ҚОРЖЫНДА ТАҒЫ ДА ЖАЛҒЫЗ ҚОЛА

Спорт
1 019 Views

Биылғы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан және Каннын қалаларында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтті. Сөз орайы келгенде 1988 жылы 17 қыркүйек пен 2 қазан аралығында осы елдің астанасы – Сеулде XXIV жазғы Олимпиада ойындары өткенін естеріңізге сала кетейік. Бойтұмары ретінде Ақ барысты таңдаған бұл байрақты бәсекеде төрткүл әлемнің 92 елінен келген 2925 саңлақ спорттың 15 түрінен 102 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатына 26 мемлекеттің басшылары қатысты. Сонымен қатар Олимпиаданың тарихында Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея елдерінің спортшылары тұңғыш рет бір тудың астына бірігіп, ашылу және жабылу салтанаттарында бірге сап түзеп жүріп өтті. Ал допинг дауына ілігіп, жарыс ережелерін өрескел бұзған Ресей құрамасы Халықаралық Олимпиада Комитетінің туы астында шықты. Төртжылдықтың басты бәсекесіне Америка Құрама Штаттары – 242, Канада – 226, Ресей – 169, Германия – 156, Латвия – 34, Украина – 33, Беларусь – 33, Эстония – 22, Литва – 9, Грузия – 4, Армения – 3, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан – 2, Әзірбайжан – 1 саңлағын бәйгеге қосты. Тәжікстан мен Түрікменстан жауапты жарыстан шеттеп қалды.

Ақ Олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысынан –12, Павлодар облысынан – 8, Алматы қаласынан – 6, Ақмола облысынан – 5, Оңтүстік Қазақстан облысынан –5, Қарағанды облысынан – 3, Қостанай облысынан –3, Батыс Қазақстан облысынан –2, Қызылорда облысынан –1, Солтүстік Қазақстан облысынан –1 спортшы аттанған еді. Оңтүстікқазақстандықтардың арасында фристайл-акробатикадан Еуропаның қос дүркін абсолюттік чемпионы, Алматы Универсиадасының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жанбота Алдабергеновадан бөлек Қазақстан чемпиондары – Маржан Ақжігіт, Ақмаржан Қалмұрзаева, ел чемпионатының қола жүлдегерлері – Анна Жолдас, Ильдар Бадрутдинов болған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың мәлімдеуінше, Ақ Олимпиадада олжа салған саңлақтар мен олардың бапкерлеріне қомақты қаржылай сыйақы белгіленген болатын. Чемпион атанған спортшы мен оның жаттықтырушысының әрбірі – 250 мың доллардан, күміс медаль еншілегендер – 150 мың доллардан, қола жүлдегерлер – 75 мың доллардан алатын еді. Сонымен қатар төртінші, бесінші, алтыншы орын иемденгендер тиісінше, 30; 10; 5 мың доллардан қаржылай сыйақы алатын болған. Бұдан бөлек облыс әкімдіктері тарапынан бонус ретінде пәтер, автокөлік, қаржылай сыйақы берілуі де мүмкін. Қазақстан Ұлттық Олимпиада құрама командасына 2014 жылғы Сочи жоғары нәтиже көрсету жоспарланғанымен, бірақ бұл тапсырма орындалмай қалды. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Теннің қола медалінен бөлек Дмитрий Рейхард (фристайл-могул) – бесінші, Жанбота Алдабергенова (фристайл-акробатика) – алтыншы, Юлия Галышева (фристайл-могул), Денис Кузин (коньки), Роман Креч (коньки) – жетінші, Алексей Полторанин (шаңғы, 15 шақырым) – тоғызыншы, Павел Колмаков (фристайл-могул) – оныншы орындарды иеленіп, үздік ондыққа енген еді. Биыл Юлия Галышеваның (фристайл-могул) қола медалінен бөлек Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов (шорт-трек, эстафета) – алтыншы, Жанбота Алдабергенова (фристайл-акробатика), Павел Колмаков (фристайл-могул) – жетінші орындарды еншіледі.

Азиада – 2011, Универсиада – 2017 жарыстарын табысты өткізген тәжірибесі бар, Астанада «Алау» атты керемет мұз сарайы, Алматыда «Медеу» мұз айдыны, тіпті аппақ қары жоққа тән, жылдың төрт мезгілі жаймашуақ жылы аймақ, күншуақты Шымкенттің өзінде мұз сарайы, тағы басқа да спорт кешендеріне ие, бұған қоса-қабат шетелдердегі ең таңдаулы деген спорт кешендерінде жаттығу жасау мүмкіндігі берілген мемлекеттің мақтаулы деген саңлақтары үшін бұл тым ұят тірлік. Осы орайда ақшақарды тек үйлеріндегі тоңазытқышта ғана көретін Гана, Мадагаскар, Мексика, Того, Эритрея елдерінің Ақ Олимпиадаға қалай қатысып жүргеніне таңымыз бар. Тонголық таэквондошы әрі шаңғышының өздерінде жоқ қары бар елдерге барып, жаттығу жасауға қалайша қаржы тапқанына да таңғалмауға амалымыз қалмай отыр. Тіпті қар көрмейтін Аустралияның өзі екі күміс, бір қола медальмен – 23 орынды, Жаңа Зеландия екі қола медальмен Испаниямен бірге – 26-27 орындарды еншілеген.

Спорт шежіресіне үңілсек, тәуелсіз де егемен еліміздің саңлақ спортшылары қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен дүбірлі додада шаңғышы Владимир Смирновтың жалғыз өзі бір алтын, қос күміс медаль олжалап, мерейімізді үстем еткен болатын. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен байрақты бәсекеде тағы да сол В.Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашина қола медаль иеленді. Өкінішке орай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити, 2006 жылы Италияның Турин қалаларында өткен сайыстардан жерлестеріміз жүлдесіз оралды. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен Ақ Олимпиадада биатлоншы Елена Хрусталева күміс медальмен күптелді. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен жарыстан мәнерлеп сырғанаушы Д. Тен қанжығасын қола медальмен майлап қайтқанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.

Шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша бейресми жалпыкомандалық есепте Германия (15 алтын, 10 күміс, 14 қола медаль) топ жарады дескен. Норвегия (13 алтын, 14 күміс, 13 қола медаль) мен АҚШ (11 алтын, 6 күміс, 12 қола медаль) тиісінше, екінші-үшінші орындарды өзара бөлісетінін болжаған болатын. Іс жүзінде жалпы алғанда, 30 елдің ұлттық құрама командалары жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. 14 алтын, 14 күміс, 11 қола медальмен Норвегия көш бастады. 14 алтын, 10 күміс, 7 қола медальмен Германия екінші орынды еншіледі. Үздік үштікке іліккен Канада 11 алтын, 8 күміс, 10 қола медальға ие. Алғашқы ондықтағы АҚШ      9 алтын, 8 күміс, 6 қола медальға, Нидерланды 8 алтын, 6 күміс, 6 қола медальға, Швеция 7 алтын, 6 күміс, 1 күміс медальға, Оңтүстік Корея 5 алтын, 8 күміс, 4 қола медальға, Швейцария 5 алтын, 6 күміс, 4 қола медальға, Франция 5 алтын, 4 күміс, 6 қола медальға, Аустрия 5 алтын, 3 күміс, 6 қола медальға иелік етіп отыр. 13 орындағы Ресейде 2 алтын, 6 күміс, 9 қола медаль, 15 орындағы Беларуста 2 алтын, 1 күміс медаль, 21-22 орындардағы Венгрия мен Украинада 1 алтын медаль бар. Тек 1 қола медальмен ғана қанағаттанған Қазақстан, Латвия мен Лихтенштейн 28-30 орындарды өзара бөлісіп тұр. 20-дан астам олимпиадалық рекорд тіркелді.

Беларусь құрамасының биатлоншысы Динара Әлімбекова – Олимпиада ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақ қызы екенін біле жүріңіздер. Ол 1996 жылы Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген. Әкесінің ұлты – қазақ, анасы – беларус қызы. Динара үш жасқа толғанда олар отбасылық жағдайына байланысты Беларусқа қоныс аударған екен. Ұстазының ақыл-кеңесіне орай 11 жасынан шаңғы тебе бастаған. Келесі жылы Могилев облысының Чаусы қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің биатлоншылар бөліміне қабылданған. 2011 жылы Беларусь жастар құрамасына мүшелікке қабылданып, жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жеңіске жетіп жүрген. 2015 жылы ақпан айында өз елінде өткен Әлем чемпионатында эстафеталық жарыста топ жарған. 2018 жылы 22 ақпан күні Ақ Олимпиададағы биатлоннан өткен 4х6 шақырымдық эстафетада Надежда Скардино, Ирина Кривко, Дарья Домрачева (төрт дүркін Олимпиада чемпионы!) секілді құрбыларымен бірге жарыс жолына шыққан олар 1:12:03.4(0 + 9)0.0 нәтиже көрсетіп, швед және француз қыздарын артта қалдырып, алтыннан алқа тағынды. Осы қуанышты хабарды ести салысымен Беларусь Президенті Александр Лукашенко олардың бәрін «За личное мужество» («Жеке ерлігі үшін») орденімен марапаттаған. Сөз орайы келгенде Динараның Евгений есімді інісі, Ульяна атты сіңлісі бар екенін тілге тиек ете кетейік. Өзі биыл дене тәрбиесі институтын бітіргелі отыр. Өкінішке орай ол журналистерге берген сұхбатында өзінің атамекенінен әлі күнге дейін ешқандай ұсыныс түспегенін айтады.

Қазақстан ұлттық құрама командасы 57 Олимпиада жолдамасына иелік еткенімен төртжылдықтың басты бә-секесіне қатысқан 46 саңлақ спорттың тоғыз түрінен өздерінің бағын сынап көрген. Олардың арасында 12 (7) шорт-трекші, 12 (6) конькимен жүгіруші, 10 биатлоншы, 9 фристайлшы (4 могулшы, 5акробатшы), 7 шаңғы тебуші, 3 мәнерлеп сырғанаушы, 2 тау шаңғысы жарысының шебері, 1 шана спортының шебері, 1 трамплиннен секіруші болды. Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында егемен еліміздің көк байрағын шорт-трекші, 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңінде алтыннан алқа таққан, 2017 жылы Алматыда өткен Бүкіләлемдік XXVIII қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Абзал Әжіғалиев (Батыс Қазақстан облысы) ұстап шықты. Бұған дейінгі Олимпиадаларда трамплиннен секіруші Қайрат Биекенов (1994), шаңғышы Владимир Смирнов (1998), конькимен сырғанаушы Радик Бикчентаев (2002), хоккейші Александр Корешков (2006), биатлоншы Диас Кенешов (2010), шаңғышы Ердос Ахмадиев (2014) ту көтеріп шыққан болатын.

Ақ Олимпиадада олжа салады-ау дегендердің қатарында фристайл-могулдан Әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері, Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың чемпионы Юлия Галышева (Шығыс Қазақстан облысы), осы спорт түрінен Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Дмитрий Рейхард (ШҚО), фристайл-акробатикадан Еуропаның қос дүркін абсолюттік чемпионы, Алматы Универсиадасының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жанбота Алдабергенова (ОҚО), мәнерлеп сырғанаушылар – Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен (Алматы қаласы), Элизабет Тұрсынбаева (Қызылорда облысы), конькимен жүгірушілер – Роман Креч (Солтүстік Қазақстан облысы), Денис Кузин (Қостанай облысы), Екатерина Айдова (Қарағанды облысы), биатлоншы Галина Вишневская (ШҚО), шаңғышы Алексей Полторанин (ШҚО) бар болатын.

Осылардың арасынан тек Юлия Галышева ғана фристайл-могул жарысында үздік үштікке ілігіп, Қазақстан қоржынына жалғыз ғана қола медаль салды. Қайсар қыз қол жарақатынан толық жазылып үлгермей жауапты жарысқа қосылғанына қарамастан бірінші финалдық кезеңде 76,36 ұпай (6 орын), екінші финалдық кезеңде 75,10 ұпай (7 орын), үшінші финалдық кезеңде 76,81 ұпай (6 орын) жинады, ал шешуші ақтық финалдық кезеңде 77,40 ұпай жинады. Сөйтіп, фристайл-могулдан Олимпиадада жүлде иеленген алғашқы қазақстандық спортшысы атанды. Сөз орайы келгенде оның 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында 11, ал 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында 7 орын иеленгенін тілге тиек ете кетейік. Жүлдегерді алғашқылар қатарында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шынайы құттықтады. Баспасөз мәслихатында ол өзіне осыған дейін Канададан, Ресейден ұсыныстар түскенін, алайда азаматтығын ауыстырмайтынын айтқан.

Өкінішке орай 16 жасар Аяулым Әміренова (ШҚО) аяғы қардың тапталмаған жұмсақ жеріне кіріп, бағытынан сәл ауытқып кетті. Сонда да құламастан жарысты аяқтап шықты. Сөйтіп, 52,78 нәтижемен 26 орынды иеленді.

Алғашқы іріктеу мен кіші финалдан сүрінбей өткен Д. Рейхард (81,23) аздаған қателік жіберіп, 58,64 ұпаймен медальға таласатын үлкен финалға өте алмады. Шығысқазақстандық П.Колмаков (79,98) 76,10 ұпаймен Олимпиаданы сегізінші орынмен аяқтады.

Әйелдер арасындағы фристайл-акробатика жарысында Жанбота Алдабергенова – 7, Маржан Ақжігіт – 12, Ақмаржан Қалмұрзаева – 16, Аяна Жолдас – 18 орындарды иеленіп, олардың ешқайсысы да финалдық сынға шыға алмады.

Ильдар Бадрутдинов та жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Оның бірінші және екінші кезеңдерде да жолы болмады. Жарыс жолындағы нәтижесі – 94,7.

Шорт-трекшілердің 1500 метрлік сайысында Денис Никиша (Павлодар облысы) төртінші орынға сырғып, финалдан тыс қалды. Нұрберген Жұмағазиевтің (БҚО) күтпеген жерден конькиі мұзға тіреліп, жарысты ерте аяқтады. 1000 метрге жүгірген сол Н. Жұмағазиев өз тобында соңғы орында қалып, ширек финалға шыға алмады. 5000 метрлік эстафетада Н. Жұмағазиев, А.Әжіғалиев, Д. Никиша, Еркебұлан Шамұқанов (Павлодар облысы) төртінші жарыс жолында қате жіберіп, финал жолдамасынан айырылды. Соңғысы құлап қалып, қайта тұрып жүгіргенше қарсыластары ұзап кетті. 500 метрлік жарыста А. Әжіғалиев (40.835) – финалға шыға алмаса, Д. Никиша (40.806) мен Н. Жұмағазиев (40.748) жартылай финалға шыға алмады. Соңғысы тіпті мәре сызығын кесіп өте алмай қалды. 5000 метрлік эстафеталық жарыста Н. Жұмағазиев, А. Әжіғалиев, Д. Никиша, Е. Шамұқанов (6:52.791) – алтыншы орынды еншіледі.

Әйелдер арасындағы 500 метрге жүгіруде Анастасия Крестова (Қостанай облысы) өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады. 1500 метрлік қашықтыққа сынға түскенде төрешілер тарапынан ескерту (пенальти) жасалып, жарыстан шығып қалды. Оңтүстік Кореядан аттай қалап шақырып алған Ким Ионг А (2:29.875) мәреге төртінші келіп, ширек финалға өте алмады. 1000 метрлік жарыста А. Крестова мен Ким Донг А – ширек финалға шықпай қалды.

Шаңғы жарысында (скиатлон, 15+15 шақырым) қостанайлық Виталий Пухкало (1:19:46.7) – 34, Ақмола облысының өкілі Евгений Величко (1:21:03.9) – 43 орындарды місе тұтты. 15 шақырымдық еркін әдіспен жүгіруде Виталий 54, Евгений 61, Ақмола облысының өкілі Денис Волотка 64 орындарды місе тұтты. Алексей Полторанин, Виталий, Евгений, Денис эстафеталық жарыста сегізінші орынды иеленді. Шаңғымен еркін әдістегі 15 шақырымдық жарыста В. Пухкало (36:57.4) – 34, Е. Величко (37:28.6) – 61, Д. Волотка (37:39.8) – 64 орындарды иеленді. А. Полтаранин (ШҚО) классикалық тәсілмен спринтерлік қашықтықтың іріктеу сайысында 13 нәтиже көрсетіп, ширек финалға шыққанымен, төртінші орынмен жартылай финалға қатыса алмады. Денис Волотка іріктеу сынында 51 орынды қанағат тұтты. 4х10 шақырым бойынша сынға түскен Алексей, Евгений Величко, Виталий, Денистің нәтижесі – сегізінші орын. 50 шақырымдық марафон жарысында шаңғышы А.Полторанин (2:13:37.1) – 15, Е.Величко (2:21:43.2) – 39, В. Пухкало (2:27:10.6) – 52 орындарды, иеленсе, Д. Волотка – мәре сызығын кесіп өте алмады.

Әйелдер арасындағы сында (скиатлон, 7,5+7,5 шақырым) павлодарлық Анна Шевченко (44:25.1) – 36, шығысқазақстандық Елена Коломина (46:28.5) – 54 орындарды иеленсе, аяғынан шаңғысы шешіліп кеткен Ақмола облысының өкілі Валерия Тюленова мәреге жетіп келе алмай қалды. 30 шақырымдық шаңғы жарысында А. Шевченко (1:35:36.1) – 31, В. Тюленова (1:35:38.0) – 32, Е. Коломина (1:35:38.4) – 33 орындарда қалып қойды. Еркін әдіспен 10 шақырымдық жарыста В. Тюленова (28:20.7) – 47, А. Шевченко (28:56.9) – 56, Е. Коломина (29:13.0) – 63 орындарға жайғасты. А. Шевченко ғана іріктеу кезеңінен өткенімен ширек финалда өз тобының соңында мәреден өтті. Е. Коломина – 55 орынды иеленсе, В. Тюленова – 60 орынында қалып қойды.

Биатлоншылар бәсекесінде (спринт, 10 шақырым) Ақмола облысының өкілі Роман Еремин (25:21.9) – 43, шығысқазақстандықтар – Вячеслав Витенко (26:32.7 ) – 79, Василий Подкорытов (26:34.7) – 80, павлодарлық Максим Браун (27: 46.7) – 85 орындарда қалып қойды. 12,5 шақырымдық із қуалау жарысында (пасьютте) Ақмола облысының өкілі Р. Еремин (38:51.1) – 52 орынды иеленді. 20 шақырымдық жекелей жарыста екі реттен қателескен Максим (53:50.7) – 61, Василий (53:52.5) – 62, Ақмола облысының өкілі Ти-мур Хамитгатин (54:52.7) – 72, жеті рет жаңылысқан шығысқазақстандық Владислав Витенко (57:11.3) – 83 орындарды місе тұтты. Биатлон 4х7,5 шақырымдық эстафетада – 17 орынды иеленген Қазақстан құрама командасы жарыстан шығарылып жіберілген.

Әйелдер арасындағы сында (спринт, 7,5 шақырым) екі рет қате жіберген Галина Вишневская (22:52.2) – 30, павлодарлық Дарья Климина (23:47.7) – 58, екі рет қате жіберген тағы бір шығысқазақстандық Ольга Полторанина (23:59.6) – 63, павлодарлық Алина Райкова (24:33.8) 71 орындарда қалып қойды. 10 шақырымдық із қуалау жарысында бір рет қателескен Галина (33:05.9) – 20, сегіз рет қателескен Дарья (38:00.0) – 57 орындарды місе тұтты. 15 шақырымдық жекелей жарыста үздік 40 спортшының қатарынан көріне алмады. Үш рет мүлт кеткен Галина (46:23.4) – 45, екі рет қателескен Ольга (46:36.5) – 46, Алина (46.37.4) – 47, Дарья (46:44.4) – 51 орындарға жайғасты. 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста (1:14:18.0) – 14 орынды місе тұтты.

Аралас эстафетадағы 2х7.5 шақырымдық+2х6 шақырымдық жарыста Галина, Алина, Роман, Максим (1:14:13.7) – 18 орынды еншіледі.

Коньки спортынан 1500 метрлік жарыста алматылық Федор Мезенцев (1:48.23) – 28, Денис Кузин (1:49.14) – 30 орындарды иеленіп, жарысты ерте аяқтады. 500 метрлік жарыста қарағандылықтар – Станислав Палкин (35.33) – 24, Артем Крикунов (35.34) – 25, Роман Креч (35.92) – 30 орындарда қалып қойды. 1000 метрлік жарыста Д. Кузин (1:10.13) – 27, С. Палкин (1:10.149) – 29, Ф. Мезенцев (1:10.62) – 33 орындарды қанағат тұтты. Жаппай жарыста Ф. Мезенцев – финалға шыға алмады.

Әйелдер арасындағы 1000 метрлік жарыста Екатерина Айдова (1:17.09) –24 орынды, 1500 метр қашықтыққа өткен сайыста (1:59.05) – 18 орынды, 500 метрлік жарыста (38,96) – 21 орынды місе тұтты.

Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Сергей Ткаченко (ШҚО) іріктеуден ары аса алмай, 83,70 ұпаймен 47 орынға жайғасты.

Тау шаңғысының еркін әдісті қоссайыста сынға түскен Игорь Закурдаев (Алматы) жылдам құлдилауда – 42, слаломда –32 нәтиже көрсетіп, жалпы есепте (2:15.47) – 31 орында қалып қойды. Ол ылдидағы жылдамдық жарысында (1:45.01) – 39 орынды, супер гигант жарысында (1:29.96) – 41 орынды, гигант слаломда (2:35.07) – 51 орындарды місе тұтты. Слалом жарысында И. Закурдаев – мәре сызығын кесіп өте алмады.

Әйелдер арасынан сынға түскен Мария Григорова (Алматы қаласы) гигант слаломда және слаломда бірінші және екінші жүгірісте де (2:41.19 және 2:04.37) – 51 орынды иеленді.

Шана спортынан Никита Копыренко (Алматы) бірінші іріктеуде 36, екіншісінде 36 орындарды иеленіп, финалдық кезеңге шыға алмады.

Мәнерлеп сырғанаушы Д. Тен жекелей сында 70,12 балмен 27 орынды еншілеп, келесі еркін әдістегі бағдарламаға шыға алмай қалды.

Әйелдер арасынан Э. Тұрсынбаева (177.12) – 12 орынды иеленсе, Айза Мамбекова (44.40) – 30 орынды місе тұтып, еркін бағдарламаға жетіп келе алмады.

*   *   *

Келесі ХХІV қысқы Олимпиада ойындары Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжіңде өтеді. Сөйтіп, олар қысқы және жазғы Олимпиадаларды тұңғыш рет өткізген қала атанғалы отыр.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *