СӨЗДЕН – ІСКЕ!

Қоғам
1 166 Views

Азаматтардың құқықтық мәдениеттілігін арттыру, сапалы өмір сүру үшін алда тұрған кедергілерді жою – басты мақсат пен міндет!

Ел абыройын асқақтататын білімді, талантты жастарға қолдау көрсету өз қолымызда. Демек, болашағымыз бүгіннен басталады.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Мен, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының «Тұран» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің ұсынуымен Праймеризге қатысуға ниет білдіріп отырмын.

Шырайлы Шымкент қаламызда туып, өстім. Туған жерімнің көне тарихын және қазағымның басынан өткен небір қиыншылықтарын жақсы білемін.

1999 жылы жоғары оқу орнын бітіргенмін. Жиырма жылдан астам еңбек өтілім бар. Он сегіз жыл Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте, соның ішінде спорт және дене шынықтыру; сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармаларында; облыс әкімі аппараты кадр қызметінде бас маман болып; облыс әкімінің бас инспекторы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерінде, білім беру мекемелерінде жұмыс жасадым.

КӨП БАЛАЛЫ АНАМЫН

Терең тарихы бар Шымкентте шешімін таппай келе жатқан мәселелер баршылық. Сол себептен, халық пен билік арасындағы қарым-қатынас көпір болып, сіздердің сенімдеріңізден шығуды өзіме мақсат етіп отырмын.

КЕДЕРГІСІЗ БОЛАШАҚ

Менің бағдарламамның алғашқы бағытын көп балалы, жалғыз басты және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арнаймын. Елімізде бұл әлеуметтік мәселелер әрқашанда маңызды.

Қарапайым халық өз құқығын қорғай алмай, басында болып жатқан мәселелерін тиісті мекемелерге жеткізе алмай әуреге түсіп жатады. Мысалы, қазіргі таңда жалғыз басты аналар балаларына алимент ала алмай жатқандығы жайлы, зорлық-зомбылық көрген, басқа да қиын жағдайға түскен әйелдер жиі көмек сұрайды. Бақытты, өзіне сенімді әйел ғана дені сау, тәрбиелі ұрпақ өсіріп шығаратынын ұмытпайық.

Осыған орай, құқықтық мәдениеттілікті арттыруға, арнайы мамандардан кеңестер алуға, кез-келген проблема бойынша өз шағымын тиісті органға жеткізуге, одан нәтиже шығару басты мақсаттарымның бірі. Сондай-ақ, арнайы қоғамдық ұйымдармен де жұмыс жасауды үйрену керек.

Халық өз мәселелері жөнінде оң шешімін табуына тәжірибемді қолдана отырып, ықпал жасауға тырысамын.

СӨЗДЕН – ІСКЕ

Білім саласындағы бір қатар өзекті мәселелерге назар аударайық! Нақты айтар болсам, үш ауысымда оқитын мектептер әлі де бар. Яғни бізде білім ошақтары жетіспейді. Бүгінгі таңда карантинге жабылған тойханалардың иелері өз ғимараттарын білім беретін мекеме ретінде жалға беріп отыр. Дегенмен, тойхана мектеп бола алмайды. Бұл проблеманың туындау себебі, қалада бос тұрған жерлер телімі тапшылық, жаңадан пайда болған мөлтекаудандарда инфрақұрылым жетпеуі және тағы да басқа себептер бар.

Осы орайда жер ресурстары, құрылыс саласының атқарушы органдарымен бірлесе отырып, мектеп салу үшін, жер мәселесін шешу, құрылыс бастау үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлету, кезінде жекеменшікке өтіп кеткен кейбір жерлер мен ғимараттарды әкімдікпен бірлесе мемлекет меншігіне қайтаруды жолға қойып, халық игілігіне пайдалануға беру. Мұндай тәжірибе бар.

Сонымен қатар, қала өскен сайын туындайтын өзекті мәселенің бірі жергілікті мекен-жай бойынша балаларымызды мектепке беру және балабақшаға орналастыру. Барлық ата-ана балаларының жақсы мектепте оқып, заманауи балабақшаға баруын қалайды. Қаламыз үшінші мегаполис болғалы көліктердің де саны күрт артты. Дұрыс, бұл да болса халқымыздың әл-ауқатының артқандығы шығар. Бірақ та, қаланың бір шетінде тұрып, балаларымызды мектепке немесе балабақшаға жеткізу үшін қаланың басқа шетіне алып барамыз. Жолдағы кептелістің өзін айтпағанның өзінде, баланың қауіпсіздігіне алаңдау мен уақыттың көп кетуі тағы да бар.

Осы орайда тұрғылықты мекен-жай бойынша балаларымызды сол аумақта орналасқан мектепке және балабақшаға беруді дұрыс жолға қоюға атсалысқым келеді.

Осы бағыттарда қалалық білім басқармасына халық қалаулыларының көмегі керек.

Білім беру мекемелерінің материалдық базасы нығайса, жоғары заманауи талаптарға толық жетсе, білім сапасы да сөзсіз көтеріледі.

Мен осы бағытта да жүйелі жұмыс атқаруға бар күш-жігерімді салып, тәжірибемді қолданбақпын.

Жалпы бұл саладағы өзекті мәселелер назардан тыс қалмайды.

ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ СПОРТҚА БАУЛУДЫ ҚОЛДАУ

Технологиялық дәуірде балаларымыздың смартфондарға байланып отыруы мені алаңдатады. Әсіресе атыс-шабыс ойындары, балаларымызды зорлық-зомбылыққа итермелеп, физиологиялық денсаулықтан бөлек, психологиялық жағдайына кері әсерін тигізіп жатқанын, ерекше атап өткім келеді.

Өкінішке орай, қолы бос, жалындаған жастарымыздың тура жолдан тайып келеңсіз қылықтарға барып жататыны жасырын емес. Осы орайда балалардың болмысын қалыптастыру үшін ынталандыру қажет. Әлемді дүр сілкіндіріп, туымызды көкке көтерген спортшыларымыз қаламызда жетерлік. Өсіп келе жатқан ұрпақ, чемпиондармен тығыз байланыста болса, спортқа деген қызығушылығы артады. Тиісті басқармамен бірлесе отырып осы жұмысты жандандырсақ деген жоспар бар.

Ұлттық және дәстүрлі олимпиадалық спорт түрлеріне жастарды көптеп тарту мақсатында, Мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі әдісімен түрлі секциялар мен алаңшалар ашуға ықпал етуді мақсат етіп отырмын.

Үздік спортшылардың басым көпшілігі қарапайым отбасылардан шыққанын ұмытпайық!

АШЫҚТЫҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа арналған Жолдауында жергілікті жердегі мәслихаттардың отырыстары барынша ашық өтуі керек деген мәселені алға тартты. Бұл орайда менің нақты ұсынысым: мәслихат депутаттары өткізген жиналыстарды онлайн форматта ашық түрде халық алдында өткізсе болады. Халық болып жатқан мәселелерді дер кезінде естіп, шешімдерінен хабардар болуларына құқықтары бар, осы мәселені іске асыруға атсалысқым келеді.

Менің бір қатар әлеуметтік желілерде жеке парақшаларым бар. Солар арқылы да халықпен тығыз байланыста болып, маңызды мәселелерді тыңдауға және ашық жұмыс жасауға дайынмын.

КОММУНАЛДЫҚ-ШАРУАШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қаламыз кеңейіп, халық саны өсіп келеді. күнделікті туындайтын өзекті мәселелер де назарымда. Нақты айтқанда, қала тазалығының сақталуы, коммуналдық-шаруашылықтың тұрақты және жүйелі жұмыс істеуі.

Өз бағдарламамды аяқтай келе, жоғарыда аталған бағыттар аясында мегаполисіміз Шымкент қаласының дамуына, өркендеуіне барлық жинақтаған білім-тәжірибемді қолдана отырып, қарапайым халықтың игілігі үшін қызмет жасауға дайынмын.

Қымбатты жерлестерім, алда болатын Праймеризге қатысып, өз кандидатыңызды дұрыс таңдауға шақырамын.

Үміткер Альбина Балғабайқызы Елшиеваның жеке қорынан төленді

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *