«ӘКІМДІК СІЗДЕРДІҢ КЕЗ КЕЛГЕН БАСТАМАЛАРЫҢЫЗДЫ ҚОЛДАУҒА ДАЙЫН»

Экономика Қоғам
222 Views

Сарыағаш ауданында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін тұрғындар көтерген өзекті мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен 2019 жылдан бері бос тұрған 13 көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселе шешіліп, 585 отбасы баспаналы болды. Жаскешу елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының аясында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Жемісті елді мекенінің ескірген электр желілері жаңартылып жатыр. 3 трансформатор мен 5,4 шақырым электр желісі жүргізілуде. Жылға және Нұр ауыл елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына 669 млн. теңге қаралды. Жалпы құны 2 млрд. теңге болатын құрылыс жұмыстары келер жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар осы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі министрліктермен пысықталуда. Жаңатұрмыс, Қарабау елді мекендерінің тұрғындары ішкі көшелерге асфальт төсеу үшін 248 млн. теңге қаралып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жаңатұрмыс елді мекенінде амбулатория салынуда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Сарыағаш ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, атқарылған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті.

– Сарыағаш ауданы шекаралы аймақта орналасқан облысымыздың маңызды аймақтарының бірі. Ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Облыстағы жылыжайлардың 53 пайызы осы мекенде орналасқан, республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысында. Біздің мақсатымыз – өңіріміздің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыру және қолайлы жағдай жасау. Бұл бағыттағы ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды. Облысымыздың оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық халқы бар. Бірақ бұл аймақтарда осы уақытқа дейін бірде-бір перинаталды орталық болмаған. Осыған орай Сарыағаш ауданынан перинаталды медициналық орталық құрылысын салу бойынша сұрақ көтерілген болатын. Бұл бойынша Мемлекет басшымыз арнайы тапсырма берді. Сарыағаш қаласының аумағынан 8 га жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық көтерілген сұрақтар өз шешімдерін табуда. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді, бірақ олардың барлығы бақылауда тұр, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 6 айда 90 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 400 млн. теңгеге артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 3 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 62 пайызға өсіп, былтыр 20 мыңнан асты. Олармен өндірілген өнім көлемі өткен жылы 87 млрд. теңгені құрады. Биыл Сарыағаш ауданында қосымша 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері былтыр 5 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 3,5 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті.

Былтыр негізгі капиталға 27 млрд. теңге инвестиция бағытталған. Биыл 6 айда 12,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімнің көлемі есепті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артып биыл 6 айда 15 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 11,2 млрд. теңгеге жетті.

– Жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптарымның бірі – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, аймаққа инвестицияларды тарту. Мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Іссапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу бағытын дамыту қажет. Осыны ескере отырып, бірнеше аудан басшыларын Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде «Damdes Agro» қазақстандық компаниямыз қытайлық компаниямен келісім жасап, құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ол жерде көкөніс мұздатқыш (шоковая заморозка), жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу және орау материалдарын (упаковка) шығару цехтары ашылатын болады. 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Облысымызда бизнесті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Оларды тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтіп және жаңа өндіріс ошақтарын ашу қажет. Әкімдік сіздердің осы бағыттағы кез келген бастамаларыңызды қолдауға дайын. Көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде, яғни қысқы, көктемгі мезгілдерде тұрақтандыру мәселесі өзекті болып табылады. Облыста өнеркәсіптік көлемдегі көкөністерді сақтайтын қоймалар жоқ десек болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Биыл Сарыағаш ауданында құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 600 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Аудандағы жеке кәсіпкер қойманың құрылысын аяқтап, мұздатқыштар орнату жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде тұрақтандыруға болады, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сарыағаш ауданының шаруалары егін шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 38,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 71,5 мың гектар жерге егістік егілді. Сондай-ақ 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша 775 шаруа 1,7 мың гектар егістік жерден өнім алуда. Тамшылатып суғару жүйесі 1 786 гектарға ендіріліп, қарқынды баулардың көлемі 1 324 гектарға жетті.

Жыл басынан бері мал шаруашылығында 19 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы «Бесқара» компаниясы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда тауық сою бекеті (700 млн. теңге, 10 жұмыс орны) іске қосылды. Қазіргі уақытта ірі қара мал сою бекетінің құрылысы жүргізілуде (800 млн. теңге). Жоба іске қосылғаннан кейін экспортқа ет әзірленетін болады. Сондай ақ ауданда балық өсіру бағыты қолға алынды. «Азаткүл» шаруа қожалығы құны 100 млн. теңгені құрайтын жобаны іске асырып, өз жұмысын бастады.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 млн. теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 каналды күрделі жөндеуден өткізілмек.

«Ауыл аманаты» жобасымен 114 жоба бойынша құжаттары мақұлданып, 68 жобаға 406 млн. теңге несие берілді.

Алдағы 3 жылда құны 33 млрд. теңгені құрайтын 96 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Жаңадан 2 мың жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде бюджетке қосымша 358 млн. теңге салық түседі деп күтілуде. Биыл 6 айда 2,9 млрд. теңгеге емдеу-сауықтыру кешені, көкөніс және жеміс-жидектер сақтау қоймасы, мейрамхана, тігін цехы, тауық сою бекеті, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобалары іске қосылып, 141 жаңа жұмыс орны ашылды.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жолдар жөнделіп, ішкі көшелер жаңартылды. Соңғы үш жылда тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 67 пайызға жетті. Тағы 5 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылу деңгейі 72 пайызға жететін болады. Бұдан бөлек, биыл тағы 4 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстарына қаржысы қаралып (669 млн. теңге), нысандарды келесі жылы пайдалануға беріледі.

Соңғы 3 жылда 13 елді мекен газға қосылып, қазіргі уақытта табиғи газбен 68 елді мекеннің 49-і қамтылған. Қамту көрсеткіші 76 пайызды құрап отыр. Биыл Жонарық елді мекенінің жеткізуші газ құбырының құрылысына аудан бюджетінен 83,4 млн теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ауданда бірнеше жыл шешімін таппай, құрылысы аяқталмай қалған инфрақұрылым нысандары болған. Атап айтқанда, Береке елді мекеніндегі ауыз су жүйесі, Береке, Құлтума елді мекендерінде газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Жылға елді мекеніндегі 10 көшені абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары, Сарыағаш қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдар салу жұмыстарына қажетті 347 млн. теңге толық қаралып, жұмыстар жалғасын тапты. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Ауданның бірқатар елді мекендерінде жаңа тұрғын аймақтарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Дербісек елді мекенінде 70 гектар жерге электр желілері, ауыз су жүйелері салынуда. Қарабау елді мекенінде 27 гектарға электр желілері, ауыз су жүйелері салынуда. Одан бөлек, меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен 6 елді мекенге инженерлік инфрақұрылымды өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Сарыағаш ауданында желтоқсан айына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 4 мектеп пайдалануға берілсе, 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, биыл аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 10 мектебі Сарыағаш ауданында салынады. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жаңатұрмыс, Қарақалпақ, Жонарық елді мекендерінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталады. Жемісті, Тың елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы биыл басталатын болады. Одан бөлек, Қабланбек ауылдық аурухана бөлімшесі ғимаратына 101 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Балаларға арналған оңалту орталығы» ашылып, пайданалуға берілді. Сонымен қатар, 1,6 млрд. теңгеге Сарыағаш аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл аяқталады.

Биыл Құрама және Жылға елді мекендерінде спорт кешенінің құрылысы басталды (жалпы құны 2,3 млрд. теңге, биыл 550 млн. теңге бөлінді). Мәдениет саласы бойынша Диханбаба ауылынан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ Қанағат елді мекенінен 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталды. Нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады.

«Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды (1 080 тұрақты, 2 055 уақытша). Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 316 жұмыс орындары ашылды.

– Құрметті жерлестер, өздеріңіз көріп отырғандай, барлық салаларда қарқынды жұмыстар атқарылуда. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Аудан әкімі, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсауы керек. Сарыағаш ауданында инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек аянбай жұмыс істеу қажет. Биыл облыстағы барлық ауданды бірнеше рет аралап, елді мекендерді абаттандыру бойынша жергілікті әкімдерге тапсырма берген болатынмын. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар деп ойлаймын. Әрине, бұл жұмыстар – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, ауданның бәсекеге қабілетті, дамыған, қауіпсіз әрі таза болуы барлығымызға қатысты. Сондықтан барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, — деді облыс әкімі.

Тұрғындармен дидарласқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды елдімекендерді дамыту мен халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған игі істер жалғасын таба беретінін айтты. Сарыағаштықтардың барлық сауалдары мен ұсыныс-пікірлерге жауап берді. Талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысады. Мұндай жиындар өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды қамтиды.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН 60-ҚА ЖУЫҚ АСА АЗАМАТ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛҒАН

Биыл Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету қарқынды жүріп жатыр. Жоба бойынша 2,5 пайызбен 108 азамат жеңілдетілген несие алған.

Ақбастау, Алғабас, Көктерек ауылдық округіндегі 57 азаматтың жылқы, мүйізді ірі қара, уақ малдарды бордақылау, сауынды сиыр алу, ауыл шаруашылық кооперативін техникамен жабдықтау бойынша жобалары қаржыландырылып, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Несие алғандардың ішінде алғашқы болып жұмысын бастағандардың бірі Ақбастау ауылының тұрғыны Тамара Дәуешова. Ол 2,5 пайызбен 6 млн теңге несие алған. Аталған сомаға Алматы облысынан 18 бас жылқы сатып әкелген. Қазіргі таңда алған жылқыларын тұрғын үйінің ауласындағы қорада ұстап, бордақылаумен айналысуда. Таңнан кешке дейін күтіп-баптау, уақытылы жем-шөптері мен суын беру жұмыстарын жолдасы екеуі атқарады.

Алдағы жоспарымен бөліскен Тамара Дәуешова жылқы басын көбейтіп, қосымша ауылдың 5 азаматын жұмыспен қамтымақ.

«АУЫЛ АМАНАТЫНАН» ТАБЫС ТАБА БАСТАДЫ

«Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып не дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 3 220 жоба қаржыландырылады. 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Төлеби ауданында да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып жатқан жеке шаруалар қатары күн санап артуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданындағы бірнеше ауылдық округінде болып, ауылдың тыныс– тіршілігін көріп қайтты. Сапар барысында ауылда жаңадан қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының барысымен танысты. Ауыл тұрғындары кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алған.

Облыс әкімі жаңа мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсіпкер қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамытпақ. Зертас елді мекенінің тұрғыны алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді жоспарлауда.

Ал Көксәйек елді мекенінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жеке шаруа мал бордақылау ісін ұлғайтуды қолға алған. 7,5 млн.теңге несие алып, Жамбыл облысынан 22 бас ірі қара сатып алған ол, алдағы уақытта қосымша жылқы бордақылауды жоспарлауда.

Дархан Сатыбалды ағаш аралас көмір брикеттенін шығаратын цехта болды. Жеке кәсіпкер жаңа бағдарламаның көмегімен кәсібін ұлғайтпақ. Айтуынша, экологиялық тұрғыда тиімді тауардан түсетін табыс та жоғары.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі – бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар облыс басшысы несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндірді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

Төлеби ауданында бағдарлама аясында Киелітас, Көксәйек ауылдық округтерінің азаматтарына несие беру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша, Бірінші Мамыр және Қаратөбе ауылдық округтерінің азаматтары да аталған бағдарламаға енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге 209 млн. теңгеге 37 азаматтың жобалары қаржыландырылды.

Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 млрд. теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылданған. Оның ішінде, жалпы соммасы 9 млрд. теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 млрд. теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *