ҚАЗАҚ ТІЛІН ТЕХНОЛОГИЯЛАР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ

Білім
256 Views

Ғылым күніне орай, 28-29 наурыз күндері Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен SDU Universityбірлесіп «Қазақ тілін технологиялар арқылы оқыту мәселелері: теориядан тәжірибеге дейін» атты республикалық онлайн-семинар ұйымдастырды.

Қазіргідей жедел дамып жатқан ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде ұдайы жаңалыққа ұмтылып отыру өмірдің қатал шындығына, қала берді, тілдің де бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы шынайы қажеттілікке айналып отыр. Отандық лингвистикада оқытудың дәстүрлі формасынан басқа, «жаңа технологияны қолдану» деген ұғым берік орын алды. Әсіресе, қашықтықтан оқыту түрлі платформалар арқылы жүзеге асырылып, оқытудың гибридті түрлері кеңінен қолданылуда. Ашық білім беру платформалары және түрлі мобильді қосымшалар туралы сөз басқа. Соның ішінде тілді мобильдік қосымшалар арқылы оқыту алғашқы қарлығаш іспетті болды.

Осы орайда, діттеген мақсаты бір бұл шараның шымылдығы Алматы менеджмент университетінің доценті, ф.ғ.к. Ақгүл Жүсіпованың өзге тілді білім алушыларға қазақ тілінде сөйлеу грамматикасына жедел (5 сағатта) үйрету тәсілдері туралы тартымды дәрісімен ашылды. Бұдан басқа Орталықтың ғылыми қызметкері, PhD Ләйлә Демесінова қазақ тілі сабағында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану хақында әңгімелеп берді.

 Бүгін таңда түрлі платформалар арқылы қашықтықтан оқыту үрдісі өріс алды. Республикалық онлайн басқосудың екінші күні осы тақырып айналасында өрбіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бақыт Айтпаева қазақ тілін оқытудағы интернет мүмкіндіктері мен жаңа технологияларды тиімді қолданудың тәжірибесі жөнінде кеңінен сөз қозғады.

Сондай-ақ, Джорджия университетінің (АҚШ) докторанты Ұлбосын Парманның «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту: ауызша тарих жобасы» тақырыбындағы дәрісі мен SDU University Пәнаралық зерттеу орталығының директоры, қауымдастырылған профессор Райхан Абнасырованың арнаулы жобаны талдап түсіндіруі тыңдаушылар көңілінен шықты.

Шараға еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары, өңірлік тіл оқыту орталықтарының жүзге тарта мамандары қатысты. Кері байланыс барысында білдірген пікір-ұсыныстарына сүйенсек, бәрінің ойы бір арнада тоғысқандай: «Тілді оқытудың техникалық және электронды құралдарын толық пайдалану, соның ішінде ғылым мен білім жетістіктерінің соңғы жаңалықтарын мейлінше тәжірибеге енгізіп отыру дегеніміз, түптеп келгенде, қазақ тілінің болашаққа қадамын нығайта түсу деген сөз. Ендеше осынау ортақ мәртебелі міндетті жүзеге асыруда баршамыздың қашанда күш біріктіріп жұмылуымыз маңызды».

Бірлескен іс-шараны SDU University Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Жайнагүл Дүйсебекова қорытындылап, қатысушыларға арнаулы сертификаттар табыстады.

Дәулеткерей АТАУҰЛЫ,

“Тіл-Қазына” ҰҒПО Халықаралық байланыс және PR бөлімінің бас редакторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *