Көзден кетсе де көңілден кетпейтін, соңында ізгілік жолын қалдырған, есімін ел ардақтаған азаматтың бірі – маңғыстаулық Сұлтанбай Нәубетов ағамыз еді.
1936 жылы Форт-Шевченко қаласының маңындағы Құлалы ауылында дүниеге келген Сұлтанбай 1955 жылы Форт-Шевченко қаласындағы қазіргі Е.Өмірбаев атындағы мектепте орта білім алды. 1957 жылы Гурьев педучилищесін, ал, 1962 жылы Гурьев мемлекеттік пединститутының филология факультетін бітірді. 1962-1979 жылдар аралығында интернат меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі, Маңғыстау облыстық білім жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиетінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сұлтекең қалада, облыста оқу-ағарту саласында сапалы білім беруге, кадрлар даярлауға, қазақ тілінің өркендеуіне өзінің білімін, күш-жігерін жұмсады. Осы еңбектері бағаланып, Қазақ ССР Оқу министрлігінің бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облыстық оқу бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу Академиясы ұлағатты ұстаз Сұлтанбай Нәубетовтің методикалық әдістемелерін мектептерге үлгі-тәжірибе ретінде ұсынды.
Елдің есінде қалатын бір қызғылықты жай – Сұлтанбай институтты бітіріп, Қызыл-өзен совхозында оқытушы болып еңбек жолын бастағанда ерекше жаңалық ала келді. Жас ұстаз жеке үйлерден кітап жинап, оның санын 2000 данаға жеткізіп, ауылда кітапхана ашады. Кітапхана меңгерушісі Ақшұқыр селосында тұратын Тоқбаева Несібелі болған еді.
С.Нәубетов облыс мектептерінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің заман талабына сай қалыптасуына негіз салды. Білікті ұстаздың білім беру саласында сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ ССР оқу ісінің үздік қызметкері атағы берілді. Оның білім беру саласында сіңірген еңбегі, тәжірибесі тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласында жалғасып, тәрбиелік маңызы бар үлгі болып қалыптасуда.
1979-жылдары Форт-Шевченко қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі мәдениет ошақтарының жұмысы бір ізге түсе алмай, тоқырап тұрған шағы болатын. Сол тұста Форт-Шевченко қалалық партия комитеті С.Нәубетовке мәдениет бөлімін басқару туралы ұсыныс жасады. Басшы қызметінде болған Киікбай Рзаханов, Шабаз Иманалиев, Терекбай Жаңбыршин, Жабағы Құрмашев сияқты азаматтармен елдің мәдениетін көтеруде тынымсыз еңбек етті. Талай ұйқысыз күндерді басынан өткізді. Соның нәтижесінде «Ақжелкен» үгіт бригадасы құрылды. «Көңілашар» ұлт-аспаптар ансамблі, «Ақбөбек» эстрада ансамблі, «Балауса» жас балалар ансамблі ашылып, жұртшылықты өнерлерімен қуанта білді.
Сұлтанбайдың өзі құрып, жетекшілік еткен «Ақжелкен» үгіт-бригадасы эстрада ансамбліне айналып, облыстық, аймақтық, республикалық байқауларда жүлделі орынды иемденіп жүрді. 1980 жылы өнер ұжымына «Халық ансамблі» атағы берілді. Бұл Форт-Шевченко қаласының мәдени тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. С.Нәубетовтің шебер ұйымдастырушы, білгір басшы, талапшыл болуының арқасында ұлт-аспаптар оркестрі 1981 жылы Республикалық байқаулардың қорытындысы бойынша «Халық ансамблі» атанды. Бұл да Форт-Шевченко қаласының мәдениет саласындағы үлкен жеңісі болатын.
Сұлтекең мәдениет бөлімін басқарған жылдары жауапты да қиын міндет – ауыл, село тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мәселесін шешті. «Ақшұқыр» кеңшарының фермалары мен елді мекендеріне, қыстақтары мен жайлауларына, теңіз айдынындағы балықшыларға жиі барып, өнер көрсетті. Қаладағы мұражай директоры Есбол Өмірбаевпен қызметтес болып, көп нәрсенің байыбын түсінді. Есағаға 1980 жылы осы саладағы ерекше еңбегі үшін «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді. Сол кезде Форт-Шевченко қалалық кітапханасының іс-тәжірибесі облыс көлеміне үлгі етіп ұсынылды. Әрқашан да ізденіс үстінде жүретін Сұлтанбай қаланың мәдениет бөлімін облысқа, республикаға танытып, алдыңғы қатарға көтере білді.
Бүкіл саналы өмірін білім мен ілімге, өнер мен мәдениетке және туған жерінің өркендеуіне арнаған Сұлтанбай Нәубетов ұлтым деп еміренген небір марқасқа тұлғалармен жолдастық-достық қарым-қатынасын үзген емес. Қазақтың талантты ақын қызы Фариза Оңғарсынова, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Аманкелді Айталы Сұлтекеңмен Гурьев педагогикалық институтында бірге оқыған, араларынан қыл өтпейтін достар еді. Фариза ақын киелі Маңғыстауға келген әр сапарында Сұлтанбайдың қара шаңырағында қадірлі қонақ болып, үй іші қуанышқа бөленетін.
Белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Намаз Ізімбергенов те Сұлтанбайдың жақын досы болды.
Кезінде Форт-Шевченко, Жаңаөзен қалалық партия комитеттерінде бірінші хатшы, Маңғыстау облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болған Бақыт Бозжігітов – Сұлтанбайдың бала кезінен бір ауылда өскен досы. Бақыт жоғарғы лауазымды қызметте болса да, уақыт тауып, қолынан балғасы түспейтін. Ағаштан түйін түйетін ол киіз үй жасаудың нағыз шебері болатын. Үлкен шенді партия қызметкері кейінірек киіз үйдің тарихы туралы арнайы оқулық жазды.
1960-жылдардың басында талантты ақын Төлеген Айбергенов пен атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың Маңғыстауға қалай сапар шеккенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Ежелден өнер десе ішкен асын жерге қоятын маңғыстаулық ағайындар қайталанбас қос талантты үлкен құрметпен, ыстық ілтипатпен қарсы алды. Естен кетпес осы шығармашылық сапарда киелі жерде мәңгілік жасайтын «Ақ ерке – Ақ Жайық» әні дүниеге келіп, алғаш рет шырқалды, тұсауы кесілді.
Сонда Шәмші мен Төлегенді қарсы алып, шығармашылық кешін ұйымдастыруға мұрындық болған жас мұғалім Сұлтанбай Нәубетов екендігін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Қазақстанның Халық артисі, көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқов жазған бір естелігінде жас өнер жанашыры Сұлтанбай Нәубетов туралы ыстық ықыласпен еске алады.
Сұлтанбай мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық өнерінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің шынайы достығы өз алдына үлкен әңгіме. Белгілі қоғам қайраткері Сайын Шапағатов, қазақ ұлтының үлкен жанашыры Сұлтанбай Нәубетов бастаған маңғыстаулық зиялы азаматтар облыс орталығы – Шевченко қаласының атын Ақтау деп өзгерту жөнінде нағыз табандылық пен ұлтжандылық көрсете білді. Маңғыстаудың марқасқасы Сұлтекең қазақтың талантты ақыны Темірхан Медетбековпен өмір бойы сыйласып өтті.
Сұлтанбай 1986-жылдары жаңадан құрылған Қызыл-өзен ауылдық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, жаңа қызметіне белсене кірісіп кетті. Ақшұқыр ауылдық Кеңесінің төрағасы болған жылдары да ел игілігі үшін көп іс тындырды. Атап айтқанда, газ, ауыз су мәселесі өз шешімін тапты. Жалғызілікті қарт адамдарға, тұрмысы нашар отбасыларға қолдау көрсету туралы игі бастаманы алғашқы болып қолға алған да – ел ағасы Сұлтанбай Нәубетов. Ізгілікке толы бұл іс көп ұзамай-ақ ауданның көптеген елді мекендерінде қолдау тапты.
Сұлтекең зейнеткерлікке шыққанға дейін Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы директорының материалдық жабдықтау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Осы жылдары су, жылу, жарық, тұрғын үй сияқты маңызды мәселелер шешімін тапты. Нарықтық экономикалық қиын кезеңдерде халық еңбегін қорғау, әлеуметтік қамқорлық көрсету, жұмысшылар мен зейнеткерлердің тұрмыстық мәселесін шешуде ауқымды жұмыс атқарды және орындалуына бар күш-жігерін жұмсады. Еңбегі бағаланып, 1995 жылы Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлері Кәсіподағы Орталық Комитетінің Президиумының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Түпқараған ауданының экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Түпқараған ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сұлтанбай Нәубетов қай салада қызмет атқарса да бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста болды. Ауыл өмірін, мәдениетін, жетістіктерін газет, теледидар арқылы насихаттауда үлкен жұмыс атқарды. Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір», Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек», Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды. Журналистика саласындағы еңбегі бағаланып, 1992 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.
Форт-Шевченко қалалық Кеңесінің халыққа білім беру, мәдени, тарихи мұраларды қорғау, тіл жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып, қоғамдық қызмет атқарды. 1980-1991 жылдар ішінде Форт-Шевченко қалалық және Қызыл-өзен, Ақшұқыр ауылдық Кеңесінің депутаты болып сайланып, ел игілігі үшін қыруар жұмыстарды жүзеге асырды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ел үшін туған Сұлтанбай Нәубетов туралы талай жүрек жарды әңгіме айтуға болады. Есіл ер 2002 жылы 67 жасында дүниеден озып, облыс жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды. Сұлтекеңнің халыққа жасаған шарапаты ешқашан да ұмытылмайды. Осыдан алты жыл бұрын Ақшұқыр елді мекеніндегі көрікті көшелердің біріне Сұлтанбай Нәубетовтің есімі берілді. Ардақты аты Форт-Шевченко қаласының Даңқ мұрағатына жазылды.
Асыл жары Арухан екеуі Григорий, Мұхамеджан есімді қос ұл тәрбиелеп, екеуі де өмірден өз орындарын тапты, ел азаматы атанды.
Маңғыстауға барған сайын осы бір елі үшін, халқы үшін туған азаматтың ардақты есімін еске түсіріп, іштей ризашылығымды білдіремін.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы
Суретте: Сұлтанбай Нәубетов (сол жақта) және Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Тілеумұрат Қожабеков Алматы қаласында. 1980 жыл.