КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

Тарих Тұлға
85 Views

Ұлы Отан cоғысынан кейінгі жылдарда Гурьев облысының колхоздары менсовхоздарында қоғамдық мал саны өсіп, жазғы жайылым мен қысқы қоныс тарылды. Әсіресе, шөлді-шөлейт Маңғыстау өңірінде жағдай қиындады. Шаруашылықтар,аудандар мен облыстар аралық жерге орналасу шекарасы болса да, бірінің қонысын бірі рұқсатсыз пайдалану етек алды. Маңғыстау малшылары Ақтөбе облысыныңҮстіртпен шектес Сам құмына жыл сайын баса-көктеп кіріп, мал қыстатуды әдеткеайналдырды. Өзара мәмілегерлік болмай, Сам құмы аймағын Гурьев облысының әкімшілік-территориялық құрамына енгізу туралы мәселе Республика Үкіметініңалдына қойылған. Сәті 1949 жылдың жазында түсті.

Батыс Қазақстан өлкесіне іссапармен шыққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов, жанында бес-алты министр нөкері бар, Ақтөбе қаласынан бастап Байғанин және Шалқар аудандарын, Сам құмын, байтақ Үстіртті автокөлікпен апта бойы аралап, жер-су жағдайы, мал шаруашылығының жай-күйі және малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалымен танысып, жол-жөнекей Жылыой ауданына тоқтады. Бұл Үкімет басшысының аудан жұртшылығымен алғаш кездесуі еді.

Аудан орталығында мәжіліс өткізілді. Ауыл шаруашылығының жайы туралы аудандық атқару комитетінің төрағасы хабарлама жасап, шешімі шиеленіскен біраз мәселені көтерді. Нұрекең ұқыпты тыңдады, айтылған өтініштер мен ұсыныстарды зерделеп, оң шешім табуға көмекшілеріне тапсырма берді. Мәжіліс қорытындысында өзі сөйледі. Біз ұйып тыңдадық.

Нұртас Дәндібайұлы бас-аяғы жинақы, қысқа да нұсқа сөзінде ауыл шаруашылығын жаңа дәуір талабына сай үдемелі өркендету және экономикалық тиімділігін арттыру жолдарын саралап, ауыл мәдениетін көтеру және еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту шараларын талдап, келелі кеңес берді.

Алматыға оралған соң Нұртас Дәндібайұлының ұсынысы бойынша Сам аймағын түгелдей Гурьев облысының құрамына беру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі өкім шығарды. Республика Үкіметі шөлейт жайылымдарды суландыру жұмысына қосымша күрделі қаржы бөлді. Сол кезден бастап облыста су шаруашылығының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қарқынды дамуы басталды. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің облыс басшыларын нығайту шешіміне байланысты Н.Д.Оңдасынов елу бесінші жылы Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалығына, елу жетінші жылы Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Мемлекеттік дәрежеде бай тәжірибелі қайраткер Нұрекең жаңа жұмыста сыналған, жетілген басшылық үлгісін көрсетті. Облыстың мұнай, ауыл және балық шаруашылық өндірістерінің тізгінін тең ұстады, қоғамдық-әлеуметтік өміріне жаңа әр және нәр берді.

Ауыл шаруашылығы саласында экономикасы мешеу, шаруашылығы шағын колхоздар біріктіріліп, ірілендірілді. Өндірісті шоғырландыру және мамандандыру жұмыстары қолға алынды. Аграрлық өндірісті ғылыми негізде жүргізу мақсатында республикаға танымал білікті оқымыстылар шақырылып, облыстық ауыл шаруашылық ғылыми-тәжірибе бекетінің жұмысы жолға қойылды. Жайық өзені бойында арналар қазылып, суармалы егіншілік дамыды. Қалалар мен елді мекендерді жаппай көгалдандыру басталды.

Балық шаруашылығының өзекті мәселелерін шешуде, Каспий теңізі мен Қиғаш өзені саласын бірлесіп, ұтымды пайдалануда Ресейдің көршілес Астрахан облысының басшыларымен ортақ мүдделі тіл табысты. Екінші жағынан Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігінде көптен шоғырланған күрделі мәселелердің түйінін шешуге көмек көрсетілді. Өте күйзелісте отырған балықшылар тұрмысын жақсартты, балықшылар ауылын жаңа қонысқа көшірді, үйлер салып берді, кәсіпшілікті құрал-саймандармен жабдықтады.

Мұнай мәселесін, оның ішінде барлау мен бұрғылауды республикалық деңгейге мәселе етіп көтерді. Тек қана мұнай проблемасына байланысты пленумдар мен конференциялар өткізді. Нұрекең жиі айтатын: «Мұнайды көтеру үшін маманды көтеру керек», – деп. Жер-жерден талабы бар жастарды тауып, Мәскеуге, Ленинградқа оқуға жіберді.

Бұрғышылар мен барлаушыларға жағдай жасауды аудан басшыларынан қатаң талап етті. Өзіміз сонау қойнау-қойнауда, құм ортасында жатқан барлаушыларға Нұрекең тапсырмасымен талай барғанбыз. Мамандардың тұрақтанып қалуы үшін бар жағдайларды қарастырып, кем-кетігін дер кезінде толтырып отыратынбыз. Есімде, барлау алаңында бала саны толмаса да бастауыш мектеп ашып, кластарды ұстап тұрғанымыз. «Министрге өзім жауап беремін, барлаушылардың балалары оқитын болсын!» — деген Нұрекеңнің бір ауыз сөзімен атқарылып жатты. Тағы бір көтерген мәселесі, мұнайшылардың жалақысы мен жер жағдайының қолайсыздығына қосылатын үстеме ақы. Министрліктер алдына мәселе етіп қойып, оны да шешті.

Нұрекеңнің кезінде Жылыой ауданынан Алтыкөл, Қарсақ, Қараарна кеніштері ашылды. Аудан үшін абырой болды. Ал бұрғылау Боранқұл, Ақтөбе, Арыстан, Прорва, Үлкентөбе, Қырықмерген, Сарықұм, Сарға, Ақтөбе, Қарасор, Морская, Каменная, Арыстан алаңдарында барлау жүргізілді. Осының нәтижесінде, 1960 жылдың 11 тамызында Прорва алаңының №1 төтелінен мұнай бұрқағы атқылады. Осы мұнай кеніштері негізінде Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды.

Мен Жылыой аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығына жетекшілікміндеті жүктелген екінші хатшысы едім. 1958 жылы маусым айының алғашқыкүндерінің бірінде Нұрекең: «Аудан партия-шаруашылық активінің жиналысын өткізукерек. Ұсынылатын мәселе ауыл шаруашылығының қазіргі жайы және алдағы міндеттер. Дайындық мерзімі – төрт тәулік. Жиналысқа өзім қатысамын…», – деді.

Аупарткомның бірінші хатшысы кезекті еңбек демалысында. Ақылдасуға аудандық атқару комитетінің төрағасы Мұса Назымовқа бардым. Нұрекеңнің тапсырмасын жеткіздім. Жасының, лауазымының үлкендігін айтып, жиналыста баяндама жасауын өтіндім. Әншейінде билікке құмар Назымов ат-тонын ала қашты, «өзің, өзің…» дей берді, қолын сілтеп.

Мен болсам бір оқиға есіме түсіп ойланып, қобалжып қалдым. Оқиға жоғарыдаайтқан, Үстіртпен етектес жатқан Сам жайылымының мәселесін шешуге келген 1949жылғы сапарда болған. Сапар аяғында Жылыой ауданының орталығы Қосшағылкәсіпшілігінде мәжіліс өтті, онда ауатком төрағасының орынбасары сөзшең Ақаш Сейталин хабарламасының бастауында «ірі мүйізді қара» дегені сол-ақ еді Нұрекеңнің қалыпты мінезі нілдей бұзылып, «Қара малыңның мүйізі ірі ме, өзі іріме?» — деп, бір тоқтатты. Ақаштың құты қашты, сөзінен дәм кетті, сүріне берді,сүріне берді. Жағдайға, хабарламаға қанағаттанбаған Үкімет басшысы қабағынашпады, қатулық танытты. «Жұмысты осылай бейберекет атқарсаңдар, шай ішкенде детер шықпайтын жерге жібереміз!» — деп, қатаң ескерту жасады. Содан бері сегізжыл өтті. Сондай оқиға менің де басыма туғалы тұр ма деп қобалжыдым.

Әдетте облыстың бірінші басшысы іссапармен ауданды аралағанмен, алқалы мұндай жиылыстарға қатыса бермейтін. Нұрекеңнің бұл жолғы сапары қатты толғантты әрі ойландырды. Сындарлы сыннан өтерімізді бәріміз де жақсы сезіндік.

Жиналыс белгіленген мезгілде басталды. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін баяндама жасауға мінберге таяу барғанмын. Кенет Нұртас Дәндібайұлы баяндама қай тілде оқылатынын сұрады. Жиналысты орыс тілінде сөйлеп ашқанымда ескертпе жасамаған басшының ойда жоқ сауалына бір сәт тосылдым да, аудан орталығында өтетін конференция, пленум, сессия мәжілістері орыс тілінде жүргізілетінін, дағды бойынша баяндама сол ортақ тілде оқылатынын айттым. Ол: «Байқайсың ба, жиналысқа қатысушылардың дені қазақ және мәселе қарапайым ғана жұмыс жасайтын ауыл шаруашылығы туралы. Демек, қазақша сөйлеу керек!» – деді. Мен көмек күткендей залға қарадым. Отырғандардың көбі жасы үлкен сыйлас ағалар, тұйыққа тірелген күйімді ескерер, қиындықтан құтқарар деп ойладым. Үмітім ақталмады. Қайта: «Дұрыс, дұрыс!» – десті бірқатары. Шаршы топ алдында қысылғанымды қызықтауға көшкендей: «Қазақша, қазақша!» – деп дауыстады енді біреулері. «Естіп тұрсың ғой, – деді Нұрекең нығыздап. – Көпшіліктің пікіріне құлақ ас. Баяндамаңды қазақ тілінде жаса!»

Шегінерге жер қалмады. Ойымды жинақтап тәуекелге бел будым. Абырой болғанда қағазға түсірілген өз ойым, өз топшылауларым, өз сөзім, үтір, нүктелері орын-орнына қойылып өзім жазған мәтін, цифрлар да жадымда жатталған. Баяндау желісінен жаңылмау үшін анда-санда мәтінге көз саламын да, сөзімді жалғастыра беремін. Залда шыбынның ұшқаны естілердей тыныштық. Тыңдаушылардың не ойлағанын кім білсін, өзім мүдірмеуге тырыстым. Белгіленген мерзім – қырық бес минутта, дәлме-дәл баяндауымды аяқтағанымда иығымнан бес батпан жүк түскендей жеңілдендім. Ол кездің жан-дүниемде болған тебіреністі басуға, сезім толқуын саябырлатуға, бойды еркін ұстап, сөзді жамыратпауға, қанша күш салғанымды бір Құдайдың өзі біледі. Әйтеуір, ой мен жігерімді сәулелі сенім жетелегені хақ.

Баяндама қызу талқыланды. Көтерілген мәселелер сөйлеушілер тарапынан қолдау тапты, қосымша ұсыныс-пікірлер айтылып толықтырылды. Сынға ұшыраған тұстары да болды.

Нұртас Дәндібайұлы қорытынды сөзінде ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа техника мен технологияны ендіру арқылы техникалық прогреске қол жеткізу жолдары, ауыл мен қала аралық байланысты нығайту шаралары туралы айтты. Жиналыста жасалған баяндамаға қанағаттанғанын білдіріп, баяндаушының атына жылы лебізді мадақ сөз айтты. Бұл партия қызметкері ретінде үлкен сыннан өтуім еді. Содан кейінгі жылдарда Нұртас Дәндібайұлы қандай қызмет басында жүрсем де, мені рухани демеді.

Осылай Нұрекеңнің «мектебінен» сабақ алып, сынағынан өткен, шыңдалған шәкіртінің бірі санаймын өзімді.

…Жалған дүние баянсыз. Адам баласы өмір көшінің жолаушысы. Біреуденөшпестей өнегелі із, біреуден өрнекті сөз қалады. Тек дана тұлғалар халықтыңтарихына алтын әріппен жазылмақ. Солардың бірі – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов!».

Жәрдем КЕЙКІН,

қоғам қайраткері, ғалым.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *