ӨЗ ҚОЛТАҢБАСЫ БАР ШЕБЕР

Қоғам
134 Views

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылының тұрғыны Азамат Жұмаділов Райымкұлұлы Бастау Бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында «Лазермен кесу» мақсатында мемлекеттік грантқа құжатын тапсырып, комиссияның оң қорытындысы негізінде 555 600 теңге алды. Қазіргі таңда лазермен суреттер салып, сувенирлер жасап сатуда. Көп балалы әке.

Бұрын он саусағынан өнері тамған хас шеберлер ағаштан түйін түйіп, ұлттық бұйымдар жасайтын, мәселен, домбыра, киіз үйдің асадалы, кереге, уығы… жүкаяқ, кебеже талай майталман менмін деген ұсталардың сиқырлы қолынан туындаған. Ағаш бетіне ою салу өнері де саусақтың ептілігі мен қиялдың ұшқырлығы арқасында іске асатын. Қазір жаңа технология адам мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіріп, бәрін компьютерлік графикада жүзеге асыратындай кереметтер пайда болды.

Әйтсе де бұл өнердің тілін білетіндер ғана кәсіп ретінде шұғылдана алады. Біздің бүгінгі кезекті кейіпкеріміз Азамат Жұмаділов те қазіргі таңда лазерлік кесу технологиясы арқылы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпкер, әрі қолөнер шебері.

— Бұл өнер менің хоббиім. 2000-ыншы жылдардан бері, яғни студент кезімнен компьютерлік графикада дизайнер болып жұмыс істегенмін. Содан бері бұл жұмыс жаныма әлдеқайда жақын, — дейді Азамат Райымқұлұлы.

Азамат әдепкіде кәсібін кеңейту үшін Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығына мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ұсыныс берді. Ондағы мақсаты – қондырғылар сатып алу арқылы қызмет түрлерін көбейту. Мемлекеттік қолдауға ие болғаннан соң Азамат Қытайдан шығатын кең форматты принтерді Алматыдан алдыртты. Бұл жабдықтармен енді ол баннерлер, лозунгтар, стендтер шығара бастады.

Бұл күндері Азамат Бәйдібек ауданында ағаш бетіне сурет салумен, мектеп қабырғаларына, түрлі ұжымға стенд жасап берумен айналысады. Одан шығармашылығын дамыта келе, тапсырыс берушілердің сұранысына орай ағаштан қойын дәптер, жұмыс үстеліне қажет органайзер, түрлі кәдесыйлар жасауға көшті. Ағаш, мата түрлері, пластмасса материалдарының бетіне түсетін жазу-сызуды, ою-өрнекті лазер арқылы сызып кеседі. Мәселен, кісі есімі жазылған мына бір «тамшы» бейнесіндегі шкатулканы алайықшы. Мұны сый ретінде ұсынуға әбден болады. Ал, жұмыс кабинетіндегі үстелге қоюға өте ыңғайлы «Мәңгілік күнтізбе» атты органайзер – бұл да таптырмас сыйлық. Өйткені, мұнда адам аты жазылады, сонымен бірге қалам салғышы, ағаш күнтізбе және қойын дәптер ұсынылған. (Төменде суретте – авт.) Бұл жұмыстардың бәрін Азамат іздену арқылы тапқан. Бастапқыда ауданның жергілікті халқы аталған бұйымдарды қызығушылықпен сұрап келіп, сатып алатын. Қазір тапсырыс еліміздің түкпір-түкпірінен түседі. Атырау, Орал, Қызылорда… тізбектей берсе көп. Оларға «Қазпошта» арқылы жөнелтіледі. Еңбектің наны тәтті деген, бұл процесс Жұмаділовтер отбасы үшін әрі қуаныш, әрі жетістік.

Бастаған ісін дөңгелетіп отырған Азамат Жұмаділовтің жұбайы Еңлік те қолынан іс келетін ісмер. Ол көрпеге құрақ құрап, қыз жасауын әзірлеумен айналысады.

— Бастапқыда келіншегім Еңліктің инстаграм парақшасына екеуміздің жұмыстарымызды салып жүрдік, содан кейін бірте-бірте тапсырыстар көбейе бастады, — дейді Азамат.

Қазір ғаламтор арқылы көптеген идеяларға қол жеткізуге болады. Тек ерінбей жалықпай еңбектене білсеңіз болғаны. Уақыт өте келе Жұмаділовтер отбасы футболка мен кепкаларға, бокал сыртына фотосуреттер жапсыруды қолға алды. Әсіресе, жастар соңғы үлгідегі футболкаларға, жаздық кепкаларға өздері қалаған фотолар мен логотиптерді жапсыруды әдетке айналдырған. Тіпті, бұл дәл қазір трендте. Жастардың сұранысын қанағаттандырып, нарыққа бейімделе білген адамның ұтары көп.

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әрбір отбасы үшін кәсіп ашып, қосымша қаржы көздерін қарастыру бойынша тапсырма бергені белгілі. Мінекей, осы орайда нәтижеге қол жеткізген бәйдібектік Жұмаділовтер отбасын үлгі етсек болады.

Азамат Жұмаділов сонымен қатар лазерлік кесу технологиясы арқылы соңғы кездері ағашқа шежіре жазу тәсілін меңгерді. Бұл жерде әр отбасының руы, ата-бабалар тізімі жарияланады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа естелік, әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс мұрағат десек болады.

— Өмірлік мұратқа жету үшін әрбір адам алдымен алдына мақсат қою керек, сол мақсаты арман күйінде қалмау үшін талаптанып ұмтылу қажет! Сонда ғана жемісті жеңіске жетеді! – дейді біздің кейіпкеріміз.

Азамат өзінің қолынан шыққан дүниелерін алыстан таниды екен. Бұл нағыз шебердің қайталанбас қолтаңбасы. Түрлі көрмелерге қатысып, туындылары үздік деп танылып, алғыс хаттар мен халықтың шынайы алғысына ие болған ол бүгінде сүйікті ісін әрі қарай шабыттана жалғастыра бермек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *