ҚОСЫМША 3 МЫҢ ГРАНТ БӨЛІНДІ

Уақыт Қоғам
765 Views

Шымкент қаласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытумақсатында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар бөлінуде.

Жыл басында барлығы 1 491 мемлекеттік грант үлестіру жоспарланған болатын. 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 1 420 азаматқа осындай грант берілген. Оның ішінде 901-і аз қамтылған отбасылардың және 90-ы көпбалалы отбасылардың мүшелері, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Сонымен қатар осы екі әлеуметтік санатқа да жататын 306 адам грант иегері атанды.

Өз ісін бастағысы келетін шымкенттіктер үшін мұнан өзге де жағымды жаңалық бар. Шаһарда жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырғысы келетіндерге қосымша 3 мың грант бөлініп отыр. Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап үміткерлердің құжаты қабылдануда. Қазіргі таңға дейін 1 894 адамның құжаты қабылданған. Оның ішінде 933 адам атаулы әлеуметтік көмек алушы болса, «Бизнес бастау» курсынан өткендердің қатарынан 934 азаматтың, қысқа мерзімді оқуды тәмамдағандар арасынан 27 азаматтың құжаты қабылданған.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттар үздік бизнес жоба ұсынған азаматтарға конкурстық негізде беріледі. Құжаттар Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығында қабылданады.

ЖАҢА ЗАМАНАУИ ТҰРҒЫН ҮЙ ОРАМЫ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласындағы Тұлпар көлінің маңында заманауи тұрғын үй орамы бой көтереді.

Жобаның таныстырылымына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Ауданы 500 мың шаршы метрді құрайтын орамның құрылысын отандық «BI Group» компаниясы жүргізеді. Олар озық технологияларды қолдана отырып, комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

«Біз әлеуметтік инфрақұрылымға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. 6 жыл ішінде 1500 орындық жаңа мектеп пен емхана салынады. Тұрғын үйлердің бірінде балабақша болады. Сондай-ақ, Тұлпар көлінің жағалауын абаттандыру жоспарланған» – деді компания басшысы Айдын Рахымбаев.

30 гектардан астам аумақты қамтитын жобаның құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталады. Ол дендросаябақ, зообақ және «Қазына» этнопаркінің маңайында орналасады.

Бәйдібек би даңғылындағы ипподром қаланың бас жоспарына сәйкес, жаңа орынға көшіріледі. Аталған компания оны өз қаржысы есебінен салады.

Сондай-ақ, нысанды салу кезінде 8500-ден астам жұмыс орны ашылып, оның ішінде 2500-і қызмет көрсету саласында болады. Құрылыс материалдарын өндіру, арнайы техниканы жалға алу, жиһаз бен тұрмыстық құралдарды сату белсенді дамиды деп күтілуде.

Инфрақұрылымы жан-жақты дамитын жаңа орам заманауи, әрі экологиялық тұрғыда таза болмақ. Үй қасбеттері еуропалық панельдерден тұрса, тұрғындар мен қонақтардың жайлылығы үшін жобаларды басқарудың жаңа жүйелері мен «Smart Home» ақылды үй қызметін енгізу жоспарланып отыр.

Жобаға сәйкес мұнда демалыс орындары, спорт және балалар алаңшалары, жаяу жүргіншілер, жүгіру және велосипед жолдары салынады. Ал, тұрғын үйлердің бірінші қабаттары коммерциялық үй-жайларға беріледі.

8 000 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылып жатыр.

Бүгінгі таңда индустриалды аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Бірінші кезеңде 2020-2021 жылдары аралығында 110 гектар, екінші кезеңде 2021-2022 жылдары 230 гектар жер игеріледі. Жалпы, бұл индустриалды аймаққа 105 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Ол толық іске қосылғанда 8 000 адам жұмыспен қамтылмақ.

Сондай-ақ, мұнда кезең-кезеңімен 60 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Жобалар негізінен құрылыс материалдары, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібіне бағытталған. Атап айтқанда, индустриялды аймақта трансформатор, полиэтилен құбыры, жылытқыштап, пенопласт, пеноплекс өндіретін өндіріс компаниялары орналасады деп жоспарланып отыр.

КӨШЕГЕ QR-CODE ТАҚТАЙШАЛАРЫ ОРНАТЫЛДЫ

Шымкент қаласының барлық аудан аумағында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында көше атауы мен мекенжайы көрсетілген QR-code үлгідегі тақтайшалар орнатылуда.

Таяуда аталған жұмыстар Қаратау ауданы аумағында жеке секторда атқарылды. Жалпы аудан бойынша 32 мыңға жуық жеке және көп қабатты тұрғын үйлерге аталған тақтайшалар орнатылады. Бұл жұмыстарды биыл желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған.

КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов және қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов үшінші мегаполистің Шымкент – Ташкент бағытындағы кіреберісін көріктендіру бойынша жоба жұмыстарымен танысып, зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Аталған жоба қала аумағындағы ең маңызды кіреберіс. Жоба аясында Шымкент-Ташкент бағытындағы жағалауға тұрғындар мен қала қонақтарына арналған демалыс аймақтары, саябақтар, гүлзарлар салынбақ.

Жалпы, қала көркi кiреберiстен танылады. Қалаға келген қонақтар қаланың кіреберіс босағасының тазалығына әрі сәулетіне қарап баға беретіні сөзсіз.

Бетті дайындаған

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *