ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
313 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

АУҒАН КӨШ – МӘРЕГЕ ЖАҚЫНДАДЫ

Алла Тағаланың кең даланы ойлы-қырлы, жоталы-сайлы етіп жаратқаны мұнша жақсы болар ма?! Қыры-төбеге шығып, айналаны шолуға, ойы – жат көзінен жасырынуға септігі тиіп жатты.

Темірқұдықтан жан шақырып, азды-көпті аялдап алған көш тағы да алға қарай жылжыды. Жол мақсаты – жету. Діттеген жерге су жыландай сырғып, оңай жете салмайтыны тағы да аян. Талай жерде кідіріп, алғашында арыстандай ақырған кеденшілердің аз өтпей құйрығын бұтына қысқан мысықтай, монтаны күйге түсіп, «Түйе көрдің бе – жоқ; бие көрдің бе – жоқ» болып, шайлаларына қарай жөнеп бара жатқандарын көрді бұл көш.

Алған – байиды, берген ұтады. Әр ұсталған сайын Гүлризаның үстіндегі белдемше – жеңсіздің бір қалтасы сетінейді. Жеңсіз жеңілдей түседі. Оны ұғып жатқан қыз жоқ. Осы жеңсіздің кимесем дейді. Өлердей жек көреді. Бірақ, кішкентай қызбен санасып жатқан ешкім жоқ. Ки дейді – киеді. Кимеймін деп қиғылықты салса – көштен қалдырып кетеміз деп қорқытады. Бала да болса, айдалада жападан-жалғыз қалып кетудің қиын екендігін сезеді. Жұмбақ кеудешенің қаншалықты маңызды екендігін ойлаған да жоқ, ойланған күнде өресі жетпес еді. Үлкендерге көзқаман болып жүргенін ұғынған да емес. Ұғынбайды да…

Тамыз айында бағыт алған көш қыркүйектің соңында, яғни екі ай дегенде Тәшкеннің іргесіне келіп құлады. Суы тұнып, мөлдіреп ағып жатқан Келес өзенінің бойындағы қалың ағашты, жалпақ жағалаулы арнаға келгенде, үлкендер жағы түйелердегі жүкті түсіруге, осы жерде аяқ созып демалуға болатындығын айтқанда ел ессіз қуанды. Әйелдер жағы жағалауда жатқан жалпақ тастардан ошақ қалап, бақыраштарға ет салып қайнатуға кірісті. Күйелеш қара шәйнек те отқа қойылды. Түйелер мен жылқылар Келестің мөлдір суына ашқарақтана бас қойды. Күннің салқындап қалғанына қарамастан, балалар мен жастар жағы суға гүмп-гүмп сүңгіп жуынып жатты. Аз уақыт болса да, ел баяғы мамыражай уақытқа оралғандай, көңілдері тыншығандай болды.

Нұрымбет ақсақал пысықтау екі жігітті сыбай-салтан Көктерекке тіл алып келуге жұмсады.

– Жаңалықты түгел жеткізесіңдер. Көздерің қырағы, көңілдерің жүйрік болсын. Адамдардың бет-жүзін, ауанын аңғарыңдар. Қайткен күнде Сауытбайды табатын болыңдар! – деп, пысықтап жатты. – Біз осы арада түнейтін боламыз.

Отын мұнда молынан екен. Құраған қу бұтақтарды былай қойғанда, су тасығанда қалып қойған көлшіктерде өсіп тұрған нар қамыстың жуандығы баланың білегіндей десе боларлық. Үпелегінің өзі бір бау бидайды елестетеді. Басынан ұстап исең, әбден пісіп тұрған қамыс борт етіп сынады. Кезінде бұл араны жолбарыстар мекен еткен, талай жылғы нар қамыстар. Балалар жағы ши қамысты сындырып алып, сыбызғы жасаумен әлек.

Көптен аяқ созып, арқаны кеңге салып көрмеген, қатаған көште ерекше леп бар. Әйелдер жағы да көңілді.

Бүйендегі сарымайға шыланған талқан, кесек-кесек құрт, майсөк етпен бірге дастарханда төгіліп жатыр. Ерін күйдіріп ыстық шайды сораптап ішпегелі қай заман?! Ақсақал Нұрымбет те, Көлбай мен Батырша да жеңістің төбесі көрініп қалғандай, бір іс тындырғандай, жамбастай жатып, дастарханға қол созады.

– «Сулы жер – нулы жер» деген Асан Қайғы бабамыздың ізі қалған жер ғой бұл, – дейді Нұрымбет ақсақал бір арманы орындалғандай. – «Екі Келес, бір Талас – жасыл нуыңмен, мөлдіреп аққан суыңмен атыма өңгеріп алып кететін жер екен, әттең! – депті, сүйсінгендіктен Асан Қайғы. – Ертең жер емшегін еметін ұрпағыма таптырмас жер жәннаты болайын деп тұр екен».

Торғай паналайтын бұтасы жоқ, арылдаған Арыстанды-Қарабастың өтінде өскен, сол жерді Мысыр шәрі санайтын естиярларға мына жер қуыршақ табиғат болып көрінді.

– Мал жайылатын өрісі қандай екен? – деп қалды малсақ әйелдердің бірі.

– Қазақтың жерінің тары бар ма? Өрісі де, өнісі де мол болуы керек. Іргесінде базары. Ол базарда адам жанынан басқаның бәрі сатылады, – деді Нұрымбет ақсақал. – Жас кезінде Момбекпен бірге кіре тартып, талай келген жер ғой бұл.

– Базар деген қандай болады екен? – деп сұрады Оразгүл назарын әрі қайнысы, әрі күйеуі Батыршаға аударып.

– Базар – ығы-жығы адамға толы, бір кірсең қайта шыға алмайсың! – бала кезінде әкесімен келгенін мақтан еткен Батырша, көп білетін адамша көпсіңкіреп.

– Ойбай, онда базары өзіне, онда не бар маған?! – деп шошынды әйелі. – Одан да базар көрмей өткеніміздің өзі-ақ артық. – Бейне біреу тап қазір Оразгүлді базарға бастап барып кіргізіп жіберердей.

– Біз мұнда аһар-шаһар болып отырмыз, елде қалған Жібек апамның жағдайы қалай екен? – деді Оразгүлдің ортаншы қызы – Шәркүл.

Онсыз да жүрегінің түкпірінде маза бермей, шаншудай қадалып тұратын жараның аузын тырнап жібергендей болды Шәркүлдің мына сөзі.

– Айналайын, мейірбаным-ай, бауырмалым-ай! Жаутаңдап, біз кеткен жақтан көзін айырмай жүр-ау! Қанамнан шыққан бесеудің төртеуің жанымдасың, бірақ Жібегімнің жөні бөлек еді-ау! – деп, даланы басына көтеріп аңырап жылаған Оразгүлді қайтіп жұбатарын білмей, келіншектер жағы сыпсыңдап көз жасына ерік берді.

Анасының бар көңілі Жібегіне ауып кеткеніне балалық қызғанышы оянды ма, жоқ, әлде көз жасын тыйсын деді ме, тыныш отыра алмайтын Шәркүл:

– «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген, оған кім қалсын депті! – деді бүйректен сирақ шығарып.

– Әй, балам-ай, келте ойлайсың-ау! Өмірдің қиындығын, тағдырдың теперішін көрмеген соң солай дейсің де! Сүйген жарың жаныңда, анаң, бауырларың алдыңда болған соң, сен оны қайдан түсінерсің?! Жібекжаным қалайын деп қалды ма?! Аталардың ақ батасын ақтаған, адамгершіліктің ақ туын құшақтай құлайтын құлыным, ақ некені бұзбайын деп, өлмелі шалдың қасы-қабағын бағуға қалды емес пе! Ақ пен қара түсті әрең ажырататын, табан жолын түртінектеп табатын Көмек байғұс тірі ме екен десеңші әуелі?! Қасындағы құлыншағы – Қуанышы ғана Жібекжанымның да, біздің де көңілімізге медеу емес пе, – деп, көз жасын беторамалымен сүрткен Оразгүл әлі де жақсы үміттен дәмелі еді. Ерте сәскеде оралған жігіттер жақсы хабармен жетті.

– Керек адамның бәрін таптық. Кемел мен Медет, Момбек ақсақал ұлымен Көктеректің маңында бізді күтіп, жылқыларын жайып жүрген жайы бар. Сауытбай ақсақал Шыршық жақтан түп нағашымызды тауып, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріпті. Ол кісі әжептәуір қызметте көрінеді. Отыз үйді орнықтыруға шамам жетеді депті. Ақсақал бізге тез барып хабарлаңдар, көштің басын бермен бұрыңдар деп тапсырма берді.

Жақсы хабар жаңа леп әкелгендей болды. Шөккен түйелерге жүк арту да, оттап тұрған жылқылардың тұсауын шешіп ерттеу, қазан-ошақты, басқа да әбзелдерді жинау әп-сәтте болды. Көш Тәшкен маңындағы Көктерекке бет алды. Ымырт қараңғылығы үйірілмей, келіп жеткен көшті алаңқайда бір топ адам күтіп алды. Түп нағашы етжеңді, еңселі келген маңғаздау кісі екен. Тіркемесі бар жүк машинасы анадайда қаңтарулы тұр. Амандық-саулық сұрасқан соң, «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, жүк машинасының қорабына бала-шаға, қатын-қалаш отырып, екіншісіне асай-мүсей артық заттар салынды. Қара үйлердің әбзел-жабдықтары түйелермен, жаяу жүріспен жететін болды.

– Бұл да жөнін тапқан, реті келген іс болды, – деді түп нағашы, – ел ұйқыға бас қойған сәтте ығы-жыңсыз жетіп алатын болдық.

Жүгі жеңілдеген қызыл нарлар – аттағы жол бастаушының соңынан майда желіске салып, ілесіп кете берді.

Тағдырымыз әлдеқалай болады деп жүрексінген, азап жұтқан бір қауым – ел тәуекелдің тізгінін ұстап, көздеген межеге жетіп жығылды. Барақ үйлердің алдына тігілген қара үйлер таң алдында ағараңдап, елге ел қосылғанының айғағындай, жергілікті тұрғындардың қызығушылығын оятқан жұмбақ көрініс болып қалды.

ЖОЛ АЗАБЫ

Жібек пен Зүбәржаттың алғашқыда жүрісі ширақ еді. Тақтайдай тегіс жол қайда?! Батысты межеге алып келе жатқан екеу біресе қырға шығады, біресе табанға түседі. Арқаларындағы жүктері де аяқ басқан сайын ауырлай түскендей.

– Күн ұясына қона анау көз ұшында көрінген ауылға жетіп жығылармыз.

Зүбәржатта үн жоқ. Жібектен жасы кіші болғанымен, жүрісінде өнім жоқ. Оқ бойы озып кеткен Жібек қайрылып тосып тұрғаны.

– Жеңеше, қолтығыңызда қанатыңыз бар ма деймін. Ұшасыз ғой, әйтеуір.

– Қарағым, жол азабы – көр азабынан кем болмайды. Өкініп келе жатсаң, қайта ғой.

– Қай бетіммен қайтамын?! Ел-жұрт «қашқын» деп, көзіме шұқиды ғой. Азарлығы жолда өлермін. Бірақ, қайтпаймын.

– Өзің біл! – деген Жібек тағы да жылқы желіске салып, біраз аумақты шалып тастады. Демалуға болмайды. Тынығар болса, буын-буыны босап, әл кете бастайтынын Жібек біледі.

Әне-міне дегенше жарығы өлімсіреген ауыл шетіне келіп кірді. Шеткі үйге жақындап:

– Әй, кім бар? – деп дауыстаған Жібекке сол үйдің ересек болып қалған баласы жүгіріп шықты.

– Үйде апамнан басқа ешкім жоқ.

– Баста үйіңе, құдайы қонақпыз.

Қара көлеңкеде үйге бас сұққанда, пеш түбінде алдындағы жүні бұрқырап ұршық иіріп отырған әйел аузын ашып қарап қалды.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *