БАТЫРДЫҢ ТЕБЕРІК ТЕЛПЕГІ

Руханият
1 169 Views

Есіл ер Апбас көкпарда жұлыны үзіліп кетіп, қайтыс болғанда Мұсатай бес жастағы ойын баласы болатын. Тау жақтағы жолмен екі арбаға мінген адамдар жылап-сықтап, әкесін киізге орап, алып кеткені еміс-еміс есінде. Ауылға барғанда Тойған апасы мен әжесі Ұлжан Мұсатайды кезек-кезек құшақтап, неге екені белгісіз жылай берді, оларға қосылып Мұсатай да жылады. Анасы Әтіркүл соңғы кездері біртүрлі: басына қара орамал тағып алған, ауық-ауық күрсініп, өз-өзімен отырып, ботадай боздайды. Ұлынан айырылу Ұлжан анаға да қатты соққы болып, жайшылықтағы сабырлы, салиқалы кейуана уайымнан бір шөкім болып қалды. Ағасы Жақсыбек және өзі қатарлас жас балалармен ойнап жүрген Мұсатай анасының жанына жүгіріп келіп: «Апа, апа жыламашы, сені кім ұрды? Айтшы маған, оны көкеме айтайын, жанын шығарады», – деп құшақтай алады. Шешесі болса жұбанудың орнына: «Құдайға сонша не жаздым, мен жесір, сен жетім болатындай. Ендігі күніміз не болмақ?» – деп Мұсатайды құшақтап, одан бетер егіледі.

– Қой келін, жылама, Құдай басқа салған соң көнбей қайда барасың. «Әкесі жоқ – жарты жетім, шешесі жоқ – бүтін жетім» деген. Босқа егіле бермей, балаңды ойла, шырағым. Біз барда сен жесір, Мұсатай жетім болмайды, – деп Ұлжан әжесі анасын жұбатып жатады. Мұсатайдың бір аңғарғаны: әжесі келінін жұбатып жүріп екі көзінен парлап аққан жасты білдіртпей сүртіп-сүртіп қояды. Мұсатайға алғашқыда ауыл керемет болып көрінген, бәрі де жақсы көріп, маңдайынан сүйіп, шашынан сипайды, әжелері мен апалары тығып жүрген кәмпиттерін осыған береді. Бала біткен Мұсатаймен ойнағысы келіп тұрады. Мұның бәрі әрине жақсы, бірақ көкесін қатты сағынады. Арада бір ай өткен соң: «Апа, өз ауылымызға қайтайықшы», – деп қыңқылдай бастады. Үш-төрт күн өткен соң ауылдың адамдары үлкен қой сойып, қазандағы ет бүлкілдеп пісіп жатты. Екі-үш самауырынға су құйылып, ол көп ұзамай-ақ қайнай бастады. Көп адам Тойған әжесінің үйіне жиналып, басына сәлде оранған ата ырғақты дауысымен Құран оқып, бетін сипады. Отырған үлкен де, кіші де сәлдедегі ата сияқты беттерін сипап жатты. Содан соң ет желінді, шәй ішілді. Әжесі Мұсатайға жылтырақ қағазға оралған үш-төрт кәмпит берді. Осыған мәз болған ол үйдің алдында асық ойнап жүрген ауыл балаларына тұра жүгірді. Баланың аты – бала, ол әкесі Апбастың қырқын беріп жатқандығын қайдан білсін.

Ертесіне анасы, өзі және әжесі мінген ат арба таудың арасымен ұзақ жүріп диірменге келді. Жолдан әбден шаршап, ұйықтап қалған Мұсатай кеш тұрып, таңғы шәйін шала-пұла ішті де далаға жүгірді. Сумен жұмыс істеп, гүрілдеп тұратын диірмен тоқтап тұр. Әкесі де, ол мінетін күрең қасқа да көрінбейді. Жас бала үйге көңілсіз оралды.

– Апа, көкем қайда, күрең қасқа да жоқ, – деді Мұсатай жыламсырап.

–Көкең алысқа кеткен, көп ұзамай келіп қалар, – деп Әтіркүл жанарына үйірілген жасты көрсетпей сүрте берді. Мұсатай әкесін ұзақ күтті, бірақ, ол келмеді. Көңілі осылайша құлазып жүргенде үйдің жанына жеңіл мәшине тоқтай беріп, ішінен екі адам шықты. Әскери киімді ұзын бойлысын Мұсатай бірден таныды. Ол кісі бұдан бұрын да осында келіп, әкесімен аңға шыққан болатын. Үлкен арқарды атып әкелгендері әлі есінде.

– Әй, бала, әкең қайда? Шақыр! – деді келген адам.

– Шақырмаймын, – деді Мұсатай қырсығып. Жолаушы баланың қиқарлығына таңдана қарап: «Қарай гөр мынаны», – деп миығынан күлді. Машинаның моторын, бөтен адамдардың дауысын естіген Әтіркүл тысқа шығып, үлкен кісілерге сәлем берді. Үйге кірген екі адам тізе бүкті.

– Келін, Апбас інім көрінбейді ғой, бір жаққа кеткен бе? – деді шашы тікірейген әскери адам.

– Аға, естімеген боларсыз, күйеуім осыдан қырық күн бұрын көкпардан қайтыс болып кетті. Кеше ғана ауылда қырқын өткізіп қайттық, – деді анасы мұңайып.

– Арты қайырлы болсын! – деді әлгі кісі бетін сипап, – жақсы жігіт еді. Мынаны бір әжетіңе жаратарсың, – деп Әтіркүлге біраз ақша берді. Содаң соң кішкентай Мұсатайды өзіне шақырып, көкшіл келген әдемі телпек сыйлады.

– Айналайын, мен сияқты үлкен азамат болып өс! – деп шашынан сипады. Қонақтар дастарқандағы наннан ауыз тиіп, асығыс аттанып кетті.

Мұсатай Қаратау қаласындағы ХХІІ партсъезд атындағы орта мектептің алтыншы сыныбында оқып жүргенде Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, атақты жазушы Бауыржан Момышұлының шығармаларымен алғаш танысқанда әкесі қайта тірілгендей болып, қатты қуанды.

– Апай, – деді шәкірт партадан ұшып тұрып, – мен Бауыржан Момышұлы атайды танимын. Менің әкем «Берікқарада» диірменші болып жүргенде талай рет келіп, аң, балық аулады. Менің әжем Ұлжанмен әңгімелесті. Білесіз бе, Бауыржан ата: «Мен сияқты үлкен азамат бол», – деп маған әдемі көгілдір телпек сыйлады, – деп болған жайды тәпіштеп айтып берді.

– Мұсатай, – деді мұғалім шәкіртіне сүйсіне қарап, – батырлығы аңыз болып тараған Баукең кім көрінгенге сыйлық бере бермейді. Сен жаман бала емессің, оқуыңды да жақсы оқисың. Бірақ, ептеп сотқарлығың бар, өзіңмен бірге оқитын балаларды иықпен қағып кететінің, оқушы қыздардың шашынан тартатын жаман әдетің бар. Сен мұндайларыңды қойсаң – нағыз үлгілі оқушы, сыныптың мақтанышы боласың. Сөйт, келістік пе? Ал, Бауыржан атаң сыйлаған телпекті бойтұмардай сақтай біл. Мен сенің Бауыржан Момышұлыдай батыр, қайсар, алғыр болып өсетініңе сенемін!

Әдебиет пәні мұғалімінің айтқан сөзінен кейін Мұсатайдың беделі асып жүре берді. «Сен сотқар баласың, сенімен бір партада отырмаймыз», – деп шошаңдайтын оқушы қыздар басқаша қарайтын болды. «Біз қалалықпыз, сен ауылдың баласысың», – деп өзінше мұрын шүйіретін кейбір балалар көзқарастарын өзгертіп, Мұсатаймен дос болуға асықты.

– Әже, әже, – деді Мұсатай үйге жүгіре кіріп. – Бауыржан атам берген телпек қайда?

– Оны қайтейін деп едің? – деді Ұлжан әжесі таң қалып. Мұсатай асыға-аптыға бүгінгі болған жайды айтып берді. Әжесі орнынан асықпай тұрып сандықтың ішінен ақ матаға мұқияттап орап, салып қойған көгілдір телпекті алып, немересінің басына кигізді.

– Әже, – деді Мұсатай шаттанып – мен Бауыржан атам сияқты үлкен азамат боламын, батыр боламын, өскенде бастық боламын!

– Осы сөздерің періштенің құлағына шалынсын ақылды тентегім! Дегеніңе жет! – деп кейуана немересінің маңдайынан сүйді.

Тәбәрік сияқты сақталып келе жатқан телпектің тарихы белгілі болған соң оған қызығушылар көбейді. Кейбір туысқандары тойға бір рет киіп барайыншы деп жата кеп жалынады. Мұсатай қайсарлығына салып, ешкімді телпекке жолатпайды. Бөтен тұрмақ, өзінің ағасы Жақсыбекке де бермей, талай рет өкпелеткені бар. Әжесі де көгілдір телпекті қызғыштай қорғап, ешкімді жолатпайды. Мұсатайдың ағасы Жақсыбек Қаратауда төрт жыл шопыр болып еңбек еткен соң туған ауылы Көлбастауға оралып, ұжымшардың қойын бақты. Сол жылдары Апбастың бір туысының көзі Баукең сыйлаған телпекке түсіп, көрші ауылдағы тойға киіп бармақ болды. Қанша жалынса да, күш көрсетпек болса да әжесі де, Мұсатай да телпекті бермей қойды. Әлгі топас айтқаным бола қоймады деп ашуға мініп, туған әжесінің көзінше жетім баланы шырылдатып сабап кетті. Сол кездің өзінде күші мен айбаты кәрі кемпір мен жас жетімекке жететін еркексымақтар аз болған жоқ, ал имандылық, мейірімділік кете бастаған мына заманда тіпті көбейіп барады. Жесір мен жетімді жылатқан қатыгез жандар қай заманда да оңған емес. Олардың сазайын Алланың өзі береді. Оны көріп те, естіп те жүрміз.

Бауыржан Момышұлы атасының «Мен сияқты үлкен азамат болып өс» деген аталы сөзі жас балаға қуат, жігер берді. Мұсатай кішкентайынан өжет, қайсар болып өсті. Балалық шақтың ащы кермек дәмін тата жүріп еңбектің қадірін ерте түсінді. Біреудің ала жібін аттамай, адал, мейірімді болды. Мектепте жақсы оқыды. Баукеңнің өзі құрмет тұтатын Ұлжан әжесінің жыр-қиссаларын естіп, ақыл-өсиеттерін тыңдап, қазақ деген ұлтты сүйді, ана тілін қастерлеп, салт-дәстүрін бойына сіңіре білді.

Бірде шопан болып еңбек ететін бір туысқаны көлдің жағасында бір топ ауыл балаларымен әңгімелесіп отырды.

– Мұсатай, сен өскенде кім боласың? – деді қойшы қалтасынан темекісін шығарып.

– Мен Бауыржан Момышұлы атам сияқты үлкен азамат боламын, содан соң бастық боламын, – деді Мұсатай тақ-тақ етіп.

– Жарайсың, Мұсатай! Қазақ «Болар бала боғынан» деген. Үлкен бастық болған соң мені ұмытып кетіп жүрме, – деді қойшы сөзінің соңын әзілге бұрып.

– Ал сен кім болуды армандайсың? – деді шопан туған ұлына бұрылып

– Мен Сіз сияқты қойшы боламын, – деді ұлы жауап беріп.

– Әй, сенің анау қалқиған басыңда тауықтың миындай ми жоқ, менің өмір бойы қой бағып жүргенім аз ба? Дәрігер немесе инженер, не Мұсатай сияқты бастық боламын десең, аузың қисайып кете ме? – деп өзімен-өзі отырған жазықсыз баласын төмпештеп алды.

Жылдар өте Баукеңнің айтқан сөздері Мұсатайдың өмірінің шамшырағына, ал, сыйға тартқан телпегі қолдап, қорғап жүретін бойтұмарына айналды. Мұсатай жетімдіктің зардабын көріп өссе де, болаттай берік болды, армандай білді, алға ұмтылды. Жарқын болашағына, ертеңіне сенді. Орта мектепті ойдағыдай бітіріп, өз білімімен, өз күшімен жоғары оқу орнын да жақсы аяқтап, білікті маман атанды. Еңбегі жанып, талай биіктерден көрінді. Бала кезіндегі арманы орындалып, бастық та болып, үлкен еңбек ұжымдарын басқарды.

Биіктерде жүрсе де болдым-толдым демеді, асқан жоқ, тасқан жоқ, азамат деген ардақты атқа кір келтірмеді. Төрде отырып, есік жаққа қарауды да ұмытқан жоқ.

Әрине, өмір деген асфальттанған теп-тегіс жол емес, оның ой-шұңқырлары, бұралаң белеңдері, қиын асулары да аз емес. Осының бәріне шыдасаң, жеңе білсең – арбаңның дөңгелегі алға жылжиды. Ертеректе ата-бабаларымыз «Өзіңнің атың озғанша, көршіңнің тайы озсын» деп ақ тілек тілеп отырушы еді, қазіргі таңда мысық тілеулі адамдар көбейіп кетті. Көршісі жақсы үй салса немесе жаңа көлік сатып алса – ауырып қалатындар көбейіп барады. Бәле іздеп, аққа қара бояу жағу бүгінде түк те емес. Жемқорлық, алаяқтық, жағымпаздық, рушылдық, парақорлық меңдеп, қоғамды алға жылжытар емес.

Мұсатай Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтын бітіріп, жолдама бойынша (Атырау) Гурьевтегі элеватордың бастығы болған. Елге оралып, Жамбыл ұн комбинатында бас инженер болған. Туған ауылы – «Путь коммунизма» ұжымшарында бас маман, Бурный кентінде нан зауытының басшы қызметінде жүргенде жоғарыда аталған келеңсіз жайлардың бәрін бастан кешірді. Бастаған ісінің қиюы келмей бір қиындыққа тірелгенде немесе жала жабылып, қауіп-қатер төнгенде белгісіз бір тылсым күш бәрін орнына келтіріп, бәле-жаладан құтқарып жіберетін.

Мұсатай Апбасов (суретте) – Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда аукционға қатысып, «Сарыағаш» базарын ашқан кәсіпкер. Бұған дейін астан-кестені шығып, қараусыз қалған базарды жөндеп, осы үшін қарызданып-қауғаланып, үлкен қаржы салды. Азық-түлік, өнеркәсіп заттарын сатуға арнаған ыңғайлы сауда орындарын жасап, жұмыс атаулы дөңгелеп жүре берді. Халық игілігі үшін жасалған игі іске жергілікті басшылар қуану керек еді, қолдау керек еді. Алайда аяқтан шалып, мүмкіндігінше жұмыс істетпеуге барын салып бақты. Еш негіз болмаса да тексерістен-тексеріс, аудан көлеміндегі жиналысқа бара қалса сынға ұшырайтын «Сарыағаш» базары мен оның бастығы Мұсатай Апбасов. Жұмыс болмай халық тентіреп кеткенде Мұсатай жұмыс істеймін дегендерге 50 сауда орнын ашып берді. Әрбір есікті қайта-қайта ашып жүріп, электр желісін, су жүйесін тартты, сауда мәдениеті мен санитарлық тазалыққа ерекше назар аударды. Бірақ, «Көрмес түйені де көрмес» деген рас болып шықты. Мұсатай аудан басшыларына, прокуратура, полиция, сот, қаржы полициясы сияқты құқық қорғау орындарына жақпай-ақ қойды. Салық комитеті, санитарлық-тазалық мекемесі сияқты құзырлы органдар да алқымынан алды. 1998 жылдары түскен табысты жасырды деп 60 000 000 теңге айыппұл салмақшы болып сотқа да берді. Бірақ, аққа Құдай жақ, фактілер негізсіз болып Мұсатай сотта жеңіп шықты. Қолынан ештеңе келмеген соң құқық қорғау орындары базар бастығы тәртіп бұзды, біреуді балағаттады, төбелесті деп жала жауып, 15 сөткеге абақтыға да жатқызды. Осындайда ол жуалылық басшыларға неге жақпай қалды деген сұрақ туындайды. Біз білетін Мұсатай Апбасов ешкімге жағымпазданып, жалпақтамайды, бетің бар, жүзің бар демей, шындықты айтады. Ең бастысы, ешкімге пара бермейді, өзі де алмайды. Жағдай осылай болған соң басшылар оны қалай жақтыра қойсын. Бір қызығы, ауданда бір мәдени шаралар бола қалса, оны ұйымдастырушылар демеуші болыңыз деп бірінші соған қарай жүгіреді…

Жақында жолым түсіп, аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына ат басын бұрдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын Мұсатай басқаратын базардың айналасы тап-таза, тап-тұйнақтай еді, бүгінде жабайы базарға айналыпты. Азық-түлік те, өнеркәсіп тауарлары да, көкөніс те, тағы басқа да заттар осында сатылады, аяқ алып жүре алмайсың. Жабайы базар болған соң тазалық қайдан болсын, жан-жағы ыбырсып жатыр, жағымсыз иіс шығады. Мұсатайдың базарына бардым, мұндай жағдай басқаша, тауар түрлері рет-ретімен қойылып, сатылады, бөлек-бөлек орналасқан сауда дүңгіршектері таза, электр жарығы тартылған, қажетті жерлерге тоңазытқыш орнатылыпты. Базардың бір шетінде сексенге жуық сауда орны бос тұрғаны менің назарымды өзіне аударды.

– Мұсатай-ау, мынау сауда орындары неге қаңырап босқа тұр, іске қоспайсың ба? – дедім досымды әңгімеге тартып.

– Кейбір жақсы көретін «достарымның» кезекті аяқ шалуы ғой, – дейді Мұсатай күліп.

Әрине, сауда жүрген жерде бәсекелестік болмай тұрмайды. Дегенмен, әділдік жоқ жерде бәсекелестік – бос сөз. «Сенің тұрған жерің арзан, су тегін десе де болады. Мұсатайға барсаң, сауда орнының ақысы үшін біршама ақша төлейсің», – деп жабайы базарға «жаны ашып, қабырғасы қайысатындар» мұнда аз емес. Өйткені, кейбір шенеуніктерге жабайы базардың жұмыс істегені өте тиімді. Жасыратын ештеңесі жоқ, қалтасына күнделікті сыңғырлап тиын-тебен түсіп тұрады. Оларды ешкім қолынан шап етіп ұстап алмаса да бұл ымы-жымы бір тірлікті елдің бәрі біледі, бірақ, ешкім көрмеген, білмеген болады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан көз қысты, бармақ басты әрекет әлі де жалғасуда.

Обалы не керек, Елбасымыз жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті қолдау жөнінде айтуын айтып-ақ келеді. Бірақ, бос сөз бар да, нақты іс жоқ. Осыны жақсы білетін, ел мүддесінен гөрі өзінің қалтасын көбірек ойлайтын шенеунік ағайындар бұл істі алға жылжытпауға бар «күш-жігерін» салуда. Елбасы саясатының орындалуын қадағалайтын Жуалы ауданының әкімі, қасиетті мекен – Бауыржан Момышұлы ауылының тазалығына тікелей жауап беретін ауыл әкімі қайда қарап отыр? Осындайда тиісті құзырлы орындар не бітіріп жүр деген сауал туындайды. Бұдан кім ұтылады? Әрине, ең бірінші шықпа жаның шықпа деп жүрген қарапайым халық ұтылады. Содан соң жекеменшік базардың өркендеп дамуына соңғы екі-үш жылда 30.000.000 теңге қаржы салып, оның игілігін көре алмай, 27 жыл бойы жергілікті шенеуніктермен алысып-айтысып келе жатқан Мұсатай Апбасов сияқты кәсіпкерлер ұтылады. Ал жергілікті шенеуніктердің ұпайы түгел. Өйткені, реті келіп тұрғанда қарап қалмайық, құлқынымызды толтыра берейік деген мысық тілеу, мысық-тірлік олардыкі.

– Жуалыға келгенде Шерағаң мені міндетті түрде іздеп келуші еді, жан дүнием тазарып, бір рақаттанып қалушы едім. Әділдік, ақиқат іздеп, Шерхан аға да өтті бұл дүниеден. Жетпіске келіп, қартаяйын дедің бе, сен де ат басын сирек бұратын болдың, – деді Мұсатай шәй үстінде назын айтып. – Шындықты айтатын адамдар азайып барады.

– Халық барда ақиқат пен шындық өлмейді. Сол халықтың бір өкілі – өзіңсің. Сен Бауыржан Момышұлынан бата алған азаматсың. Ағаңның бір ауыз сөзі сенің өміріңнің сәулелі шырағы болды, дұрыс жолдан адасқан жоқсың, адал, жігерлі, батыл болдың, қолыңнан келгенше халыққа қызмет етіп, наныңды адал жеп жүрсің. Иә, әділдіктің жолы – өте ауыр. Бірақ, түптің түбінде бәрібір жеңіп шығады, оны өзің де білесің. Айтпақшы, Баукеңнің телпегі туралы көп айтасың. Ол сақталып қалды ма?

–Ұлжан әжем Бауыржан Момышұлының телпегін ұзақ уақыт көзінің қарашығындай сақтап келді. Мен ауылда сегізінші сыныпта оқып жүргенімде асыл әжем үйдің алдында жүн түтіп отырған жерінде о дүниеге жүріп кетті. Көп ұзамай-ақ әжемнің сандығындағы Баукең маған сыйлаған көгілдір телпек ұшты-күйлі жоғалып кетті. Баға жетпес асыл дүниемнен айырылып қалғаныма осы күнге дейін қатты өкінемін. Қатты қиналып жүргенімде бет-бейнесі анық көрінбейтін бір адам ылғи түсіме кіреді. «Шырағым-ау, көрінбей кеттің ғой, келіп тұрсаңшы», – деп ғайыптан-ғайып жоқ болып кетеді. Ертесіне мені қатты қинап, шешуі табылмай жүрген қиын шаруа өз ретіне келіп, жүре береді, – дейді Мұсатай, бет-бейнесі анық көрінбейтін жан, мүмкін, Баукеңнің рухы болар.

Досымның мына сөздері маған үлкен ой салды. Иә, бәрімізді бір Құдай қолдап, ата-бабаларымыздың рухы қорғап-қолдап, желеп-жебеп жүреді. Мына тылсым дүниеде шек бар ма…

Екеуіміз далаға шықтық. Жапалақтап қар жауып тұр екен. Айнала аппақ, жер беті кіршіксіз қарға бүркеніпті. Мен осы көріністі жақсы ырымға баладым.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бауыржан Момышұлы ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *