ІЗДЕНІС – БІЛІМНІҢ БАСЫ

Білім
1 227 Views

Біз басымыздан көп зардап өткерген халықпыз. Ашаршылық та шет қалмады. Солай бола тұра тәуелсіздік алып, егемен ел болып қалыптастық. Алға қойған мақсатымыз да айқын. Мұның бір дәлелі: былтырғы жылы «Экспо-2017» көрмесін өткізуіміз болатын. Елбасы өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық», – деп атап өтті. Бұл халық үшін де, мемлекет үшін де аса жауапты оқиға болды. Әлем елдерінің барлығы дерлік Қазақстанды мойындап, өздерінің айрықша таңданысын білдірді.

Мұнан кейін біз Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған латын әліп-биін бүкіл ел болып талқыладық. Бұл мәселеге келгенде біздің білім мекемесі – Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы да шет қалмады. Басшымыз Құрманкүл Бескемпірқызының бастамасымен бірнеше іс-шаралар өткізілді. Елдің болашағы латын әліпбиімен тығыз байланысты болғандықтан да біз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз», – деп нақты қадамды жасады. Өйткені латын әліпбиі – уақыт талабы және үштұғырлы тіл мәселесі де бұлардан шет қалмақ емес. Әлем елдері арасында озық болып тұруымыз үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерін балаларымызға толық меңгертуіміз қажет. Бұл біздің мектеп үшін де бірінші кезекте тұрған нәрсе. Үш тілде білім беретін гимназия болғандықтан да Елбасы атап өткен білім жүйесіндегі осы бастамаға мектебіміз де өз үлесін қосуда. Қаңтар айында жарық көрген Жолдаудың да жаңалығы сонда Президентіміз: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде», – деп кесімді шешім айтуы да тектен тек емес.

Еркіндікке қол жеткізгеннен кейінгі атқарылар шаралар әрине жетіп артылады. Ол жолда жас ұрпақ жігерлі болу керек және озық технологияларды жетік меңгеру қажет болады. Бұл принцип Жолдауда айтылғандай: адами капитал көрсеткіші болып табылады. Ұстаз жан-жақты білімді, заманауи технологиялардан хабары болуы керек дегенді білдіреді. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы: «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады», — деді. Жаңа заман ұстазының бүгінгі дәлелі Абайдың:

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға, –

дегенінің күні туып отыр. Бұл тұрғыда жаратылыстану ғылымының да алар орны ерекше болмақ. Жолдауда: «2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады», – деп жоспарлануда. Олай болса, болашаққа тәуекел деп ойымызды қорыталық. Атамыз қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дегенді босқа айтпаған. Айтқымыздың келгені – әрбір нәрсенің артында ізденушілік жатыр. Үнемі ізденісте жүретін жас буын мақсатын айқын табады. Ізденіс – білімнің басы. Көп айтқаннан бір рет жасап көрген артық. Иә, сөзсіз жарқын болашақтың даңғыл жолы – биылғы Жолдауда жатыр. Талап пен еңбекті ұштастырып биікті бағындырайық. Жас буынның да қалауы осы!

Бибігүл ТЛЕУБАЕВА,

Шымкент қаласындағы

Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *