Қ.ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «СОТ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ БЮРОКРАТИЯНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮ ҚАЖЕТ»

Қоғам Құқық
685 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңесінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалартуралы және аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыру, әділ соттөрелігін орнықтыруды айтқан еді.

Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент мемлекеттің індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.

– Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сондықтан сот рәсімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Биылғы 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін адам игілігіне бағытталған бұл әдіс әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Осының нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл ретте маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты.

– Былтырғы Жолдауымда соттарды жаңадан іріктеу үдерісін ашық етуге тапсырма бердім. Азаматтарымыз кімнің және сіңірген қандай еңбегі үшін сот болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғары сот кеңесінің маңызды міндеті. Сонымен қатар Жоғарғы сот кадрлардың тұрақтамау себебіне жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Судья мамандығына мықты заңгерлер тартылуға тиіс, – деді Президент.

Президент соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу қағидатын енгізуге қатысты Жоғарғы соттың ұсынысы туралы да ойымен бөліскен еді. Бұл жердегі ойдың мәні мынада, егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Бірақ бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек.

– Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеу деген сөз. Жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс өте өзекті мәселе. Бірақ оны жан-жақты зерттеу қажет. Барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Жаңа Қазақстанның жаңа қоғамына енгізілген сот жүйесіндегі реформалар сәтті жүзеге асып, білікті судьялардың тәжірибелері арқасында халық сенімін ақтап, абыройлары асқақтай береді деп сенеміз.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *