ШОРНАҚТАҒЫ ШУДАН НЕ НӘТИЖЕ ШЫҚТЫ НЕМЕСЕ АУДАН ИДЕОЛОГИЯСЫ ҚАНДАЙ КҮЙДЕ?

Саясат
644 Views


Түркістан облысы, Сауран ауданы жаңа аудан. Дегенмен, негізі ілгеріденқалыптасқан, тарихи көне ауылдардан құралып, онда көп ұлтты халық мекендейтінімен ерекшеленеді.

Аудан құрылғалы бері маңызды әлеуметтік жобалар қолға алынып, жұмыс жүре бастады. Ауыз су, газ құбырын тарту, көшелерге жол салу, жарықтандыру мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. Аудан әкімі Ғани Рысбеков бұл салада тәжірибесі бар, мемлекеттік қызметкер ретінде ел-жұртқа ілкімді бастамаларымен жақсы таныс. Бір айта кетерлігі, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы дамып келе жатқанмен, идеология саласы ақсап тұрғандай. Олай дейтініміз, мұнда қазақ және өзбек жастары арасында көп кикілжің орын алып тұрады. Былтыр жаздыгүні жаппай төбелес туып, ауыл ішіне арнайы жасақ жіберіліп, күзет қойғаны белгілі. Тіпті бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына да іліккен болатын. Мұны жастар арасындағы бұзақылық деп жылы жауып қоюға әсте келмейді!

Мұндай жанжал аудан төңірегінде жиі болып тұратыны жасырын емес. Себебі, Шорнақ елдімекені қазақ пен өзбегі, өзге ұлты қоян-қолтық аралас тіршілік етіп келе жатқан байырғы ауылдардың бірі. Нағыз ұлтаралық араздық пен алауыздық тұтану қаупі бар Сауран ауданында содан бері оңды бетбұрыс жасалды ма? Ауданның идеология саласындағы олқылықтар түзеліп, жөнін тапты ма деп ойлағанбыз, үміт еткенбіз. Алайда бұл жерде кемшіліктер үдемесе, мысқалдай да кемімеген. Жастардың ауық-ауық жаға жыртысып жүргені жүрген… Оларды жұмысқа тарту, ұлтаралық татулықты нығайту, елді бірлікке шақыру бағытында тиянақты, жоспарлы бірде-бір жұмыстар атқарылмай келетіні өкінішті… Бұған жауапты аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі емес пе? Басшы міндетін атқарушы Талғат Жанадилов пен аудан әкімінің идеология жағынан орынбасары Серік Садыбаев не іс тындырып жүргені өздеріне ғана аян шығар әзірге!? Қазіргі жағдай бейғамдыққа салынатын кез емес! Талғат Жанадилов ішкі саясат жұмысын атқару былай тұрсын, өзінің сөгіс арқалап, «таяқ жеп» жүргені ойланарлық мәселе екен. Сонда идеологияны дөңгелетіп кететін, халықпен тындырымды жұмыс жасайтын білікті білдей мамандардың табылмағаны ма ауданда?

Ұлтаралық татулықты сақтау, жастарды идеологиялық мақсатта мемлекетіміздің дамуы мен бірлігіне жұмылдыру – еліміздегі негізгі саяси басым бағыттардың бірі. Осы мақсат мүддеде Сауран аудандық ішкі саясат бөлімі не себепті белсенділік таныта отырып жұмыс істей алмай келетіні түсініксіз? Ішкі саясат, жастар ісі, этностар арасындағы қоғамдық келісімге аудан әкімі назар аудармаса идеология саласы осылай қожырап кете беруі бек мүмкін! Сондықтан аудан әкімі Ғани Құрмашұлы айтылған мәселені жіті қадағалап, қорытынды нәтиже шығарар деп ойлаймыз. Кезінде Ғанекеңнің өзі де Қазақстан халқы Ассамблеясында жемісті еңбек еткені ел есінде. «Идеологиямыз мықты болмай, ел экономикасының мығым болғаны бекер». Біз ауданның дамуына бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, баршамыз үлес қосуымыз керек. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта қайта оралатын боламыз.

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *