«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?

Саясат
1 134 Views

1. Кешегі қаңтар көтерілісі кезінде еліміздегі көшбасшы партия «Нұр Отанның» халық алдындағы рөлі мен беделі қай деңгейден көрінді?

2. Халықтың жанайқайы шыққан тұста халықпен бірге болған, көпшілік арасына тайсалмай шығып, елдің сөзін сөйлеген халық қалаулысын білесіз бе? Немесе кімді атай аласыз?

3. Парламентте қай партияның басым бөлігін көргіңіз келеді?

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер, қоғам белсендісі:

«НҰР ОТАН» ХАЛЫҚТАН ӨТЕ АЛШАҚ ПАРТИЯ

1. Кешегі қанды көтеріліс кезінде «Нұр Отан» партияның халық алдындағы рөлі нөл болды десе болады. Олай айтатын себебім, біз алаңда болдық, қоғам белсенділерінің айтқан талабы – халықтың талабы болды. Біз былай дедік: отыз жыл билікті басқарған Н.Назарбаевтың қылмыстық жүйесі биліктен кетсін. Себебі, халықтың кедейшілікке түсуіне, жемқорлық пен жұмыссыздықтың жайлауына басқа да түрлі әлеуметтік мәселелерінің туындауына билік және «Нұр Отан» партиясы кінәлі. «Билік өкілдері алаңға шықсын, әсіресе әкімдер шықсын, қалалық «Нұр Отанның» басшылары шықсын дедік. Біз қоғам белсенділері оларға ешкімнің тиіспеуіне гарантия береміз. Биліктің өкілдерімен кездесейік, келісейік, билікке талабымызды жеткізгіміз келді. Бірақ өкінішке қарай әкім де, «Нұр Отанның» бір мүшесі де халықтың алдына шыққан жоқ. Бұлар өздерінің кім екенін, бет-әлпетін, шын бейнесін көрсетті. «Нұр Отан» халықтан өте алшақ, бұл партия халықтың мұң-мұқтажын емес, өздерінің қара бастарының қамын ойлап жүрген партия. Халық қалаулылары осындай қиын шақта бірге болмай ма? Бірде біреуі төбе көрсеткен жоқ. Сондықтан халық «Нұр Отанның» ғимаратын босқа жағып жібермеді. Мұны террористер жаққан жоқ, жұмыссыздықтан, өтіріктен, алдаудан әбден шаршаған қарапайым халық барып жақты.

2. Сол күні алаңда қоғам қайраткерлері мен белсенділері болды. Менің көзіммен көрген азаматтар Балташ Тұрсынбаев, Марат Тоқашбаев, Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбаевтар болды. Олар халықты сабырға шақырды, әкімдіктерді, мемлекеттік ғимараттарға шабуылдамауды сұрады. Қазақстан телеарнасы ғимаратын өртеуге барғанда «өртемеңдер» деп айтты. Бұл мемлекеттің мүлкі, өртегеннен таппайсыңдар деп араша түсті. Бірақ бұзақылар тыңдамады. Сонда жастардың айтқаны мынау болды: «Ағалар, енді не істейміз? Сөзімізді жоғарыға қалай тыңдатамыз? Сіздер мен біздердің талаптарымызды билікке жеткізетін кім бар, бір адам бар ма?» дегенде ештеңе айта алмай, тосылып қалды. Бұл жерде халық пен билік арасындағы дәнекер болуы тиіс осы депутаттарымыз еді. Олардың қарасын көрмедік.

3. Алда парламенттік сайлау өтеді деген үміттенеміз. Ол үшін алдымен екі мәселені шешу керек. Бірінші: сайлау туралы заңдарға өзгеріс енгізу. Себебі, сайлауға өзгерістер енгізілмей дәл қазіргі ҚР «Сайлау туралы» заңмен әділ сайлау өткізем деп үміттену құр бекершілік. Көптеген нюанстары бар, партиялар туралы заңға да өзгерістер керек. Мысалы, жаңа партия ашу үшін 20 мың адамның қолы керек делінген. Осыншама қолды жинаймын дегенше билік өз адамдарын кіргізіп жіберіп, араға іріткі салып, бұларға ермеңдер, барлығы жалған, өтірікші деп шығара салады. Сол үшін партияны тіркеуді жеңілдету керек. Мысалы, бес жүз адам құралса, партия құруға мүмкіндік беру керек. Халық сенген, бағыт-бағдары айқын, жүйелі бағдарламасы бар партия бірінші орын алады деп ойлаймын. Парламентте халықтың сөзін сөйлейтін жаңа партия келгенін қалаймын.

Ермұрат БАПИ, саясаткер:

«ПРЕЗИДЕНТ ЕШҚАНДАЙ ПАРТИЯ ТӨРАҒАСЫ  БОЛМАУЫ КЕРЕК»

1. «Нұр Отанның» абыройы да, беделі де нөл болды. 2 қаңтардағы Жаңаөзен оқиғасынан бері есептейтін болсақ, соңғы Н.Байбектің сөйлеген сөзіне дейінгі уақыт – 15 күн. Осы күндер аралығында «Нұр Отаннан» тірі пенде тіл қатпады. Тек мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали ғана «Парламент Жаңа Қазақстанға сай болуы керек» деген пікірін оқыдық. Енді әлеуметтік желіде жекелеген депутаттардың посты көрінді, бірақ қаңтардағы қырғынға қатысты партиялық тұрғыдан не бірде-бір мәлімдеме, не әрекет болған жоқ. Менің ойымша, жаңа Қазақстанда бұл партияға орын болмау керек. Яғни, партия тарау керек. Алдағы күндері қаңтардың 28-іне өтетін кезектен тыс съезінде партия бәз-баяғыша «Нұр Отан» деген атауымен қалатын болса, онда әрі қарай да жаңалық күтпей-ақ қою керек. «Нұр Отан» қазір билеуші партия, мемлекеттік идеологияның өзегін ұстап тұрған партия. Партияның дәл қазіргі жаңа парағының тұсында өзгеріс болмаса, онда елдің саяси өмірінде өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Негізі мемлекет басшысы елдегі ешқандай партияның төрағасы болмауы керек! Ал егер ертеңдері «баяғы жартас, бір жартас» болып, партияның төрағасы Қ.Тоқаев сайланса, онда толық ревалидациядан өтуі керек.

Кезінде «Халық конгресі» партиясы, одан «Отан» партиясы, мұнан соң «Нұр Отан» болып өзгерді. Енді бұрынғы атауына қайтып келуі керек, өзгергенде атауы ғана емес, саяси табиғатында өзгеріс болуы керек. Бұл партия халықтық демократиялық атына заты сай халыққа жақын партия болуы тиіс!

Ол үшін негізгі 4 заңға өзгеріс ендірілсе дейміз. Бірінші, «Сайлау туралы» Заң. Партияны тіркеу процесіне өзгеріс енгізіліп, көктемге дейін бірнеше партия тіркеліп үлгеруі керек. Күзде, тіпті мерзімінен бұрын Парламенттік сайлау өтуі мүмкін. Бұл жолғы Парламентте биліктің жақтас партиялары емес, оппозициялық бағыттағы партиялардың мүшелері де отыруы керек.

2. Көтеріліс кезінде «мен мына депутатты көрдім» деп айта алмайын. Өз басым көрген жоқпын, бәлкім мен көрмей қалған шығармын, көзімізге түспеген шығар. Қырғын біткен соң, тек бірді-екілі депутат «Президент Қ.Тоқаевтың төңірегіне жиналу керек» деген пікірлерін айтумен болды. Бар болғаны осы. Қанды оқиғаға баға беріп, мұның себеп-салдарына үңіліп, халықтың шын мұқтаждығын айтқан депутаттарды өз басым көрмедім.

3. Қазір тіркеу процесінде тұрған екі-үш партия бар. Жанболат Мамайдың «Демократиялық партиясы». Екінші, «Ел тірегі» партиясы, Тоғжан Қожалиеваның «Хақ» партиясы. Олар қозғалыс емес, партия ретінде тіркелеміз деген ниетте жүр. Астанадағы «Республика» қозғалысы партия боламыз деп ұмтылуда. Бұлардың бәрі тіркеуден өтуі керек. Ал егер «Сайлау туралы» Заң өзгеріп, барлығы бір дәрежеде сайлауға түсетін болса, жеңіп шыққан, барьерге түскен партиялардың барлығы Парламенттен мандат алуы керек. Мен халықтың жағында болатын, сөзін сөйлейтін партияны Парламенттен көргім келеді. Ресейде 500 қол жиналса болды, партия болып тіркелуге хақылары бар. Әрине, ол жақта да партия құру қиын. Дегенмен, біздің Қазақстандікі тіпті сорақы. Бізде партия тұрмақ, құрылтай жиынын өткізуге кемінде мың адам жиналу керек. Астана мен Алматыда 1000 адамдық бір-екі ғана зал бар шығар. Оны сыйғызатын орын да жоқ. Бұл санаға сыймайтын талап.

Ілесбек БАЙЖАНОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қоғам белсендісі:

«ЕСЕККЕ АЛТЫН ЖҮГЕН САЛҒАНМЕНЕН, ТҰЛПАР БОЛМАС»

1. Қаңтар көтерілісіне дейін де «Нұр Отанның» беделі жетісіп тұрған жоқ. Олар қазақтың қасиетті киелі сөздері нұр, Отан деген атауға лайық болмай шықты. Жалған ұраншылдық, Президент, Үкімет, әкімдіктер барлығы «Нұр Отанды» қорғаштап, мемлекеттік әкімшілік ресурстарды пайдаланды. Құмның үстіне салған ғимарат сияқты о баста іргесі жалған, ұры қарының барлығы осы жерге жиналды. Жалғандықтың түбі – күйреу. Халықты сансыратып, Елбасының айналасындағы 162 отбасы бүкіл Қазақстанды тонады. Міне, бұл партияның мүшелері де жемқорлықтың асқан үлгісін көрсетті. Олай демейін десең, екі Премьер-министр жемқорлықпен ұсталды, мемлекеттік ұстыны болатын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, орынбасары мемлекетке жасаған қастандығы мен қылмысы үшін сотталса, ондаған министрлер халықтың ырзық-несібесін жеп, мемлекет қазынасына қол салса, сотталса… жүздеген аудан деңгейіндегі әкімдер ұсталса… «Нұр Отанның» қаншама мүшелері, соның ішінде мектеп директорлары парамен ұсталса… қандай бедел болады? Айтқан сөздері мен істері қабыспайды. Есекке алтын жүген салғанменен, тұлпар болмас деген қазақтың сөзі бар, бұл партияны тарату керек. Өтірік дауыс жинап, тағайындалған өтірік депутаттардың барлығы ар-ұяты болса, ертеңгі ұрпақтарының алдында ашық бет-жүзімен қараймын дейтін болса, мандатын тапсырып кетуі керек. «Нұр Отанның» мүшелерін халық сайламаған, сондықтан өз еріктерімен шыққаны дұрыс. Депутаттық корпус та тарқатылуы керек. Отыз жыл бойы халық шыдап көніп келді, әлі де имандылыққа келетін шығар, тоятын шығар, қоятын шығар деп келді… Қоғам толығымен тазару керек!

2. Біреуін де көрген жоқпын.

3. Бізде қазір партия жоқ. «Сайлау туралы» Заңдыөзгертіп, 5 мың мүше жинаған партиялар тіркеуден өтетіндей болса ғана жаңатолқын көріне бастайды. Саяси алаңда жұдырық пен оқпен емес, ақыл менпарасаттың жекпе-жегі болсын. Сонда ғана өркениетке жетеміз. Заң бойынша халықөз талабын бейбіт шеру арқылы білдіруі керек, ал бізде отыз жыл бойы мұндайғажол бермей келді. Оппозициясы жоқ елдің болашағы жоқ. Бізде оппозиция қалыптастыруға жол бермеді. Міне, соның зардабын татып отырмыз. Кеше ешқандайоппозиция топсыз алаңға бей-берекет стихиялы шықты, ал ол жерде кімменсөйлесесің, тобырмен бе? Осыдан жиырма жыл бұрын айттым, оппозиция жойылса,елде криминалдар, діни экстремистер қаптайды. Ең қорқыныштысы осы. Сондықтантабан астындағыны көрмейтіндер билік басына да, депутаттыққа да келмеу керек.Парамен, тамыр-таныспен, трайбализммен билікке, қызметке, мандатқа кенелгендер түбірімен жойылсын. Елді текті адам басқаруы керек.

Бетті дайындаған: Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *