ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫН ПАНАЛАҒАН КЕЛІНШЕКТЕР АЗАЙМАЙ ТҰР

Мәселе Қоғам
1 049 Views

Шымкент қаласында «Көмек» дағдарыс орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бес жылдан бері орталық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйел-аналар мен балаларға уақытша пана болып, әрі құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді.

Біз барғанда орталықта 18 әйел-ана бауыр еті балаларымен осында бас сауғалап тұрып жатыр екен. Басар тауы жоқ, әбден қиналған әр қилы тағдырлар… Олардың қай-қайсысының да бастан кешкен жағдайы, көрген қиындығы мен құқайын тыңдап отырсаң, шым-шытырыққа толы шетелдік теле хикая жолда қалады.

Орталық директоры Мәлика Әбдірашқызы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Мұнда бар-жоғы алты айда 4 мыңнан аса әйел хабарласып, көз жасы көл болып көмек сұрап келген көрінеді. Қолдан келгенше жәрдемдестік дейді. Алайда әлеуметтік жағдайға байланысты көмек сұрағандардың барлығын бірдей паналату мүмкін емес, арасында халі аса мүшкіл дегендерін ғана орналастырған екен.

Жалпы, «Көмек» дағдарыс орталығына көбінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жергілікті филиалы, «Қызыл ай» қайырымдылық қоры қаржылай қол созады. Дегенмен бұл қаржы етегі жасқа толған қаракөз қыз-келіншектеріміздің жыртығын жамайтын жамау ғана. Бір байқағанымыз, орталықта жүрегі мейірімге толы, қайырымдылық көрсеткісі келетін ізгі жандар жұмыс істейтіндей. Олай дейтініміз, мемлекет тарапынан құйылып жатқан қаржы жоқ, дайын жалақыны алатын не бюджеттік мекеме де емес, қызметкерлер табаны тозып демеушілерді өздері іздеп табады.

—      Орталыққа келген әйелдердің дені құқықтық сауаты жоқтықтан өмірден таяқ жеп, балаларымен қайда барарын білмей, жылап келетіндер, – дейді Мәлика Жүсіпова.

Осында бір апта бойы ештеңеге алаңдамайтындай оңаша қалдырып, анасы мен баласына арнайы бөлме беріледі. Миды тынықтырады. Содан соң, психологтар жұмыс істей бастайды. Кезегі келгенде заңгер көмегіне де жүгінеді…

Мәлика апайдың айтуынша, кәмелет жасқа толмай жүкті болған жасөспірімдер есікті жиі қағып келеді. Тіпті, бұл оқиғалар бір-біріне ұқсамағанмен, алайда талдау жұмыстарын жүргізгенде, көбінде ерте жүктіліктің, жасөспірім шақтағы зорлықтың құрбаны болғандар саны көп. Тағы бір таңқаларлығы – ерте жүктілікке тап болған жасөспірімдердің ата-анасы көбінесе қызын зорлаған айыптының қолына өздері ұстатып жіберіп отырған. Осылай кәмелет жасқа толмаған қыз бала әлгі өзіне күш көрсеткен адамның үйінде тұра бастайды. Содан он сегіз жасына дейін үш балалы болып, ақыры көзі көгеріп, не баланың құжатында әкесінің тегі жоқ, не некеге тіркелмеген, басын тау мен тасқа ұрып, дағдарыс орталығына есік қағып келетіндер бір емес, бірнешеу. Жас аналар неке куәлігін тек мешіт имамының қолынан ғана алғанын айтып ақталады. Бірақ бұл заңды неке емес.

Дағдарыс орталығының директоры Мәлика Әбдірашқызы неке туралы құжаттың жоқтығынан балаларға алимент өндіріп алуда қиындық тудыратынын айтады. Сол себепті орталық қызметкерлері Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасымен бірігіп, мешіт имамдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар ер мен әйел заңды неке құжаттарын көрсеткен жағдайда ғана шариғатқа сай неке қидыруға шақырады. Неге десеңіз, жастардың «шариғатқа сай неке қисақ болды» деген шалағай түсініктердің кесірінен қаншама баланың тағдыры күл-талқан болып жатыр. Талай әйел қолындағы үш-төрт, бес перзентімен көрінген есікті сығалап жүр.

…Дағдарыс орталығына алғысын айтқан А. есімді келіншекпен таныстық. Он төрт жасында зорлықтың құрбаны болған оны әкесі үйден қуып жіберген екен. Ал анасы жүкті еткен жігітті тауып, қызын соған жетектетіп жібереді. Кәмелетке толмаған қыз жат үйде үш жылдың ішінде әлгі азаматтан үш бала тауып, не сол босағаның келіні емес, не заңды әйелі де емес, балалардың әкесі күндіз-түні ұрып-соғып күн көрсетпеген соң, түбі қашып шығады.

Орталыққа келгенде ғана есін жиып, еңсе тіктейді. Қазір аспаздық курстан өтіп, жеке кәсібін ашқан. Үш баласын бағып-қағып, жетілдіріп, жалдамалы пәтердің ақысын төлеп, кейде тіпті өзімен тағдырлас қыз-келіншектерге қаржылай көмек беретін де кездері бар. Әкесі ауырып қалғанда дәрісін алып, анасы мен бауырларына қарасады. Өмір оған ашы дәмін таттырса да мойымай, түрлі сынақтан сынбай шыққан А.-ның тағдырын үлгі етпесек те, кейбір замандастарын ой түюге, сабырға шақыруға болатындай сабақ. Өйткені үш-төрт балам бар, оларға қалай тамақ тауып беремін, жұмыс жоқ деп тәнін саудалауға тура келген келіншектер де кездесетінін байқадық, бармақ тістеп, басты шайқадық.

«Мейлінше, қолынан не келеді, соған баулу керекпіз», – деген еді Малика апай. Алайда дәл қазір орталықта психолог пен заңгер көмегі тегін көрсетілгенмен, кәсіби оқу курстарын меңгеру – ақылы. Келіншектер курстарды оқу үшін қолдау білдірер демеуші іздеп табуы керек. Оны да ұйымдастыратын, түрлі тігін, аспаздық, массаж, визажист курстарын іздеп тауып, осындағы жалғызбасты аналарды жаздыртып, оқытатын да сол «Көмек» дағдарыс орталығының қызметкерлері.

Келешекте мұндай курстар орталықтың өзінен ашылса, қыз-келіншектерге әлдеқайда тиімді, әрі жеңілірек тиер еді. Мәселенің түп-төркіні тағы да қаражатқа келіп тіреледі. Ақыры қаржы тетігі айтылғандықтан, орталық мемлекет қамқорлығына алынып, бюджеттік мекеме ретінде тіркелуі орынды деп оймаймыз. Шымкент қаласында «Сана сезім» орталығы мемлекеттік ұйым ретінде тіркелген. Дегенмен, мұндай орталықтар көптеп ашылғаны да дұрыс. Қоғамдағы болып жатқан түрлі түйткілдерді мамандар арқылы шешпесек болмайды. Орталық қызметкерлері көптеген суицидтің алдын алды, қаншама балаға жылы орын сыйлады.

Адам саудасының құрбаны болғандар да азаймай отыр. Көбінде бұл тұзаққа әйелдер қауымы түсетіні дәлелденген. Ұзақ жылдар құлдықта жүрген әйел үш балалы болған соң, сол маңдағы әлдебіреудің жанашырлығымен қашып шығады. Әу баста көрші елдердің бірінен жұмыс іздеп келген ол еліне қайтайын десе не өзінің, не балаларының құжаты жоқ, осы орталықты пана тұтып келген. Осындағы қызметкерлер қазір балаларға Қазақстанның туу туралы куәлігін жасату үстінде. Әрине, бұл құжаттарды алу өте ұзақ процес болғанын айтады.

Қалай десек те, ана мен бала тағдыры біздің қоғамды бей-жай қалдырмауы керек. Адам өмірінің сапалы болуы, бала тағдыры – біздің мемлекетіміздің болашағы.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *