ҮКІМЕТ БАСЫ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСКЕ КЕЛІП КЕТТІ

Билік Қоғам
327 Views

СМАЙЫЛОВ САПАРЫНАН НЕ ТҮЙДІК?

Қош, үкімет басшысы Әлихан Смайылов жыл басындағы алғашқы сапарын шырайлы Шым шаһардан бастады. Әуежайдан түсе салысымен, алдынан шығып күтіп алмаған шаһар басшысын сынның астына алды. Жооқ, күтіп алмағаны үшін деп ойлап қалмаңыз. Бұ кезде Шымқаланың әкімі Әйтенов үкімет басының алдынан шықпақ түгілі жұмыстан басын көтере алмай жатқан… Сөйтсе де, Әйтеновке жылы сөз бұйырмады.

Үшінші мегаполистің бірқатар кем-кетіктерін айтып, үкімет берген тапсырмасының ойдағыдай орындамағандығын да ескертіп… шаһар басшысын қара тізімдердің қатарына қосып қойды.

Неге десеңіз, Смайыловтың сын садағына бірінші болып түйрелген мәселе – әуежайдың құрылысы. 2019 жылы іргесі қалана бастаған нысанның жұмысы әлі толыққанды бітпегеніне тоқталды. Алайда Әйтенов бұл сындардан сүрінбей өте алар емес. 2020 жылы әуе жайдың құрылысы аяқталуы тиіс болған. Бірақ пандемия салдары кері әсерін тигізуде деген жауапты да естігеніміз анық. Ал 2021 жылы Әйтенов мырза құрылыс компаниясын сотқа беріп жатырмыз деген ақпаратты таратты. Барыс жылында әуе жайдың құрылысы аяқталмай қалғаны Смайыловқа ауыр тисе керек, спорт тілімен айтқандай Әйтеновті нокдаунға жіберді.

Смайылов:

— Шымкенттің бетке ұстар ғимаратына қала әуежайы лайық емес, халықаралық статусқа да лайық емес, — деді. Әйтенов жымиды да қойды.

— Жаңа терминалды салуға тапсырма 2018 жылды берілді. Әлі күнге дейін неге пайдалануға берілмеген? Әуежайдың келбеті туристке, қала қонағына, тіпті, мемлекетке алғашқы әсер туғызады. Сондықтан, жаңа терминалды тездетіп іске қосқан маңызды, — деп тағы түйреп өтті Үкімет басы.

Қабағынан қар жауған премьерді серпілтейін деді ме Әйтенов Смайыловты ертіп жүріп, тағы бір қатар нысандарды аралатып ашуын басқандай болды. Соққы үстіне соққы болмайық ендеше. Әуежайға келгенде Мұрат Әйтенов уәде бергіш болып алған ғой, терминал жобасы 80 пайызға біткенін, жалпы 40 мың текше метр құрылыс жүргенін айта келіп, 2023 жылдың соңына қарай тапсырылатынын айтты.

Әуежай құрылысынан бөлек өңірде құйрығы сағыздай созылған тағы бір құрылыс нысаны бар. Естеріңізге сала кетсек, 2020-шы жылы наурыз айында Шым шаһарда металлург стадионының құрылысы басталғанын білеміз. Құрылысты аяқтау мерзімі он бір айға созылады деген жауапты тіпті төл құжатқа енгізген. Алайда құрылыс он бір айдың екеуін бастан өткерді. 3 млрд. 813 млн теңгеге жеңіп алған «Югстройсервис-Н» ЖШС құрылысты күн артынан күн, жыл артынан жыл созып әлі күнге дейін жырымшылап келеді. Осы құрылыс жұмыстары бітемін дегенше шымкенттік футболшылар алаңнан жатырқаса керек.

МҰНДАЙҒА ЖОЛ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ!

Сондай-ақ, премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау және тағы басқа. бірқатар мәселелер қаралды. Жиын кезінде үкімет басшысы еліміздің үшінші мегаполисіндегі жылумен жабдықтаудағы кемшіліктерді атап көрсетті.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, сондай-ақ ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов және денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев түрлі салалардағы көрсеткіштер мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Баяндамашыларды тыңдаған премьер-министр үкімет мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті. «Онда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді», — деді Әлихан Смайылов. Оның айтуынша, қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін және тағы басқасын жаңғыртуға басымдық беруі керек. «Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін, мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде, қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, “Жаңа Талап”, “Тұран” шағын аудандарындағы көп қабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды», — деді премьер-министр.

Қалада құрылыс қарқынды. Атап айтқанда, соңғы екі жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар Үкімет басшысы осы орайда мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашу қажеттігін айтты.

«Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді», — деді Әлихан Смайылов. Премьер-министр экономикалық блоктың мәселелеріне тоқтала келе, әкімдікке экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыру бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл жағдайда негізінен өңдеу секторына назар аудару керек. Осыған байланысты Үкімет басшысы тиімділікті арттырудың және қолданыстағы индустриялық аймақтарды кеңейтудің, сондай-ақ жаңа өндіріс алаңдарын ашудың маңыздылығын атап өтті.

«Жалпы қаланың 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық портфелі құны 2 трлн. теңге болатын 283 жобаны қамтиды. Қала әкімдігі іске асырылып жатқан жобалардың мерзімінде іске қосылуын, сондай-ақ жоспарланған жобаларды пысықтауды қамтамасыз етуі қажет», — деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Бұл – соның ішінде нарықтың қолжетімді тетіктерін қолдануға, делдалдық тізбектерді анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына және аграрлық секторды дамытуға қатысты да мәселе. Отырысты қорытындылай келе, премьер-министр «Сайрам» тұрғын алабын сумен қамтамасыз ету, «Тұран» шағын ауданында магистральдық кәріз коллекторы мен оқушылар сарайын салу, жалпы Шымкентте жол инфрақұрылымын салуды қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар Әлихан Смайылов жылу желілерін, сорғы станцияларын қайта жаңарту, қазандықтарды жаңғырту және «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен жабдықтау қажеттігін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *