ЕСІП ТҰРҒАН ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ

Руханият Таным
89 Views

Бегеш Сабанұлы  1834-1911 жылдар аралығында өмір сүрген. Шұбартау өңіріндегі, «Горный» совхозының (қазіргі Байқошқар ауылы), Бақанас өзенінің бойында дүниеге келген.  Бегеш шешен Абай Құнанбаевпен  замандас болған. Талай билік, жиын-кеңестерде екеуі бірге жүріп, талай елдің тағдырын бірге шешкен екен. Шежіре бойынша Абақ Керейден Жастабан, Бегімбет-Бекназар, Қожагелді-Жанбай, одан Манабай-Ноқат, Сабан, Сабаннан Бегеш тарайды. Бегештің шешендігін ұлы ақын Абай жоғары бағалаған. Абай: «Керей маған Бегешін берсе, мен бүкіл Тобықтының шешендерін жиып Керейге берер едім» деген сөзі бар екен. Жанбай батырдың Есенбайынан Жанақ, одан Бітен, Бітеннен Құрымбай, одан Мағауия болып жалғасқан екен.

Белгілі жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин Жанбай батыр мен Есенбайдың тікелей ұрпағы. Бегеш сөзге өте шешен, тапқыр болған. Абай үйінде отырып, өзінің замандасы Бегешке «Дауасыз не, арзан не, қымбат не?» — деп сұрапты. Бегеш оған: «Дауасыз – кәрілік, арзан – өтірік, қымбат – шындық» — деп жауап беріпті. Сонда Абай: «Енді сендей Бекназар — Қосайдан ұл туар ма екен?» деп, оған қатты риза болыпты.

Бес болыс Тобықтының белді, басшы адамдары Абай алдында айтулы бір дауды шешкен отырыста Бегеш шешен де бар екен. Абайдың ұйғаруымен дау Бегештің сөзіне тоқтайды. Бегеш кеткен соң ел жуандары отырып: Абай, сен бес болыс Тобықтыны бір болыс Керейге билеткенің қалай? деп сұрапты. Сонда Абай: — Сендердің сөздерің Бегештікіндей негізді, шешімді боп, жүйесін тауып тұрса, мен Бегештің сөзін алып неғылайын. Сен бесеуің Бегеш болам десеңдер осы қазір атқа қоныңдар да, анау Керей жақтағы жонның үстіне шығып, бесеуің маған бес уыс жел ұстап әкеліңдер, — дейді сынай қарап. Абай-ау, жел ұстатушы ма еді? Мұны не қыр, не сырмен айтып отырсың? – десіп даурыққандарға: Ендеше, Бегеш сол есіп тұрған жел емес пе? Жел ұстата ма? Сендер Бегеш бола алмайсыңдар» – деп түйіпті.

Шын мәнінде «Қызыл жел» десе дегендей тапқыр да ұтқыр сөздердің иесін өз заманының өрен жүйрігі Бегеш шешенді сөз қадірін білетін әр қазақ ерекше қастерлеп, құрметтеген. Шешеннің зиратының басына кейіннен (1986 ж) қойылған ескерткіш тас бар. Ескерткіште: «Бегеш Абайдың досы, атақты шешен, «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері, Жерлестері» деген сөз бар.

Бегеш Сабанұлының зираты, өзінің туған ауылы «Горный» қазіргі Байқошқар ауылдық округінде тұр. 2000 жылдың жазында ұрпақтары мен жергілікті Байқошқар ауылының тұрғындарының қолдауымен Бегеш шешен зираты қайта жаңартылған.

АҢСАҒАН ЖҮЗЖАСАРОВА,

Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің

Аягөз қаласындағы филиалының меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *