Елдос ЕДІГЕҰЛЫ: «ДӘРІГЕРДІҢ ҚОЛЫ ШИПАЛЫ, КӨЗІ – ҚЫРАҒЫ, ЖҮРЕГІ – АЙБАРЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Денсаулық
793 Views

Бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлер екені даусыз. Жаһандық пандемия денсаулық пен дәрігердің қадірін жіті ұқтырды. Төтенше жағдай кезінде табанынан тік тұрып, қызметке кіріскен ақ халаттылар әлі де тыным тапқан жоқ. Пандемиямен күресте науқастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы қызметкерлерінің де еңбегі – ерен. Осыған орай, аталған аурухананың бүгінгі жай-күйімен танысу мақсатында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Сұлтанов Елдос Едігеұлын арнайы әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Түркістан облысының маңдайалды осы клиникалық ауруханасына басшылық жасап келесіз. Өңірдегі медицинаның түрлі кезеңдердегі дамуы мен жай-күйін Сізден артық білетіндер некен-саяқ болса керек. Облыстағы денсаулық сақтау саласының жұртшылыққа мәлім де беймәлім қырлары туралы сөз қозғасаңыз. Қазір қай деңгейдеміз? Көрсеткіштеріміз қандай? Жалпы өзіңіз басқарып отырған аурухананың бүгінгі тынысы туралы айтсаңыз?

– Бұл аурухана Түркістан облысы көлемінде ғана емес еліміз бойынша көлемді, әрі алғы шептегі ауруханалардың бірі болып табылады. Оның бірден бір себебі – аурухана 900 төсек-орынды және 2000-ға жуық қызметкерлер бар.

Қазіргі коронавирустық талапқа байланысты медицина мамандары алдыңғы қатарда, аянбай жұмыс жасауда. 2020 жылы біршама қиындықтар болды. Ағымдағы 2021 жылдың наурыз айынан бастап COVID-19 індетінің қайта өршігенін байқаған боларсыздар. Алайда, соған қарамай тиісті ауруханамыз толыққанды жоспарлы медициналық қызмет көрсету жағынан да, жедел медициналық көмек көрсету жағынан да тынымсыз жұмыстар атқаруда. Менің ойымша, біз халыққа қызмет атқаруымыз қажет. Денсаулық мамандары қандай үлкен істе де шегінбейтіні белгілі. Біздің мақсат – індеттің алдын алу, оған қарсы күресу және жою. Халықтың денсаулығы әрдайым басты орында. Қауіпті деңгейдің барынша алдын алуға күш жұмсап жатырмыз. Атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі де көңілге қонымды. Десек те, біз арқаны кеңге салмаймыз.

Халықтың денсаулығын күту, оны емдеу жұмыстары өз жалғасын қарқынды түрде табатын болады.

– Осы ретте бүгінгі дәрігер біліктілігіне тоқталып өтсеңіз? Президенттің денсаулық саласындағы жас мамандарды қолдау бойынша тап­сырмасы бар. Бұл қалай жүзеге асып жатыр? Ауруханада қандай мамандар тапшы?

– Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасының мықтылығын былай қойғанда, дәрігерлері де шетінен білікті. Осы мекеме маған үлкен мектеп болды. Небір күрделі операцияларды осында игеріп, заманауи медициналық құрылғылардың тілін меңгердім. Біздің ауруханада облыс бойынша, сондай-ақ Республикамызға аты шыққан белгілі білікті. 400-ге жуық мамандар қызмет атқарады. Оның ішінде жиырма шақты медицина ғылымдарының кандидаттары, докторлары бар. Маман құрамында кеңесші академик аға мамандарымыз да жеткілікті. Ауруханада 47 бөлімше бар. Оның 27-сі клиникалық. Ол дегеніңіз терапия, хирургия сынды емдейтін бөлімшелер. Ал қалғандары параклиника, яғни лаборатория, тексеру, рентген, т.б. тәрізді бөлімдерден тұратын бөлімшелер. Қазіргі таңда медицина бір орында тұрақтап тұрған жоқ, үнемі қарқынды даму үстінде. 24 жылдық еңбек тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, осыдан 10-15 жыл алдын медицинаның диагностикалық тексерілуі өзгеше болатын. Біздер ол кезде көптеген науқастарды орталық ауруханаларға, яғни Алматы, Астана қалаларына және көршілес Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласына жіберетінбіз. Ондай жағдайлар жиі болған. Ал бүгінде ауруханамыз ауруды емдеу, диагнозды қою, оның алдын алу сынды барлық аппаратуралармен қамтылған. Бұл облыстық аурухананың техникалық базасы өте жоғары деңгейде деуге толық негіз бар. Әр 3-4 жылда жүргізілетін аккредитациядан облыстық аурухана 2018 жылы өтіп, ең жоғары балл берілген. Мұны әрине, ұжымның үлкен жетістігі деп білемін. Қазақстан бойынша ғылыми институттар бар, солардың қатарына біздің осы облыстық аурухана енген болатын. Ағымдағы жылы тағы да аккредитациядан өтуіміз қажет. Тағы да жоғары көрсеткіш көрсетеміз деген талпыныс, ниет, ұстам бар. Мамандарымызға қайта тоқталар болсам, өз ісінің білгірі, білікті мамандардың көпшілігі осында шоғырланған. Қазір де жан-жақтан білімді, практикалық білімі бар мамандарды шақырып, жұмысқа қабылдау үстіндеміз. Бұл істердің барлығы облыс тұрғындарына жақсы, сапалы медициналық қызмет көрсету негізінде жүзеге асырылуда. Жас мамандардың талпынысы жақсы, алға ұмтылысы бар. Оларға тек бағытты дұрыс беру қажет. «Ұяда көрген тәрбиең, ұшқанда білінеді» демекші, сырттан жан-жақты даяр маман келе салмайды, білікті маман іздесек өзіміз білімін шыңдап, біліктілігін арттыруымыз қажет. Осы бағытта да тың еңбектер атқарып жатырмыз. Өз басым осы таңға дейін Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының ұстазы болып қызмет атқарып келемін. Ғылыми ізденістеріміз де бар. Шәкірт тәрбиелеуде жанымды салуға даяр тұрамын. Ауруханамызда жүрген бөлім меңгерушілері мен хирург мамандардың көпшілігі өз шәкірттерім. Қолымыздан шыққан біршама шәкірттер Республика көлемінде абыройлы қызметтерін атқаруда. Ол тек менің ғана емес, ұжымның жетістігі деп білемін. Тағы да ауыз толтырып айтар жетістіктеріміздің бірі – жаңа технологияда көптеген оталар жасалып жатыр. Терапия жағынан да қиын аурулардың емі табылуда. Заманға байланысты қазіргі таңда аурулардың да түр-түрі шығуда. Бұрындары біздер оқыған уақытта белгілі бір аурудың белгілері өзгеше болатын. Солар уақыт өте өзгеріп, ол ауруға басқаша ем қолдануға тура келіп жататын жағдайлар туындайды. Ол емнің диагностикасы да өзгеріп, емге қолданатын аппараттар да басқа қалыпта болуда. Соның бәрі әр жыл сайын этап бойынша жаңаруда. Хирургия жағынан да бұрындары буын ауыстыру, омыртқаға, бас миға операция, семіздікке қатысты, көз ауруларына қатысты оталар жасалмайтын. Мұндай ота түрлерімен өзге мемлекеттерге, шет елдерге шығатын. Ал қазір сондай жоғары технологиялық операциялардың барлығы осы біздің облыстық аурухананың құрамында жасалады. Жастарды оқытуға талап бар. Осы орайда негізгі түртіп айта кетерім, 2014 жылға дейінгі бітірген түлектерді біз жұмысқа қабылдай аламыз. 2014 жылдан бері қарай бітірген түлектерді өкінішке орай, қабылдай алмаймыз. Себебі, олар резидентура оқуы қажет. Резидентура деген қосымша 3 жылдық дайындықтан өтуі. Олардың дипломының өзінде жазылады «ауылдық жерге жұмыс істеуге болады» деген. Ол дипломмен бізге жұмысқа келе алмайды. Облыстық, қалалық ауруханаға келуі үшін 3 жыл дайындықтан өтуі қажет. Сол жағы аздаған қиындық тудыруда. Өзіміз сондай керек мамандарды қызметке алып, солардың ақысын аурухана есебінен төлеп оқытып жатқан жайымыз бар. Біз медицина ғылымдарының кандидаттығын қорғаған кезде ізденуші (соискатель) деген болатын. Сол ізденуші болып, белгілі бір тақырыпты таңдап, іздену жұмыстарын жүргізетінбіз. Соны архивтен алып, оны операцияға енгізіп, статистикадан өткізіп, қорғайтынбыз. Қазір мұндай жүйені алып тастаған. Қазір Доктор PhD қорғайды. Ол күндізгі бөлімде 3 жыл докторантура оқуы қажет деген сөз. Оған бұл күнде отбасы жағдайы бар, басқа да мәселелермен көп адам бара бермейді. Түркістан қаласынан көпшілікке белгілі 650 төсек-орынды үлкен облыстық аурухана салыну үстінде. Соған мамандар қажет. Ондай үлкен көлемді ауруханаға білікті бірнеше маман қажет болары анық. Соған маман даярлау жөнінде хат жолданды біздің тарапымызға. Мамандардың біліктілігін жетілдіруді қарапайымдау етіп жүргізу жөнінде ұсыныс жөнелткен болатынбыз. Соның хабарын күтудеміз. Егер, министрлік ұсыныс, талабымызды қанағаттандырса, мамандарды қарапайым жолмен қабылдауға болар еді.

– Аурухананың кадрлар базасы өте жақсы екенін естідік, ал материалдық-техникалық базасына қандай баға бересіз? Яғни, аурухананың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы қалай?

– Түркістан облысы жасыл аймақта, яғни эпидемиологиялық жағдайы тұрақты деп айтуға әбден болады. Эпидемия басталғалы сол «жасыл» аймақтан өзгеріссіз тұрмыз. Ол деген басшылықтың тікелей қадағалауында болғандықтан деген ойдамын. Облыстағы әр ауданның дәрігерлерінің қатаң бақылауының нәтижесі. Біздің өзіміз ауруханаға келіп түскен науқасты арнайы фильтрде (сүзгіде) ұстап, сол жерде тексеру жасап, ПЦР анықтамасын алып болған соң, теріс мәнді болған жағдайда бөлімшеге ауыстырамыз. Алайда, ауылдан, қаладан, басқа да өңірлерден келіп жатқан жоспарлы науқастарға ешқандай шектеу жоқ. Оның барлығы арнайы порталмен келеді. Өзінің белгілі бағыты бойынша бөлімшеге орналастырылып, көмек көрсетіледі. Қала тұрғындарына да ешқандай қаулы қабылдамаймыз. Бұл тек облыстық аурухана деген талап жоқ. Дәрігер болғандықтан, науқастарды бөліп жара алмаймыз. Ауыл, аудан, қала, облыс, тіпті шетелдік науқас болсын жәрдемді теңдей қарастырамыз. Себебі, біз дәрігерлік антымызға адал болуды басты ұстаным санаймыз. Кез-келген науқасқа көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз.

– 24 жылдай, яғни ширек ғасырға жуық еңбек өтіліңіз бар. Бүгінгі таңда өзіңіз жасаған оталар саны 10000-нан асып жығылады. Қаншама күрделі операциялар Сіздің қолыңызбен жасалды. Науқастардың ғұмыры қолыңызда тұрады. Алланың шапағатымен сәтті аяқталып жатады, өкінішке орай кейде қайғылы жағдайлар да орын алып тұрады. Сондай сәттегі көңіл-күйіңізге әсері қалай болады, өкініш туындап жата ма?

– Рақмет! Сауалыңыз өте орынды. Мен медицинаның хирургия саласын адамның талпынысы, ниеті, ұмтылысы болса аса қиын да ауыр сала деп айта алмаймын. Жастайымнан медициналық училищені тәмамдаған соң қызметте жүрдік. Одан кейін Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсіп кеткен жайым бар. Сол орданы бітіргеннен кейін хирургия саласына бет бұрдым. Менің медицина мамандығын таңдауыма марқұм әжем себепкер болған. Ол кісі «Осы баланы дәрігер ету қажет, осы баладан жақсы хирург шағады» деп жиі айтушы еді. Сол сөздердің де әсері болған болуы керек. Осы жолда келе жатырмыз. Хирургия саласы ауыр әрі абыройлы деуге негіз бар. Себебі, науқастың өмірі сенің қолыңда тұрады. Неше түрлі жағдайдағы науқастар келеді. Сондай қажетті сәтте, дер кезінде маман жақсы көмек көрсетсе, науқас аман-сау үйіне оралады. Ол үлкен қуаныш біз үшін. Міне, 24 жылдай уақыт хирург болып келе жатырмын. Көптеген көлемді оталар жасадық. Жасалған оталардың барлығы бірдей сәтті шықты деп айтуға болмайды. Себебі, асқынған жағдайлармен түскен науқастар да кезігіп жатты. Біршама науқастар ота үстінде жан тапсырған сәттер де болды. Мұндай жағдайлардың дәрігер үшін өтеуі өте ауыр. Алайда, осы орайда әр адам өзі таңдаған мамандығы бойынша біліктілігін шыңдап, сол бағытта өзін дамытқаны жөн. Бір мамандықтың ғана арбасын сүйреп, оқып, біліп, сырына үңіліп түбіне дейін жетуі қажет. Басқа кәсіпке секіріп кету дұрыс емес. Тағы бір айта кетерлік жәйт ешқашан өзім білемдікке салынудың қажеті жоқ. Хирургия өзіңді жан-жақты сынайтын салалардың бірі. Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбарлы болуы керек десіп жатады. Мамандығымның арқасында талай адамның өмірін арашалап, алғысына ие болдым. Жұртшылықтың алғысы мен батасын алғанда, ота кезіндегі қиналысыңды лезде ұмытып кетесің. Мәселен, 24 сағат жұмыста қалып қоятын сәттер болады. Сенбі, жексенбі –демалыс күндері деген түсінік жоқ. Санитариялық авиация деген қызмет бар. Күні-түні қызметте жүреді. Мен 15 жыл сол қызметте болдым. Бөлім меңгерушісі болған кезде күндіз осында кемінде 5-6 ота жасаймыз, одан шыққан соң ауданға барып, науқастарға жәрдем беріп, түнде немесе таңда бір-ақ келіп, қайта жұмысқа кірісіп кетіп жүретін күндер жиі болатын. Міне, бұл да бір мамандыққа деген, қызметіме деген адалдық деп білемін. Осы уақытқа дейін таңдаған салама өкінген емеспін.

– Көкейде жүрген ойларыңыз, мақсаттарыңыз бар ма? Статистикаға сүйенсек, қаланың денсаулық сақтау басқармасынан, Түркістан облысының медицина саласы көш ілгері келеді. Бұдан да биік белеске көтерілу үшін сіздің ойыңызша не істеу керек?

– Бөліп жаратын ештеңесі жоқ, алайда облыстың медициналық қызметі көш ілгері деген сөзге келісемін. Ол бір ғана адамның еңбегі емес, барша ұжымның жемісі. Тұңғыш Елбасымыздың 2018 жылы жолдаған Жолдауының өзі «Әркім өз денсаулығына өзі жауапты» дегенді үндейді. Дәрігерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі, жағдай жасалуы қажет. Кейінгі кезде дәрігерлерге халқымыздың көзқарасы өзгеріп кетті. Әрине, олқылықтар орын алатын шығар, алайда «бес саусақ бірдей емес». Кейде, орынсыз күйе жағып жататын тұстарына да куә болып жатамыз. Әркім өз денсаулығын өзі ойлауы керек. Егер адам өз денсаулығын уақытында қадағалап, дер кезінде күтім жасаса ол адам ауырмайды, ал ауырған жағдайда жеңіл түрде өтетін болады. Елімізге төніп келген пандемия халыққа дәрігердің жауапты қызметте тартынбай, қызметіне берілген мамандар екенін, жалпы құрметін көрсетіп, таныта түскендей. Сонымен қатар, болашақта мамандар даярлауға көп көңіл бөлінуі қажет. Кадр тапшылығы бар. Мысалы бізде реанимация, невролог, хирург мамандары жетіспейді. Бұл мәселе бізде ғана емес, Республика бойынша солай. Сондықтан, тәжірибелі мамандарды даярлауға жұмыла атсалысқан жөн. Сонда ғана медицина саласы биік, жоғары дәрежеге жетеді.

– Жалпы медициналық мекемелердің мемлекеттік болғаны дұрыс па, әлде жекеменшік болғаны жөн бе? Ширек ғасырлық тәжірибеңізге сүйене отырып салыстырмалы түрде жауап берсеңіз.

– Мемлекеттік немесе жекеменшік болуы қажет деп нақты кесіп айтуға болмайды. Себебі, ол да бір бәсекелестік, дамуға бастауы мүмкін. Қалада бірнеше жекеменшік медицина ұйымдары бар. Біз солармен өзіміздің аурухананы салыстырамыз. Жалпы бәсеке үстінде жүреміз. Кеңес дәуірінде оқығандықтан, өз басым оқу-білім жағынан жоғары оқу орындарының барлығы мемлекет қарамағында болса дұрыс болар еді деген ойдамын. Оның бірден-бір себебі, мемлекет қарамағында болған соң, бақылау, қадағалау жоғары болып, мемлекет қаржысынан клиника соғылып, басқа да базасын нығайтуға болғандықтан алға тез жылжиды. Жекеменшік болған сәтте құрамында клиникасы болса, жақсы базасы болса онда жөн. Алайда, бәсекелестікке екеуі де қажет.

– Үстіміздегі жыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Ұлы Жеңіске – 76 жыл толып отыр. Осы орайда, өзіңіздің айтар тілегіңіз, пікіріңіз?

– Дәрігердің қолы шипалы, жүрегі кең болуы керек. Біз адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан, бүкіл күшіңді, біліміңді салып, уақытпен санаспай тіршілік ету әр дәрігердің борышы. Мен осы міндетті абыроймен атқаруды өмірлік ұстанымыма айналдырған адаммын. Ең алдымен, еліміздің төніп келген індеттен аман болуын және мамыражай күнге оралуын тілеймін. Жалпы Қазақстан халқына Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі және Ұлы Жеңістің – 76 жылдық мерекесі құтты болсын! Осы өткен жылдар ширегінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Елордамыз – Нұр-сұлтан қаласы одан әрі көркейіп, одан бөлек Тұңғыш Елбасымыздың шешімімен қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, жандана түсті. Барлық сала дамып, денсаулық саласы да едәуір жетістіктерге жетті. Қазақ елінің үлкен қуанышы ұзағынан болғай! Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заман болсын!

– Сырлы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН

P.S. Медицина саласында өзіндік орны бар ел ардақтысына айналған жанның абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі іспетті. «Дәрігер айбатты, қимылы икемді, жүрегі мейірімді болуы керек» дегенхалық даналығы Елдос Едігеұлы сынды маманға қарата айтылғандай ма дерсіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *