ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН ӨНЕР ИЕСІ

Қоғам
299 Views

Түркістан қаласының тұрғыны Мәдина Қорғанбаева қазақы ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген ауыл-аймаққа, туған-туысқа сыйы зор азаматша. Он саусағынан өнері тамған келіншек биыл сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, отбасын асырауға атсалысып жүр. Көпбалалы ана ұлттық оюлар басылған төсек жабдықтарын, сондай-ақ түрлі балалар ойыншықтарын, өзге де тұрмыстық бұйымдарды қолдан жасайды.

Бала кезінен тігіске жақын өскен жеткіншек ісмерлігімен көзге түсіп, бүгінде шеберлігінің арқасында мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Еліміздің жұмыссыз азаматтарына «екі қолға бір күрек» беру мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарлама аясында грантқа қол жеткізіп, 1 млн 200 мың теңгенің қаражатын алды. Қаржыға тігін машиналарын және тігіске қажетті ірілі-ұсақты заттарын түгендеп алды. Шаруашылығына ауадай қажетті құрылғылар Мәдинаның мүмкіндігін арттырып отыр. Осыған дейін де тапсырыс қабылдап, киім-кешектер мен тұрмыстық заттарды тігіп, аракідік алыпсатарлықпен айналысып келген ол қазір түрлі ою-өрнектермен көмкерілген бұйымдарды сатылымға шығара бастады. Бұрын мұндай бұйымдарға сұраныс болса, тігіншілерді аралап, уақыт жоғалтатын. Грант қаражатына сатып алған «сиқырлы» машиналарының көмегімен зик-зак, оюлы тігістерді үйде отырып-ақ тіге алатын мүмкіндікке қолы жетті. Есесіне келіншек кірісі де еселеніп, отбасылық бизнесіне айналып үлгерген шаруашылығын дөңгелетіп әкетті.

Қиялы ұшқыр шебер «Қыз жасауын» да замана талабына сай етіп жасады. Көрпе-жастықтан бастап жасауға қажетті барлық дүниені түгелдеп, тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін барын салады. Еңбекқор кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде. Салт-дәстүрімізге айналып кеткен қазақы ою-өрнектерді бүгінгі трендтермен байланыстыра отырып, көздің жауын аларлық дүниелер жасап шығарады. Қазір той-жиынның кезеңі қызып тұрған шағы. Тапсырыс көлемі де күннен-күнге артып отыр. Таңертеңнен кешке дейін үлкен қызын көмекші етіп, тапсырыстарды де кезінде орындаудың қамымен жүр.

Көпбалалы отбасы осыған дейін мұқтаж азаматтарға тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті алып келген. Алайда, үкіметтің аз қамтылған тұрғындарды тығырықтан алып шығу үшін беріліп келген қаражат отбасының барлық мұқтаждығын өтемейтін. Балалар өскен сайын шығындардың да артып, отбасы бюджетіне салмақ түсетіні белгілі. Осыны ескерген келіншек грант туралы естіп, әрекетін жасайды. Үш айлық оқу курсына жазылып, бизнес жобасын ұсынады. Арнайы курста білген-түйгендерін арттырып, кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Тұрғынның айтуынша, қысқа мерзімді курстың оның кәсібін дөңгелетуіне, бүгінгі сұранысты зерттеуіне ерекше ықпал еткен. Ол білікті мамандардан тігістің сан қырлы тұстарын үйреніп, онысын күнделікті шаруасында тиімді қолданып жүр.

Көпке үлгі кейіпкеріміз үкіметке қол жаятын уақыт өтті дейді. Қызу еңбекпен тіршілік ету арқылы жетістікке жетудің мүмкіндігі зор екенін ауыл тұрғыны әуелден-ақ пайымдаған. Сол әрекетінің жемісі — бүгінгі жетістігі. Еңбекқор, шаруаға епті келіншектің арман-мақсаты асқақ. Ол шеберханасын кеңейтіп, ауылдағы жұмыссыз келіншектерді еңбекке баулығысы келеді.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *