«ЖАУЫҢДЫ БАСЫНДЫРМА, ХАЛҚЫҢДЫ АШЫНДЫРМА!»

Сұхбат
350 Views

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері:

«ЖАУЫҢДЫ БАСЫНДЫРМА, ХАЛҚЫҢДЫ АШЫНДЫРМА!»

Көк Түріктер дәуірінің көсемі Тоныкөктің осы бірқұдыретті сөзімен сұхбатымыз басталды.

– Нұрлан Мырқасымұлы, 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рахмет.

– Сіз театр, басылым, Жазу­шылар одағын басқар­ды­ңыз, депутат болдыңыз. Осы соқ­пақ­тың бәрімен жүріп өткен­нен кейін қандай өмірлік түйін жаса­дыңыз? Кешегі құнды­лық­тар бүгін қайта безбенделіп, қо­ғам­да өткір пікірталастар жү­ріп жат-қан кезде сіздің Жаңа Қа­зақстан жүйесінде алып-қосары­ңыз бар ма?

– Әрине бар.

– Мысалы?

– Әуелі бір шындықтың басын ашып алайық. Басқару жүйесінде үлкен өзгерістер болғанымен… Ел өзгерген жоқ. Ондаған ғасырлық тарихы бар Ұлы Дала да, ұлы дала­ны мекен еткен халық та, халық­тың тілі де, ділі де өзгерген жоқ. Ел мінезі мен болмысы қалпында.

Ел тарихы – біртұтас. Бұл – дәлел­сіз ақиқат. Өткенді – бүгін­нен, бүгінді болашақтан бөле-жара қарауға болмайды. Тағдыр-талайы ғалам­дық қайшылықтардың көк­парына түскен Ұлы Даланың бүгінгі күрделі ахуалына әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың бей-жайы қарауға хақысы жоқ. Біз­дің халықта «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақал бар. Бұл мақалдан халқымыз үшін сөз дейтін ұғымның қаншама кие­лі, қасиетті екенін аңғаруға бо­лады.

Мысалы… Сен айтып отырған пі­кір­таластар хақында менің ойым былай… Өз тағдырын өзі қолы­на алған кешегі бодан елдің азат­тық­қа қол жеткізген 1990-2000 жыл­дар аралығындағы тарихи жа­уап­кершілік арқалаған кезең мен үшін аса қымбат, қадірлі! Өйт­кені бұл кезең – Ұлт, Мемлекет Тәуел­сіздігінің алғышарттарын қа­лып­тастырған ұрпақтың арманы мен мұратын, ойы мен жігерін арқалаған кезең! Мен – сол ұрпақтың бір өкілімін. Қатары күн санап сиреп келе жатқан ұрпақ Тәуел­сіздік туралы ақ айтылған сөз­ді естігенде – қуанады. Сыңа­ре­зу пікірлерді естігенде қуарады. Сөз қадірі кеткен мына бейдауа мінезді заманаға, әлде ары мен намысы тапталған адамға ренжірін білмей дал болады…

Өкінішті әрине…

«Мемлекеттік дәстүрі болмаған ел» дейтін дүдәмәл уақытта іргелі реформалардың тұсауы кесілген күрделі кезеңге жан-жақты сараптама жасалып, тарихи баға толық беріле қойған жоқ. Оның орнына қоғамдық пікірді өзге арнаға бұрып, төбеден түскендей етіп, «отыз жыл бізді құртты, отыз жыл бізді оңдырмады» деуші­лердің қатары көбейе түсуде. Тәуел­­сіздіктің іргесі қалан­ған жыл­­дардағы қиындық, қуаныш, же­тіс­­тік, жаңашылдық, жасам­паз­дық, бәрі сол жалпылама айтылған «жазғыру» мен «би­лік­ті кінәлаудың» көлеңкесінде қалып барады… Жақсымыз да, жаманымыз да «оңдырмаған отыз жылдың» құрсауына қамалып, өз өт­кенімізді өзіміз өгейсітіп, өз тари­хымызға деген жиіркенішті сезімді ұрпақ санасына, ұлт жадына «егіп» жатқанымызды байқа­май­мыз.

Бұл – қатерлі құбылыс!

Отыз жылды апарып салғанда өткен ғасырдың қойнында қалып бара жатқан Азаттық үшін жан алысып, жан беріскен, Тәуелсіздік үшін тұрысқан тоқсаныншы жыл­ғы тұлғаларды қайда қоямыз?! Ті­рі­­лерімізді түгендеп жатпай-ақ ба­қиға озған Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Сұлтан Сартаев, Қаратай Тұрысов, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Балғабек Қыдыр­бекұлы, Шахмардан Есенов, Әнуар Әлімжанов, Манаш Қозыбаев, Сауық Тәкежанов, Марат Оспанов, т.т. тәрізді екі ғасыр тоғысы тудыр­ған тұлғалардың рухтарына не дей­міз?

Күн сайын алапат өзгерістерге ұшырап жатқан дәуірдің жаңа бейнесін жасауға үлес қосқан өзге де қайраткерлеріміздің қызметін қайтеміз? Сызып тастауымыз керек пе? Отыз жылды тарих бетінен толықтай аластап тастасақ… Кім қалады? Кіммен қаламыз сонда? Ұтатын кім? Ұтатын қазақтың ұлы байтағын түсінде көріп, осыншама жерді алаш жұртына Ұлы Жаратушы жаңылып бере салғаны несі, дейтін ұлы жұрттар екенін неге естен шығарамыз? Өз тарихымызды жоққа шығарғаннан ұтылар кім? Ұтатын кім? Ұтылатын қазақ екені басы ашық! Егер ешнәрсе жасалмаса, Тәуелсіздік қайдан пайда болды? Мен бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға өту кезеңінде бар қиындықты иығына салып, жауап­кер­шілік жүгін арқалаған мемлекет басшысының сол тұстағы ма­ңызды қадамдары туралы жаз­ған сынық сүйем сөзімнің бірде бірінен бас тартқан емеспін. Бас тартпаймын. Өйткені сол іргелі реформалардың ақпараттық насихатын жүргізіп, қазақ елін оңынан да, солынан да сансыз мәрте көк­теп өткен егемендіктің әр кір­пі­шінің қалай қаланғаны менің көз алдымда…

Егер осы сөзіме күмәнмен қарап, кінә артар адам болса, 1993, 1994 жылдардағы Ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­пен жүргізген екі сұхбатымды тауып алып оқуына болады. Мем­ле­кет іргесі бекімеген, ша­ңы­рағы болғанымен, уығын қадай алмай, қалың тұман арасынан қаңтарылып жол іздеген тұста, Президенттің сол сұхбаттарында елді, елдікті сақтаудың барлық жүйе-жобасы айтылып, идеология тұ­ғырын бекітуге негіз болып еді…

Әрине әр кездің өз қиындығы, өз мәнері болады. Тәуелсіздік дәуірінің «көзімізді уқалап ашқан» кезін еске алған сайын, билік пен халық арасындағы осы бір ұғынысты үйлесімнің барынша табиғи болғанын еріксіз сезінуге болады. Халықты – биліктен, билікті халықтан үркітетін әсіре ресмилік жоқ кез. Елі – басшысына сенген, басшысы халқына арқа сүйеген кезең… Осы бір жарасты үйлесім күрделі кездің қиындығы мен ауыртпалығын жуып-ша­­йып, жүдеген елдің көңіліне қанат бітір­гендей еді. Күдік пен күмән өрттей қаулап, «қазақ ұлты мемлекет құра алмайды» деген сыпсың сөздің жолын кесуде де осы үйлесім ерек­ше рөл ойнаған жылдарды жа­мандыққа қалай қиюға болады?! Ел Тәуелсіздікке сенді! Бүгін қи­нал­­ғанымен, ертең өмірлерінің оңа­ла­ты­нына сенді…

– Демек, халық Тәуелсіздікке сену арқылы билікке, болашаққа сенді ғой?

– Әрине… Экономикамыз тұралады. Рухани кеңістігімізде де тоқырау болды. Бірақ халық ертеңіне сенді. Сенімді серік етті…

– Өтпелі кезеңнің өрті тимеген сала болды ма?

– Жоқ! Өтпелі кезеңнің өрті мен дертінің жалыны қатты шалған рухани саланың бірі – әдебиет.

Екіншісі – кітап! Кеңес Одағы кезінде Қазақстан кітапты көп оқитын ел едік… Нарық басталған соң, жағдай өзгерді. Кітап шығару ісі мен кітап саудасы қиындады. Тоқырады. Ауыл-ауылдағы кітап­ха­наның бәрі жабылды. Кітапсыз елдің ертеңі не болады? Жазушы қауымның тағдыры кітаппен байланысты. Жазушы да, кітап дейтін ұлы қазынамыз да жүдеді. Бірақ Сөздің рухы жүдеген жоқ.

Міне, Ел Үкіметін Ә.Қажы­гел­дин басқарған кезеңде­гі кітап пен кітапханалар айналасындағы осы қиындыққа әрі бас газеттің басшысы, әрі қаламгер ретінде араласуыма тура келді. Үкімет бас­шы­сы мен бас редактор арасын­да қырғи-қабақ келіспеушілік бас­тал­ды. Жүрегім сыздады. «Жа­бы­лып жатқан кітапханалар үшін кім жа­­­уап береді?» деген айдармен «Егемен Қазақстан» бетінде сын материалдар басылды. Жер-жерден келген хаттар дабыл қаға бастады. Есігіне қара құлып салынған кітапханалар қастандықпен пара-пар еді… «Олжабайдың ауылы ашығып отыр» тәрізді мақалалар үшін тиісті жерлерден сын-ескертулер естіп, «сыбағамызды» да алдық… «Егеменнің» 75 жылдық мерейтойында құттықтау күтіп отырған редакция ұжымы сұрапыл дауыл мен бет қаратпас боранның өтінде қалған да кезі болды. «Сендер нарық қатынасын неге дұрыс насихаттамайсыңдар?» деген мемлекет басшысының аузынан ауыр сын есту оңай болған жоқ.

Дегенмен… Басылым басшысы ретінде соңынан сөз алып, он-он бес минут сөйлеп, шындықты жайып салуға тура келді. «Егемен» ел билігінің көзі мен құлағы болуы керек. Бірақ көз бар – көрмейді, құлақ бар – естімейді. Билік пен халық арасындағы есік бекітілген… Көрсетпейтіндер бар, естіртпейтіндер бар. Өңірлердегі «СҚ»-ның кезінде сықиып «Волга» мініп жүретін меншікті тілшілерді әкімдер есігінен сығалатпайды… Есік-терезе тарс жабулы. Сонда тілші қалай жазбақ, нені жазбақ? Тілшілердің алатын айлығы мардымсыз. «Караван» болса, жүйрік журналистерді Петербургтен, Мәс­кеуден, Омбыдан шақырады. Екі басылымда істейтіндердің айлықтарының айырмасы – жер мен көктей. Олар шақырған тілшісіне Алматының төрінен ойып үй алып береді. Ал Үкімет жалғыз басылымына жағдай жасаудың орнына қол-аяғымызды қысып, тулақтай тартып, көкпарға салады» дедім. Шындықты естіген Президенттің беті бізге бұрылды. Жүзі де, сөзі де жұмсарды. «Егеменнің» мерейтойы күнде бола бермейді» деп күнілгері жоспарланған Парламенттегі жиынға бармай, редакция қызметкерлерінің ортасында отырып, қуанышымызды бөлісті, жалақы орнына күріш пен қой алатын қызметкерлерімізбен суретке түсті. Қолдауы мен қам­қор көңілін көрсетті. Кейін Нұр­сұлтан Әбішұлы бір сөзінде «Се­нің «Караванмен» салыстырып айт­қан сөзіңе қатты ойланып қал­дым» дегені бар.

– «Бизнестің жауапкершілігі, дәрі­гердің, мұғалімнің жауап­кершілігі» деген ұғым бізге жақсы таныс. Ал табиғаты ер­кін­­дікпен етене жақын қалам­гер­дің қоғам алдындағы жауап­кершілігі қандай болады?

– Ел басына ауыртпалық түсіп, қандай қиын-қыстау кезеңдер орнаса да, жалпақ жұрттың жанынан алдымен ақын мен жазушы табылады. Себебі олар – жан дәрігері. Адамның жанын емдеу­­­­мен айналысатын суреткердің жауап­кершілігі тәнді емдейтін дә­рігер жауапкершілігінен кем емес. Кеңес қоғамындағы адамдар үшін құдайдан кем болмаған Сталин өзі құрған жүйенің қалы­бына сыймаған Булгаковты «ала­­қанына салып», неге «кеші­рім­мен» ұстады? Италияда жүрген Гор­кийдің Отанына оралуына неге мүдделі болды? Өйткені әдебиет­тің үгіт-насихаттық, тәрбие­лік мәнін жақсы түсінген тотали­тар­лық жүйе қоғамды руханият пен мәдениеттің өсіретінін, ал қалам­гер­лердің жасампаздық қа­сиетке ие екенін жақсы түсінді.

Біз егемендік алғаннан кейін екі мәселеде қателік жібірдік-ау деп ойлаймын. Бірі – ғылымды құлдыраттық, екіншісі – әдебиетті кіріптар жасадық. Соның салдарынан тұлғалардың қоғамдағы орны төмендеді. ХХ ғасыр ғылымға ғажайып жол ашты, қамқорлық жасады… Бірақ сол ғылымымыз гло­бализаторлардың қалтасында кетіп, адамзатқа қарсы жұмыс жүр­гізді емес пе? Пандемия көп шын­дықтың бетін ашты. Әдебиеттің әлсірегенін адамдар бойындағы қатыгездік пен жүгенсіздіктен аңғаруға болады. Кітап дейтін киелі дүниенің сұраныстан шығуы адам санасына жасалар озбырлық пен қаталдықтың шабуылын кү­шейтті. Рухани дағдарысқа ұшы­ра­ған қоғам ізгі сезімнен ада болатынына күні кеше қаңтар оқи­ға­сының кезінде көзіміз жетті. Азған, тозған сана қатерлі. Азған адамға тонау, талан-таражға салып, таптау, өлтіре салу, өртеп жіберу түк емес.

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым Акаде­мия­сының 75 жылдық мерейтойымен құттықтаған жиынына қатыстым. Жалақысы азайып, мықты мамандары өзге салаға ауысып, басынан бағы тайған Ғылым Академиясы «ендігі жерде қайтадан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады» дегенде, бөркін аспанға атқан ғалымдардың қуанышын тек көзбен көру керек. Мемлекет басшысының әр сөзіне ризалығы кемі жиырма рет қол соққанынан аңғарылды. Мұны ғылымға жасал­ған қамқорлықтың, жалпы қо­ғам­да­ғы іргелі болашақ өзге­ріс­тердің басы деп білдім. Кітап­тан алыстап кеткен, ғылым­нан бас тартып, рухани жүдеген елдерде тобырлық психология етек алатынын жаңа дәуір тарихынан күн сайын көріп келеміз. Президентіміздің бұл шешімі – ерлік! Нағыз ерлік! Ұлт ғылымын уақыт ұйығынан суырып алғандай әсер етті. Қоғамды, адамды, адамның ой-санасын, жанын сақтайтын кәсіптің иелерін тықсыра бергеннен ұлт та, билік те ұтылады. Ғылымға жасалған осы қамқорлық болашақта әдебиетке де жасалуы керек деп ойлаймын.

– Қарап тұрсаңыз, қараба­йыр­лық пен қатігездік барлық жерде насихатталып жатыр. Қа­лып­ты жайтқа айнал­ған­дық­тан талғаусыз жұтып, таразыламас­тан санаға сіңіріп, қабылдауға мәж­бүрміз. Осының бәрі идеологияда сүзгінің болмағанынан ба? Себебі неде?

– Ұялы телефон мен интернет кітап оқымайтындар мен рухани жүдегендердің алтыннан да қымбат уақытын ұрлағанымен қоймай, адам баласын жолынан тайдырып, ой-санасын аздырудың үлкен қаруына айналды. Ғаламданған үшінші әлемді біржола тұралату үшін жасалған қатігез құрал сияқты көрінеді. Артық айтсам… Алла кешірсін! Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) тіріліп келсе, Абай ортамызда жүрсе, бүгінгі қағынған жеріген тобыр-қоғам оларды да оңдырмай, көкпар етіп тартып, күні-түні қысымда ұстап отырар едік. Әрине… Әлеуметтік же­лінің пайдасын жоққа шығара ал­маймын, бірақ желі бетіндегі жойдасыз жүгенсіздік қазақ міне­зі­нің өзгеруіне әсерін тигізіп, жалқаулыққа, тәуелділікке алып келді. Телефонға телміргендер білімнен гөрі, өсексөз, қажетсіз ақпаратты аңдитын болды. Адам ойы мен санасын осылайша арзандатқан ел емес едік… Ақса­қал­дың басынан аттап, қадір­лі кісіні кемсітетіндей, жақсы­ның жағасынан алып, жығылған бей­бақ­ты табалайтындай көргенсіз мінезді күнде көріп, көндігіп барамыз. Қорқынышты. Альберт Эйнштейннің мына айтқанын, ұнатқан болуым керек, күнделігіме (25.01.2022 ж.) көшіріп жазыппын: «Я боюсь, что обязательно наступит день, когда технологии превзойдут простое человеческое общение. И мир тогда получит поколение идиотов» депті. Жазыппын да: «Ұлы кісінің айтқаны келді. Жаңа ХХІ ғасыр басталғалы әлем адамзаттың бойындағы қара­па­йым адами қатынастардан айырыла бастады. Технология біздің бойымыздағы сезім, жанашырлық, кісілік, кішілік, адамгершілік се­кілді ұлы қасиеттерді мүлдем ығыс­тырып, тұншықтырып бара жатқан тәрізді. Бұл, әсіресе, өрке­ниет пен жаһанданудың байыбы­на толық бара қоймаған, елік­теу, солықтау сатысында жүр­ген ұлт­тар үшін қауіпті» деп пікір қал­дырыппын.

– Күнделікті не себептен жаза­сыз? Сұхбаттасып, сырласып, ой бөлісетін жақын-жана­шыр­ларға сенім азайғаннан ба? Ер­мегіңіз бе? Әлде шығарма­шы­лығыңыздың бір бөлігі ме?

– Менің шығармашылығымда әр түрлі көңіл толқынымен, сезім­ге қозғау салған оқиға ізі­мен жазылған күнделік жазбалар айырықша орын алады. Өмір, қоғам туралы ойларымды, шығармашылық жоспарымды, кейде заматында тіл ұшына келген өлеңдерімді де күнделігіме түсіріп отырамын… Жақында ескі күнделіктерімнің бірін ақтарып отырып, қырық жыл бұрын болған бір хикаятты кезіктірдім. «Асығыс жазбалар. 6-дәптер» деген күнделігіме (28.09.2020 ж.) түсіпті. «Екі күн болды, Армения мен Әзербайжан арасында таулы Қарабақ үшін соғыс басталды. Қырғын соғыс! Менің есіме өткен ғасырдың, 1981 жылдың бір оқиғасы түсіп отыр. Пицунда. Әдеби қордың Шығармашылық демалыс үйі. Әзербайжаннан келген Рахман Ализаде деген драматург пен Армениядан келген Петрос Мартиросян деген екі досым есіме түсіп отыр. Совет Одағы дейтін кең қолтық елдің драматургтері бас қосамыз. Біріміздің пьесамызды біріміз оқып, танысып, аудару керек болса аударуға жол ашып, шығармашылық байланыс орнатамыз…» деп басталған көлемді жазбада екі дос арасындағы сүттей ұйыған сыйластықтың аяқ асты қалай төбелеске айналғаны жайлы жазылыпты. Соңынан дәлізде келе жатқанда Ярославь Стельмах: «Нурлан, ты не забудь, одну истину» деді. «Какую?» «Трудно дружить нам с русскими». «Это правда». «Сен менің айтқанымды әлі талай еске алатын боласың. Армяндар да әзербайжандармен тату болуы екі талай. Армяндар 1915 жылды ұмытпайды. Ал біз бастауымызды ежелгі Русьтен алатын славян тектес екі ел болсақ та, аға болғысы келетіндерге төзе алмаймыз» деп еді… Міне, атақты «Большая родня», «Кровь людская – не водица» деген атақты романдардың авторы, белгілі украин жазушысы Михаило Стель­мах­тың ұлы Ярославь Стель­мах­тың осыдан қырық жыл бұрын айтқан сөзі жадымда осымен үшінші рет жаңғырып отыр.

Біріншісі, 1989 жылы алғашқы Қарабақ қырғыны тұсында. Екін­ші­сі, 2014 жылы ДНР, ЛНР қыр­ғын­дарының тұсында, үшін­ші рет бүгінгі Кавказдағы екі ел ара­сын­дағы жаңа соғыстың тұсын­да… Славаның оншақты жыл бұ­рын қайтыс болғанын Иран­бек­тен есті­дім. Жаны таза, жақсы жігіт еді…

Жүрегімен өмірдің бар шын­дығын қабылдап жүріп, ақыры «малорусь», «белорусь», «великорусь» дейтін ұғымдардың арасына сөзімен, ойымен көпір орната алмай бақиға ерте аттанып кеткен Ярославь Стельмахты ойладым. Ойлауыма себеп болған Таулы Қарабақтағы жаңа соғыс» деп жазыппын.

– Шартарапты шарпыған мынау дүрбелеңді қырық жыл бұрын болжаған досыңыз сәуегей екен, айтқаны келіп отыр ғой. Бұдан кейінгі Қырым, бүгінгі Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қарабақтан да қиын болып, әлемді тығырыққа тіре­ді. Біз­дегі қаңтар қасіреті де еш­қа­шан ұмытылмайды, қан­дай баға берер едіңіз?

– Айтары жоқ. Әлем тынышсыз. Қырық жыл бұрын Слава айтқан ағайын екі ел арасындағы «қай­сымыз мықтымыздан» бас­тал­ған өткен ғасырдың дауы, айналып келгенде Батыс пен Шы­­ғыстың алапат қырғынына жал­ғас­қалы, міне, төртінші айға кетті… Қашан аяқталары белгісіз. Өршіп тұр.

«Жаңаөзендегі кедейшілік тақсыреті тудырған әлеуметтік наразылық еліміздің тарихына қаңтардың қанды қырғын болып кірді. Іргеміз шайқалып барып, Тоқаевтың арқасында тоқтады. Басы мәдени үлгімен басталған наразылық шеруінің ақырын қанқұйлы топтар мен арамойлы мүдделер пайдаланды. Ежелден белгілі ескі айла – «айран ішкен құты­лып, табақ жалаған тұты­ла­дыға» әкелді. Осыны ойла­ған­да, жүрегім қан жылады. Қазақ елінің басында бұрын болмаған қақтығыс! Қақтығыс емес, кәдімгі жүгенсіздік пен тәртіпсіздіктің көшедегі қырғын соғысы. Ұлт пен ұрпақтың ақыл мен мәдениетінің деңгейін танытар соғыс!» деппін күнде­лігімде. Түнгі сағат 3-те күн­де­лікке мынандай жазба түсіпті. «Ел өміріндегі аса ауыр жағдай болды. Болмауы керек еді – болды! Болдырмауымыз керек еді – болдырдық! Әзірге адам өлімі бар ма, жоқ па белгісіз. Алматының бас алаңында адам шошырлық ауыр қырғын болды. Президент елдегі жүгенсіздікпен бетпе-бет келді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. Бірден-бір дұрыс шешім. Ел үшін маңызды аса ұстамды ұлт басшысының сөзі айтылды. Менің есіме Б.Момышұлының «тәртіпке бағыну құл болу емес» дейтін сөзі түсіп отыр. Қаланы қалың тұман басты. Түнімен ұйқы көрмедім. Таңғы 5.30-да көз ілдім. 7.30-да Еркебұлан келді. Ұлым ұйқы көрмей шаршап келді. Үй де, түз де тынышсыз…»

– Аспанды бұлт торламай тұр­ғанда, адамның бәрі батыр ғой, сол қалың тұман басқан қара­лы қаңтарда зиялы­ла­ры­мыздың көп­шілігі бұғып қалатын әде­ті­не басып, дыбысы шықпай қал­ғанын көзіміз тағы көрді. Жұрт не істерін біл­мей, әрі-сәрі күй кешкен сол маза­сыз күндері ақ­па­рат құ­рал­дары арқылы сіз пікі­рі­ңізді ашық білдірдіңіз…

– Рас, 5 қаңтар күні Қазақпарат, Baq. kz сайтынан тілшілер хабарлас­ты, екі рет өз ойымды мәлімдедім. Түнімен дүркіреп, ұлы қалаға май­қан салған тентектерімізді, бұза­қыларымызды ақылға шақы­ру­ға ұмтылдым. Шынында да күллі Қазақ­станды аяғына тұр­ғы­зып, шын­дық іздегені бар, адасқаны бар, мың-мың қаралы жігіт­тер­ді – қандастарымызды ақыл­ға ша­қы­ру­ға тырыстық. Қара­лы күн­дері қабырғам қайысып отырып ақпарат құралдары («Қаз­Ин­форм») арқылы білдірген ойым мынау еді:

«Бізде бір ғана Отан бар. Ол – қазақ елі. Қазақ елінің басына талай ауыртпалық түскен. Біз тәуел­сіз­діктің қадірін білетін, ел­дік­тің аманатын арқалаған ұр­пақ­пыз. Жалғыз Отанымыздың басына аса ауыр сынақ түсті. Бұл сыннан аман өту үшін, Отанымызды сақтау үшін халық өзі сайлаған Президентінің шешімін қабылдап, қолдауы керек! Жағдай ауыр. Халықтың түсінгені абзал. Дәл осы шешім болмаған жағдайда біздің қандай күнде боларымыз белгісіз. Бір сәтте, күллі Қазақ­станның ұлы байтағына, об­лыс­­тардағы стратегиялық нысандар тұрған жердің бәріне лап берген лаңкестік пен басбұзарлықты, жос­парлы түрде мемлекеттік тұтас­ты­­ғымызға жасалған шабуылды қайтару үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы тағдыршешті шешімге бар­ды. Дұрыс деп есептеймін. Соны­мен қатар ҰҚШҰ елдерге өз көмегін ұсынатын ұйым, ендеше осындай ұйымның келіп қадағалап отыруы және сес болып сырттағы күштерге қабілетін танытуы біздің тәуелсіздігімізге ешқандай да көлеңкесін түсіре қоймайды деп ойлаймын. Сондықтан осындай сын сағатта әлемдік деңгейге көтерілген, ойлау жүйесі аналитикалық пайымдау мектебінен өткен, батыстың да, шығыстың да жағдайын жақсы білетін Президентіміздің төңірегіне шоғырлану аса маңызды. Ол – үлкен саясаткер, қайраткер тұлға. Бұл өз кезегінде ұлт пен ұрпақ үшін, мемлекетіміздің тұтастығын сақтау үшін керек! Дәл осы сәтте лаңкес, бұзақылардың беті қайтқанымен, оның арғы жағында сол жолға сал­ғандардың беті мен жоспары қайта қойды деу мүмкін емес. «Иә… Адасқан жастарымыздың тағ­ды­ры қиын болатын, арқамызды аяз қарып отыр… Амал жоқ… Басты мақсат – ел тұтастығы мен тыныштығы! Қалпымызға келетін болсақ, бесікте жатқан сәбидің болашағы тыныш болады. Елдің болашағы үшін тұтас халық болып, ақылмен, парасатпен бірігуіміз керек деп есептеймін. Бұл – елдігіміз үшін мемлекеттік тұтастығымыз үшін керек» деген сөздер айтыппын осы күндерде (06.01.2022 ж.)

Сол сөздерді әлі де қайталауға бармын. Бірақ қаңтар қасіретінің қайталанбағанын Алладан тілеймін! Содан бері бес айдан астам уақыт өтті. Қаңтар қырғынына баға берілді. Оқиғаның көлеңкелі тұстары тергеліп, тексерілуде. Еліміз қалыпты жағдайға көшкенімен… Айналамыз мазасыз. Әлем тынышсыз… Жойқын күштер қасиетті қара жеріміздің төрт қиырын теңселтіп, ырғап бағуда. Әлемнің тепе-теңдігін сақтау қиынға соға бастады. Еліміздің бағыты мен бағдары анықталды. Референдум өтті. Халық ел өміріндегі өзгерісті қолдайтынын ашық айтты. Сол өзгеріс өрісімізді кеңейтіп, Жаңа Қазақстанның жолының кең ашылуын тілейік! Соған бір адамдай жұмылып, әр сөзіміз бен әр ісімізді Ел тұтастығына бағыштайық! «Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма!» дейтін ұлы Тоныкөктің құдыретті сөзі әркез төрімізден көрінсін! – деген тілек­пен сұхбатты аяқтағым келеді.

– Рахмет.

Әңгімелескен,

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *