ҮШ СОТТЫҚ ЖЕРДЕН 3 МЛН. ТЕҢГЕ ТАБЫС ТАПТЫ

Экономика Қоғам
327 Views

Елімізде азаматтарды оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге ерікті түрде көшіру бағдарламасы «Жұмыспен қамту бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлердің демографиялық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Өздеріңіз білесіздер, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында демографиялық теңгерімсіздік проблемасы бар. Яғни, оңтүстік өңірлермен салыстырғанда бала туудың төмендігі, жастардың іргедегі Ресейге көшуі байқалады. Салдарынан көші-қонның теріс сальдосы мен егде жастағы азаматтардың үлесі артуда.

Бүгінде оңтүстік солтүстікке қоныс аударушы жандарға қолайлы жағдай жасалып отыр. Мәселен, Сарыағаш ауданынан Заңғар ауылынан көшіп келген Шерзат Райымбековтің айтуынша солтүстікте өмір сүруге, кәсіппен айналысуға барлық мүмкіндік бар. «Тек ерінбей жұмыс істесең болғаны. Мол табысқа кенелуге болады»  дейді ол.

Шерзат бау-бақшаның қыр-сырын жақсы меңгергендіктен жылыжаймен айналысуды жөн көрген.

Кәсіпкер отбасы қияр мен қызанақтан бөлек қауын, шалғам егіпті. Бүгінде үш соттық жерден үш миллион табыс тапқан.

Ресми мәліметке сүйенсек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған.

Бұл өңірге 131 отбасы көшіп келіпті. Ал, Солтүстік Қазақстан облысына 109 отбасы, Қостанай облысына 23 отбасы қоныс аударған.

Жалпы Павлодар облысында ауыл шаруашылығы мамандарына, білім саласына, дәрігерлерге, техникалық мамандықтарға және қызмет көрсету саласының мамандарына сұраныс жоғары.

«Қоныс аударушыларға 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық есеп көрсеткішке дейін субсидия төленеді. Отбасы мүшелерінің әрқайсысына 214 мың теңге беріледі. Сондай-ақ қоныс аударушыға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша материалдық көмек ұсынылады», – дейді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Байтілесова.

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында теріскейге қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді.

Биылғы 7 айда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында солтүстік өңірлерге тағы 270 отбасы қоныс аударған.

Яғни, 951 тұрғын Теріскейге көшіп, жаңа өмір бастап отыр. Ал, жалпы биыл республика бойынша жоба аясында Түркістан облысына 6424 квота бөлінген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *