ТЕМІР МЕН АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ШЕБЕР

Қоғам
686 Views

Түркістан облысы, Жетісай қаласында ата кәсіпті нәсіп еткен, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған Базарбай Бейсенов есімді ерекше шебер тұрады. Бес саусағынан өнер тамған ұстаның қолынан шыққан бұйымдар бүгінде сұранысқа ие. Ешқандай жарнаманың көмегінсіз-ақ үйіне іздеп келіп, тапсырыс беріп жатады. Ал жуырда мемлекеттен 1 млн 200 мың қайтарымсыз грант алып, кәсібін кеңейткен жайы бар.

Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөзі дәл осы Базарбай Бейсеновке қарата айтылғандай. Өйткені, қолынан келмейтін ісі жоқ. Үйлерге жылыту құбырларын кіргізіп, темірден түрлі бұйымдар жасайды. Кейбір азаматтар секілді денсаулығын сылтау етіп, мемлекетке масыл болып отырған күні болған емес. Керісінше, қасына адам алып, тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал, ағаш өнерімен бала күнінен айналысады екен. Ескірген сандықтарды жаңалап, тұтынушының талғамына сай сапалы тақтайға ою өрнек бедерлеп береді. Мұндай сандықтар өмір бақи реңін жоғалтпайды дейді.

Өз ісіне тыңғылықты, жауапкершілігі мол шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бағасы да қалтаға қонымды болғандықтан тұтынушының көңілінен шығып жатады.

Жақында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған ұста аталмыш қаржыға шеберханасын қажетті құрал-саймандармен толықтырған. Ата-баба кәсібін жаңғыртып жүрген оның бұл кәсібіне перзенттері де қызығушылықпен қарайды екен. Енді олар да әке жолын жалғап, алдағы уақытта отбасылық бизнесті дамытуға мүдделі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *