«ДЕПАРТАМЕНТКЕ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ӨЗГЕРДІ!»

Қоғам
416 Views

Бахтияр ӨНЕРБАЕВ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы:

«ДЕПАРТАМЕНТКЕ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ӨЗГЕРДІ!»

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 4 пайызға артты. Мұндай шаралар мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында іске асырылып жатыр. Сондай-ақ биыл республика бойынша мүгедектік құжатты рәсімдеуді жеңілдету процесі пилоттық жоба негізінде жүріп жатыр. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Бахтияр Өнербаев редакцияға арнайы сұхбат берді.

— Бақтияр Әлтайұлы, биылғы жылдың ерекшелігі республика бойынша мүгедектік құжатты рәсімдеуді жеңілдету процесі пилоттық жоба негізінде енгізілді. Соның ішінде Шымкент қаласы бойынша бұл жоба қалай іске асып жатыр?

— Ерекше жандардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған мәселелер жыл сайын оң шешімін тауып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды медициналық сараптамадан өткізу процестері оңтайландырылып жатыр. Бұдан былай мүгедектік анықтамасын орталықтандырылған база арқылы өзге өңірдің сырттай куәландыру комиссиялары тағайындайды. Бұл сыбайлас жемқорлық пен жалған құжат жасатуды болдырмау үшін қолға алынған шара. Яғни, мүгедектің емханадағы анализдерін енді компьютерлік базаға саламыз, бұрынғыдай жергілікті комиссия қарамайды, өзге үш өңірдің ауыспалы комиссиялары қарап шығып, қорытынды жасайды. Базада азаматтың аты-жөні көрінбейді, кім екені белгісіз. Сондықтан бұл жерде бұрынғыдай тамыр-таныстыққа жол беріледі деу негізсіз.

Жалпы мүгедектік құжатты рәсімдеу барысында алып-қашпа әңгіме көп. «Құжат дайындау өте қиын, емханада айлап жүреміз, анализ тапсырылады, одан кейін ВТЭК-ке келеміз, ақша бермесе өткізбейді», тұрғындар тарапынан сөздер айтылып келді. Енді осы әңгімелерге тыйым салып, келеңсіздіктерге жол бермес үшін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүргізіліп отыр.

Аталған жоба төрт министрліктің бірлесуімен — Еңбекті әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің атсалысуымен жүзеге асты. Міне, бір терезе қағидасымен мүгедектерге мүгедектік құжатты рәсімдеуді барынша жеңілдетудің жаңа тәсілі осы! Бастысы қағазбастылықтан арылу, емханадағы, біздегі кезекті азайту және жұрттың ВТЭК-ке, біздің департаментке деген көзқарасын оң жағына өзгерту. Қазір осы пилоттық жоба енгізілгелі де халықтың жылы пікірін естіп жүрміз.

Өйткені, жаңа жүйе түрлі қулықтарға барып, жалған құжат жасайтындарға да тосқауыл болмақ. Енді мүгедектігі анықталған азаматтар бұдан былай әрбір 3 жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұрады. Егер қандай да бір күмән тудыратын дүние табылса, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы тоқтатылады.

— Мүгедектікке шығару комиссиясы база арқылы қалай сырттай жүргізілетінін білдік. Енді бала мүгедектігіне байланысты да өзгерістер барын оқыдық, ол қандай ерекшеліктер?

— «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, бұған дейін балалар мүгедектігі ешқандай топқа бөлінбейтін, тумысынан мүгедек болып туған балалар бар, ауыр қимылды бала болсын, өздігімен жүріп тұра алатын бала бар, барлығы бір категория бойынша белгіленіп қойған тиісті жәрдемақы алатын.

Қазіргі енгізілген өзгерістер бойынша енді бала жеті жасқа толғаннан кейін мүгедектік топқа бөліне бастайды. Яғни. жыл басынан бері 16 жасқа дейінгі денсаулығында мүгедектігі бар балалар ересектер секілді мүгедектік топқа бөлу жүйесі енгізілді. Негізгі мақсаты бала мүгедегі деген санатпен жаңа жәрдемақы тағайындау. Қазір бірінші топтағыларға 91 мың теңге, екінші топтағылар 70 мың теңге көлемінде, үшінші топқа 45 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бұл жүйенің ерекше жандарға әлеуметтік көрсету бағытында өзінің оң әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз.

Сонымен қатар мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасына, яғни қамқоршысына биылғы 1 сәуірден бастап 52 345 теңгені құрады, бұл өткен жылы алған жәрдемақыдан 4 322 теңгеге артық. Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласында 293 мыңнан астам азамат зейнетақы мен жәрдемақы алады. 38073 денсаулығында мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл қала тұрғындарының 3 пайызын құрайды. Мамандар әлеуметтік көмекке мұқтаж барлық азаматқа мемлекет тарапынан тиісті жәрдем беріліп келе жатқанын айтады.

— Өзіңіз байқағандай, ұлттық банк инфляцияның 2022 жылға арналған болжамды дәлізін қайта қарады. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы жылдың соңына дейін инфляция деңгейі 8 — 10%-ға құраған. Жыл сайын барлық әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне индекстеледі.

Биылғы жылы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге қандай өзгерістер бар?

— Биылғы жылы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 3,9 триллион теңге қарастырылған, бұл республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігін құрайды.

1 сәуірінен бастап 2022 жылға арналған инфляция дәлізін қайта қарауды ескере отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ынтымақты зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері қосымша 4%-ға индекстелетін болды, ал базалық зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты ұлғайтылатын болды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшеріне келетін болсақ, ол жаңа ең төменгі күнкөріс деңгейіне пайызбен белгіленеді.

Мысалы, 28 жыл еңбек өтілі бар базалық зейнетақының мөлшері бүгінгі күні МЖМ-нің 90%-ын немесе 32 417 теңгені құраса (2022 жылғы 1 қаңтардан бастап МЖМ – 36 018 теңге), онда сәуірдегі өсімнен кейін ол 33 651 теңгені құрайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап – 37 389 теңге.

Жәрдемақылар да осылай ұлғаяды.

Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейіне және айлық есептік көрсеткішке қарай белгіленеді. Биылғы жылдың басынан бері барлық мемлекеттік жәрдемақылар 5 пайызға индекстелді. Ұсынылған 8-10% инфляция дәлізін ескере отырып, 1 сәуірден бастап өскеннен кейін АЕК мөлшері 3 180 теңгені, ПМ сомасы 37 389 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, өткен уақытта ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап барлық әлеуметтік төлемдердің жаңа сомасына сәйкес тиісті қосымша төлем жүргізілетін болады.

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *