ОЙ САЛАР

Әдебиет
541 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

87

Оспадар бұқа болып сүзем дейді,

Ақымақ аққу болып жүзем дейді.

Есерлер, туа бітті санасыздар,

Мұрнына май құйсаң да түзелмейді.

88

Екінші, Алладан соң Ана дер ем,

Жарқырап Ана барда жана берем.

Сен үшін басын тігер өлімге де,

Сенімді болат қорған пана дер ем.

89

Бәріңе құшағымды айқара ашам,

Өкініп кейде басты шайқамасам.

Ей, досым адамдардың аласы көп,

Ертең жау бүгінгі дос байқамасаң.

90

Білмеймін ақыр заман тақалды ма?

Ағымға шет елдегі шатылды ма?

Үзетін тепсе темір жастарымыз,

Айналды келте балақ, сақалдыға.

91

Достарың адал болса алаңдама,

Қызығып дүниеге жалаңдама.

Достарға сыйлы болам десең егер,

Ешкімді мінін айтып жамандама.

92

Жағымпаз жорғалаған құрдай болып,

Шешінер ел алдында тырдай болып.

Алынды үй қамаққа шенеуніктер,

Абырой атағынан жұрдай болып.

93

Жазасын тойымсыздың берер Алла,

Күніміз не болады көрер алда?

Атағын, абыройын сақтамаған,

Білмеймін не жетпейді «Генералға».

94

Шенеунік ұят кеткен беттерінен,

Үлгі алмай адалдықтың кептерінен.

Елбасы сенім артқан лауазымдар,

Отырды үй қамаққа шеттерінен.

95

Бәрі де мінбелерден мақтануда,

Кейбірі жыртылуға шақ қалуда.

Қаншама миллиардты жымқырса да,

Ептілер ебін тауып ақталуда.

96

Кезі жоқ тойымсыздың тоятұғын,

Түрі жоқ әдеттерін қоятұғын.

Жымқырған ел байлығын шенеуніктің,

Заң керек екі көзін оятұғын.

97

Өзімді сұрақ беріп мазалаймын,

Ақыл мен жаман ойды тазалаймын.

Ойланып ағат кеткен жерлерімді,

Кейде мен өзімді өзім жазалаймын.

98

Мың жауға жалғыз ердің татыры көп,

Жүрмейміз ешбір елдің ақыры боп.

Қазақтан асқан ұлт жоқ байқасаңдар,

Қорғаған ел мен жерді батыры көп.

99

Ұқтырам деп ойлама ұқпайтынды,

Ықтырам деп ойлама ықпайтынды.

Кейде бір ісің түссе жан қиналып,

Таппайсың сөздеріңді жықпайтынды.

100

Көңілің жақсы сөзбен жайланады,

Достық жіп үзілместей байланады.

Жағымпаз, кетсең егер лауазымнан,

Бір күнде сенен теріс айналады.

101

Байлардың басы байлы құлы болдық,

Көрінер ішкі сырың шыны болдық.

Дос түгіл ата-ананы алдап арбап,

Заманның ұяты жоқ сұмы болдық.

102

Білім ап, ұл-қызымыз толысса да,

Ит болып жабысады қонышқа да.

«Ана тіл» күйін кешіп мүсәпірдің,

Айналып бара жатыр «орысшаға».

103

Сенімін ата-ананың ақтамайтын,

Дәстүрін қазағымның сақтамайтын.

Көбейіп бара жатыр жастарымыз,

Сөйлеген қазақшаңды жақтамайтын.

(Жалғасы бар).

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *