«ОРДАБАСЫ» ЖҮЛДЕГЕР КОМАНДАДАН ЖАҢАРҒАН КОМАНДАҒА АЙНАЛДЫ

Спорт
882 Views

Былтыр еліміздің чемпионатында қола жүлде иеленген Шымкенттің «Ордабасы» кәсіби футбол клубын мүлде жаңа командаға айналып отыр. Бұған ойыншылардың жалақысын толық төлей алмау басты себеп болған көрінеді.

63 жастағы болгариялық маман Георги Дерменджиев бас бапкер болып тағайындалды. Командамен таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген ол: «Сіздерді Жаңа жылмен әрі жаңа футбол маусымының басталуымен шынайы құттықтаймын! Жаттығу кезінде тер төге еңбек етіп, ойын барысы мен жекелей өмірде тәртіп сақтауларыңызды қалаймын. Команда жақсы ойын өрнегін көрсетуі керек. Өзім білетін біраз футболшылар бар. Әзірге осындағылардың кәсіби деңгейін байқап алайын деп отырмыз. Біз ел чемпионаты мен Еурокубок бәсекелерінде алдымызға тек қана биік мақсат қоямыз. Егер Сіздер бапкерлер штабының талап-тілектерін мүлтіксіз орындайтын болсаңыздар, бәріне де қол жеткізуге болатынына бек сенімдімін», – деп айтқан.

Болгариялық маман 1998/1999 маусымда Пловдивтің «Спартак», 2010/ 2011 маусымда «Сливен» командаларына жетекшілік жасаған. Ол бас бапкер болған «Лудогорец» клубы Болгария чемпионатында үш рет топ жарып, екі рет Еуропа лигасының топтық бәсекелеріне дейін шыққан. Шетелдік маманның жетістіктерін жіліктейтін болсақ, 2011-2017 жылдары «Лудогорецпен» ел чемпионы, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары ел кубогының жеңімпазы, 2001-2002 және 2003-2004 жылдары «Литекспен» ел кубогының жеңімпазы, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары «Лудогорецпен» ел Суперкубогының жеңімпазы атанып, 2005-2006 және 2016-2017 жылдары УЭФА кубогы турнирінің 1/16 финалына, 2013-2014 жылдары Еуропа лигасының 1/8 финалына дейін жеткен, сондай-ақ 2014-2015 және 2016-2017 жылдары Чемпиондар лигасының бәсекелеріне қатысқан жағдайы бар.

Ресейлік маман Александр Зайцев енді шымкенттік қақпашылардың жаттықтырушысы болып істейтін болды. Ол бұған дейін Талдықорғанның «Жетісу», Қостанайдың «Тобыл» клубтарында жұмыс жасаған. Сөз орай келгенде «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітов өзінің қызмет орнында қалғанын да тілге тиек ете кетейік. Бұрынғы бас бапкері – ресейлік маман Алексей Алексеевич Петрушин командамен қош айтысқан.

Футболшыларға келетін болсақ, карьерасын аяқтап, «Ақтөбеге» ауысқан Самат Смақов клубтың бас директоры, Александр Гейнрих ойыншыларды сұрыптайтын селекционер жаттықтырушы болып тағайындалды. Қақпашы Рамиль Нурмухамедов пен жалға берілген қорғаушы Александр Симчевич енді ақтөбеліктердің сапында өнер көрсететін болады. Қақпашылар – Алмат Бекбаев Павлодардың «Ертісіне», Сергей Бойченко Петропавловскінің «Қызылжарына» немесе «Ақтөбеге», жартылай қорғаушылар – Азат Нұрғалиев Қостанайдың «Тобылына», Бекзат Бейсенов «Таразға», Фархадбек Иристетов «Алтайға», Санат Жұмаханов Көкшетаудың “Оқжетпесіне”, шабуылшылар – Срджан Вуяклия Оңтүстік Кореяның «Кванджу» клубтарына ойнауды жөн көрген. Ал қорғаушы Мұхтар Мұхтаровтың әзірге қайда жүргені белгісіз.

«Ордабасы» Түркияда екі рет оқу-жаттығу жиынын өткізді. Ондағы жолдастық кездесулерде Хорватия чемпионатында көш бастап жүрген Загребтің «Динамосынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылды. Ресейдің «Краснодар» командасымен тең тарасты (3:3). Грузияның «Самтредию» клубынан басым түсті (3:1).

Жаңа жаттықтырушы жасақтаған тізімге енгендер: қақпашылар – №1 Бекхан Шайзада (1998), №34 Жасур Нарзиқулов (1984, «Атыраудан»), қорғаушылар – №2 Бақдәулет Қожабаев (1992), №5 Дамир Даутов ( 1990, Павлодардың «Ертісінен»), №8 Темірлан Ерланов (1993), №17 Мардан Төлебек (1990), №19 Әбілқайыр Зұлпықаров (1994, Оралдың «Ақжайығынан»), №29 Пабло Фонтанелло (1984, Аргентина), №44 Хрвое Спахия (1988, румыниялық «КСУ Крайова» клубынан, Хорватия ұлттық құрама командасының ойыншысы), №77 Талғат Адырбеков (1989, Көкшетаудың «Оқжетпесінен»), жартылай қорғаушылар – №6 Ұлар Жақсыбаев (1994), №7 Факундо Бертольо (1990, «Омония» клубынан, Аргентина). №10 Қайрат Әшірбеков (1982), №11 Кирилл Ковальчук (1986, Украина), №14 Самат Шәмші (1996, Шымкенттің «Қыранынан»), №21 Еркебұлан Тұңғышбаев (1995), №22 Абдуллай Диакате (1988, Сенегал), №27 Тимур Досмағамбетов (1989, Көкшетаудың «Оқжетпесінен»), №31 Джамбули Джигаури (1992, «Ақтөбеден» жалға алынған, Грузия), №33 Никита Бочаров (1992, Ресей), №96 Дидар Жалмұқан (1996, «Астанадан» жалға алынған), шабуылшылар – №9 Виталий Ли (1994), №18 Бекжан Әбдірахман (1995, «Атыраудан»), №70 Иван Нагаев (1989, «Бұхара» клубынан, Өзбекстан ұлттық құрама командасының ойыншысы), №71 Таңат Нөсербаев (1987), №91 Сергей Хижниченко (1991, Қарағандының «Шахтерынан»), №95 Әлішер Сүлей (1995, «Атыраудан»).

Ел чемпионатының алғашқы турында шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын қабылдады. 12 мыңға жуық жанкүйер жиналған қызықты да тартысты өткен ойын 2:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Голдарды Еркебұлан Тұңғышбаев (22 минут), Иван Нагаев (64) пен кеншілердің черногориялық хавбегі Дамир Кояшевич (51) соқты. Дәл осы есеп Алматының «Қайраты» мен Петропавловскінің «Қызылжар», Павлодардың «Ертісі» мен «Атырау» командаларының арасындағы кездесулерде де қайталанды. Талдықорғанның «Жетісуы» Қостанайдың «Тобылынан», ал Қызылорданың «Қайсары» қосалқы құраммен ойнаған «Ақтөбеден» бірдей есеппен (0:1) ұтылып қалды.

Екінші турда шымкенттіктер “Қызылжарды” қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қалған ойындардың нәтижесі мынадай: «Қайсар» — «Акжайык» 1:1, «Ертіс» — «Ақтөбе» 2:1, «Қайрат» — «Атырау» 2:0,  «Тобыл» — «Шахтер» 0:1.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистер арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *