ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН ЖАН – ЖІГЕРЛІ

Қоғам
268 Views

Шлакоблокты бұл күндері құрылыста жиі қолданады, еңселі биік ғимараттарды, кеңселерді соғудан бастап, жеке тұрғын үйдің қабырғасы мен сыртқы қоршауы, гараж, қойма, саяжай, бәріне қаланып кете береді, сондықтан оны әмбебап материал десе болады. Қазіргі кезде шлакоблокты шағын цехта құйып шығаратын жеке кәсіпкерлер жиі кездеседі. Өйткені, елімізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Төле би ауданы, Көксәйек елді мекені, Тасарық ауылында тұратын Хайрулла Кориков те шлакаблок өндірумен айналысады. Цехтың жұмысын жандандыру үшін мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде Төле би аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарын өткізіп, үш миллион теңге көлемінде несие алған болатын.

Біз барғанда жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Ұжымда алты жұмысшы бар. Бесеуі кірпіш құюшы, енді бірі тапсырысты жүк көлігімен жеткізіп беруші шопыр. Күніне сегіз жүз алпыс дана кірпіш басылып шығады, нағыз науқан мезгілі болғандықтан шығар, осы партия бір күннің ішінде сатылып кетеді. Негізі бұл материалдан соғылған қабырғалар «қытай қорғаны» секілді берік, тіпті жер сілкінісінің өзіне төтеп береді. Әсіресе, зілзала мен дүлей дауыл, су тасқыны болу қаупі жоғары аймақтарда тұратын тұрғындар осыны қаперлеріне ұстаса болады. Шлакаблоктың астында қондырылған іргетасқа ешуақытта жарықшақ түспейді. Басқа құрылыс материалдарына қарағанда, мәселен, кәдімгі кірпіш пен ағаштан арзан. Сосын шлакоблоктан тұрғызылған қоршауды жөндеу қиын емес. Бұған көп шығын кетпейді.

Міне, осы істің басы-қасында жүрген көмекші Рамиз Гасанов айтады:

— Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, біздің шлакоблок кірпіштердің сапасы жоғары, үй қабырғасына ма, әлде шарбаққа ма, қайсы құрылысқа пайдаланамын десеңіз де өзіңіз білесіз. Бастысы – кез-келген қалауыңызға жарайтын әмбебеп кірпіш етіп құйып шығардық. Бір данасының өзі жиырма төрт келі тартады, ені 30/40 сантиметр, қалыңдығы 3,5 сантиметрді құрайды. Шлакоблоктың ерекшелігі — өртке қауіпсіз, мәселен, ағаштан соғылған каркас үйлерге қарағанда бұл жағынан аса қатты алаңдамауыңызға болады. Анау-мынау отқа «шағыла» қоймайды. Сапасы елу жылға шыдас береді.

Иә, расында төзімді тауар – өтімді. Бұған күнделікті бір машина тас, екі мың тоннадай цемент жұмсалады. Шымкенттегі цемент зауытынан күндегі тұтынатын өз қажетті цементтен басқа, қосымша табыс көзі болсын деп бірнеше қаптарды көлік арқасына арта келеді. Қаптағы цементтер өз алдына көтерме бағамен сатылатындықтан, ол да тез таусылады.

Рамиз Гасанов:

— Осы қыруар шаруалардың өрге басып жатқаны мемлекеттік қолдаудың арқасы. Бүгінде кәсібімді ашамын деген азаматтарға үкімет үлкен демеу көрсетіп отыр, — дейді. — Әсіресе «Жұмыспен қамту 2017-2021 жол картасы» бағдарламасының бірінші, екінші және үшінші бағыттарымен танысып көрдім, әрқайсының ел игілігі үшін қосатын үлесі мол ғой. Бірінде жұмыс көзін ашқан кәсіпкердің өзіне көмек көрсетсе, екіншісінде екі қолға күрек таппай жүрген жандарды қайта оқытуға даярлап, жұмыспен қамтамасыз етеді. Көбінде «тәжірибесі жоқ» деп жаңадан диплом алған жастарды жұмысқа ала бермейді, елуден асқан, зейнет жасына жетпеген орта жастағы азаматтар жұмыссыздықтың кесірінен отбасын асырай алмай жүр, солардың барлығын тізімге алып, тұрақты жұмыспен қамту – салмағы ауыр, үлкен жауапкершілік. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген, шын мәнінде халыққа қызмет көрсетіп жатқан азаматтарға шын жүрегіммен алғысымды жеткізгім келеді.

Кәсіпкердің риясыз ниетін біз де түсіндік. Еңбегі жанған жан – жігерлі. Әрі қарай шаруамды кеңейтсем дейді. Жұмыс көлемін ұлғайтқысы келеді. Мұндағы жұмысшылар жалақысын уақытылы алады. Шлакоблок маусымдық жұмыс, сондықтан қыс айларында қол қысқарып қалмас үшін мал шаруашылығымен айналысу ойда бар екен. Шлакоблоктан тапқан пайдаға қазірдің өзінде он төрт бас қара мал алынған.

Қ.ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *