Қазақстанда бұрын-соңды болмаған үлкен саяси өзгерістер орын алуда: халықтың жылдар бойы жиналған наразылығының шет жағасы ғана лықсып шыққан күннен кейін елді нұрлы жолға жетелеймін деген Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басы мен бизнестің табысты деген түрлеріне толығымен жайланып алған жақындары мен күйеу балалары бірінен кейін бірі орындарын босатып, қызметінен кетіп жатыр. Қырағы елдің назарынан тыс қалмаған бұл жайды тапқырлар «Империяның күйреуі» деп атаса, енді біреулер «Күйеулер кеткен күн» деп келемежге айналдырып та алыпты.
Жылдың екінші жұмасы – 14 қаңтарда «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев қызметінен кетті. Тап сол күні «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов та қызметін тапсырды. «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі екеуі де өкілеттігін өз арызы негізінде тоқтатқанын хабарлады. Айта кетейік, Қайрат Шәріпбаевты ақпарат құралдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп атайды. Ал Димаш Досанов – Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі.
Арада көп өтпей – 17 қаңтарда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев та қызметінен кетті. Елбасының ортаншы күйеу баласының бұл қызметті 8 жыл атқарды. Оның қызметінен кететіні туралы үндеуі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында жарияланды.
Тап сол күні Ақорданың ресми ақпараттық ресурсында Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылғаны жарияланды. Елде елеулі өзгерістер – халық толқуы мен бүлікшілер салған ылаң орын алып жатқан кезде алдыңғы шепте көрінуі тиіс бұл тұлға да жоғарыда аталған азаматтар секілді, көп ішінен көрінбеген-ді. Артынша ҰҚК оның қызметінде қалатынын хабарлады. Іле-шала Самат Сатыбалдыұлы 13 қаңтардан бастап жыл сайынғы еңбек демалысында екені тарады. Тағы 3 күн өткенде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 2010 жылдан бастап жұмыс істейтін, күш құрылымдарындағы ықпалды адамдардың бірі саналатын Сатыбалды Назарбаевтың ұлы да қызметтен кеткені белгілі болды. Иә, 43 жастағы Самат Әбіш – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Ол бұл қызметті 2015 жылдан бері атқарып келеді.
Қызметтен кету «челленджі» Н. Назарбаевтың құдаларына да жеткен сияқты. Бет қатталып жатқанда ҚТЖ – жүк тасымалы бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Әлжан Имашев қызметінен кетті деген дерек таралды. Ресми расталмағанмен, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» түсінікті ғой. Айта кетейік, Әлжан Имашевтың әпкесі Аида экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевтің әйелі. (Олардың әкесі Берік Имашев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясын басқарады). «Үлкен әулеттің» үлкен қызметтегі жақындары мен туыстары оңайшылықпен өз еркімен қалдыра қоймайтын қызметті асығыс түрде бір-бірімен жарыса тапсырып жатқанына қарап, тықыр таянды ма дерсің…
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да көрінбей жүр: ол қаңтар айының басынан бері парламентке келмеді. 5 қаңтар күні мәжілістің отырысына қатыспады. 11 қаңтарда президент онлайн режимде еліміздің жаңа премьер-министрін жариялағанда да көзге түспеді. Ол тіпті 12 қаңтарда өткен мәжіліс отырысында да болмады. Оның баспасөз хатшысы «Дариға Назарбаева осы жылдың қаңтар айының соңына дейін жалақысы сақталмайтын демалыста болады» деп хабарлады. Бұған себеп – коронавирус көрінеді. Яғни бұған дейін Дариға Назарбаеваның коронавирус инфекциясына шалдығып, үйінде жатқаны хабарланған болатын.
Бүгінде жұрт елді жемқорлыққа белшесінен батырып, кедейліктің шегіне жеткізді деп жазғыратын бұрынғы Президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның да жағдайы «мәз емес» сияқты: «Forbes» журналы Қазақстанда жағдай ушыққан тұста төрт қазақстандық төрт миллиардердің байлығы үш миллиард долларға кемігенін жазды. Ақшасы азайғандар арасында Динара Құлыбаева да бар. Ол 6 қаңтарда «Халық банктің» акциясы 16 пайызға құлауынан 200 миллион доллар жоғалтқан көрінеді.
Жұрттың «Империяның құлауы» деп атауына себеп болған жағдайдың бірі – Н. Назарбаевтың кенже қызы Әлияның «жұмбақ жағдайда жоғалып» кетуі. Елде тәртіпсіздік болып жатқан тұста жұрт Әлия Назарбаеваны инстаграмнан байқаған. Әлеуметтік желідегі жазбасында ол елімізде болып жатқан қайғылы оқиғаларға жүрегі ауыратынын жазған. «…Бұл бәрімізге сабақ болатын тарихымыздағы соңғы оқиға болсын», – деп түйіндейді ол жазбасын. Артынша ол жазбасын ғана емес, әлеуметтік желідегі парақшасын да өшіріп тастады. Алайда қырағы желі қолданушылары оның орналасқан жері Біріккен Араб Әмірліктері екенін байқап үлгеріпті.
Айтпақшы, 2 қаңтардан бері қарасы көрінбей, түрлі қауесетке арқау болып отырған Елбасы Н. Назарбаев та Біріккен Араб Әмірліктерінде деген сыбыс бар. Қазақстанда жүрсе осы уақытқа дейін телеарналар арқылы елге үндеу арнап, басу айтып, көзге бір түсетін уақыты болса да тырс еткен үн жоқ, тым-тырыс қалған бұрынғы Президент жайлы алып-қашпа сөз де көп. Жұмбақ үнсіздік қазақстандықтар түгілі, Ресейдегі БАҚ өкілдерін де елеңдеткен секілді: «Назарбаев қайда?» Осы сұрақтың жауабын іздеген «Московский комсомолец» басылымы: «Назарбаев 3 қаңтарда туған жері Үшқоңыр ауылында болып, Қырғызстаннан БАӘ-ге ұшқан. Бұл туралы жергілікті тұрғындар, Қазақстанның тұңғыш президентінің ауылдастары айтты. Олардың айтуынша, жерлестері Назарбаевты қаңтардың басында «тірі және сау» көрген, содан кейін бұрынғы мемлекет басшысы бронды көліктің салонына мініп, Бішкекке қарай бет алған. Н. Назарбаев ол жерден Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткен», – деп жазады. Осыған қатысты бірқатар басылымдардан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне сұрау да салынған, дегенмен, белгілі жағдай – жауап жоқ. Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігіндегі ресейлік БАҚ та Назарбаевтың онда болуы туралы ақпаратты жоққа шығарған.
Қаңтардағы қанды қақтығыстан кейін ұшты-күйлі жоқ болып кеткен тағы бір адам бар – Болат Назарбаев. Ақпарат көздерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев Қырғызстанның Манас әуежайынан Дубайға ұшып кеткен деген дерек тарап жатыр. ҰҚК шекара қызметі бұл туралы түсінік беруден бас тартты. Дегенмен «Азаттық» сайтында мынадай қызықты мәлімет жарияланды:
«Қырғызстан шекара қызметінің бірнеше өкілі Болат Назарбаев пен оның жанындағы бес-алты адам 6 қаңтар таңертең «Ақжол» шекара бекеті арқылы Қырғызстанға өткенін айтқан. Аты-жөнін жарияламауды өтінген шекара қызметкерлері «Болат Назарбаев пен оның жанындағыларды Қырғызстан билігіне жақын адамдар күтіп алғанын» айтады. Қазақ-қырғыз шекарасы маңындағы таксистер Назарбаевтың жақындары бар деген терезелері қараңғыланған автокөліктер Қырғызстанға өткенін жеткізген.
Бұдан бөлек, Бішкектегі «Манас» аэропортының аты-жөнін жариялауды қаламаған бірнеше қызметкері Болат Назарбаев пен бірнеше адамның Қырғызстан арқылы Дубайға ұшып кеткенін айтқан. Ал «Манас» әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ ұшып келгенін растады.
«Bombardier ұшағы 2022 жылғы 6 қаңтарда «Манас» халықаралық әуежайына қонған. Ұшақ Дубайдан ұшып келген. Ұшақ кімдікі екенін белгісіз. Коммерциялық ұшақтың жолаушыларының кім екенін де білмейміз. Бұл біздің міндетімізге кірмейді», –дейді ол».
Осы деректер елді отыз жыл бойы басқарған бұрынғы Президенттің ет жақын туыстары Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткен деп топшылауға себеп болып отыр. Елде болса, қауесетті жоққа шығаратын уақыты болды емес пе, қалай ойлайсыз?