«АЗАМАТ. ҚАЛАМГЕР. ҚАЙРАТКЕР»

Тұлға
1 320 Views

Әбжаппар Жылқышиев 1918 жылы 15 қарашада Жамбыл облысының Луговой (қазіргі Құланды) ауылындағы Сұлутөр ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, жетім өскен. Ашаршылық жылдары Ақыртөбедегі балалар үйінде тәрбиеленген. 1937-1942 жылдары мектепте мұғалім болып істеген. Ташкенттегі әскери училищені бітірген. 1942 жылы 22 маусымда әскер қатарына алынып, Иранда арнайы жаттығудан өткен. Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлинге дейін барған. Батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Әскери шені – капитан.

1947 жылы туған елге оралған. Алматыдағы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін (1955), Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін (1961) бітірген. 1947-1981 жылдары Жамбыл және Шымкент (қазіргі Түркістан) облыстарында жауапты қызмет атқарған. 36 жасында Келес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған. 30 жыл ішінде жеті ауданды басқарған. Оның үшеуінде бірінші хатшы, төртеуінде аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Шымкент облыстық атқару комитетінің баға жөніндегі бөлім меңгерушісі, Шымкент облыстық партия комитетінің жанындағы партия комиссиясының төрағасы қызметін атқарған.

Жазушы қыран құстай баптаған құсбегідей оқырмандарын қуатты сөзімен, тілеулес, жайсаң мейірбандығымен, өмірге, туған жерге деген шексіз махаббат сезімімен қанаттандыра түскен. «Ақтолқын» (1974), «Мешін жылы» (1977), «Өмір жыры» (1979), «Балжан тағдыры» (1984), «Дауылдан кейінгі жорық» (1990), «Жұмбақ түтін» (1993), «Замана іздері» (1998), «Өмір жыры» төрттомдығы (2003), «Сұлутөр» (2008) атты кітаптары жарық көрген. Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлымен сырласқан, Өзбекәлі Жәнібеков, Еркінбек Тұрысовты тәрбиелеген тұлға. Өз туындыларында тылсым табиғатты көркем тілмен керемет суреттейтіндіктен әріптестері оны «Қазақтың Пришвині» деп атайтын.

Бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», екі рет «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Шымкент қаласының құрметті азаматы. Шымкенттегі көшелердің біріне, туған ауылына есімі беріліп, ескерткіштері орнатылған. Зайыбы Шырынкүл Қалықызы екеуі өнегелі ұл-қыз өсіріп, олардан бірнеше немере сүйген. Жан жары Әбекең жайлы «Ел ағасы» деген естелік кітаптың жарыққа шығуына ұйытқы бола білген. Әке жолын қуған үлкен ұлы Нұрлан ақын, жазушы атанды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған. Америка Құрама Штаттарының Тынық мұхит жағалауы университетінде философия докторы ғылыми дәрежесін қорғаған. Сол елдегі Халықаралық ауыл шаруашылығы институтының Дипломымен марапатталған. Кенжесі Болат Тараз, Кентау, Шымкент қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған.

Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Азамат. Қаламгер. Қайраткер» атты еске алу іс-шарасы өтті. Оған қатысушылар алдымен кеш иесінің атындағы көшедегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Орыс драма театрында алқалы жиын өтті. Кітап көрмесі жасақталды. Көрермендер назарына шағын бейнефильм ұсынылды. Басқосуда алдымен Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйледі. Ол өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың мерейтойға арналған құттықтау хатының мәтінін оқып, Әбжаппар Жылқышиевтың бейнесі бедерленген кілемшені оның кенже ұлы Болатқа тарту етті.

Жазушы, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт байыпты баяндама жасады. Шешен Әбекеңнің адалдық, әділдік, тазалық, тектілік, бекзаттық тәрізді басты-басты бес қасиетін жіпке тізгендей әдемілеп айтып шықты.

Қарт қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркінбек Тұрысов әсерлі естелікке толы сөз сөйледі. Сөйтіп, өзінің қостомдық шығармалар жинағын Әбекеңнің үлкен ұлы Нұрланға табыстады.

Еңбек ардагері Нұрмаханбет қажы Әжіметов те өзінің естелігімен бөлісті. Ол Әбекеңнен іскерлік пен ұқыптылықты үйренгенін айтып, қалың жұртшылыққа батасын берді.

«Қазақстан-2030» мейрамханасында Әбжаппар Жылқышиевтың әруағына арнап ас беріліп, Құран бағышталды. Онда мемлекет және қоғам қайраткерлері – Өмірбек Бәйгелді, Амалбек Тшанов, Шалатай Мырзахметов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, сот саласының ардагері Бекет Тұрғараев, Жылқышиевтардың құдасы Жақсылық Ысқақов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, тағы басқалар өздерінің жүрекжарды ыстық лебізін жеткізді.

Сөз орайы келгенде қазақтың қарымды қаламгері Роллан Сейсенбаев жетекшілік жасайтын Халықаралық Абай клубы Әбжаппар Жылқышиевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы тарту ретінде «Мешін жылы», «Тақталас» деп аталатын қостомдық таңдамалы шығармалар жинағы мен «Менің 100 кітабым» сериясымен жазушының жеті әңгімесін Клара Серікбаеваның көмегімен орыс тіліне аударып, жеке кітап етіп шығарғанын да тілге тиек ете кетейік.

Кеш соңында жазушының кенже ұлы Болат Жылқышиев қорытынды сөз сөйледі. Ол әкелерінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге белсене атсалысқан азаматтардың бәріне өзінің алғыс сезімін жеткізді.

Ә. ӘДІЛХАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *