Ағымдағы жылдың қыркүйек айына Сайрам ауданы Ақсукент-2 ауылының аумағынан «Aqsu Education» жекеменшік бастауыш мектебі ашылғалы отыр.
Аталған мекеменің алдағы жоспарымен аудан әкімі танысып, өз кезегінде оқытылатын балаларға ыңғайлы жағдай жасау, сапалы білім мен тәрбие беру мәселесіне назар аудару қажеттілігін айтып өтті.
Жаңа оқу жылынан бастап екі қабаттан тұратын мектепті Төлепбергенова Гүлсім Сәрсенбайқызы басқаратын болады.
Жекеменшік білім беру мекемесінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сай оқытылады. Балалар үшін ыстық тамақ, ұзартылған күн тобы, түрлі үйірмелер жұмысы, тиімді оқыту әдістері қарастырылған. Аталған ғимаратты қайта жөндеуден өткізіп, жабдықтауға кәсіпкер өз есебінен 150 млн. жуық қаржы жұмсаған. Ғимараттың ішінде оқу сыныптары, мұғалім бөлмесі және асханасы бар. Сыйымдылығы 100 балаға арналған. Білім беру мекемесіне 20-ға жуық тәжірибелі, білікті маман қабылданбақ.