атанған Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің тасы өрге домалап тұр
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің басшылығына белгілі жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлы келгелі осы ғылыми-педагогтық құрылымның бағы жанып, жоғары жетістіктерге жете бастады. Араға ай салып, жоғары мектеп кезекті бір жарыстың не ғылыми рейтингтің көшін бастап тұрғаны туралы ақпарат жарияланатынына таңданбайтын болдық.
Жақында ғана Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында студенттер Альянсы 2025–2026 оқу жылының қорытынды кеңейтілген жиналысы өтіп, оқу жылы бойы белсенділік танытқан факультеттер мен студенттік ұйымдардың жетістігі сараланды.
Дәстүрлі қорытынды жиында университеттің қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан үздік ұжымдар марапатталып, жыл бойғы еңбектің нәтижесі қорытындыланды. Биылғы қорытынды есеп беру жиыны ерекше тартысты өтті. 10 факультет өзара бақ сынап, әрқайсысы атқарған жұмысын таныстырып, жетістіктерін ортаға салды. Осы додада Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі айрықша белсенділігімен көзге түсіп, «Жылдың ең үздік факультеті» атағын иеленді. Бұл марапат – бір оқу жылы көлемінде атқарылған ауқымды жобалар мен студенттік бастамалардың нәтижесі.
Жоғары мектеп жыл бойы тек бір негізгі марапатпен шектелмей, тағы бес бірдей номинацияны иеленді. Атап айтқанда, «Жылдың ең үздік мәдениет комитеті», «2025–2026 оқу жылының II семестрінің үздік ұйымдастыру комитеті», «Ең үздік SMM», «Ең үздік төраға орынбасары» Бөлтірік Назым және «Ең үздік кеңесші» Төлеген Томирис иеленді. Алған номинациялар — ұжымдық жұмыстың, жүйелі жоспардың және ұйымшыл команданың жемісі.
Жиын барысында жоғары мектеп студенттері сахнада ерекше шығармашылық қойылым ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Өнер көрсетілімінде факультеттің белсенді жастары студенттік өмірдің жарқын сәттерін бейнелеп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Қазылар алқасы да олардың өнерін жоғары бағалады.
Жоғары мектеп атынан сөз сөйлеген Студенттер Альянсы төрайымы Елдара Обайдуллина бір жыл ішінде жүзеге асқан жобалар мен бастамаларға тоқталды. Ол өз сөзінде жетістікке жетудің басты себебі бірлік, сенім және ортақ мақсат екенін атап өтті. — Бұл марапаттар – тек бір адамның емес, тұтас команданың еңбегі. Әрбір белсенді студенттің идеясы, еңбегі мен жанашырлығы осы нәтижеге алып келді. Біз бұл жеңісті үлкен жауапкершілік деп қабылдаймыз, – деді ол.
Айта кету керек, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі студенттер Альянсы бойынша биыл алғаш рет осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Жетістік жоғары мектеп жастарының бастамашылдығын, көшбасшылық қабілетін және университет өміріндегі белсенді орнын айқын көрсетті.
Жыл қорытындысындағы бұл жеңіс жаңа белестерге бастар үлкен қадам. Университеттің қоғамдық өмірінде өз орнын қалыптастырып үлгерген жоғары мектеп алдағы уақытта да тың жобаларымен, жарқын бастамаларымен даралануды мақсат етеді. Тағы бір атап көрсетерлік жайт, жоғары мектеп басшылығы студенттердің бастамаларын үнемі қолдап отырады. Сондықтан олар оқуда үздік болып қоймай, қоғамдық, рухани-мәдени жобаларда да топ жарып келеді. Сәттілік ұзағынан сүйіндірсін!
Балжан АРИНОВА,
«Әділеттің» Астана қаласы мен Ақмола облысындағы
меншікті тілшісі, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі.
Астана қаласы
