ЖЫЛЫЖАЙ КӘСІБІН ЖОЛҒА ҚОЙҒАН

Қоғам
496 Views

Қазіргі таңда өркендеп тұрған кәсіптердің бірі – жылыжай деп атасақ, қателескеніміз емес. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген халық ауылдық мекенде тұрып-ақ, бау-бақша өнімдерін баптайды. Тіпті, суық мезгілде де жеміс-жидек пен көкөністерге сұраныс өте жоғары деңгейде екені анық. Иә, ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артпақ. Әсіресе, оңтүстік өңірде жылыжай кәсібінің қарқыны жоғары.

Розимат Ирисдавлетов – Қарасу ауылының тумасы.Бала күнінен іске шебер болып ер жеткен кейіпкеріміз ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, грант иегері атанды. Бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп, ісін ұршықша иіріп кетті.

– Осы жылы мемлекеттің ел тұрғындарына берген мүмкіндігінің арқасында кәсібімді бастадым. Жылыжайда қияр мен қызанақ өсіріп, оны халыққа қолжетімді бағада өткізбек ойым бар. Алда қара суық қыс мезгілі келе жатыр. Көкөніс пен жемістердің бағасы қайта шарықтайды. Тіпті, кейбірін таппай да қаласың. Менің мақсатым – осы олқылықтардың орнын толтыру. Жұмыспен қамту орталығына барып, керекті құжаттарды жинап, жұмысымды бастадым. Әрине, бастапқыда іштегі үреймен арпалысу оңайға соққан жоқ. Алайда, шын қалаған адам міндетті түрде биіктерді бағындырады, – дейді Розимат Октамжонович.

Биыл грант саны өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе өсті. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан қатысушыларға 1225200 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі.Мал-жанымды кәдеге жаратып немесе өз кәсібімді бастаймын деушілерге үлкен мүмкіндіктер қарастырылған.

– Кәсіп ашу оңай болғанмен, оны жалғап кету қиындық тудыруы мүмкін. Кез-келген сәтте құрдымға кетіп, сәтсіздікке ұшырайсың. Төзімділік пен еңбек қана адамды алға жетелейді. Мәселен, күтімге де аса мән беру керек. Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдім. Бұл көкөніске қарағанда, қызанақтың баптауы күрделірек. Күтімді қажет етеді. Ұзақ пісетін болған соң оған күннің жылуы керек. Барлығының шығымы жақсы. Қызанақты да өсіремін. Алда жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту ойда бар. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой, – дейді еңбекқор жас.

Еліміздегі көкөніс нарығының көш басында жүретін қызанақ пен қияр бүгінде көптеп өсіріле бастады. Әсіресе суық мезгілдерде жылыжайларда өсіру қолға алынғалы бері көкөністің бұл түріне қарық болып қалмағанымызбен, әйтеуір қысы-жазы үзілмейтін болды. Жергілікті шаруалардың еңбегін бағалап, өнімін тұтынушылар қатары көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады.

– Негізі, еліміздің базарларына отандық өнімдерді шығарғанға не жетсін. Басқа елдерден келген көкөніс пен жеміс-жидектердің сапасына ешкім кепілдік бере алмайды.Сол себепті, жеке өнімді тұтыну қажет деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Розимат жан-жақтылығы мен еңбекқорлығының арқасында белесті бағындырып, мемлекеттің мүмкіндігін алды. Жас та болса, бас болып, кездесе қалған қиындықтарға қарамай, алға жылжыған жас өреннің ісі көпке үлгі. Ендеше, сіз де мүмкіндігіңізді құр жібермей, өз кәсібіңізді бастаңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *