АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТІ ҰМЫТЫЛҒАН ЖОҚ

Уақыт
1 903 Views

Биылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ауған соғысы 1979 жылы басталып, 10 жылға созылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл айтуға оңай болғанымен, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмағаны баршаға белгілі. Цифрлы деректерге назар салатын болсақ, Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 60 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметін өтеген. 15526 адам, соның ішінде 925 қазақстандық алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған. КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының деректері бойынша 333 кеңестік солдат, соның ішінде қазақстандық 21 әскери қызметкер хабар-ошарсыз жоғалып кеткен немесе тұтқынға түскен.

Ауған соғысы Кеңес Одағына ешқандай абырой, даңқ әперген жоқ. Құрбан болғандардың туыстары мен жақындары үшін бұл қасіретті соғыс 1989 жылы 15 ақпандағы әскерлердің шығарылуымен де қайғы-қасіреті әлі таусылған жоқ. Бұл тіпті уақыттың өзі де емдеуге дәрменсіз қансыраған жара болып қалып отыр. Осы қантөгісті оқиғаның тәжірибесі әр мемлекет пен халық өздерінің ішкі істерін өз халықтарының пайдасы мен игілігі үшін дербес түрде шешуге үндеген қайталанбас сабақ болды.

Кеңес Одағында Ауған соғысы деп аталып кеткен әскери қақтығыс – бұл Ауғанстандағы бір-біріне қарсылас Ауғанстан Демократиялық Республикасының Үкіметі мен қаруланған оппозиция – ауғандық моджахедтердің арасындағы азамат соғыстың бір бөлшегі-тұғын. Даудың негізі – елді кім басқаратынын және жаңа мемлекеттің саясаты қандай бағытта жүргізілетінін анықтау болатын.

Ауғанстан Демократиялық Республикасы 1978 жылы Сәуір төңкерісі, шындығына келсек, коммунистік төңкеріс нәтижесінде Ауғанстанның халықтық-демократиялық партиясы мен Ауғанстанның біріктірілген коммунистер майданы мемлекет президенті М. Даудты тағынан түсіруінің нәтижесінде құрылды. Төңкерістік кеңес жоғарғы мемлекеттік орган болып, Ауғанстанның халықтық-демократиялық партиясы басқарушы партия ретінде танылды.

Жаңа үкімет, соңынан Азамат соғысының салдары болған көлемді өзгерістер жасау бағытын ұстанды. КСРО-да 1920 жылдары болып өткен реформаға өте ұқсас аграрлық реформа, мұсылман діни қызметшілерін қудалау мен қыспақтау, заң түрінде әйелдерге бостандық беру — әлеуметтік жарылысқа әкелген, моджахедтердің пайда болуына, Азамат соғысының жаңа бір жаңғыруына себеп болған «жағымсыз» реформалар еді.

Моджахед деп мұсылмандарда дін үшін соғысқа қатысып жүрген не болмаса мемлекетті басқарып отырған саяси режимге қарсы күреске шыққан адамды атайды. Ауғандық моджахедтер дегеніміз – бұл мемлекет басқаруын қолға түсіреміз деген бір мақсатта жүрген саяси партиялар тобы және партизандар мен оларды басқарушы командирлері-тұғын.

1979 жылдың шілдесінде Кеңес армиясының ең алғашқы әскери құрамы ретінде 345-жеке парашютті десант полктің жеке батальоны Ауғанстанға түсірілді.

Ауғанстанға Кеңес әскерлерін кіргізу туралы шешімді Кеңес Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюросының азғантай ғана мүшелері қабылдаған болатын. Ауғанстандағы жағдай Саяси бюро мүшелерінің тыныштығын бірнеше себепке орай бұзған болатын. 1979 жылы Иранда болған Ислам төңкерісі Таяу Шығысқа тән фундаменталдық ислам саяси құрылысын бекіте түсуге шақырып тұрғандай еді. Бұл, әрине, ауғандық моджахедтердің де көкейкесті мақсаты болатын. Бұған қоса Кеңес еліне көңілі ауып отырған жаңа таяушығыстық республиканың Үкіметі құласа, КСРО-ның абыройын әлем алдында айрандай төгіп, кеңестік Орта Азияда, дәлірек айтқанда, Тәжікстанда жағдай шиеленісер еді. Мұның үстіне Ауғанстанда және онымен көршілес елдерде Америка Құрама Штаттарының әскери-экономикалық әскері көзге көрінердей күшейгені келешекте Кеңес Одағының өзіне қауіп төндіруі әбден мүмкін-тұғын. Шайқас алаңында соғысты тұтандырушылар емес, майдандағы жауынгерлер қаза болған.

Ауған соғысының ардагерлері Шымкенттегі Абай саябағына келіп, сондағы ескерткіш кешен жанында арнайы жиын өткізді. Жер-жерде жастармен кездесулер өткізуде. Біздің кітапханамызда өткізіп отырған кездесуіміздің мақсаты – ерлікке тағзым ете отырып, Ауған соғысы туралы шындықты жеткізу, қазіргі жастардың жарқын ұрпағын патриоттық үлгіде тәрбиелеу, сондай-ақ соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екені туралы ұғым қалыптастыру болатын. Ауған соғысының ардагерлері Абай саябағындағы ескерткіш кешенінің жанында арнайы жиын өткізді. Осы орайда қасиетті құтханамыздың белсенді оқырмандары — Әсет Омартегі, Әбдісаттар Әліп, Нағима Темірбекова, Ақтолқын Құлбай, Сандуғаш Қожабек, Аида Мұратова, Нәби Үсенов, Нұрдәулет Лепісханов, Бекарыс Түгелбайұлы, Талғат Шәріпбай, тағы басқалар өздерінің ой-пікірін ортаға салды. Патриоттық әндер шырқалып, өлеңдер оқылды.

Зухра ҮСЕНОВА,

Шымкенттегі Абай атындағы қалалық орталық көпшілік кітапханалар жүйесі №1 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *