БАЛУАН ЖАЙЫНДАҒЫ БАЙЫПТЫ ШЫҒАРМА

Таным Тарих
1 243 Views

Жамбыл Жабаевтың биыл 175 жылдық мерейтойы екенін естіп, біраз уақыт ғаламторды ақтарып, ізденіп отырған едім. «Мақыш балуан» деген повесть жайлы мақаланы көзім шалып қалды. «Іштей Жамбыл бабамыз туралы мәліметтердің арасында жүрген Мақыш балуан кім?» деп ойладым. Бұрын соңды Мақыш балуан туралы естуім жоқ еді. Ешбір кітаптан, бір жанның аузынан Мақыш балуан деген тұлғаны естіп көрмеген едім. Тың дерек болған соң, өзіме де қызық болды. Сонымен, бірден осы повесті қолыма түсірдім. Повест 2010 жылы «Мирас» баспасында басылып шыққан «Бабадан – қасиет, атадан – өсиет» деген кітапта өз орнын тапқан екен.

Мақыш Райымбек баласы – әрі балуан, әрі ақын, Жамбылдың ең жақын көрген адамы екенін повесть жайлы мәліметтерді іздестіру барысында білген едім. Қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл бабамыздың өзі жақыным деп санағанына қарағанда тегін адам емес екенін сезген едім. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы тұлға жайлы кітапті оқу өзіме берілген үлкен сый деп санадым.

Мақыш балуанның батылдығына тәнті болсам да, талай жорытқанда жолдасы болған Тілепбергенге көңілім толмады. «Жаманменен дос болсаң – көңілің азар» деп бекер айтылмаса керек-ті. Тілепбергендей қарақшыдан құтылудың өзі олжа деп ойладым. Бәлкім, жазықсыз жанның қанын жүктеген Тілепберген болмаса, Мақыш балуан барымташылықты біржолата тастап кетпес пе еді?! Ол жағы жұмбақ болып қалар.

Жамбыл бабамыздың Мақыш балуанға деген ерекше қарым -қатынасын жүзіне күлкі үйіріліп, төс көрістіріп амандасып, қасынан орын бергенінен байқап ықыласым ауды. Мақыш балуанның: «Біздікі ет пен терінің арасындағы желік қой! Сіз тұрғанда бізге не жорық» деген сөзінен ақынның өзі мен қатар өнеріне деген сыйластығын байқап бір марқайып қалдым. Шынында, Жамбыл бабаның жақын көретін жөні бар екен.

Өлең жырдың алтын ұясы Сүйінбай ақыннан бата алған Жамбыл баба өзінің сүйікті шәкірті Мақыш балуанға Балуан Шолақпен кездесу ұйымдастырып, бата алуына себепші болуының өзі тегін емес деп ойладым. Соған қарағанда, қыранды қыран таниды, сұңқарды сұңқар таниды деген рас болар.

«Қырғыз-қазақ бір туған» деген сөздің жаны бар көрінеді. Оны Жантайдың ұлы Шәбденханның асында Үмбетәлі ақынның:

«Тең келер Тоқтағұлдай ер сұңқарға

Қырғызда ақын бар ма айтшы қане», – деген өлеңді кесек-кесегімен тастап, селдей ағызып, қырғыз манаптарының алдында қашқын атанған ақын Тоқтағұлды көтермелей сөйлегенінен білеміз. Жамбыл бабамыздың Үмбетәлі ақынды қолдап, Тоқтағұлдай досының ақындығы мен жақындығын айтып жырлағаны маған ерекше туыстық сезім сыйлады.

Тек Мақыш балуан емес, Үмбетәлі ақын да Жамбылдың шәкірті болғаны бәрімізге белгілі. Ұстаз ретінде шәкіртінің Тоқтағұл сынды сөз қадірін танитын ақынның ірілігі мен серілігін танығанына разы болдым. Мұнда да ұстаз бен шәкірт арасындағы ерекше байланысын сезінгендей болдым.

Мақыш ақынды жақыннан танысам да, балуан Мақышты аса біле бермеген едім. Осы бір сәттің орайы келіп, Тістеуік деген қырғыздың сайыскерімен Мақыш балуанның найзаласуын көзбен көргендей болдым. Намысты қолдан бермейтін қазағымның ерлерінен айналдым! «Өлім мен өмірдің арпалысқа түсіп, намыс пен жігердің тоғысар сәті жетті!» деп тыпыршып кеттім. Ел үшін туған ердің сыналар сәті келген екен. Ел үшін жанын пида ететін нағыз елжандылықтың көрінер сәті де осы! Осы кезде Қазыбек бидің: «Басымыздан сөзді асырмаған елміз… Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды…» деп бізге өсиет болып қалған сөздері есіме түсті. «Сөзді басымыздан асырмай, ісіміз соған сай болмай қалса, елге келер ұяты сонда болмақ!» деп жанымды қоярға жер таппадым. Тістеуікті шалқалатып құлатқанда орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым. Тап бір сонау ғасырлар бұрын емес, дәл қазір жеңіске куә болғандай қуанышым қойныма сыймады.

Осындай балуанның қуанышқа толы сәті кетіп, басына қара бұлт үйірілгені ме?! Қылыштай қиып түсер уақыты кетіп, ажалы жеткені ме?! Кеңестің құрығына ілініп, қызыл өкімет түбіне жеткені ме?! Кезіндегі сол ерлігін халқы ұмытып, ту сыртына пышақ ұрғанына жылағым келді. Заманың түлкі болса деген осы екен-ау! «Кезіндегі сый құрмет қайда кетті?» деп жүрегім қанжылады. Мақыш балуанның Сансызбайға аманаттап қайыс белбеуін тапсырғанда үмітім үзілгендей болды. Ит боп қорланып өлерін қайдан білейін?! Ай-хай, опасыз жалған дүние! Қайран ерім-ай десеңші!

«Қазақ үйдің құрығаны – қазақтың құрығаны. Бәріміз қалай жер тамда көртышқан секілді өмір сүреміз жыл он екі ай бойы?» деген балуан ағамның сөзін оқып біраз ойландым. Кеңес дегенін істетіп, заман соны бекітті емес пе? Қазір сол көртышқан сияқты жыл он екі ай жертамда өмір сүріп жатырмыз. Десе де, қазақ деген атымыз бар, қанымыз бар. Жаздың шырайлы күнінде тауға шығып, киіз үйде жатып демалғанның өзін бір ғанибет көреміз. Мақыш аға, несін айтайын, бізге соның өзін жоғалтпай, киіз үйде бірер күн түнегеннің өзі қымбат болып тұр…

Мақыш балуанның ұстазы Жамбыл бабамыздың Сталиннің алдында намаз оқығанын естіп шалқамнан құлай жаздадым. Кеңесті жұдырығында ұстап, темірдей тәртіппен елді билеген Сталиннің алдында намаз оқудың өзі кез келген адамның қолынан келе бермес. Онымен қоймай терезесі тең болып, еркін сөйлескенін естіп тіптен таң қалдым. Жан-жағына жалтақтап, жағын ашса тілі кесілер заманда өзіңді жоғалтпаған ақын бабам, аруағыңнан айналдым! Бұл жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының балалық шағынан қалған қымбат естелік еді.

Ұлы тұлғалар жайлы оқысам, бірден ұрпағы бар-жоғы мазалайтын еді. «Осындай нар тұлғаның артта қалар ізі, ұрпағы болмаған ба?» деген сауалға да осы повестен жауап тапқандай болдым. Мүмкін, жазушы Нағашыбек аға болмағанда жыр алыбы Жамбыл туралы да, әрі балуан, әрі ақын Мақыш балуан туралы да білмей кетер ме едім…

Жанеля МҰРАТҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

журналистика факультетінің

1-курс студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *