заңды тиімді қолдана білсек, қаржыны үнемдеп, еліміздің бюджетін еселеуімізге болады.

Сот саласының ардагері Бекет ТҰРҒАРАЕВ:

– Бұл заң еліміз бен қоғамымыздың өміріне үлкен серпіліс әкелгені белгілі. Медиациялық жолмен татуласу оңай шаруа емес. Дау-дамайдың көбі отбасы, алаяқтық оқиғаларға байланысты болып отыр. Сотта қаралатын азаматтық істерді азайту мақсатында медиаторларға жүктелетін міндеттің аз еместігі белгілі. Осы орайда олардың жұмысын ынталандыру мақсатында қаржылай қолдау көрсету шараларын қарастыру қажет. Кейде айыптан бас тартқандарды да соттап жібереді. Тауық ұрлағандардың түрмеге тоғытылып, мемлекет қаражатын оңды-солды шашқандар арзымайтын айыппұл төлеп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кететін жайттар да аз емес.

Өзімнің тәжірибемнен айтатын болсам, кезінде шымкенттік Иблевтердің ісін қарағанмын. Әкелері өмірден өткен кезде төрт перзент тұрғын үйге таласады. Олардың біреуі ғана әкесіне қараған, қалғандары Ресейге көшіп кеткен.Сонда төртеуімен де тілдесіп, мән-жайды толық түсіндіріп, әкесінің ыстық-суығына көніп, оған бас-көз болған баласына үйді қалдырғаным бар.

Кәсіпкер Серікжан СЕЙІТЖАНОВ:

– Жас жұбайлардың отау құрғандарына жылға жетпестен ажырасқандары жанға батады. Күйеуден қайтып келген қызын кері қайтармастан «Ішіме сыйған перзентім сыртыма да сыяды», – дейтін аналарымыз да кезігеді.

Осы орайда жастарды ерінбей еңбек етуге баулығанымыз жөн. Өзімнің кәсіпкер ретінде 11000 жасты оқумен, жұмыспен қамтып отырғанымды мақтаныш сезімімен тілге тиек еткім келеді.Сіздердің бәріңізді егемен еліміздің заңдары мен нормативтік құқықтық актілерін қатаң сақтап, соттан қашық жүруге кеңес берген болар едім.

Еңбек ардагері Әділхан СҰЛТАНБЕКОВ:

– Асанқайғы бабамыздан қалған:

«Әділдіктің белгісі –

Біле тұра бұрмаса,

Ақылдының белгісі –

Өткен істі қумаса», –

деген сөз бар. Көбей би: «Адал сөз – дүниеде жанның шырағы», – деген екен. Халық арасында: «Әкімі жақсы болса, халқы жайлы болады» деген де сөз бар. Бүгінде шындық шырылдап, әділдік әдірем қалды. Өзіміздің де, сөзіміздің де қадірі қалмады. Халықтың моральдық, материальдық, әлеуметтік жағдайы төмендеді. Елді алаяқтар мен жағымпаздар жайлады.

Өзім қашанда туралықтың жағында болғанмын. 62 жыл елім деп ерінбей еңбек еткенмін. Басқаруымдағы мекеме төрт рет Қызыл туды жеңіп алған. 300-дей көшенің атауын қазақшаға ауыстыруға белсене атсалысқанмын. Алайда, біздейлерді биліктегілер мен құқық қорғаушылар онша жақтыра бермейді. Соған қарамастан қайткен күнде де адалдық пен ұлттық намысты көтеруіміз керек деп ойлаймын.

Кездесудің бірінші бөлігі аяқталар тұста мәжілісті жүргізуші модератор қыз тәлім-тәрбиелік мынадай бір аңыз айтып берді. Ертеде бір көлге аққу қонбай қойыпты. Ханның кеңесшілерінің бірі бұл үшін көлге сүт құю жөнінде кеңес беріпті. Сөйтіп хан әр үйге көлге бір шелектен сүт құюға жарлық шығарыпты. Сонда да көлге аққу қонбапты. Сөйтсе адамдар көлге сүттің орнына су құйған көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды ханды да, қазіргі тілмен айтқанда әкімді де алдап өмір сүруге болады екен.

* * *

Түс әлетінде іс-шараға қатысушыларға арнап облыстық соттың атынан ақ дастарқан жайылып, дәм-тұз ұсынылды. «Манчестер» мейрамханасында өткен басқосудың тізгінін белгілі заңгер Есберген АЛАУХАНОВ өз қолына алды.

Сөз кезегін алған еңбек ардагері, облысымыздағы бес ауданның Құрметті азаматы Нұрмаханбет қажы ӘЖІМЕТОВ:

– Құдайға шүкір, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері сот саласының жұмысы барынша жанданып келеді. Бүгінгі жариялық заманында бұл саланың қызметкерлері қалың жұртшылықпен жиі-жиі жолығып, олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірін тыңдауда. Қазіргі өтіп отырған іс-шара да соның бір айғағы іспеттес. Жас судьялар корпусының қалыптасуы да көңіл қуантады. Олардың арасынан қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаратын «Бүгінгінің Бекеттері» көбейе берсін дейміз!

Еңбек ардагері Қанжігіт СЫЗДЫҚОВ:

– Қазіргі адвокаттар мен медиаторлардың көпшілігін халық жыға тани бермейді. Бір даулы істі жалғыз емес, үш медиатор қарағаны мақұл. Сонда ғана әділ шешім шығады деген ойдамын.

Шымкенттегі Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан БӘШЕНОВ:

– Шәңкі би бабамыз:

«Кере-кере сөйлесек,

Келін дауы келесі жылы бітеді.

Келісіммен сөйлесек,

Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді.

Келісімге келмей керісе берсек,

Елден береке, ерден қадір кетеді, –

деген екен. Қазақ – сөзге тұрған, сөзге тоқтаған халық. Медиаторлар тілге шешен, психология мәселелерінен хабары бар, ел арасында абырой-беделге ие азаматтар болғаны жөн. Майқы би бабамызша мәністейтін болсақ:

«Құлаққа жағымсыз жаман сөз айтқанша,

Жүрекке жылуы бар отты сөз айтқанға»

не жетсін, шіркін!

Сот саласының ардагері Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ:

– Бұрынырақта ауыл-аймақтағы ірілі-ұсақты дау-дамайларды бригадир, ферма меңгерушісі, бөлімше басқарушылары-ақ сотқа жеткізбестен шешіп тастайтын. Бүгінде ауыл иесіз қалды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Сол себепті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіре түскеніміз жөн. Ауыл биі, ауылнай, старшын секілді қоғамдық негіздегі қызметтерді қайта жаңғыртуымыз керек. Тіпті, 200 отбасылық ауылдарға арнайы бір штат ажыратса, нұр үстіне нұр болар еді.

Журналист Мақсат ҚАРҒАБАЙ:

– Біздің Созақ ауданында алқабилер алқасы жұмыс істейді. Жазушы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінде әр аптаның жұмасында Татуласу күні өткізіледі. Онда отбасылық құндылықтар жайында әңгіме өрбітіледі. Тәлім-тәрбиелік маңызы зор мұндай басқосулардан қалың көпшілік үлкен әсер алып қайтатыны белгілі.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол САДЫР өңір халқының атынан осындай ізгілікті де игілікті іс-шараны ұйымдастырып өткізген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен облыстық соттың қызметкерлеріне деген шынайы алғыс сезімін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі Сағатбек СҮЛЕЙМЕН сөз сөйлеп, келелі кездесуге қорытынды жасады.

Бес күндік мына жалғанда бір-біріміздің жүрегімізге титтей де қаяу түсірмей, соттаспай, оттаспай ғұмыр кешкенге не жетсін, шіркін! Ораза айттың алғашқы күні өткен келелі кездесу кеңесіне келгендердің дәл осындай ой түйіп қайтқаны анық.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *