ЖОЛ ЖАМАН, АТАМ СҮРІНДІ

Мәселе Қоғам
706 Views

«Желді қуған жоғалар, жолды қуған оңалар» деген мақал бар еді қазақта, жоғалудан көрі – оңалуға бет бұрған «Жаңа Қазақстанның» халқының көлігін тоздырып, өкінішке қарай кей жандарды өмірден оздырып жүрген жолдары хақында ой қуалап, факт теріп көрейік. Уақыт қиып оқи отырыңыз, ой теріңіз.

2021 жылы біздің елдің автожол саласына 500 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінген. Ал биылғы 8 ай көлемінде 14 000 жол-көлік апаты тіркеліп, салдарынан 2000-нан аса адам қаза болып қара қазақтың қара шаңырағы қара жамылып қалды. Кебенек кигеннің кебінде 18 000 жан бар, жарақаттың жеңілі болмас, сірә. Жол апатының азабын әлі талай жыл тартатын болар. Бірақ ойылған, кей облыстарымыздағы толқыған жолдар мен 20 000-нан кем емес (жол-көлік апаты салдарынан) бұзылған тағдырларды қайта-қайта тебіреніп қалпына келтіре аламыз ба?!

«Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» демекші осы жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 5,2 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелді, бұл дегеніміз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға артқандығын көрсетеді. Energyprom.kz сайтының жазуынша, ең көп жазатайым оқиға Алматыда – 1,5 мыңға жуық, одан кейін Алматы және Жамбыл облыстары – сәйкесінше 862 және 548 ЖКО тіркелген. Биылғы жыл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш көрсеткен жыл ретінде есте қалар-ау. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш бірден 22,6%-ға өсті. Санға жұмыс жасайтын қоғамға, кез келген мәселенің ушығып кеткенін көрсету үшін цифрлық дәлелдеме іздедік, тапқан фактілер бүй деп тұр.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлімдемелеріне үңілсек, Қазақстанда тіркелген жол апатының жасалған орны бойынша – негізгі бөлігі 72,6% немесе 6030 елді мекендерде, 1512 халықаралық, республикалық маңызы бар трассаларда, 765 облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тіркеледі. Ендеше сапасыз жолдардың атасы шалғай елді мекендерде, ал көкесі кей аймақтарды бір-бірімен байланыстырып тұрған күре жолдарда деген сөз. Жол апаттарының ең көп саны сенбі күні – 615, дүйсенбі күні – 569 және сәрсенбіде – 566, сондай-ақ күндіз – 2597, түнде – 415 және күн батқаннан кейінгі мезгілде 771-і орын алған. Ал ең көп жол-көлік оқиғасы құрғақ – 3783, дымқыл – 600, қарлы – 297, мұзды – 115 жолда жасалған. Бірақ біздің статистика мамандарының есебінде «сапасыз жол» себебінен орын алған ЖКО тіркелмегені қызық?! Бір сөзбен мұның бәрін «Неге екенін бәрі біледі, тек үндемейді!» – деу керек шығар.

Қазіргі уақытта жолдағы қазадан аман қалудың тиімді тәсілі ретінде халық тығыз қоныстанған қалалық жерлер мен ауыл-аймақтарда жылдамдық режимін реттеу, азайту ұсынылады. Сапалы жол салу туралы ұсынысты аударып, сүзгілеп, сапырып оқысам да байқамадым. Жол-көлік оқиғаларынан көп адам қаза болған өңірлер тізімінде: Алматы облысы (163 адам), Жамбыл облысы (99 адам), Түркістан облысы (63 адам) тұр. Кей жылдары еліміздің басты мегаполистері – Астана, Шымкент, Алматы қаласы да бұл тізімнен табылып қалады.

Соқыр жолдарын, шұқыр жолдарын сары статистикамен тегістеуге әуес елдің, БӘФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөніндегі орыны – 138 ел бойынша, 108-ші орнында. Құтты болсын дейін десем – қуанатын орын емес, қайырлы болғай дейін десем – қайырын көріп тұрғанымыз жоқ. Жол, жалпы транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы ғой. Жолға һәм жолаушыға жанашыр болып отырған кім бар? Сапасыз жолдар – адамдардың өміріне қауіп төндіргендіктен әр қазақстандықтың, сонымен бірге тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастық өкілдерінің өзекті проблемасы болып отыр, басқа ешкімге проблема керек емес. Не істемек керек, не қам жейміз?

2022 жылғы 17 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған құқық бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деді мемлекет басшысы. Жазаланған кім бар, жолға қойылған қандай іс бар?!

Президент көтерген мәселенің жалғасы қалай, өрісі қайда екенін білу үшін, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» тұғырнамасын жүзеге асыру мақсатында құрылған Республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы филиалының директоры Айжан Кесебаеваға жолықтық. Білікті заңгер Айжан ханымның сапасыз жолдар жайын қозғап жүргенінен хабардар болғандықтан, қазақ жолдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте қандай ілгерілеу мен «не жаңалық бар» екенін өз аузынан естідік. Сіздерге жеткізу мақсат, Айжан Кесебаева: «Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз. Сол себепті «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп 2022 жылғы 15 тамызда республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастайды. Оған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.

Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.

Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.

Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.

Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылады.

Науқанның қорытындысы, сонымен қатар Бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.

Бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей жатқан, жемқорлардың «арқасында» жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес 180 дүниежүзі елдері арасындағы 102 орынды ұстатып отырған жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырамыз!»– дейді.

Сең қозғалмай, тоң жібімейтінін білетін қоғам сыбайлас жемқорлықтың май шелпегіне айналып отырған біздің жолдардың жағдайын өздеріреттеулері керектігін ұғынуы тиіс. Көзі ашық азаматтар, көкірегі ояу жұртшылықаяғының астындағы жолдың жайын өздері хабарламаса, қиял әлемінде қалғып кеткенжауапты мекемелердің мамандары шынайы жайдың жапсарын көрсеткен емес әлі.

Әлеуметтік желінің жүрегіне қонып, желкесіне мінген белсенді азаматтарды бұрынғыдан да белсенді болуға шақырудан басқа амал, қасқа жол таппадық. Жоғарыдағы көп сандар тегін емес, тізімін сіз де, мен де, біздің жақындарымыз да толықтырып қалуы мүмкін. Бәріне бейғамдық кінәлі деп, былыққа батып, жемқорлықта жүзген «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға мәселені итеріп қоя салу бекер. Талай рет тендер деп сыбайласып жеген жолдарымызды, енді неге халық болып сыбайласып жүріп жөндеп алмасқа? Тегінде келер ұрпаққа ойша осылай болған деген қияли сүрлеу қалдырғанша, Еуропадағыдай сапалы – тегіс, мықты жолдар қалдырсақ «сыбайласып жемқор болғандар қор болмаса» қазақ елі қор болмайды. Ал бүгінгі шындық мынау: «Жол жаман болса, атаң да сүрінеді дей ме, біздің жақта «Жол жаман, атам сүрінді!».

Қымбат-ай ТОЙЛЫБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *