МЕДЕУ ПҰСЫРМАНҰЛЫ ХАҚЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

Таным
3 259 Views

Біз Медеу жайлы не білеміз? Әйгілі Медеу мұз айдыны мен бір ауданның есімін алып отырған Медеу кім? Қазір күллі қазаққа белгілі Медеу жайлы әңгімелегенде алдымен оның шыққан тегі, әкесі жайлы әңгімелегенді жөн көрдік.

Медеудің әкесі Пұсырманның арғы бабасы шежіреге үңілер болсақ, ақындар мен батырлар елі атанған – Шапырашты, соның ішінде Есқожа. Есқожадан үш ұл – Алысай, Алтынай, Шуаш. Алтынай – қатарынан аты озған, сөзі дәуірінде дүрілдеп жүрген, айтқаны келген әулие, шешімін кесіп айтқан, бәріне абыз атанған қадірлі жан болған. Алтынайдың бәйбішесінен алты ұл – Қойшегір (Бессары), Байшегір, Жаншегір, Бекшегір, Нұршегір, Болай, екінші әйелінен – Тоқтамыс, Шағаман, ал үшінші әйелінен – әйгілі Қарасай батыр туған.

Болай – еті тірі, пысық, жұртты ерлікке, диқаншылық кәсіпке шақырып, жақсы іске ұйтқы болған. Болайдың – Бикісі, Құлкісі, Боранғазы, Жолдыбай, Шақа деген бес баласы да намысын ешкімге жібермеген ынтымағы жарасқан, әрқашан қазақ-қырғыз арасында бедел-абыройға ие болған дәулетті ата екен. Болайдың кенжесі Шақадан – Жайықбай, Дүйсенбі, Доғалақ есімді үш ұл тарайды.

Жайықбай – қолы ашық, төрінен қонақ үзілмеген, кермеден ат кетпеген жомарт жан болыпты. Жайықбайдан – Малбасар, Сәмен, Құл. Ал, Құлдан – Пұсырман, Серікбай, Төлебай, Күзенбай, Саркөбек. Енді міне, осы Пұсырманнан – Күртібай, Медеу, Батырбек атты үш ұл тарайды, – деген еді бізбен әңгімесінде ғалым, педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүштай Батырбеков ата шежіресін жан-жақты таратып.

Пұсырманды ел-жұрты, замандастары “Ойжелке Пұсырман ер” деп атап кеткен. Пұсырман Сұраншы батырмен түйдей құрдас екен, екеуі керемет дос, бауыр болған.

– Хан Кәшкенің ұрпағының тізесінен қос адым төмен отырасыңдар, – дейді Сұраншы батыр қырық құрсаулы, тоқсан баулы хан Кәшкенің туын тігіп қойып, – Бірақ оң жақ тіземнің жанында ойжелке Пұсырман ғана отырады. Ойжелке Пұсырманды өлімнен екі рет алып қалдым, ол бір рет жау оғынан сақтап қалды. Екеуміз ит жейдеміз бір жылы тозған төл құрдаспыз ғой, ажал бізді алуға асықпапты, ақыреттік дос осындай болар, сарбаздарым! – деп Пұсырманды қасынан тастамаған.

Ойжелке Пұсырманның ерлігі, Сұраншымен достығы жайлы жазушы Мұхаметжан Етекбаев жазды. Пұсырмандай ерден қалған асыл тұяқ – Медеу есімі күллі жалпақ жұртқа танылды. Ол өзінің кім екенін замандастарына ісімен, өнеге-үлгі ғұмырымен танытты.

*   *   *

Медеу 1850 жылы Жетісу губерниясы, Кіші Алматы болысының Верный уезіндегі №3 ауылда, қазіргі Іле ауданындағы Түймебаев атындағы ауыл тұрған жерде дүниеге келген. Медеу – сәулетіне дәулеті сай, арабша да, орысша да хат таныған дәулетті болған адам. Сондықтан да өскен ортасына көмегі көп тиген. Әсіресе табиғатқа шын жанашыр бола білген.

1902 жылғы ашаршылықта Медеу аш адамдарға барынша көмектесіп, қазақтың “Балдан тамады, бардан жұғады” дегендей, кедей-кепшік, шығайларға көп болысып, жәрдемдесіп, олардың қашанда таптырмас қамқоршысы болған және де ет дайындауда және оны ашыққандарға бөліп беруде үлкен көмек көрсеткен. Әсіресе, патша әскерлері де сол таулардың бөктерінде әскери жаттығу жұмыстарын атқарып жүргендерге де тамақ пен қымыз-сусынды тегін беріп отырған. Халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан ел-жұрт та оны қатты сыйлаған.

Медеу тарихына тереңірек бойлау үшін алдымен Жетісу өлкесінің сол ғасырдағы тыныс-тіршілігінен бастау керек. Өйткені, сол уақытта Верный бекінісінің салына бастауы, соған сәйкес осы төңіректегі әлеуметтік өзгерістер, жергілікті халықтар мен орыс халқы арасындағы қарым — қатынастардың нығая түсуі, тағы басқа тарихи жағдайлардың Медеу есіміне де қатысы бар.

Белгілі саяхатшы А.К. Гейнс Алматының орнына алғаш салына бастаған бекіністің Верный аталғанын былайша түсіндіреді. Генерал-губернатор Г.Х.Гасфорттың София, Надежда, Вера есімді үш қызы болған. Генерал сүйікті қыздарының құрметіне ертеден бері Талғар, Есік, Алматы атанып келген қоныстардың орнына тұрғызылмақшы болған станица әскери бекіністі Софьяно, Надеждино, Верино деп атауды ұйғарады. Соңғы атау (Верино) І Николай патшаға аса ұнамайды да Вериноны сызып тастап үстіне Верный деп сойдақтата салады.

Жалпы Медеу жайлы айтқанда Алматы қаласының арғы-бергі тарихына көз жүгіртпесе болмайды. Алматы мен Медеу тығыз байланысты. Қала атауының пайда болуы кездейсоқ жағдай емес. Ежелгі заманнан Жібек жолымен жүріп өтетін керуендерді Іле Алатауының баурайында гүлдеген кезінде өңірді түрлендіріп жіберетін жабайы алма ағашы тоғайы қызықтыратын. Бұлар негізінен алма ағашының алты мыңнан астам сортының арғы тегі болып саналатын жабайы алма ағаштарынан тұрады. Оның генотипі ең ежелгі генотип болып есептеледі және биологтардың пайымдауынша, оның биологиялық өрісі өте күшті болып келеді. Біздегі жабайы алма ағашының генетикалық ресурсы селекция үшін төзімділік генінің көздері бола алады. Алайда, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасыр оған айтарлықтай нұқсан келтірді: тау бөктерлеріндегі алма ағашты тоғайын аяусыз кесу бірте-бірте алма ағашының арғы тегінің жойылып кетуіне әкеп соқтыруда.

1867 жылдың 11 сәуірінде Верный бекінісіне қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Үйлер, негізінен алғанда тастан салынды, соған қарамастан, қала төңірегіндегі ормандарды кесудің кең құлаш жайғаны соншама, Жетісу облысының алғашқы губернаторы әрі казак әскерлерінің алғашқы тағайындалған атаманы генерал Герасим Алексеевич Колпаковский орманды бұдан әрі бақылаусыз кесуге, одан соң ағаштан үйлер тұрғызуға қатаң тыйым салуға мәжбүр болған. Ормандарды кесуден сақтау мақсатында Верный қаласының төңірегіндегі шатқалдарға қарауыл қойылды. Көптеген шатқалдар қарауыл сарбаздардың есімімен – Бутаковское, Каменское, Ремизовское … шатқалы деп аталды.

Қалада Медеу бастаған дәулеттілердің қолдауымен салынған бірнеше мешіттің жанынан мұсылман мектептері ашылды. Медеу генерал-губернаторға қалада және оның төңірегінде орман-тоғай, бақтарды отап жатқандығы туралы бірнеше рет арнайы ашына айтады. Осыны ескерген губернатор Г.А.Колпаковский 1874 жылы Верныйдың бүкіл үй иелеріне өз үйлерінің көше жағына екі қатар етіп ағаш отырғызуды ұсынған. Ал 1878 жылы Верныйға келген белгілі ботаник А.Э. Регель жасыл желектердің молдығына назар аударып, бағбан-ғалымдар – Фетисов пен Э.О.Баумның және Медеудің осынау игілікті іске қосқан үлестерін атап көрсетеді.

1887 жылы өте күшті апат – естен кетпес жер сілкінуі болған. 28 мамырда таңғы 4 сағат 35 минутта жер астынан гуіл естіліп, ізінше жерасты дүмпуі сезілді. Бірнеше минут өткен соң бұдан да күшті дүмпу болып, жердің кенет теңселуі екі минутқа дейін созылды. Қаланың ұйқы құшағында жатқан тұрғындары оянбаған күйінде опат болды. Қала толығымен дерлік қирады. Гимназия, шіркеумен қоса архиерей үйі, губернатордың үйі секілді кірпіштен тұрғызылған үлкен үйлер қатты зақымданды. Собордың шіркеу мұнарасы, Покров шіркеуі… құлап түсті. Тауда адам сенбейтін гүрсіл естіліп, шың-құздар құлап, аңғарларды, жолдарды, ауылдарды, тұрақтарды, адамдар мен малды басып қалған. Қала бірнеше күн ауыз сусыз қалады. Зақымданбаған бірде-бір ғимарат қалмаған. Ағаштан салынған үйлер аман қалған, олардың пештері ғана қирап, терезе әйнектері сынған. Қала мен оның төңірегіндегі 483 адам қаза тапқан, жараланғандардың саны анықталмаған. Қаза тапқандар осы жердегі зиратқа жерленген. Мұнда қазір 28 гвардияшы – панфиловшылар паркі орналасқан.

Жетісу облысының әскери губернаторы 1887 жылдың 1 маусымында берген бұйрығында: “Жер сілкінуі кезінде кірпіштен салынған үйлердің осалдығы анықталуына байланысты алдағы уақытта үйлерді тек ағаштан тұрғызу ұсынылады”, – деп жазған.

1889 жылы тағы да жер сілкініп, ол 30 маусымнан 3 шілдеге дейін – төрт күнге созылады. Бірақ құрылыстар аз болып, мұның үстіне жаппай дерлік ағаштан тұрғызылғандықтан, қала айтарлықтай қираған жоқ. Осы екі зілзала кезінде Медеу қайғыға ұшырағандарға ел-жұртын жинап ерекше көп көмек көрсеткен.

Ресейдің оңтүстігінде көзге түспейтін алма сорты Верный қаласында зор биологиялық “дүмпу” жасады. Ал, осы іске Медеу Пұсырманұлы тікелей араласып, орыс биологтармен бірігіп керемет апорт сортын өсірді.

Қаладағы селекционер Н.Т.Моисеевтің бағынан 1913 жылдың көрмесі үшін іріктеліп алынған апорт алмасының салмағы 3 фунтқа (1 фунт – 409,5 грамм) дейін жетті. Барлық талаптарға сәйкес өсірілетін болса, апорттың “Император ІІІ Александр” сорты қазіргі кезде де жемісінің көлемі мен әдемілігі жөнінен алдыңғы орынды бермейді. Бірақ жаңа сорттың басты құраушысы – жабайы алма ағашы біздің тау бөктерлерімізден жойылып барады. Алматы маңайындағы тау бөктерлерін табиғаттың өзі алма ағашының жақсы өсуіне лайықтап жаратқандай: топырағының минералдық құрамы, күннің нұр шашу уақыты мен мөлшері, жауын-шашын мен қолайлы температураның мөлшері – керемет топырақ-климат жағдайларын түзеді.

Агроном-ғалым Теңізбай Қаймұратов «Алмалы» тәжірибе шаруашылығында басшы болған кезеңде 900-1000 граммға жететін апорт алмасын өсіріп, үлкен бақты күтіп баптаған. Медеуді Алматы апортының атасы деуге болады.

Орыс-қазақ мектептері жұртшылық арасында кең қолдау тапты. Верныйдағы ерлер гимназиясында арнаулы қазақ пансионы жұмыс істеді. 1896 жылы гимназиядағы 226 оқушының 22-сі қазақ балалары болды. Верныйдағы бағбандық училищеде де ауыл қазақтарының балалары оқып, білім алды. Медеу бұл оқу орындарына ауыл-ауылдан балалар іздеп, тауып әкеліп оқытты.

Осы кезде Алматының жасыл желекке бөленуіне үлкен еңбек сіңіргендердің бірі – Эдуард Оттанович Баум (1850-1921). Ол Медеумен құрдас, дос, жегжат болып, Алматыны абаттандырып, бақ өсіруді бірігіп қолға алды. Атақты ғалым 1892 жылы “Қазына бағын” (Баум тоғайы) жасайды. Үш жарым шақырымға созылған бұл тоғай қазірде қала халқының демалатын жері болып отыр. Қала көшелерін қуалай ағатын арық және Абай даңғылындағы бас арық та Баумның ұсынысы бойынша 1894 жылы салынған және қаладағы барша үй иелері өздерінің тұрған-жайларының маңына екі қатардан белгілі бір ағаш тұқымдарын отырғызуы тиіс (емен, жөке, қайың, итальян қарағашы, пирамида тәрізді терек, ақ терек, тағы басқалар), қара теректі отырғызуға тыйым салынған. Себебі қара теректен ұшқан ұлпалар көшені әрдайым ластайды екен.

Медеу Пұсырмановтың қала салынуына араласқан тұсы ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары. Верныйдағы белгілі-белгілі адамдармен араласып, сыйластықта өмір кешуі және де атақты ғалым, ұлты неміс Э. О. Бауммен ерекше достасады. Осы тұста Медеу Пұсырманұлы Жетісу губернаторының атына хат жазып, Кімасар аңғарының бойындағы генерал Г.А.Колпаковскийдың жер сілкінісінен құлап қалған саяжайының жанына үш ағаш үй салуға рұқсат сұрап, сол үшін де 1897 жылы 20 түп ағаш сатып алып, олардың құрылыс қажетіне дайын тұрғанын айтады.

Бұл өтінішке орай губернатор: «Верный уезінің басқармасына, Сіздің қарамағыңыздағы уездің қазағы Медеу Пұсырманов қала барлауыңызды – шаруаға қажетті үй салуға жалпы еш әкімшіліктің қысымынан қорықпай әрекет етуге толық мүмкіншілігі бар” деп жауап қайтарады. Осылайша Медеу қазіргі “Медеу” қонақ үйі қоныстаған орында ағаш үй салу ісіне кіріседі. Бірақ Медеудің таудағы саяжайы құрылысы 1898 жылы сәтімен аяқтала қалған жоқ. Осы тұста Медеу тағы бір хатты Жетісу облыстық әскери губернаторының атына 1998 жылы 20 қарашада жазған. Ол хатта: “Жоғарғы Мәртебелі тақсыр, Сізге Кардондағы саяжайды ағаштан бес бөлмелі үй салып жатқандығымды хабарлай отырып, төбесін қаңылтырмен шатырлатып, біржолата аяқтау үшін қажетті ағаш бөлсеңіз екен деп өтінемін. Жол жүріп кетуіме себепті биылғы жылғы ағаш саудасына қатыса алмауым, ағашқа жәрдем етпесеңіз, төбесі ашық үй жауын-шашынмен ұзамай шіріп кетуі мүмкін, сондықтан дауыл құлатқан он түп ағашты, қыс түсе қармен сүйреп жеткізіп алсам деп едім, орманшылар билетсіз ағаш босатпайды”. Осы өтінішке жауап сол 1898 жылы 28 қарашада Жетісу облыстық Мемлекеттік мүлік басқармасы арқылы ағашқа рұқсат беріледі де Медеу Пұсырмановтың саяжайы салынып бітеді. Бір айта кететін жағдай қазіргі “Медеу” қонақ үйі (1974 жыл, архитекторы – В.З.Кацев) орнында сәулеттік бітімі келіскен ағаш үй, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін қаз-қалпынша сақталған. Ағаш үйдің сыртқы ішкі пішінін ойша шолғанда үйдің жобасын сызуда екі адамның есімдерін айтуға болады. Соның алғашқысы орыс азаматтығын қабылдаған ұлты француз Павел Васильевич Гурд. Медеудің таудағы саяжайын тұрғызуға қатысқан екінші адам талантты архитектор әрі әскери инженер А.П.Зенковтың әкесі – П.М.Зенков болған. Ал оның баласы Андрей Зенков Медеумен достық қарым-қатынаста болған. Қазақша таза сөйлейтін қазақтардың ортасында көп болуды ұнататын белгілі сәулетші А.П.Зенковтың қазіргі “Целинный” кинотеатры орын тепкен орында бой көтерген Медеу үйінің жобасын сызып беруі де сол жақын білістіктің бұлтартпас дәлелі. Масаншы мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы Медеудің төрт ағаш үйіне қосымша монша тұрғызған (біреуі бес бөлмелі), барлық үйлердің төбесі қаңылтырдан жабылған. Бұл сол кездегі ең әсем, ғажап құрылыс саналған.

Медеу Пұсырманов өз тұсында генерал Г.А.Колпаковский, бағбан-ғалым Э.О.Баум, атақты архитектор А.П.Зенков сияқты белгілі адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған. 1905-1906 жылдары Медеу Пұсырманов Меккеге сапар шегеді. Ол Меккеден қайтар жолында Петербургке соғып, сонда түскен фотосуреттің бірін Верныйды аралағанда Зенковқа сыйға тапсырған.

Медеу 1906 жылы Меккеден оралғанда Верный қаласында 27 мың тұрғыны бар кішігірім қала кейпінде болатын. Қаладағы тұрғындардың арасында қазақтардың жалпы үлес саны 5 пайызға әрең-әрең жететін еді. Қажы атанып келген Медеу қазақ қоныстанушыларға мейірімі артып 1900-1907 жылдар аралығында жұмыс істеген Ағарту қамқоршылардың Верный қоғамына жәрдемдескен, қалаға қазақтарды көшіріп әкеліп, үй соғып беріп, түпкілікті қоныстандыруға айырықша ден қояды.

Медеу Герасим Алексеевич Колпаковскиймен (1819-1896 жылдар) жақын аралас, жақсы пікірлес болғандығын Медеуге қатысты деректердің қай-қайсысы да қуаттайды. Г.А.Колпаковский 1867 жылдан бастап Жетісу губернаторы әмбе казак әскерінің бірінші атаманы болғандығымен ғана емес, қайта әскери қызметте жүріп қазақ халық өкілдеріне біртабан болысып, жақын жүргендігімен де белгілі. Халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы күндеріне дейін онымен хат-хабар алысқан. Шоқанның көптеген қолжазбаларын, жарық көрмеген еңбектерін, хаттарын жинастырып ықтиятты түрде Г.Н.Потанин, Н.И. Веселовскийлерге жолдау, Шоқанның қабіріне ескерткіш орнатуда Герасим Алексеевич табандылықпен қамқорлық көрсеткен. Жетісу өлкесінде жүргізілген Г.А.Колпаковскийдің өмірбаяндық, әскери қызметі және жеке өміріне қатысты деректерді жинастыру науқанына қатысушылардың жуан ортасында Медеудің есімі өте жоғары сатыда айтылатынын айта кету жөн.

Верный 1900 жылдың бас кезінде дворяндық патшалық шенеуніктердің, бай-манаптардың провинциялық қаласы болып қала берді. Пугасов, Иванов, өзге де ірі көпестердің шарап және сыра зауыттары, Колпаков пен Пестовтың тері илейтін ұсақ кәсіпорындары – Верныйдағы негізгі-негізгі өндіріс ошақтары болды. Мұның үстіне екінші бір қиырдан, Жетісу жәрмеңкелерінде сан мыңдап мал сатып алып, жүн, тері шикізатын өндіретін Тәжібай Малдыбаев, ағайынды Қуанышевтер, Медеу Пұсырманов секілді кәсіпкерлердің есімі елге жайылды.

1905 жылы Верныйда Медеудің қолдауымен Орманшылар мектебі тұрғызыла бастағанда “Медеу қыстауы” делінбей “Медеу шураты” деп көрсетілген. Кейін де Орманшылар мектебіне құрылысшы мамандығы бойынша оқушылар қабылдайтындығы жөніндегі хабарламада “Медеу шураты” деп анық жазылған.

Ал енді Медеу тарихын сөз еткенде, қабырғалы сұраулардың бірі кәмпеске мәселесіне қатысты. 1918 жылдың мамырында Верный уезінің Шамалған, Жайылмыс, Шапырашты, Үлкен Алматы, Кіші Алматы (Медеу осы болыстыққа жатқан еді), Батыс Талғар болыстарында жүргізілген ірі байларды кәмпескелеу жұмысын белгілі күрескер Тоқаш Бокин басқарады. Керісінше ол Медеудің ізгі істерінен хабардар болғандығын, оның балаларына қалған мұрасы өзге байлармен салыстырғанда болмашы ғана деп балаларын кәмпескеден алып қалады. Әйтпесе 1918 жылғы 19 наурызда Жетісу Халық Комиссарлар Кеңесі бекіткен №1 декретте көрсетілгендей Габидулаев, Курганов, Шахварыстов, Иванов, Пугасов сияқты Верный қаласының 20 шонжарымен бірге Медеу ұрпақтары да тізімге алғашында ілігіп, кейін сызылып қалған.

1929 жылы қазіргі Медеу қойнауына белгілі қазақ ақыны, композитор, әнші Иса Байзақов пен партия, кеңес қайраткері, сол уақыттағы республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев демалуға келгенде Медеудің балаларына қолда бар, әкеден қалған азын-аулақ малдарыңды мемлекет меншігіне өткізген-дерің жөн деп кеңес береді. Медеу балалары ертесінде-ақ асыл тұқымды жылқыларын өз еріктерімен қоғам меншігіне өткізіп, ұжымшар мүшелігіне кіреді. Медеу Пұсырманов Жайшыбек, Омарбек, Рахым, Ахметбек, Мамытбек, Айдарбек, Нәзірбек, Нүсіпбек, Сейдахмет, Шаймардан, Шаяхмет, Шайкамал есімді он екі ұл, сегіз қыз бала сүйеді. Олардың бірнешеуі Ұлы Отан соғысында қаза болған. Медеу қажы үш әйел алған. Медеу қажы 1908 жылы дүние салғанда қалың қазақ жиналып, қабырғаларына қайғы батып төрт бұрышына төрт адам тізе бүгіп, отырып намаз оқи алатындай кең қабырғалы күмбез тұрғызылып, барша сый-сияпатымен жерлеген. Деректі прозаның жүйрігі, жазушы Бейбіт қажы Сапаралы “Қазақ әдебиеті” газетінде (№29, 19 шілде 1985ж) “Медеу кім?” деген мақаласында Медеу жайлы кеңінен сөз етеді.

*   *   *

Сексеннің төріне келіп қайтыс болған шежіреші, көкірегі даңғыл, көзі ашық Мырзаят Миркаримов ақсақал Медеу жайлы талай-талай шежіре әңгімелерді айтудан жалықпайтын. Бұл кісі – Медеу атамыздың күйеу баласы. Арнайы өзім ұйымдастырып, Медеу атамыздың бейіті басына құрбан шалып, құдайы тамақ бергіздім. Сонда тоқсанға келген немересі Гауһар Омарбекова апамыз мынандай әңгіме айтқан:

– Медеуге Қыдыр ата ықыласы ауып, бата беріпті. Сен тау-тасты аралап, жеміс-жидек көшетін тасып, жаңа тұқым өсіріп жүрсің. Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер. Сондағы Қыдыр атаның Медеуге берген батасы мынау екен:

Малсызға малға балап ұйқы береді.

Арсызға арға балап күлкі береді.

Керілген керауызға өсек сөз – түрпі береді,

Ерінбеген ерге байлық пен

жылқы береді.

Байлық барға бітеді,

Қара күш нарға бітеді.

Батырлық алып – зорға бітеді,

Төккен терің ақталып,

Ісің тек оңға бітеді, – депті.

Содан Медеу атамның тіккен шыбығы да, отырғызған көшеті де дүр көтеріліп, неше түрлі жеміс-жидек өсіріп, елді таң-тамаша қалдырыпты. Алматы апортын алғаш өсірген де – Медеу. Ол белгілі бір жерге – мына Алатау етегіндегі белдеу-алқымына ғана керемет өседі. Медеу атамыздың асыл тұқымды жылқы, сиырлары сонау Қапшағайдан Мыңжылқыға дейін қаптап өсіп, өріп жүрген.

Қыдыр қонған, қызыр шалған сәулетіне дәулеті сай Медеу жайлы аңыз әңгіме, өлең-жырлар көп-ақ. Ұлы Жамбыл өзінің Құлмамбетпен айтысында Медеу жайлы былай дейді:

Алматыда барамын Медеу байға,

Алматыдай шаһарда –

Он бес мың теңге төктіріп,

Көк күмбез үйді салдырған.

Асыл тастан оюлап,

Қарасаң көзді талдырған.

Арғы шетін айтайын:

Ташкент пен Наманган

Ақша деген немеңді

Көп қапқа салып алдырған.

Ел көшкенде қазынасын,

Алты нарға арттырған.

Асыл кілем жаптырып,

Жібектен арқан тарттырған,

Алатауды бөктерлеп,

Бұдан да сырғып өтейін.

Қалай айтсаң, олай айт,

Құлмамбет саған төгейін!

Медеу Пұсырманұлы – ғажап бағбан, білімдар, бірнеше тіл білген. Жасынан орысша оқыған ол орыс ұлықтарымен емін-еркін тең дәрежеде сөйлесе алатын болван. Сондықтан да олар үнемі Медеумен санасып, ақылдасып отырған. Қазақ байлары, орыс көпестері Г.А.Колпаковскийді қонаққа шақырса “Медеу онда бола ма, ол болмаса бармаймын”, – дейді екен.

Медеу Пұсырманұлы қандай іс атқарса да тиянақты істеген. “Мал жисаң – өрісін тап, ас жисаң – ыдысын тап” демекші, Ұлы Жібек жолындағы керуенші, саудагер, саяхатшылармен жегжат-жұрат болып, асыл тұқымды мал өсірген, неше түрлі жеміс-жидек әкеліп, будандастырып отырғызған. Бір асыл тұқымды тайға бір үйір жылқы беріп айырбастап алып кетеді екен. Медеудің ұсынысымен бүкіл өңірде өсіп тұрған ағаш, жемісті, орман-тоғайды сындырған, шапқан адамдар қатты жазаланатын болған.

Алғаш құрылысы басталған Верный қаласына Медеу бес керемет сән-сәулетке сай әдемі ағаш үй салдырған. Қарғалыдағы Сәт мешітін салдыруға көмектескен, өзен бойына диірмен тұрғызып, бау-бақша өсірген.

“Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан” демекші, Медеу атамыздың ата қонысында бүгіндері әсем де әдемі Алматы қаласы бой көтерді. Оның бір ауданы – Медеу атымен аталады. Әйгілі Медеу шатқалында Медеу мұз айдыны бар.

Елбасымыздың көрегендігімен рухани жаңғыруға арналған бағдарламасына орай Медеу Пұсырманұлы жайлы кешенді мынадай игі істерді атқару керек деп білеміз:

– Медеу бейіті қалың қорымның ішінде ескерусіз жатыр. Алматы қаласы мен облысы қасиетті де киелі Медеу атаның зираты басына күмбез орнатады деп сенеміз.

– Медеу мұз айдынының алдында ескерткішін тұрғызып, сол жерде музейін жасау керек. Бұл музей тек Медеу ғана емес бүкіл Алматы қаласының арғы-бергі тарихы, Медеу шатқалы жайлы мол мағлұмат-дерек беретін орын болар еді.

– Медеу сай-шатқалын ЮНЕСКО тізіміне енгізген жөн. Бұл шатқал-сайында археологиялық зерттеулерде сонау қола дәуірінде өмір сүрген жерлестерміздің шырағданы, тағы басқа көне заттары табылып жатыр. Бұл ара – сонау көне заманнан бері қарай ел билеушілердің ордасы болғандығын ғалымдар дәлелдеуде.

Ал, Медеу сайында өсетін табиғаттың сан түрлі ағаштары мен өсімдіктері әлем туристерін таң-тамаша қалдырып жүр. Атақты Асанқайғы бабамыз «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» депті.

– Алматы қаласында арнайы «Медеу саябағын» ашу керек.

– Алматы қаласында «Медеу айлығын» жариялап, барлық оқу орындарында Медеу жайлы сабақтар өткізсе.

– Мектеп оқушылары арасында «Медеу кім?» деген тақырыпта шығарма жаздыртып, конкурс ұйымдастырса.

– Медеу атында спорттық, туристік жарыстар жүйелі өткізіліп тұрса.

– Медеу Пұсырманұлы жайлы кітап жазылып, деректі фильм түсірілсе, ел-жұртқа оның ғұмырнамасы, істеген игі істері жайлы ауық-ауық айтылып, түсіндіріліп тұрса игі болар еді.

– Рухани жаңғыру талаптарына орай Медеу шатқалы, жалпы Алатау аймағындағы сай-сала, өзен, тау-шыңдарға – ежелгі атауларында қалай аталса сол аттарын қайта беру қажет.

Тіпті Алатаудың өзін Тәңіртау деп жазған кейбір ағаларымызға да мүлде келіспейміз. Тәңіртау бір шоқы-шыңның ғана аты, ал Алатау – ұланғайыр алып тау.

Біз белгілі картатанушы-географ Молдияр Серікбаев ағамызға өтініш айтып, Медеу Пұсырманұлының атақонысының картасын жасатып алған едік. Медеу Пұсырманұлының жаз жайлау, қыс қыстауы – қазіргі Қапшағай қаласынан жоғары сонау Мыңжылқыға дейін созылады.

Медеудің ұрпақтары арасынан Беделбай, Жыланкөз, Орысбай секілді егіншілік, бағбандық секілді әке кәсібін тиянақты әрі жалғастырып, ел есінде қалғандары көп. Әттең шіркін, Медеуді қажы-діндар деп, бай-кулак деп Кеңес өкіметі кезінде есімін де, игі ісін де ататтырмай ол жайлы жазылмады, зерттелмеді, ұрпақтарын қудалады. Нұр жауған, қыдыр қонған бұл әулет бүгін өсіп-өнген “Әкеге қарап ұл туады, шешеге қарап қыз туады” демекші, Медеу ұрпақтары арасында елге танылған азаматтар көп-ақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *