КӨПБАЛАЛЫ ӘКЕ ШАШТАРАЗ АШТЫ

Қоғам
416 Views

Жалақыдан келесі жалақы алғанша ақшасын жеткізе алмай жүргеннен жеке кәсіп ашып, өзіңе өзің жұмыс істегенге не жетсін. Бүгінде елімізде қарапайым қызметкерліктен гөрі бизнес жүргізуге қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен көпшіліктің бизнес ашуға ниеті болғанымен біліктіліктері мен қаржының жетіспеушілігі кедергі келтіріп жатады. Сондықтан, мамандардың айтуынша, ең алдымен жеке кәсіп ашу үшін идеяны пісіріп алу керек. Көздеген бағытыңыз қандай, оған әлеуетіңіз, төзіміңіз бен уақытыңыз жеткілікті ме?

Міне осындай сауалдарға нақты жауап бере алған адамның кәсібі де табысы да тұрақты болмақ. Ал кірісетін кәсібің өзіңнің сүйікті ісің болса, тіпті мүмкіндік мол. Себебі, сүйікті ісің табыс көзіне айналғанда, одан түсетін табысты да шығынды да өзге де ұңғыл-шұңғылдары таныс болады. Нәтижелі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының діттеген мақсаты да осы. Өзіңе етене таныс, сүйікті істі кәсіпке айналдыруға жан-жақты қолдау көрсету.

Нәтижелі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отырғандардың бірі Мақтаарал ауданының тұрғыны – Ержан Абылаев.

Жыл басында аталған бағдарлама аясында арнайы үш айлық курс аяқтап, 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын, атап айтқанда, шаш қысқартуға қажетті машинка, кресло, айна сатып алып, бүгінде шаштараз ісін дөңгелетіп отыр.

Кейіпкерміз Ержан Абылаев жоба аясында арнайы курстан өтіп, теориямен қатар практикалық тәжірибе жинағанын айтады. Бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант ұтып алды. Ержанның жалпы, жастайынан шаш қиюға икемі болыпты. Қолынан келетін, өзі жақсы білетін ісін кәсіп көзіне айналдырғанына қуанышты.

Қазір қай жерде болмасын, шаштараз орталықтары керек. Шаш қиюмен қатар қыз-келіншектердің шашын бояп, түрлі шаш үлгісін де жасайды. Қазір шаштараз көп. Тұтынушылардың талғамы да әрқалай. Қазір бұрынғыдай емес, балалардың өзі ерекше үлгіде шаш қидырады. Әрқайсысының қалауы, талабы, талғамы әрқалай. Әлеуметтік желілердегі шаш үлгілеріне қатысты парақшалардан түрлі образдарды саралап тас-түйін келетін клиенттің көңілінен шығу да оңай емес. Ол үшін ең алдымен клиенттің ойын оқып, қалауын дөп басу қажет. Ол аз болса, клиенттің ойына ой қосып, жаңа идеялар, жаңа образдар ұсыну қажет болады. Ол үшін ең алдымен жан-жақты ізденіп, еңбек ету қажет. Сонда ғана табыс артып, клиенттер саны арта түседі дейді кейіпкеріміз.

Ержан осыған дейін жалдамалы жұмысшы, шаштараз болып жұмыс істеп келген. Оның бұрыннан-ақ өзін іздеп келетін клиенттері жетерлік. Алайда, жеке кәсібін ашып, шаштараз ісін жүргізуге мүмкіндік болмаған. Грант қаржысы оған осынау жоспарын іске асыруға сеп болып отыр. Ауыл тұрғыны шаштараз аша салысымен дереу клиенттердің сұранысын зерделей бастады. Ең алдымен жақсы, қолынан іс келетін ұшқыр қиялды мықты мамандарды, шеберлерді жұмысқа тартты. Қазір бүкіл аумақ шаш қидырту үшін осы шаштаразға келеді. Себебі, мұнда шеберлер клиент көңіліне шығу үшін түрлі шаш үлгілерін ұсынып, сапалы қызмет көрсетеді.

Кезінде көп жылдар бойына өзі жалдамалы жұмыс істеп жүрген Ержанның бүгінде өз кәсібі бар. Өзінің шеберлері бар, алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер айын қомақты табыс тауып отыр. Ержан көп балалы әке. Отбасын асып отырған шаштараз шеберханасын кеңейтіп, кәсібін арттырмақ ойы да бар. Ол үшін алдымен мамандардың біліктілігін көтеру керек деп біледі ол. Қазір шаштаразда жұмыс істеп жатқан шеберлерін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арнайы оқытулардан өтіп, біліктіліктерін жетілдіреді. Арнайы курстардан мамандар жаңа заманға сай шаш үлгілерін, шаш қиюдың тың әдістерін меңгеріп, клиенттеріне ұсынады.

Шаштараздардың көптігі соншалықты, қазір клиенттерді көбейтудің өзі проблема. Мұның тетігі шебердің мықтылығында дейді кәсіпкер.

– Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың берері көп, – дейді кәсіпкер. Бұл бағдарлама әсіресе, жұмыссыз жүрген ауылдықтар үшін тиімді екені сөзсіз. Себебі, ауылдық елдімекендерде жұмыс беруші мекемелер қалаға қарағанда едәуір аз. Сондықтан да әркім қолынан келетін, сүйікті істерін кәсіпке айналдырып, табыс көзі етуі бұл бір ғана отбасын асырап қана қоймайды. Ауыл-аймақтың өсуіне, дамуына өзіндік үлес қосады. Грант иегері өзін ғана жұмыспен қамтып қоймайды, ауылдағы жұмыссыздықпен күресіп, жергілікті тұрғындарға екі қолға бір күрек ұсынады. Жаңа қызмет түрлерін ұсынып, жаңа өнімдер шығарып, кәсіпкерлікті дамуына үлес қосады. Бұл халық үшін аса пайдалы.

Аталған бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға өз кәсібін ашуға көмек көрсету.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *