«ҚАЛАМГЕР» – ЖАҢА БІРЛЕСТІК

Қоғам Әдебиет
1 584 Views

Жақында Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық «Нұр Отан» партиясы ғимаратының мәжіліс залында қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» бірлестігінің кең көлемдегі алғашқы басқосуы өтті. Оған жазушы, тарихшы, шежіреші, профессор, аталмыш бірлестіктің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы (суретте) қысқаша сөз сөйлеп ашып, одан әрі жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» бірлестігінің мақсаттары мен міндеттері туралы мәселе қаралды. «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі жергілікті ақын, жазушы, журналист, тағы басқа шығармашылық адамдарының мүддесі үшін жұмыс істейтін бірден-бір ұйым болып табылады. Елбасының, Үкіметтің, сонымен қатар атқарушы билік органдарының саясатын насихаттап, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өміріне, сан түрлі мерекелік іс-шараларға белсене араласады. Жергілікті ақын, жазушы, журналистердің мерейтойларын өткізумен қоса-қабат олардың шығарған жаңа кітаптарының тұсаукесерін ұйымдастырады.

Басқосудың негізгі мақсаты: Елбасының Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, қала басшылығының саясатын насихаттау, үкіметтік, қоғамдық деңгейдегі республика, облыс, қала көлеміндегі мерекелік іс-шараларға белсене араласып, олар туралы жалпы жұртшылықты хабардар етіп, бұқаралық ақпарат құралдарында дер мезетінде жариялануын қадағалап отырады. Жас ақын-жазушыларды тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Бірлестік мүшелеріне куәлік береді және өз атынан төсбелгі жасайды, сондай-ақ Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын дайындайды.

«Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы:

– «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойларын, жаңадан шыққан кітаптардың тұсаукесерін ұйымдастырады. Қалаға және республикаға белгілі ақын-жазушылармен шығармашылық кездесулер өткізеді. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалымен тығыз араласып, жұмыс істеуге мүдделі. Бірлестік мүшелері арасында тарихпен шұғылданатын жазушылар аз емес. Бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағыттарды іске асыру барысында да бірлестіктің атқарар қызметі мол.

Жазушы-драматург Захардин Қыстаубайұлы:

– Жаңадан құрылған «Қаламгердің» қадамы құтты болсын! Бұл бірлестік ел мүддесіне жұмыс істейтін ғалымдар, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушылармен тығыз қарым-қатынастық шығармашылықта жұмыс атқарады. Сол себепті әдебиетшілер қауымы бірлестіктің жұмысын қолдайтын болайық. Аталмыш бірлестіктің қатарына ену үшін қатаң талап қойылмайды. Қазақстан Жазушылар одағында 30 жылдан бері мүшемін. Басқа жазушылар да осылай бірлестіктің қатарына өтуге болады. Кішкентай Арменияның өзінде 4500-дей жазушы бар екен. Біздің елімізде Қазақстан Жазушылар одағының 700-дей мүшесі бар. Олардың бірқатары бақилық болып кеткен. Арамызда талантты адамдардың көбейгені жақсы.Олардың құқығын қорғап, бірлестік қатарына тартуымыз қажет.

Ақын, жазушы Әмзе Қалмырзаұлы:

– Осы жиынға қаламгер ретінде қатысып отырмын. Арамыздан суырылып шығып, қаладағы ақын-жазушы, журналист, сазгер, суретші, дизайнер, тағы басқа өнер адамдарының мүддесін қорғап, шығармашылық кешін өткізіп, мерейін өсіремін десе, біз оны тек қолдауға ғана тиіспіз. Жас ақын-жазушыларды да белсенді түрде насихаттап, олардың шығармаларын елге таныстыру керек.

Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова жазушылардың жұмысын көпшілікке насихаттауда үлкен жұмыс атқарып отыр. Барлық жазушылар, шығармашылық иелері бір деңгейге қойылған. Оларды әртүрлі топтарға бөлуге болады деп ойлаймын. Бірлестіктің жұмысын алға апару үшін өзінің үні болу керек, сонымен қатар баспа, сайт ашу керек. Қаламгерлер неғұрлым көбірек болса, бәсекелестік те артады. Жұмыс істеймін, бірлестікке мүше боламын деген адамдарды тек қана қолдауымыз, қатарымызға тартуымыз керек.

Ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әбдіхалық (Сәбит) Әбдірайымов:

– Руханиятта шекара жоқ. Бұл келер күннің күмбезін жасайтын баянды бастама екен. Бірлестіктің құрылуын қолдаймын.

Жас ақын Дәурен Айманбетов:

– Жас ақындардың шығармашылығы туралы айтылатын әңгіме аз емес. Осы орайда «Қаламгер» бірлестігі шығармашыл жастарды қолдайды деген сенімдемін. Мұның үстіне келесі, 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланған.

Сатирик жазушы Мұхтар Шерім:

– Шығармашылық адамдары, әсіресе жас ақын-жазушылар осы бірлестікке тартылып, бірге жұмыс істеу керек. Алдағы уақытта бірлестікте жастар шығармашылығы кеңінен сөз болып, олдарды мадақтаумен бірге сын да айтылуы мүмкін. Жастар сыннан қорықпауы керек. Елімізге белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев өз кітабында маған «Сен жазуды қоя сал» деген болатын. Бұл сын өзімді одан сайын ширата түсті. Момбек Әбдәкімұлы – өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайтын іскер азамат. Сол себепті оның алға қойған мақсат-мұратын жүзеге асыра алады деп сенім білдірейік.

Ақын, жазушы Баян Тіленшина:

– Біздегі қаламгерлердің арасынан үш-төрт адамның ғана аты-жөні ел аузына ілігуі жөніндегі өкпе-реніш дұрыс қабылдаймын. Кітабы шығатын, кездесу өткізетін, сыйлық алатын, кеудесіне медаль тағатын да солар. Мұны жұрттың бәрі жақсы біледі.

Бірлестіктің «Қаламгер» деп аталуы дұрыс емес сияқты. Өйткені, оған журналист, тарихшы, суретші секілді өнер адамдары бірдей мүше бола алады екен. Онда бұған «Руханият» деп ат қойғанымыз жөн болмақ. Үш кітап жазбай-ақ, бірлестікке қабылдау да қисынға келмейді.

Жалпы алғанда, қаламгер дегеніміз – киелі ұғым. Олардың жаны, жүрегі таза болуы тиіс. Байлығына сеніп, кітап шығарғандардың бәрін жазушы деп айта алмаймыз. Мәселен, өзім ақынмын деп кеуде кермеймін. Өлеңнің киесінен қорқамын. Өзгелер де сондай болса екен деймін.

Меніңше, қолынан жазу-сызу келетін, бұған қоса-қабат өзгелердің кітаптарын талдап, сараптама жасай алатын адам ғана қаламгер болуы тиіс. Біздегі қалам ұстағандардың арасында жас жазушы Зылиха Жантасова ғана дәл сондай қасиетке ие деп есептеймін. Сол себепті ең алдымен осындай жандардың еңбегі еленуі тиіс деп ойлаймын.

Ақын Қабылбек Төретайұлы «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшелігіне Момбек Әбдіәкімұлы, Мекемтас Мырзахметұлы, Еркінбек Тұрысов, Әмзе Қалмырзаұлы, Қабылбек Төретайұлы, Захардин Қыстаубайұлы, Бегман Ысқақ, Сейдуалы Оразәлиев, Баян Тіленшина, Зылиха Жантасованы ұсынды.

Қорытынды сөз сөйлеген бірлестік төрағасы Момбек Әбдәкімұлы:

– Ақын, жазушы, журналист болғысы келген көптеген жас таланттар әдебиетке тартылады. Ауылдарда жырсүйер көпшілікпен кездесулер ұйымдастырамыз. Бүгінгі алғашқы отырысымыз ойдағыдай өтті деген ойдамын. Басқосуға жерлес ақындарды, жазушыларды, журналистерді, мәдениет пен өнер қызметкерлерін, суретшілерді, әдебиетке құштар барша қауымды шақырамыз. Мәдени мұрамыздың қолдаушысы Қалмахан Омардың «Бабалар аманаты» жобасын жалғастыратын боламыз, – дей келе «Қаламгер» бірлестігінің алғашқы марапаты – «Үздік шығармасы үшін» төсбелгілерін тапсырды. Мұндай құрмет жазушы Захардин Қыстаубайұлына, сондай-ақ сатирик жазушы Мұхтар Шерімге көрсетілді.

Раушан СҰЛТАНБЕК,

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *