БІРТУАР ЕЛШІ – БІРҒАНЫМ

Тұлға
26 Views

Бірғаным Әйтімованың дипломатиядағы дара жолы жайында 

«Көзі жанып тұрады. Сондай жарық. Кісіге тіке қарайды, ештеңеден қаймықпайтын жан», – деп белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева қазақтың қайсар қызына қарап отырып пікір білдірген. Ақынның айтқан әр сөзі орынды. Себебі бұл келелі ой, келісті пікір мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Сарықызы Әйтімоваға арналған. Иә, Бірғаным Сарықызы ештеңеден қаймықпайтын қайсарлығымен, батыл да шыншыл өжеттілігімен, елін сүйген патриоттығымен ерекшеленеді. Қазақтың алғашқы жолашар дипломат қыздарының бірі, Қазақстан Республикасы Парламентінің бірнеше мәрте экс-сенаторы және Премьер-Минстрдің орынбасары, Министр лауазымдарын атқарған Б.Әйтімова туралы әңгімені әріден, бал дәурен балалық шағынан бастағанды жөн көрдім.

Бірғаным Сарықызы 1953 жылы 26 ақпанда еліміздің батыс өңірінде өмірге келді. Бірғанымның әкесі Сары – екінші дүниежүзілік соғыстың, Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкесі балалар үйінде тәрбиеленіп, қиындықты көп көргендіктен болар, балаларын еркін өсірді. Сары ақсақал Бәйтерек ауданы, Бакаушин ауылдық Кеңесінің хатшысы, кейін Төрағасы болды. Ал, Бірғаным бастауыш сыныпты осы жерде орыс мектебінде оқыды. Алтын құрсақты Тұмарша есімді анасы жүзі жарқын, жүрегі жомарт, алақаны ашық, өте мейірімді жан еді. Жастайынан білімге құмар қызының болашағын байқаған анасы оны ауылдан дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тәлім алуға қалаға жіберді. Бірғанымның сол кездегі Орал қаласындағы жалғыз қазақ тілінде білім беретін №11 мектепте оқуына мүмкіндік жасады. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған жылы білімге құштар Бірғаным Оралдағы педагогикалық институтқа оқуға түсті.

1974 жылы институтты үздік аяқтап, 21 жасында еңбек жолын ауылдағы мектеп мұғалімі болудан бастады. Бірғаным Сарықызының алғашқы мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Мектептегі жұмысына асқан жауапкершілікпен қараған жас маман белсенді қайраткерлігімен, білімділігі мен біліктілігінің арқасында өзгелерден оза шауып, комсомол комитетіндегілердің көзіне түсті. Ол 1974-1976 жылдары Орал облысы, Бәйтерек ауданы «Пермь» кеңшарында мектеп мұғалімі, 1976-1979 жылдары осы «Пермь» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, 1979-1983 жылдары Орал облыстың комсомол комитетінде, одан соң Орал қалалық комсомол комитетінің 1-хатшысы болып жұмыс жасады.

Бірғаным 1983 жылы Орталық Комсомол комитетіне сол кездегі астанамыз Алматыға қызметке шақырылып, 1987 жылға дейін Орталық Комсомол комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарды.

Бірғаным Әйтімова өзіне тапсырылған қызметті қалтқысыз атқаруы арқасында билік баспалдақтарының биік сатыларына батыл аяқ басты. Ол халықтың сенімін иеленіп, 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланды. Қазақтың қайсар қызы Бірғаным елмен бірге білек сыбанып, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда елдің қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, ер-азаматтармен иық тіресіп алдыңғы қатарда бой көрсетті. 1990-1993 жылдары ол Жоғары Кеңес депутаты болған сәттерінде жоғары заң шығарушы мінберден Қазақстан үшін аса маңызды, күн тәртібіндегі ең өзекті құжаттардың заң жүзінде бекіп, қабылдануына зор үлесін қосты. «Егемендік туралы декларацияның», «Президент қызметі туралы», «Меншік туралы» Заңдардың, «Жер кодексінің» Жоғары Кеңес қабырғасында талқыланып, қабылдануларына белсене араласты.

Б.Әйтімова 1993 жылы Қазақстан Республикасы Жастар, туризм және спорт ісі жөніндегі министрі лауазымына тағайындалды. Ол осы қызметте болған кезде Қазақстан тәуелсіз ел мәртебесінде бірінші рет қысқы Олимпиадаға қатысты. Осы алқалы да додалы жиынға еліміз спортшыларын министр мәртебесіндегі Бірғаным өзі бастап барды. 1994 жылы Қазақстан алғаш рет дербес мемлекет ретінде Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен он жетінші қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынап, Владимир Смирнов бір алтын, екі күміс медаль иеленді.

1996 жылы Б.Әйтімоваға сенатор болып сайланды. Оның заң шығарушы органдарда бұрын жинақтаған тәжірибесі енді еліміздің қос палаталы Парламентіне қажет болды. Бірғаным Сарықызының екінші мамандығы – заңгер. Бұл мамандықты қара шаңырақ Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып, 1994 жылы игеріп шығады. Осы кәсіби заңгерлік білімі оған Парламент қабырғасында сенатор орындығында отырғанда қажет болды. Ол мұнда теориялық алған білімін тәжірибемен шебер ұштастыра білді.

Бірғаным Сарықызына бір жылдан кейін Мемлекет басшысынан жаңа ұсыныс түсті. Бұл қызығы мен қиындығы мол мүлде бөлек сала – сыртқы саясатпен айналысатын дипломатия жолы еді. Төтенше және Өкілетті Елші дәрежесіне жеткен Бірғаным Сарықызының саяси портретіне, дипломатия саласындағы дара жолына, әйелдерден шыққан біртуар Елші тұлғасына тоқталып өтудің өзі бір ғанибет, болашақ жастарға тұнып тұрған үлгі-өнеге.

Б.Әйтімова дипломатиялық жолында 1997-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Грекиядағы, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болды. 2007-2013 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Тұрақты Өкілі, әрі Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2012-2013 жылдары Соломон аралдарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болып қызмет етті. Елші Бірғаным Сарықызы өзінің осыған дейін жинаған өмірлік тәлім-тәжірибесін, білім-біліктілігін, күш-жігерін салып, еліміздің көк байрағын шет елдерде лайықты түрде көтере білді.

Бірғаным Әйтімова дипломатиялық жолын жалғастырып, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Грекиядағы, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болды. Италияда Елшілік қызметінде Израильдегідей қауіпсіздік тұрғысынан онша қиыншылықтар болған жоқ. Бұл елде нәтижелі жұмыстар мен атқарылған игі істер өте көп болды. Бірғаным Сарықызы Қазақстанды Италияға екі жыл ішінде кеңінен таныстырып, мемлекеттік органдармен екіжақты экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Италия Республикасынан Еуропарламент депутаттарымен ортақ тіл тапты.

Елшілік қызметін жоғары деңгейде атқарған Бірғаным Әйтімова елге беделді оралып, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 2005-2007 жылдары ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі болды. Шетелдің озық тәжірибесін ұстанып білім саласына реформа енгізді. 11 жылдық орта білім беру жүйесін, 12 жылдық білім беруге өзгертуге шешім қабылдап, «Болашақ» бағдарламасымен жас мамандардың тәжірибе алмасуына, біліктілікті арттыруына жағдай жасады.

Б.Әйтімова 2007 жылы қайтадан дипломатия жолына оралып, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі қызметін атқаруға кірісті. Сонымен қатар ол 2007-2013 жылдары Қазақстанның Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы, 2012-2013 жылдары Қазақстанның Соломон аралдарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болды.

– БҰҰ-ның Тұрақты Өкілі ретіндегі міндет Елшіліктерге қарағанда екі есе көп. Жылына ағылшын тілінде 100-ге жуық баяндама жасадым. Елшілікте екіжақты қарым-қатынасты шешсек, бұл жерде көпсалалы және көпжақты қарым-қатынасты орнатуға үлес қостық, – дейді Бірғаным Сарықызы.

БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі қызметін табысты аяқтап, Қазақстанға оралған Б.Әйтімова 2013 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты қызметіне кірісті. Ол қатардағы сенатор емес, комитеттер басшысы болды.

Бірғаным Сарықызы Парламент Сенатының мінберінен Үкіметке маңызды әрі өміршең ұсыныстар айтты. Ол әйел-аналардың зейнет жасының жоғарылауы, зейнетақы көлемінің төмендігі, әлеуметтік көмек көрсету тетіктері, мектеп тапшылығы мен мұғалімдер жалақысы секілді ел үшін өзекті мәселелерді Сенат отырыстарында қайта-қайта көтеріп, билік назарын аудартып отырды.

Бірғаным Сарықызы сенаторлықтан 2019 жылы зейнеткерлікке абыроймен шықты. Ол осы уақытқа дейін туған елі үшін қандай қызметті атқарып келсе де, адалдық пен әділдікті ту етіп, ешқайсысында да ұялатын қылық танытпағанын бүгінде алға тартады. «Қандай жауапты жұмыс істесем де, бір күніме ұялмаймын. Мен бәріне ашық қарай аламын. Ешкімге де жамандық жасаған жоқпын», – дейді ол шынайы қалпымен. Иә, Бірғаным Әйтімова үлкен саясаттан кетсе де, қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Қазір ол ҚР Парламенті Сенаты жанынан құрылған Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары болып игі істерді белсене атқаруда.

Дипломатия саласының дарабозы Бірғаным Сарықызының елімізге сіңірген осынша зор еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мемлекеттік наградалармен аталып өтті. Ол Кеңес Одағы кезінің өзінде 1984 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жоғары мемлекеттік наградалар «Құрмет», «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды.

Мен Бірғаным Сарықызын сонау 1994 жылдан танып, ал 2013 жылдан бері жақын араласып, екеуміз апалы-сіңлідей, аралас-құралас болып кеттік. Бірғаным Сарықызымен алғашқы жақын таныстығым 1994 жылы Германияның Бонн қаласында болды. Менің Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде алғашқы ұзақмерзімді іссапармен дипломатиялық қызметімді атқарып жүргенімде ол еліміздің Жастар, туризм және спорт ісі жөніндегі министрі лауазымында ГФР-дің салалы министрліктерімен екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін кездесуге келген еді. 2013 жылы Сенат қабырғасында кездескенімізде сол сәттерді еске алып, жақын араласып келеміз. Осындай кездескенде Бірғаным Сарықызы дипломатия саласында жылдар бойы жинаған бай тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Ол – бұл мамандықты таңдаған өзінен кейінгілерге үнемі бағыт-бағдар беріп, нағыз кәсіби дипломат қандай болу керек деген сауалға жауап айта алатын тәжірибелі Елші.

Бірғаным Сарықызының қарапайым адам ретінде, нәзікжанды әйел ретінде қызығушылығы сан алуан. Соның бірі – «Бірғанымның түйреуіші» саясаткерлер арасында танымал. Себебі, әдемілікке жаны құмар, әрі қазақи салт бойына сіңген «көз тимесін» деген ырымшылдығымен ол үнемі әдемі түйреуіштерін саяси маңызды кездесулер мен жиындарға үнемі тағып жүреді. Қазір оның қоржынында 100-ден астам түйреуіштері бар. Жеке қызығушылығын жұмысымен ұштастыра білген Бірғаным Әйтімова кездесулерге түйреуіштердің символикалық белгілері мен түр-түсіне қарай тағып баруды әдетке айналдырған. Бірғаным Сарықызы түйреуіштер коллекциясына қатысты шет елде дипломатиялық қызметте жүргенде тап болған мына бір қызық оқиғаны айтып берді.

Бірғаным Сарықызы халықаралық келіссөздерді жүргізу, мемлекеттік келелі істерді атқарумен қатар отбасында ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын сыпайы да биязы ұлтжанды қазақ әйелі. Қоғамдық-саяси сахнада қаншама маңызды міндет атқарғанымен, ол әрдайым отбасының ұйытқысы бола білді. Дипломатия жолында талай елдің атынан сөз сөйлеп, биік мінберлерде қызмет етсе де, ол ең маңызды рөлі – ана болуды бірінші орынға қойды. Немерелеріне деген мейірімі шексіз. Жолдасы Нұрлан мырзамен бірге өмірдің ыстық-суығын қатар көріп, бір-біріне серік, ақылшы, тірек болып келеді. Екі балаларын үлгілі тәрбиелеп, оларға сапалы білім мен саналы бағыт берді. Бүгінде ұлы Сәкен құқық қорғау саласында абыроймен еңбек етсе, қызы Сабина шетелде қызмет атқарып жүр.

Ал, Бірғаным Сарықызына қыста демалыс күндері табиғат аясына шығып, шаңғы тебуді де отбасылық әдетке айналдырған. Бірғаным Сарықызының спортқа жаны құмар. Бұл да қазақ қыздары үшін үлгі аларлық жақсы қасиет. Кезінде спорт саласын басқарған министр ретінде ол үлкен теннис ойнауды және атқа мінуді үйренген. Кейде ипподромда атқа мініп жүруді жаны қалайды. Ол атқа үнемі сенімді түрде нық отырады, содан кейін ат алдыңғы аяқтарына отырып, иіледі. Бұл да бір Бірғанымның ғажап қасиеті болса керек.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деп дана халқымыз айтқандай, біртуар дара тұлға Бірғаным Сарықызының кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы, кісілік келбеті мен адамгершілігі көптеген шенеуніктер мен депутаттарға үлгі боларлықтай. Ал, өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін оның өмір жолы мен өнегелі істері жол көрсететін бағдаршам іспетті десек те болады. Әсіресе, көптеген жас дипломат-қыздар, тіптен орта жастан асқан әйел-дипломаттар өздерінің кумирі тәрізді көреді.

Иә, туған жерін, елін сүйген, Отанына берілген, жүрегінде иманы бар адамдар әрқашан игілікті еншілейді. Бірғаным Әйтімованың бүкіл саналы ғұмыры осындай ізгі қасиеттерге, адал ниетпен атқарған келелі істерге, иман нұрына толы. Әлі де оның алда атқаратын ауқымды жұмыстары еліміздің игілігі мен халқымыздың қажетіне аса беретініне кәміл сенімдімін.

 

Гүлсім ЕҢСЕПОВА,

ҚР Сыртқы істер министрлігінің І сыныпты кеңесші-дипломаты,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.