ҚАЛАМГЕРІН ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ

мәдениет Қоғам
561 Views

Қазақтың көрнекті жазушысы, белгілі сазгер Тұтқабай Иманбековтың есімі республика жұртшылығына кеңінен белгілі. Мына жалған өмірден 55 жасында озған қаламгердің соңында көптеген романдары, повестері, әңгімелеріқалды. Тұқаңның жүректен шығып, бойды алар әндері осы күнге дейін радио жәнетеледидардан түскен емес. Әсіресе, оның «Әттең тонның келтесі-ай» атты тамашаәні — халық әніне айналып кетті.

Жақында Тұтқабай Иманбековтың туған жері — Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында бюст-ескерткіші жаңартылып, қайтадан бой көтерді. Осы күні аудан орталығы — Тұрар Рысқұлов ауылындағы Мәдениет үйінде көрнекті қаламгердің өмірін баяндайтын «Әттең тонның келтесі-ай» атты деректі фильмінің тұсау кесері болып өтіп, оны көрермен қауым жылы қабылдады. Сондай-ақ, Тұқаң ағамыздың өмірі мен шығармашылық ізденісі, адамгершілік қасиеттері туралы жазылған «Ақ биіктің ақ иығы еді» атты танымдылық кітаптың тұсау кесері жиналғандардың көңіліне жылы сезім сыйлады.

Айтулы шараларға Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен, Түркістаннан келген белгілі тұлғалар қатысып, Тұқаң туралы сағыныштарын ортаға салды, оның жан-жақты шығармашылығына үлкен баға берді. Жаңадан бой көтерген қаламгер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Амандық болса, Тұқаң ағамыз бір-екі жылда 80-нің сеңгіріне шығып, туған күнін республика көлемінде кеңінен атап өткен болар еді. «Әттең тонның келтесі-ай» деп өзі жырлағандай, әнге қосқандай өмірі тым қысқа болды. Бірақ, сегіз қырлы-бір сырлы ағамыздың соңында мәңгі өшпейтін әдеби мұралары, тамаша әндері қалды. Елі, халқы әрқашанда Тұқаңды қадір тұтып, құрметтейді, сыйлайды. Оның жарқын есімін ешқашанда ұмытпақ емес! Түлкібастағы болған сапарымызда біз осыны айқын сезінгендей едік.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *