СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАНАТҚАҚТЫ ҚАДАМДАРЫ

Білім
10 Views

Журналистика және медиаөнер кафедрасында студенттердің авторлық кітаптары жарық көрді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің Журналистика және медиаөнер кафедрасында 1 курс студенттерінің авторлық кітаптарының таныстырылымы өтті.

«Баспа ісі» білім беру бағдарламасының білім алушылары «Кітаптану негіздері» пәні аясында теориялық-тәжірибелік білім алумен қатар шығармашылық қабілеттерін де шыңдады. Кітапты безендіру, баспадан шығару сияқты үдерістерді өз қолдарымен жасап шықты. Бұл – олардың алғашқы қадамдары.

Студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жазуға баулып, жаңа кітаптардың жарық көруіне бағыт берген жетекшілер: пән дәріскері журналист, Phd, аға оқытушы Саягүл Әлімбекова және пәннің тәжірибелік сабақтарын жүргізуші практик-оқытушы Бейбітгүл Тоқабаева

Кітаптарда түрлі жанрлар қамтылған. Қиял-ғажайып әңгімелер, өлеңдер, ертегілер, комикстер және отбасылық шежірелер арқау болған туындыларға «Қабанбай батыр», «Айға ұшқан Айман», «Арманға апарар жол», «Ай көлеңкесіндегі қыз» және т.б. атаулар берілген. Алғашқы туындыларымен таныстырған студенттер болашақта үлкен қалам иесі болсын деген тілек айтамыз.

Білім алушылардың шығармашылығына арналған кездесуге ғылыми байқауларда орын алған жеңімпаздар да шақырылып, дипломдар табысталды.

Баспа индустриясына, кітап ісіне маманданып жатқан болашақ баспагерлер бүгіннен салаға жан-жақты машықтанып жатыр.

Кітап таныстырылымына арнайы келіп қатысқан Журналистика және медиөнер кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шүрентаев, кафедраның оқытушылары ф.ғ.к. Алмагүл Үмбетова, Phd Гүлзабира Шауенова пікір білдіріп, алғыс, тілектерін жеткізді.

Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру құндылығы жолында бұл шараның орны ерекше.

 

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

ЕҰУ-нің студенті